Әлемді билеушілер ұлттық санасы күшті елдерден ғана сескенеді...

Дулат Исабеков, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

“Адам тағдыры ойыншыққа айналды”

«Талғат Мамашев пошел на… поощрение»

-         Дулат аға, сізге жастар көбінесе шығармашылығыңыз туралы сұрақтар қояды.  Бірақ, осы жолы сұрақтың көбі оралмандардың жайы туралы болып отыр. Өткен жолы өзіңіз Елбасының алдында Монголияға қайтып кеткен отандастырымыз туралы мәселені қойып, осыған жауапты адамдарды жазаға тартуын сұрап едіңіз. Сол сұрағыңызға қанағаттанарлық жауап ала алдыңыз ба? -         Жоқ. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң». Хан екі сөйлемеуі керек қой. Соларға жаза қолданады ма деп әдейі сұрағам. Елбасы бүкіл халық алдында қанағаттанарлық жауап беріп, сондағы халық та риза болған еді. Бірақ жазаланаған жоқ. Жазаланбақ түгілі Талғат Мамашев сол оқиғадан кейін бір апта өткенде қайта күшіне мініп, Парижде Еуропа қазақтарының құрылтайын өткізіп қайтты. Орысша айтқанда «Пошел на… поощрение». Оған қатысқан адамдармен сөйлестім. Барыпты. «Масқара болдық, ұят болды» деп келді. Біріншіден, Еуропа қазақтарын жинайтындай ол жақта көп қазақ жоқ. Он шақты адам барған, бір-екі ауыз сөз сөйлеген. Бірақ оны ешкім керек те қылмаған. Бір тындырғаны – сол жақтағы жергілікті қазақтар арасында футбол ойнаған. Содан кейін концерт берген.   Біздің       делегацияның кесірінен, концерт 4 сағат кеш басталған. Жұрттың бәрі кетіп қалған. Әйтеуір Қазақстаннан келді ғой деп құрмет көрсетіп отырғандарының өзі ренжіп қайтқан. Қысқасы – «Не үшін келді? Не айтпақ болды?» деген сұрақ әркімнің көкейінде кетті» дегенді естідім. Талғат Мамашев басқарып, біраз адамдар барған, олардың барлығы – Парижді көруге ғана қыдырып барған адамдар. Егер шын мәнінде оларға оралмандардың тағдыры қымбат болса, қазақ үшін бару керек болса, онда – Моңғолияға немесе Қытайға баруы керек еді. Не Өзбекстанға бару керек. Енді «Өзбекстан өзімізге жақын жатқан ел ғой» деп бармаған шығар. Ал Моңғолияға баруға бет жоқ. Ол жақта оларды қойдың басымен ұра ма, жоқ бәтіңкемен ұра ма, әйтеуір қабылдамауы мүмкін. Өйткені онда Қазақстаннан күдер үзген, ызалы қазақтар отыр. Қытайлықтар да осыны естіп алған. Маған   2-3 адам әдейі келіп, рахметін айтып кетті. «Әйтеуір бір адам осыны айтты ғой. Мақалалар жазылып жатыр, жиналыстарда да айтылып жатады. Бірақ Елбасының алдында мәселені сіз ғана көтердіңіз» деп алғыстарын айтты. Елбасы «жазаланады» деді. Бірақ ешқандай жаза қолданылған жоқ. Мен осыны түсінбедім.

 «Әпкенің» желісімен сериал түсіріледі

 -         “Әпкенің” желісі бойынша сериал түсіріледі деп естіп жатырмыз? -         Иә, 8 сериясын оқыдым, сценарий авторының атын ұмытып отырмын, бірақ сценарий ұнады. 16 сериядан тұрады. Қазір өзгерістер енгізіп отырмын. Менікі болғандықтан емес, жалпы дәл осындай сериалдар қажет деп ойлаймын. Қазіргі қоғамда сериалдардың барлығы таптаурын, оқиғаның барлығы ойдан құралатын, өмірлік оқиғалардан тыс нәрселер болып жататын. Қазіргі қоғамда бауырмалдық өте актуальді болып тұр. Қамажайдың аты өзгерді. Айза болды. Пьесада да Нәзила ұнайтын.  Мұнда да сондай ерке, ашық адам ретінде қалды. Үш актер бекітілді. Қалғандарын өздері таңдайды. Айза, Нәзила, Тимурды ойнайтын актерлар белгілі болды. Негізгі мәселе – атмосфераны түсіну. Сценарийді барлық актерлар оқып шығуы керек. Әр актер өз сөзін ғана емес, өзгенің де жанын түсініп ойнаса, жалпы алғанда, қандай ұлттық колоритті сақтау керек деген мәселелерге дейін білсін. Түрік сериалдарының да оңып тұрған ештеңесі жоқ. Көріп отырғанда байқаймын… -         Сериал көресіз бе? -         Иә, көресің ғой арасында. 10-15 минут. Оларда актерлар сол жерде өмір сүреді. Айтайын деген нәрсесін емеурінмен немесе ойға қатысы жоқ сөйлемдермен береді. Ал бізді бәрі жаттанды, анық, Асқар Сүлейменовше айтқанда «бетінде ми жоқ». Жап-жас жігіттеріміз семіріп алған, уайым жоқ. Ал түріктерде сол рөлде сол актердан басқаны қойса, фильмнің мақсаты айқындалмай қалатындай болып тұрады, әр актердің өзіндік орны көрініп тұрады. Өйткені олар өз образдарын дәл табады. Тентегі тентек, қаталы қатал, еркесі ерке. Мен оларға айттым: «Фильм сендердікі ғой, бәрін өздерің жақсылап таңдаңдаршы. Мен бірде-бір актер ұсынбай-ақ қояйын. Бала сендердікі. Бірінші ұлттық сериал. Сондықтан, бәріне жауапкершілікпен қараңдаршы» деп отырмын. -          «Маған бала табылады, бауыр табылмайды”  деп айта алатын әпкелер бар ма қазір? Жалпы аға буын мен жастар арасындағы байланысқа көңіліңіз тола ма? Қазіргі кезде ақсақал да жоқ, ертегі айтатын әже де жоқ деп жатады жастар? -         Бұл мәселенің екі жағы бар. Той-томалақта 50-60-тан асқан кісілер көбіне арақ ішеді, шалдарымыз шайтан құсап билеп, тойдың соңына дейін жүреді.Бата жасай алмайтын, тілін кәлимаға келтіре алмайтын шалдар көп. Олар кімдер? Кешегі партия қызметкерлері, кешегі бригадир, тракторист, агроном, қарапайым еңбек адамдары. Олар не көріп өсті? Оның әлеуметтік жағына қарау керек. Қол бос болса арақ ішті, сөйлесе – съездерде жаттанды, ұрандатқан сөздерін сөйледі. Қоғам өзі сондай бір ұрпақты қалыптастырды. Олар ақсақал болуға дайын емес еді. Сондықтан, олар өмірден көп нәрсе түйе алмады. Бірақ таза сақталып қалған, жұртқа айтары бар, көргені түйгені бар қадау-қадау ақсақалдар бар. Бірақ соларды тыңдайтын жастар бар ма? «Бір ақсақал осылай деп еді-ау» деп өзінің бір жаман қылығынан бас тартатын жас бар ма? Олар да ертең ақсақал болады. Олар қандай ақсақал болады. Оларды тыңдайтын топ та болмайды. Бұл буынның ақсақал болуы тым қиын болайын деп тұр.  - Ал қазіргі әпкелер қандай? Құдайға шүкір, олар әлі бар. Артынан ерген бауырлары үшін өмір сүріп жүрген қаршадай қыздар жетерлік. Мен мектеп оқушыларының «Әпкені» қойғанын көріп таң қалдым. Еркежан деген бір қыз сол Қамажайдың рөлін ойнағанда, ол образдың жанын түсініп, шын қиналып жылағанда өзімнің көзіме жас келді. Демек ол жастардың бойында бауырмалдық сезім бар деген сөз. Сезініп тұр, жаны жылап тұр. «Айтуға оңайдан» көрген де боларсыздар. Кішкентай ғана қыз өзінің артынан ерген балаларды өзі кәмелетке толмаса да балалар үйіне қаңғытпай өсіріп отыр. Тағы да сондай жағдайлар бар. Құдайға шүкір, қазақ болып өскен жастарда бауырмалдық сезімі әлі де болса бар. Ол қуанарлық жағдай. Олар да «Әпке» пьесасындағы Қамажай сияқты ең соңында жалғыз қалудан қорқады. Мен  оларды «Айналайындар, Құдай өзі жаратқанда бір адамдарды бір әулетке құрбандық етіп жаратады. Демек сен сол Құдайдың сүйген құлысың. Менің де әпкем жалғыз қалды. Ол – өмірдің заңы. Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ. Бірақ өзіңнің де сол артыңнан ерген бауырларыңды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіру – негізгі арманың еді ғой. Сол арманың орындалды, демек, сен мақсатыңа жеттің» деп жұбатамын. Расында да өмір сондай қатал ғой, не амал бар? Енді солардың әрі қарайғы бақытын тілеуден басқа амал қалмайды. Өзінің туған балаларын тастап кетсе де, өмірде ешқандай іс атқармастан кетіп жатқандар да бар ғой. Оған қарағанда осы қатал өмірде үлкен миссияны атқарды ғой олар.

 Мағжан мұхит екен

Жақында бір пьеса жазып аяқтапсыз? Тапсырыспен жазыпсыз. - Иә, Мағжан мен Злиха жайлы. Жалпы тапсырыспен жазылған нәрседен қорқудың қажеті жоқ. Сұлтанғали Шүкіров деген жігіт қуыршақ театрына директор болып келіп, маған үш пьесаға тапсырыс берді. «Киелі алма», «Аққу-Жібек»,  «Құстар фестивалі». «Киелі алманы» өзі қойды, жақсы пікірлерге ие болды, «Аққу-Жібек» әлі күнге қойылып келеді, Қазақстаның көптеген театрларында қойылып жүр, қазір Петербург театры қолға алып, орысшаға аударылып, «О чем поют лебеди» деген атпен қойылмақшы.  Ал «Құстар фестивалін» өзің білесің, әлемдік сахнаға шығып кетті. Ал Петропавл театрындағы Қуандық Қасымбеков Сәбит Мұқановтың 110 жылдығына Балуан Шолақ туралы пьеса жазып беруімді өтінген еді. Мен «мұндай тарихи тақырыпқа бармаймын, жаза алмаймын» деп алғашында бас тартқан едім.  «Оқып көріңізші» деп қоймаған соң, 5-6 ай жүрдім. Кілтін таба алмай жүрдім, ең соңынды кілті табылды. Мұны жаздым ғой енді. Өздерің көрдіңдер. Көпшілік жылы қабылдады. Енді тағы тапсырыс беріп отыр. Мағжан туралы деген кезде баяғы репрессия, баяғы кісен, баяғы тергеу – не жазам, бәрі айтылған нәрсе ғой деп ойлағам. Талай пьеса жазылды. Бұл жолы да 3-4 ай зерттеп, «жазбаймын» дегеніме өкіндім. Мағжан – мұхит екен, Мағжан – айсберг екен. Оның өмірі ешкімге ұқсамайды. Өз қатарластарының ешқайсысына ұқсамайды. Азғантай өмірінде бәріне үлгерген. Өзі 20 жасынан қудаланды. Телегей теңіз шығарма жазған, жазушылардың манифестін жазған, «Педагогикасын» жазған, махаббатын да үлгерген. Мағжанды көрген қыз міндетті түрде ғашық болатын болған. Әсіресе маған Москвадағы өмірі ұнады. Пушкиннің сөздерін келтірдім. Пушкиннің сөзі бар: «Черт догодал мне с таким умом и талантом родиться в России» деген, сол сияқты Мағжан да сайтан азғырып осындай талантпенен біздің елде туды. Кейіпкерлерінің өзі  Максим Горький, Валерий Брюсов, Злиха, Сергей Есенин, Демьян Бедный. Осылардың арасындағы Мағжан, соларды таңғалдырған Мағжан.  Мағжан орысша өлең жазған. Өзімнің ойымда Мағжанды керек деңгейінде көрсете алдым деп ойлаймын. - Шетелде бір пьесаңыз қойылмақшы екен ғой? - Шетел дегенде Петербург маған біржола құда түскен сияқты. Осымен үшінші пьесамды қоймақшы. Ал Лондонның Шекспир театры «Ескерткішті» қояйын деп отыр. Өзің білесің, оның ішінде ағылшын делегациясы бар еді ғой. Оларға қатты ұнаған. «20 жыл бұрын жазылыпты, қалай білмегенбіз, сол кезде-ақ қоюымыз керек еді» деп жатыр. Мен де «Ойбай-ау, 20 жыл бұрын мен де 50-де ғана едім, баратын едім, қазір 70-темін ғой» деп жатырмын. (Күледі). - «Ескерткіш» демекші, осы пьесаның желісін «Шаншар» театры алып, сахнаға шығарды ғой. Ол туралы білесіз бе? - Алғашында білмедім, кейін көрдім. Жігіттерге айттым. Бірақ олар «Иә, бір азғантай жерін алғанбыз» деп мойындады. Ауызша ескерттім. Өз жігіттерімізді өзім сотқа бермеймін ғой. Солай қалды.   - Өзіңіз айтқан ақсақалдардың сөзін тыңдағысы келетін жастар бар болса, оларға не дер едіңіз? - Осыдан 50 жыл бұрын жұрт ақсақалға зәру болса, қазір әркім өзінше ақылды. Тіпті сол ақсақалдықты біреуден талап етудің орны бар ма, жоқ па? Егер құлағың болса, ақыл айтатын, жөнге салатын  ақсақал табылады. Бірақ біздің құлағымыз жоқ қой, тасырлаумыз ғой, жүре тыңдаймыз. Абайдың 41 сөзін алайықшы:  «Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен, еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!» дейді. Осы сөз бүгінгі күні өте актуальды. Қазір балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кезде, мүмкін ақсақалдың қажеті де жоқ шығар. «Әр заманның тұсында бір сұрқылтай» демекші, әр нәрсенің өзінің дәуірі болады. Баяғыда батырлардың заманы болды, абыздардың, жыраулардың заманы болды. Ал қазір мидың қажеті жоқ сияқты. - Қазір әншілердің заманы шығар онда? -  Кеше ғана Бразилия Әлем чемпионатын өткізбейміз деп ереуілге шығып жатыр. «Өзіміз кедей елміз, сонша ақшаны футболға жұмсаған соң, қазанымызға футболды қайнатып, тәрелкемізге футболды салып жейміз бе?» деген пікірлерін айтып жатыр. Баспен ойлайтындардан гөрі, аяқпен ойнайтындар көбейді деп жатыр. Қоғамның өзгеруіне еңбек ететін, қоғамдық сананы қалыптастыратын адамдар сіңірі шығып жүреді де, әнші-спортшылар бай болады. - Егер жастарды эстрада тәрбиелейтін болса, эстраданы түзеу керек шығар? - Жалпы,  кеңінен таратып айтуға асығып отырмын. Сонда да… қазір әлемді билеп отырған  3-ақ жүз адам бар. 300-дің комитеті деген комитет бар. Соның ішінде 17 адам ерекше. Олар жыл сайын Давоста жиын өткізіп жүр. Давос біздің ауылдың бөлімшесіндей ғана болатын жер. Асханада ботқа жеп, қара шәй ішуге, пирожки жеуге болады. Байлар не істерін білмей, сол асханада отырып, әлемдік мәселелерді шешеді. Жақында оның бағдарламасын оқыдым. Төбе шашың тік тұрады. Әбден еріккен. Билл Гейтс, Сорос дегендерді бай дейміз ғой, сол байларымыз олармен салыстырғанда қайыршы болып қалады. Әлемнің ақшасы солардың қолында. - Олар кімдер? - Олар Рокфеллерлер бастаған әлемнің «сверхолигархтары». Әлемнің ақшасы солардың қолында. Ақша деген жетеді. Тіпті қызық емес. Енді не істеу керек? Енді әлемді билеу керек. Бағдарламасын қарасаң, адамды ойыншық жасау. Адамға чип қойып береді, сол арқылы басқарып, бағады десек те болады. Сол – сенің құжатың, бүкіл өмір-тарихың. Жоғалтып алсаң, ешкім емессің. Бұл – бір. Екінші – адамның санасына әсер ету. Бағдарламаның бір саласы – телеарнаны сатып алу, сол арқылы музыканы тыңдата беру, санасын сол арқылы жаулап алу. Жалпы адамдарды билеудің 13 әдісі көрсетілген осы бағдарламада. Адам құқығы, демократия деген нәрселерді құя беру. Адамдар соған сеніп, өз құқығымызды қорғап, демократия жағдайында өмір сүріп жүрміз деп ойлайды. Ал олар осының бәріне күліп қарап отырады. Тіпті, демократияшыл Американың өзінде Билл Клинтон президент болмай тұрып, үш ай бұрын сол жерде президент болатынын  тойлаған екен. «Адам» деген журналда шықты. Осыны оқып, түнімен ұйықтай алмадым, таң қалдым. Олар үшін біз әшейін ойыншық екенбіз. Олардың ойынша, ақша, бизнес, медицина – бәрі ортақ. Ғаламшар ортақ. Ешкімнің меншігі болуға тиіс емес. Олар ұлттық сана-сезім, патриотизм күшті  елдерден ғана аздап сескенеді екен. Ал былайғы жерде ақ дегені алғыс, қара деген қарғыс. Не істеймін, қай жерде не ұйымдастырам дейді – бәрін өзі біледі. Ал сен бұған түк те істей алмайсың. Адамзатқа билік жүргізуден басқа ештеңе қалмаған. Осы тірлігіміздің бәрі, екеуміздің осы әңгімеміздің бәрі қалай күлкілі екенін түсіндің бе? Жебірей «Катехизисі» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Ал біз телеарна біткенді сатып біттік, арзан көңіл көтергіш бағдарламаларға әуеспіз.

Сұхбаттасқан Бану Дәулетбаева

kalaisyn.kz

*Бас тақырып өзгертілді