Әкім мен әңгүдік әріптес пе?..

 

Ажыратып алыңыз: қызметкер кім, қылмыскер кім?

  Не жақсылығы бар дейсің: осы күнде не пәлекет шықса – әкім-қарарлардан немесе соларлың бала-келіні, күйеу-қызы, әріптес-көңілдесінен шығатын болды... Әйтпесе, айдың күні аманында ораза ұстап, Аллаһтан тауфиық тілеп, сәресін ішкелі жатқанымызда Астанадан оқыс телефон шалынып, оқшау сауал қойылар ма еді. Сауалдың сиқы мынау: «Облыстарыңның әкімі Нұрлан Ноғаев қылмыскерлермен ауыз жаласқан дейді ғой?..» Астағфраллаһ! О заманда – бұ заман, әкімнің әңгүдікпен әріптес болғанын кім естіген?!. Сөйтсек, Астана қоңырауы негізсіз емес екен. Біздің Ақсай қаласындағы «KSS building» ЖШС-ның бас директоры Барлық МЕҢДІҒАЗИЕВ Алматыға арнай ат басын тіреп, баспасөз мәжілісін өткізіпті. Жергілікті биліктен қуғын-сүргін көріп, әділдік таппаған кәсіпкер Елбасына да сәлем-хат жолдапты. Алдын-ала батыстың «Уральская неделя» басылымына кеңетек сұхбат берген Меңдіғазиев мырза республиканың мұқым баспасөзін құлағдар етіп, мұң-зарын шағыпты. Мәселенің мәнісі былай екен: осыдан бір жыл бұрын жергілікті билік бірегей тұщы су алабының жанынан мұнай қалдықтарын сақтайтын полигон құрылысын салмақшы болғанда, жергілікті халық өре түрегеліп, үзілді-кесілді қарсылық көрсеткен болатын. Халықтың наразылық қаһарынан сескенген билік құрылысты тоқтатқанымен, жекелеген белсенді адамдарға деген өкпесін баса алмапты. Солардың бірі – Барлық Меңдіғазиев болып шықты. Батыс Қазақстан облысына 2012 жылдың қаңтарында әкім болып тағайындалған Нұрлан НОҒАЕВ «аяқтан шалған» адамдарға кекшілдеу көрінеді. Мысалы, «KSS building» ЖШС табан астынан «тағдыр» тәлкегіне түсіп, Салық комитетімен таңғы шайын ішсе, Санитарлық инспекциямен түстеніп, кешкі асы Қаржы полициясынсыз «бойына сіңбейтін» болды. Құқық орындары Меңдіғазиевтің кәсіпорындарының банктегі есеп-шоттарын «тұтқындап», мал-мүлкін бопсалап, қылмыстық істер ашқан және өзін «қамауға алуға» қоқан-лоққы жасаған. Ақырында, шаруашылық істерін қиратып-күйретіп, жабылып қалуға мәжбүр етеді. Ол-ол ма, қылмыс әлемінің беделділері Нұрлан Ноғаевтың атын жамылып келіп, Барлық Меңдіғазиевтың «ыстығын басқысы» келген... Меңдіғазиев мырза: «Нұрлан Ноғаев қызмет лауазымын асыра пайдаланды» дейді... Қызмет лауазымын асыра пайдалану – қылмыс әлемімен байланыстың қасында баланың ойыншығы емес пе?... Аймақ басшысының жауабы да «Балалар бақшасының» айналасынан алыс кетпеді. «Мен Салық комитетіне де, Қаржы полициясына да бұйрық бере алмаймын. Бұл шиеленіс Барлық Меңдіғазиев пен салық органдарының ұстанған бағыттарының сәйкес келмегендігінен басталды» – деді әкім Н.Ноғаев. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кері болды. Таразының жеңіл жағында: «Нәпақамнан айырды, тым құрыса, бостандығыма демеу болыңыздар» деп, әділдік іздеген кәсіпкер де, екінші ауыр жағында: «Салық төлеуден жалтарған жылтың қаржы полициясының қырағы назарынан құтыла алмайды» деп, «әділдік орнатқысы келген» әкім... ...Аяқ астынан аң-таң қалып, мең-зең күйге түстік. Қазір қасиетті Рамазан айы. Рамазан – кешірім мен келісім айы. Берекелі айда беделді батысымыздың бетіне шіркеу салмағанымыз лазым. Абылай ханның ақылшысы Бұқар жырау «Тілек» деп аталатын толғауында: «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа. Екінші тілек тілеңіз, Ер шұғыл пасық залымның Тіліне еріп азбасқа, Үшінші тілек тілеңіз, Үшкіліксіз көйлек кимеске...» – депті... Қазақтың қайсар Бұқарынан асырып не дейік?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

www.qazaquni.kz