УАХАБИШІЛДІКТІ ҚОЛДАЙТЫН КІТАП қазақ халқына қарсы!?.
2013 ж. 16 шілде
4098
12
Иасауиге, бүкіл тарихымыз бен мәдениетімізге қарсы шығады
Қолыма қалам алғызған мәселе өткен жылы шыққан «Ислам атын жамылған кері ағымдар» атты кітап болып отыр. Аты айқайлап тұрған бұл кітаптың авторы – Асылбек Төлегенов. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығынан» жарық көрген кітаптың аннотациясына үңілдік. Онда осы орталықтың кеңейтілген ғылыми кеңесінде тарихшы профессор С.Жолдас, тілші профессор Е.Керімбаев, тарихшы доцент Д.Тапалов, философ доцент Т.Сүлейменов, тарихшы доцент С.Бекбосынова, тарихшы доцент Б.Айтаев пен Қ.Анарбаевтардың талқылап, оң пікірлері нәтижесінде жарық көргендігі туралы мәлімет бар. Алматыдағы «Эфир-Медиа» ЖА ЖШС баспасында 3 мың тиражбен жарық көрген кітап 200 беттен тұрады. Бірақ бірінші бетінде «Шымкент – 2012 ж.» деген айдары бар. Жарайды, біздің мәселеміз кітаптың формасында емес, мазмұнында болып отыр. Кітаптың мақсаты керемет: «қазақтың дәстүрлі мұсылмандық жолын» бұзып немесе шектеген араб әлемінің кейбір жеке этникалық көзқарасын уағыздап жүргендердің, бөтен пиғылдылардың (4-бет), ықпалымен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбие, салт-дәстүр терістеліп, қоғам жікке бөлініп, ұлттық салт-дәстүр, дүниетаным шеттетіліп келді. Осыған қарсы кері ағымдардың көзқарастарын әшкерелеу мақсат етіліпті. Автор кітаптың кіріспесінде-ақ «исламда ешқандай да тармақ жоқ» деп бастап (5-бет) «саяси ойыншы секта атаулы ҚМДБ-ны қарауылға» алады. Олар қит етсе ҚМДБ-ны жамандайды деген сияқты ой түйеді (8–9-беттер) Ал енді бір дін зерттеушісі, яки исламтанушы адам исламда секта жоқ екендігін білуі тиіс еді. Исламда христиандағыдай секта жоқ. Себебі барлық ислам негізіндегі топтар не ағымдар исламның негізгі канондарын жоққа шығарған емес. Сондықтан секта ұғымы ислам үшін қолданылмауы тиіс. Екіншіден, ҚМДБ-ны сынағандардың барлығы саяси мақсатта жұмыс істеді деу қателік. Имамдардың танымы мен білімі, біліктілігі әрдайым қазақтың сыни елегінен қашпайтындығына экс-имам қынжылыспен қарайды. Кітап негізінен ғылыми-зерттеу нысаны, методологиясы, ұстанымы мен идеясы ескерілместен, орталықтың жоспарын желеу етіп, автордың имам кезіндегі, мүфтиаттағы қызметі тұрғысынан бұрын бұқаралық ақпарат беттерінде әлденеше рет жарық көрген мақалаларының жиынтығы екені көрініп тұр. Себебі ескі көзқарастар мен қоғамдық діни ахуалға берілген жауаптары сол қалпында қайталанып берілген. Яғни, орталықтың зерттеулері емес, Асылбектің бұрынғы мәтіндері сол қалпында өзгеріссіз алынған. Соған қарап, кітап «Әлеуметтік бастамалар орталығынан» шықты ма, жоқ әлде «муфтиаттың» атынан шықты ма деген ой туындайды екен. Себебі, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасын сынаушыларға жауап ретінде жазылған сияқты (9-10-беттер). Автор кітапта көптеген қайшылықтарға орын берген. Енді келесі бір өз сөзін өзі жоққа шығаратын тұсына назар аударайық. «...Мұрат Аджи Шығыс пен батыс арақатынасындағы «тепе-теңдік» безбенін шығыс өз уысында (түріктер) жалғыз тәңірге табыну арқылы .. өшпес өркениеттер кешенін қалыптастырғанын айтып берді...» Өкінішке орай, ол тепе-теңдік осы орта ғасырларда-ақ бұзылған. Оны бұзу үшін жоғарыда аталған миссионерлер, сопысымақтар олардан өрген тариқаттар өлшеусіз қызмет етіп, тер төкті» (16-бет). Сонда автор тепе теңдікті ислам бұзды дегісі келіп тұр ма! Бұл жерде білім адамы ежелгі көктүріктер тепе-теңдігі мен кейінгі ислам өркениеті арасында үлкен айырмашылық барын білуі тиіс еді. Бұл жерде Ғұн-көктүрік дәуіріндегі тәңірлік кезеңіндегі өркениетті ыдыратқан араб-мұсылман шабуылы болатын. Ал сол ыдыратуға жауап ретінде, түрік елін ислам дініне шақырып, үлкен трансформациялық құбылыстың басында тұрған сопылар, тепе-теңдікті қайта қалыптастырған исламдағы алдыңғы шеп болды. Түріктер ислам өркениетіне сопылық құбылыс арқылы енді. Автор неге өзіне өзі қайшы келе береді десек оның артында мән жатыр екен. Өзі таңдап алған кешегі ориенталистердің сілтемесіне сүйеніп, сопылық феноменін ислам ішінен тазалап шығарып, исламдағы жат ағымдардың ең сорақысы ретінде көрсетіп, өзінше дәлелдегісі келеді. Мысалы «Кезбе миссионерлер», «сатқын сопылар» (19-20-бет), Отырардың қақпасын Шыңғысхан әскеріне ашып берген сатқын сопы...жаңсақ ұстанымдарға сүйенетін тариқатшы сопы» (20-бет), «...сопылық ағым – исламға қарсы тұрғызылған «қытай-қорғаны», «сопының массондық ұйымдардан бастау алған тағылымы» (21-бет). «...бұл жеке адамды, елді, ұлтты, мемлекетті, тіпті мемлекеттер бірлестігін тұтас құрлықтарда түп-тұқиянымен жұтып, жоқ қылатын, жалмап тынатын, жын-шайтандардың атасы ібіліс антұрғанмен анттасқандардың жолы?.. (35-44-45 беттер). Сонда ислам рухани әлемінің дана өкілдерінің барлығы шайтанмен одақ құрғандығын Асылбектен басқа ешкім бүгінге дейін сезбеген, білмеген болып шығады. Атақты төрт имам да білмеген. Кейінгі Газали да білмеген. Бүгінгі Абай да Шәкәрім де білмепті. Айтпақшы Абайдың әйгілі «сопылыққа айтқан сынын» келтіреді(36-бет). Ол сын жаңа сын емес. Негізінен сопылық құбылысын исламға жат ретінде бағалап, оған соғыс ашқан ислам тарихында тек уахабизм ағымы болатын. Бұлар саяси, танымдық, догматикалық негізге сүйенді. Кейіннен бұл ағым идеологияға айналды. Жалпы автордың методологиялық құрылымы сын көтермейді. Себебі кітапта жүйелі ой желісін табу қиын. Тарихқа жүгінсек, сопылықты алғаш рет жоққа шығаруға тырысып, дұшпандық жасаған шииттер және харижи, ғұлаттар, имамилер, заидилер болатын. Суннилер сопылықты дәл осы ши'а топтары секілді жоққа шығарған емес, ешқандай күпірлік үкімін де берген емес. Ибн Ханбалдың шәкірті Әбу Зура ғана сопылық зындықтың, әсіресе рафизилердің ерекше бір ағымы ретінде көрсетті. Әйтсе де суннилер тарапынан сопылық тыйым салынған (харам) ағым ретінде танылған жоқ. Сопылықтың қас дұшпаны Уаххаби ағымының құрушысы, суфи Шақиқтің өзі «Хатим ал-Асамға» түсіндірме жаздырған. Ал қазақ мұсылмандығының дәстүрлі негізінің «сойылын» соғып жүрген экс-имамға не жорық? Бұл тұрғыдан Асылбек мырза сопылықты сынауда уахабилерден де өтіп кетіпті. Сопылық ешқашан исламға сырттай оппозициялық сипатта болған емес! Сопылық исламның, мұсылмандардың ең қиын-қыстау кезінде қорғаушысы бола білген. Мысалы, ислам әлемінде тарихта моңғол шабуылына қарсы, кубраийа, крестшілерге қарсы шазилия, ақ патшаның отарлауына қарсы Ясауиа, нақшбандиа, қалмақтарға қарсы нақшбандиа, Африкада француз империалистеріне сенусийа, тижанийа, ағылшындарға қарсы сухрауардийа тариқаттары үздіксіз соғыс жүргізді. Көрдіңіз бе, сыртқы дұшпандарға қарсы азаттық соғысын жүргізу мұсылман әлемінде тариқаттар арқылы мүмкін болған еді. Бұл соғыстар сол дәуірлерде өз мәдениетін, еркіндігін, азаттығын, Отанын қорғау үшін жүргізілді. Сонда сопылық – исламға оппозиция ма? Жоқ әлде мұсылмандардың рухани тірегі ме? Асылбек мырзаның бұл тұжырымы ғылыми танымға сия қояр ма екен?. Асылбектің «....қазақ жеріндегі сопылық мұнда ислам ілімімен жарыса жағаласа келіп, үнемі оның шаужайына жармасып, екі қолы оның алқымында өткені байқалады» (67-бет) деген тұжырымы, қазақ даласындағы барлық жырау даналарымызды, мәдени ұлттық құндылықтарымызды, мәдени мұраларымызды түгелімен жоққа шығарады. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған Асанқайғы, Қазтуған, Шалгез, Жиембет, Марқасқа, Тәтіқара, Үмбетей, Ақтамберді, Бұхар, Шал сияқты жыраулардың, Бұдабай Қабылұлы, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Құлан Алдабергенұлы, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Ақан серідей сүлейлердің, Абай, Шәкәрім, Мәшхүр Жүсіп, Ғұмар, Ғылманидай даналардың құндылықтарын да жоққа шығарады. Иасауи, Арыстан Бап, Бақырғани, Баласағұни, Йүгнеки сияқты тұғырларды да шірік деп танып отыр. Онда бұлардың барлығы бұрыннан ислам дінінде болмаса, қазақ деген ел енді ғана мұсылмандықты қабылдаған ел болып шығады. Асылбек мырзаның бұл тұжырымы тарихи танымға сия қояр ма екен. ? Асылбек мырза кітабының 48-бетінде, Отырар мен Түркістанды диалектикалық қайшылықта көрсеткісі келеді. Қазақстандағы ислам діні тарихын зерттеп жүрген ғалым болып, «...дүниені тітіреткен түркілер отанын ойрандау үшін Түркістанда нендей амалдар істелмеді» (17-бет) деп қояды. Онысы да негізсіз, сылдыр су ағынындай сөйлемдер ғана болып шыққан. Осы ойын 50-бетте жалғастырып, «Қазақстан жерінде Абай заманында исламның екі түрлі ағымы майдандасты деуге болады. Оның бірі әл-Фарабиден, Ұлықбектен, Маржаниден бағыт алған ғақли ислам, екіншісі Әл-Ғазалиден, Бақырғанидан, сопы Аллаярдан бағыт алған нақли ислам» дейді (50-бет). Енді қараңыз, шындығында ислам біреу, оның «ғақли», «нақли», «классикалық», «байсалдысы», «халықтығы» жоқ. Оны кешегі ориенталистер солай бөлшектеген. Егер маман ретінде сол сүрлеуді ақиқат деп тапса, онда сөз басқа. Көрдіңіздер ме, исламды бөлшектеп отырған өзі екендігін де сезінбейді. Сезіну білуден кейін келеді. Демек білмейді деген сөз. Автор өзін білгіш, маман ретінде көрсеткенімен, жазған мәтіні олай емес екендігін әшкерелеп тұр. Имамның араб тілін, дінді меңгеру шарты бар. Ал мына экс-имам Алланы «муаннас» сипаттап тұр. «...Ол – бірінші (ал-Әууәл) және барлықтың соңы (ал-Ахира?)» (32-бет) Көрдіңіз бе Құранның аятын да сол қалпында бере алмайды. Оқыған, тәжірибелі имам осылай десе, қалған жұртқа өкпе бар ма? Асылбек мырзаның бұл ақидасы дәстүрлі діни танымға сия қояр ма екен?. Асылбек «Қазақ тіліндегі діни ұғымдар мен атауларды» зерттеуші (100-бет) ретінде, Шәкәрімді түсінбесе де «...хулулға барған Абу Иазид Бистами, Хусаин бин Мансұр аль-Халладж, ибн Араби сияқты сопыларға тән мистикалық адасқан ойды мұсылман мүтакаллимінің (кәләмші) атынан айтқызады» (70-бет) деп жала жабады. Шәкәрім ешқашан жоғарыда аты аталған сопы даналарды «хулул» жасады деп танымайды. Себебі оның діни танымы сопылық. Философиялық таным мен дін таным арасын ажыратып алу керек еді, әттең имам мырза тағы да шатасып кетіпті, «...Абу Йазид Аль-Бистами мен Хусайн ибн Сансур аль-Халладж соңынан ибн Араби, шейх Сухраварди сияқты сопылық өкілдері дәріптеген идея «вахдат аль-вуджут» – болмыстың бірлігі – ... адамның Алланың болмысына айналуы – Хулул! – адамды құдай дәрежесіне көтерген – Иса мәсихтен Құдай жасаған христиан дінінің әсер еткені анық» (71-бет) дейді. Ал дұрысы ислам философиясы тарихында болмыс теорияларын дамытқан сопылардан бұрын Фараби сияқты машайиун ағымының өкілдері болатын. Кітапта автор Фараби философиясын жетік білетін сияқты көрінгенімен, тағы да олай болмай шықты. Ислам философиясы тарихында «болмыстың бірлігі» Құран рухына сай жасалған тұжырым. Оны автор Батыс философиясындағы пантеизм түсінігімен шатастырып алған. Бұл жерде Құран рухы дегенде ислам дінінің мәні түсінілуі керек. Ислам әлемге ең соңғы пайғамбар арқылы мән алып келді. Форма онсызда бар болатын. Ислам келгенде соның ішін мән-мазмұнмен толтырды. Бұл жерде номен және феномен қатынасы есте тұруы керек. Асылбек мырзаның бұл палсапасы философиялық танымға сия қояр ма екен?.
Досай КЕНЖЕТАЕВ,
философия және теология
ғылымдарының докторы,
профессор.
www.gu-gu.kz