Бақыт Сыздықова шоқынды ма? Оны шіркеуден қуып шыққаны сауап болған.....

  Қасиетті Рамазан айында ол неғып шіркеуде жүр?!.

Total.kz хабарына сүйенген baq.kz  порталының жазуынша, Мәжілістің  экс-депутаты Бақыт Сыздықованы  Ресейдегі шіркеулердің біріне кіре бергенде, шіркеу қызметкерлері қуып шыққан. Шіркеу қызметкерлері оған: «Сен христиан емессің, сондықтан саған мұнда кіруге болмайды, шық», деп, өңменінен итеріп,  кіргізбей қойған...  Шіркеуге кірмесе, беделіне шіркеу түсетіндей болған Бақыт Сыздықова да қайта қоймайды. «Мен жуырда Ресейдегі шіркеулердің біріне кірдім. Шіркеу қызметкерлері: «Сен христиан емессің, сондықтан саған мұнда кіруге болмайды, шық», деп шіркеуден қуып шықпақшы болды. Алайда, абырой болғанда, жанымда христиан досым бар болатын. Ол шіркеу басшысына: «Қазақстанда кез келген адамға – мейлі ол мұсылман, мейлі буддист, мейлі католик болсын – шіркеуге кіруге тыйым салынбаған. Мен, мәселен христиан болсам да, емін-еркін мешітке кіріп-шыға беремін», деді. Мен қалай шоқыну керектігін де білетінімді, тіпті Иерусалимді тауап еткенімді және Христиандардың ең киелі орындарында болғанымды айттым. Сонан соң кішкене жібігендей болып, соңында шіркеуге кіргізді. «Дей тұрғанмен, сен кеткен соң шіркеудің ішін аластап шығам», деп ескертті. Мен кеткен соң, ол расында шіркеуді аластап, қасиетті сумен артымнан бүркеп жатты», - дейді Сыздықова.   Біздің түсінбейтініміз, біріншіден қасиетті Рамазан айының кезінде ораза тұтып, мешітке барудың орнына Бақыт Сыздықова Ресей шіркеуінде неғып жүр? Иә, бұл кезінде парламентте көп әйел алу мәселесі көтерілгенде, ұялмай, қызармай: «ендеше біз де көп байға тиеміз»-деп орнынан атып тұрған, ұлттық  дәстүр мен имандылықтың иісі де жоқ Бақыт Сыздықова ғой...  «Мен Иерусалимде тауап еткенімді және Христиандардың ең киелі орындарында болғанымды, қалай шоқыну керектігін де білетінімді  айттым»-дегеніне қарағанда бұл шоқынды болып шыққаны ма?..  Біз бұған «ораза тұтпайсың, мешітке бармайсың» деп қоямыз... Кез-келген адам христиан дініне өтудің ең басты шарты - шоқынған сәттен бастап...  шоқынды болатынын  экс-депутат жақсы білетін шығар... «Қазақстанда мұндай сұмдықты көрмеппін. Мен осындай көп ұлтты, қонақжай және доскөңілді елде тұратынымды мақтан етемін», - дейді тағы «ұялған тек тұрмас» дегендей «шіркеуден аласталған» Сыздықова.  Ал бұндай «қонақжайлылықты» мақтан етуге бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді әлі. Егер бар діннің өкіліне  жайылып жастық болуды мақтан етуге болатын болса, оны неғып Ресей - біздің билік сиынатын ұлы держава  білмей қалған деген ой ғой біздікі...

                                                                                                                                                                                                                                Қ.СЕЙХУНИ,

www.qazaquni.kz