Үздік ұшақ – сенімді сапар

                        «Эйр Астана» – әлемдегі әйдік әуе компанияларының бірі Ғашықтар қаласы әсем Парижде маусымның 17-23-і күндері өткен Ле-Бурже 50-ші мерейтойы халықаралық авиасалонына «Эйр Астана» әуе компаниясының шығарылған Embraer 190 лайнері «үздік сервис» сыйлығымен марапатталып, «Орталық Азияда және Үндістанда ең үздік әуе компаниясы» құрметті атағына ие болды. «Эйр Астана» – халықаралық әуе жолдарында ұшып жүрген ірі компаниялардан бастап, ішкі рейстерде жүрген шағын әуе­тасымалдаушыларға дейін 200-ден астам әуе компаниялары қатысқан үлкен додада жеңіп шықты. Осымен «Эйр Астана» компаниясы Skytrax агенттігінің халықаралық байқауының бесінші жүлдесін жеңіп алды. Компанияның мінсіз қызметі алғаш 2009 жылы 3 жұлдызды белгімен бағаланғанса, 2011 жылы осы санатта екінші орынға табан тіреген болатын. Skytrax рейтингтік агент­ті­гінің бағасы – әуе компания­ла­рының жолаушы та­­лап­та­рын қаншалықты қана­ғат­­тан­дыратыдығын айқын көрсе­тетін негізгі тәсіл. Жеңімпаз авиа­компа­ния жолаушылар ара­сында теле­фонмен сауалнама жасау мен он­лайн-дауыс беру арқылы анық­талады. Үздік әуе компа­ниялары 10 ай ішіндегі қызмет көр­сетуінің сапасы бойынша белгіленеді. «Эйр Астана» әуе компаниясы­ның авиашоуға қатысқан Embraer 190 ұшағы – орта қашықтағы тар фю­зеляжды жолаушы ұшағының Е тобы үлгісіне жатады. Ұшақ­тың жолаушыларының сы­йымдылығы – 97 орын. Ұшу қа­шықтығы – 4200 шақырым. Ұшақ экономикалық жағынан тиімділігімен ерекшеленеді. Ал салонның ішкі жабдықтары мен кеңдігі жолаушыларға жайлылық тудырады. Қазіргі таңда «Эйр Астана» әуе компаниясының осы үлгідегі 7 ұшағы бар, оның ішінде үшеуі өз меншігінде. Жаңа әуе лайнері ішкі рейстермен қатар, бірқатар шет елдерге қатынап, жолаушылардың сәтті сапарының сенімді серігіне айналуда!

Айбек БЕСТЕНҚҰЛ