БОЗТАЕВ неге қашты?..

1
3564

 

  АЯГӨЗ БЕН АҚШАТАУҒА БАРҒАНДА…

(журналистік жолжазба)

Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары (х-хi ғғ.) 

Бірінші әңгіме

Т. БОЗТАЕВ неге қашты?..

 

2013жылдың 15 маусымынан басталған бұл журналистік жолжазбамды сол сапарым аяқталған 21 маусым күнінен бастағанды жөн көрдім. Қалған оқиғаны осы мақала аяқталғаннан кейін рет-ретімен баяндай жатармын….

Ең алдымен тапа-тал түсте қашып жүрген бұл адамның, дәлірек айтқанда, ШҚО Аягөз аудандық мәслихатының төрағасы Төлеухан Бозтаев деген азамат екенін ашып алған жөн сияқты.

Оқырманға түсінікті болу үшін, оқиғаның қай күні, қандай жағдайда орын алғанына тоқтала кетейін.

Үстіміздегі жылдың 21 маусымы күні Аягөз ауданы Ақшатау аулында өткен журналистік іссапарымнан оралып, Аягөз теміржол вокзалынанан Алматыға қайтар билетімді алмақ болып, солай қарай беттеген едім. Осы қалада тұратын Амангелді Керімтаев ағамның айтуына қарағанда, Алматыға қарай билет жоқ көрінеді. «Үмітсіз – шайтан» дегендей, не де болса бағымды сынап көрейін деп, Аягөз теміржол стансасы бастығының қабылдау бөлмесінің есігін аша бергенім сол еді, ар жағынан ақ басты, дембелше бойлы жігіт ағасының шыға келгені.

Бірден шырамыттым, бұл баяғыда Ақшатау орта мектебінде бізден бірер сынып төмен оқыған, менің жерлесім Төлеухан Бозтаев екен. Оған амандасайын деп, қолымды соза бергенім сол еді, ол екі көзі атыздай болып, қатты шошып кетіп, сыртқа қарай ата жөнелді. Ештеңенің байыбына барып үлгермеген мен болсам, оның соңынан қуа шығып:

-Әй, Төкен, тоқта, саған не болған?-деп қатты дауыстап жібергеніме қарамаған ол, ақ түсті автокөлігіне асығыс-үсігіс отыра беріп, бұрыннан от алып тұрған көлік газын бар күшімен басып,басып жіберіп, құны-перен қаша жөнелгені.

«Мен де аң-таң, апам да аң-таң» деген күйді басымнан кешкен мен ұзап бара жатқан автокөліктің соңында қала бердім.

Пәленбай жыл Аягөз ауданына қарасты «Ақшатау» орта мектебінде бірге оқыған, сол ауылда бірге тұрған, аралас-құралас жүрген бұл азаматтың тападай-тал түсте менен қорыққандай, қызық мінез көрсетіп, қаша жөнелгеніне түсінбеген менің басым әңкі-тәңкі болды.

«Со ғұрдай оның  әзірейіл көргендей, мына менен екі көзі атыздай болып, өңі өрт сөндіргендей әлем-тапырық күй кешіп, балаға ұқсап,  қаша жөнелтіндей, басына не күн туыпты? Шынында да мына мен кісі шошитындай қорқынышты болғаным ба?» деген ойға қалған мен вокзал ішіндегі айна алдына бардым. Жоқ, түрім адам шошитындай емес сияқты. Сонда ана Төкен мына менен неге шошып кетті екен?

Басым әңкі-тәңкі болып, ана Төлеуханның менен қашуының себебебін ойлап, вокзал ішінде жынды кісіше сенделіп жүріп алдым. Бір жасы  үлкен апа, менің мына күйімді көріп, жаны ашып кетсе керек:

-Балам, отырып сәл деміңді ал. Билет қайда қашады дейсің. Үмітіңді үзбе? Мына менде сол билеті құрғырды күтіп отырмын ғой,-деп, мені жұбатып жатыр. Мен үндемеген күйі вокзал ішіндегі бір шеткеріректегі орындыққа сылқ етіп отыра кеттім.

Дәл осы сәтте барып, тұманданып тұрған миымның шайдай ашылып сала бергені.

-Таптым! Енді таптым! Ана Аягөз аудандық мәслихаты төрағасының менен қашуының себебін!-деп, қалай бар дауысыммен айғайлап жібергенімді, өзім де байқамай қалдым. Әлгі маған жаны ашыған апам:

-Бісміллә! Бісміллә!-деп мені ұшықтай бастады. Сөйткенше айналамызға біраз адам да жиналып қалыпты. Оны көріп, енді мен шошып кетіп, тысқа ата жөнелдім.

Жолда Амангелді ағамның үйіне келе жатып, жаңағы «нені тапқанымды» есіме түсіруге тырыстым.

Қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесінің тақырыбындағыдай, иә, даудың басы – ана Т.Қожағапанов деген байдың барша түрік халықтарының ортақ ұлы мақтанышы «Қозы-Көрпеш-Баян Сұлу» мазары тұрған қасиетті жерді өзінің марқұм әкесі Жұман Қожағапанов дегенге әпермекші болып, осы Аягөз аудандық мәслихатына шешім қабылдатқаны, мәслихат төрағасы осы Төлеухан Бозтаевтың Т. Қожағапановты жанын сала қолдағаны, оның ақыры үлкен айғайға ұласқаны, біртіндеп, біртіндеп, есіме түсе бастағаны.

Сол тұста ғой деймін, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаевтың, Аягөз ауданының құрметті азаматы Қайыртай Қажығұловтың, Аягөз ауданының бұрынғы әкімі Амангелді Керімтаевтың, қызылордалық бір азаматтың, т.б. көкірегі ояу, көзі ашық, қазақ азаматтарының Аягөз аудандық мәслихатының бұл шешіміне ашық қарсы шыққаны, тіпті, президент аппаратының бұл іске назар аударғаны, «Егемен Қазақстан» газеті де өзінің бір бетін бергені, бәрі, бәрі, мына менің басыма оралып жатты…

Иә, «Аягөз», «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» деген қасиетті атаулардың ғаламтор желілері арқылы өзіміздің мемлекетімізді қойып, тұтастай жер шарын шарлап кеткені де осы тұс болатын. Абай данышпан айтқандай «ары бар, ұяты бар» қазақ азаматтары осы бір «Қозы мен Баян» ескерткішінің басына Т.Қожағапанов болып төнген қауіптің қара бұлтын сейілтуге бар күштерін салған. Әлгі мен әңгімеге арқау етіп отырған Т.Бозтаевтың барша түрік дүниесінің асыл жауһарына айналған ұлы ескерткішті қайдағы бір ферма меңгерушісінің атына беруге аудандық мәслихаттың шешімін қабылдататыны да осы кез болатын.

Енді түсіндім, Төлеуханның менен қашатындай да жөні бар сияқты.

Бұл Төлеухан – марқұм, 2013 жылдың 25 маусымында тірі болғанда 80 жасқа толатын, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, «Семей полигоны» атты аждаһаға жалғыз өзі қарсы шабатын Кешірімхан Бозтаевтың туған інісі.

Елі сүйген, елін сүйген Кешағаң қандай, мына бастықТөлеухан қандай? «Бір биеден ала да, құла да туады» деген осы болса керек…

Амалсыздан амалсыз тым қаттырақ кеткен осы мақаланы жазып отырып, «қиын болғанда Төлеухан екеуміз тағы бір рет төбелесіп алармыз» деген ойға келгенім бар. Өйткені, ертеректе, оның есінде болар, қасымда марқұм Қанат Жөкіжанов бар, осы Аягөз бен Ақшатаудың арасында, иен далада, түкке тұрмайтын бір жағдаймен осы Төлеухан екеуміздің бір шекісіп қалғанымыз бар болатын. Бір қызығы, осы арада, осы сәтте, сол бір қызық оқиғаның есіме түсіп отырғаны. Оған Төлеухан дайын болса, мына мен де дайынмын дегенді айтқым келеді…

 

АЯГӨЗ БЕН АҚШАТАУҒА БАРҒАНДА…

(журналистік жолжазба)

Екінші әңгіме

Қасиетті Қалғұты – менің атамекенім!..

 

2013 жылдың 14 маусымында күндізгі сағат 13.05 шамасында оңтүстіктен солтүстікке қарай жұлдыздай аққан мен мінген поезд Аягөз вокзалының алдына келіп, бірақ тоқтады. Вокзал алдында мені  Аягөзде тұратын Амангелді ағам Керімтаев және туған інім Бейсен Айтжұманұлы күтіп тұр екен. Амангелді аға інісінің машинасына отырғызып, бізді тура өз үйіне алып келді. Менің алтын жеңгем Күләй қашанғы әдетінше қалжыңмен қарсы алып жатыр. Жеңгеміздің алтын қолынанан шыққан алуан ас дастархан үстінде майысып тұр. Жеңгеміз:

-Жұмаш, міне, қыстан қалған соғымымыз,-деп біздің алдымызға үйеме табақ ет те алып келді.

Аға екеуміз әңгімелесіп отырмыз. Ол кіснің менімен бірге Ақшатау жаққа барып келуін өтініп едім, ағамыз уақыттың жоқ екенін айтып, ол ұсынсымнан амалсыз бас тартқан сыңай танытқан. Осы араға «Аягөз әлемі» журналының бас редакторы Бақытөмір Шалғынбай інім келіп, осы журналдың 4-санында жариялана бастаған менің «Аягөз» атты тарихи романыма оқырмандар ықыласының жақсы екенін айтып, бізді Ақшатауға апаратынын сездірді.

Біз Амангелді ағаның  және Бақытөмір қызмет еттін офиске барп шығып, жолай Аягөз ауданының құрметті азаматы, Ақшатаудың төл перзенті, білікті де білімді Қайыртай  Қажығұлов ағаның үйіне кіріп, мен ағама тұңғыш рет сәлем бердім. Ол кісі сол күннің ертесінде Ақшатауда өтетін, осыдан бір жыл бұрын қайтыс болған марқұм бір азаматтың асына баратынын айтып, сонда жолығатынымызды сездіріп, бізді жолға шығарып салды.

Машина тізгінінде Бақтөмір інім Шалғынбай, көлікте мен және інім Бейсен бар. Ақшатауға келіп, әкем Айтжұманның Жұмағазы атты інісінің тұңғышы Мәулітқазыны алып, Мұстафа қыстағындағы Дәулет інім мен сол үйдегі келіннің қасында уақытша тұрып жатқан Зипа жеңгемді алып, Жалғызсуда жерленген анам Қайныш пен інім Ерғазының басына барып, құран оқыдық. Зиратқа қойылған өзім жазған мәрмәр тастар, ондағы суреттер мен жазулар аздап оңа бастапты. Бұған дейін Ақшатаудың басында жерленген әкем Айтжұман, ағам Жұмағазы, Мәулітқазының тұңғышы Рауан, бөлеміз Айтмұхан, әкемнің досы Жәлел марқұмдардың басында болып, құран оқыған болатынбыз.

Сол күні әкеміз Айтжұманның қара шаңырағында тұрып жатқан Жұмағазы ағамның ұлы Мәулітқазы інім, Айгүл келінім, биыл ғана мектеп бітіріп отырған Құндыз-Жұлдыз бізді күтіп алды. Айгүл келінім бір дүкенде жұмыс істейді екен. Мәулітқазы інім осы ауылдық әкімшілікте қызметте.

Ауылға ертерек келген мен осындағы әкемнің туған інісіндей болған Дүйсен аға Сәттімбектің және әкеміздің жан досы болған Жәлел ағаның үйіндегі Рахила жеңгейге, менің сыныптасым Төлеубек Төлеуғазиннің, Сейіткәрім Туматаевтың үйлеріне кіріп шыққан болатынмын.

…Ертесінде ерте тұрған біздер кеше ғана жақын танысқан, осы ауылдың әкімі «Ақшәулі» ауылының тумасы, ақ көңіл, ашық-жарқын азамат, Таңатар Жұманов, Жақан аға, Ақтамберді бабамыздың ұрпағы Бораш аға, інілерім: Бейсен, Мәулітқазы және мен жолға шықтық.

Ең алдымен арғы атамыз Кенебай мен арғы әжеміз Айсаман анамыз жерленген Қалғұтыдағы зиратқа барып құран оқыдық. Осындағы Садық Кенебайұлы атам өткен ғасырдың бас кезінде өз қаржысымен салдырған «Ақ школдың» орнына бардық. Ал, Кенебай атам өз қолымен қазған бұлақтағы балдай судан татып, атам өз қолымен отырғызған орманды аралап және атамның қора-жайының орнында болдық.

Бұл қора-жайда сонау өткен ғасыр басында Семейдегі «Алашорда» Үкіметінің серкелері: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Айымауыт, Шәкәрім Құдайберділер қонақ болып, «Ақ школ» мектебінің салтанатты ашылуына қатысып, ақ баталарын бергендері менің есіме түсті. 1918 жылы Семейге қызылдар басып кіргенде, ол кісілер тағы да осында келіп, біраз паналағандары туралы да мұндағы көнекөз қарттар  аңыз ғылып айтады. Құнанбай қажының бәйбішесі, біздің арғы ұлы әпкеміз Күңкені тура осы арада ұзатыпты.

Қалғұты жері тұнып тұрған қалың орман. Мұндағы сай-саланың барлығы да сылдырап аққан мөлдір бұлақ, тасып аққан үлкенді-кіші өзендер. Түйе бойласа көрінбейтіндей көк шалғын. Жері түгін тартсаң майы шығатын қара топырақты. Ғасыр басында біздің аталарымыз мұнда мол егін еккен. Күні бүгінге дейін сол арықтардың орындары көзге түседі.

Сыңсыған қалың тоғайлы Қаратоғай – осы Қалғұты жерінде. Мұнда: мойыл, долана, қарақат, бүлдірген, қымыздық сияқты жеміс-жидек өседі.  Арқар, елік, суыр, борсық сияқты аңдар, құр, шіл, дуадақ, бытпылдық, қарала және сарала қаздар, саңырау құрлар, шілдер, ешкішектер, т.б. мен аттарын біле бермейтін аңдар мен құстар жыртылып-айрылады.

Біз келгенде де Қалғұтының қалың тоғайы сыңсып тұр екен. Осынау ғажайып табиғатқа қарап тұрып, көзің тоймайды-ау, тоймайды. Бұйрат-бұйрат жондар, сары, қара, қоңыр, ақ жондар көз жауын алады. Егер бір биікке шығып қарасаң, алыстан көгілдір таулар, қалың орман көз жауын алады. Солтүстік батыста – әйгілі Абай бабамыз дүниеге келген Қарауыл, бұрынғы Наймантау, Қоңыртау, Өкпеті, Дегелең, Ащысу, Ақ ешкі, Құндызды, қырық жыл қырғын жасаған Семей полигоны орналасқан Дегелең, Қайнар тұрса, батыста – Игілік өзені, Желтұмсық, Тазқызыл, Айпар-Жайпар көзге түседі. Ал шығыста – қарлы шыңдары «мен мұндалаған» Тарбағатай таулары, Битан, Сәмен, Аягөз өзендері көлбеп жатыр. Оңтүстікте – әйгілі Дулат Бабатайұлы жырға қосатын Ақжайлау, Сандықтас, одан арыда – қасиетті Таңсық жері, Ай, Таңсық, «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» мазары тұр…

Қазір біз тұрған Қалғұты бойы қандай сұлу болса, мен тілге тиек еткен өңірлер де ғажайып көркем. Осы жасыма дейін талай елдерде, жерлерде болдым. Бірақ, осынау Аягөз өңіріндей, Ақшатау жеріндей, менің атамекенім Қалғұтыдай жер жәннатын, ғажайып сұлулықты кезіктірмеппін. Мен үшін бұл өңірлер әлемдегі ең ғажайып, сұлу жерлер. Әлгі ел таңдай қағатын Швецария – мына Қалғұтының жанында жер сүзіп қалады. Қалғұтының сұлу табиғатындай табиғат -–әлемнің еш жерінде жоқ десем, қателесе қоймаспын деп ойлаймын. Менің қасиетті атамекенім – Қалғұты. Осы жерде менің ата-бабаларым: Сыбан, Жаңгөбек, Сейтен, Ағанас, Тоғанас, Жаңғұлы, Бұдыр, Медет, Кенебай, Садық, Айтжұман дүниеге келген. Өмірдің небір қызығын, машахатын, тағдырдың ауыр азабын осы арада татты. Күңкедей асыл әпкем, Айсамандай асыл әжем, Бишәндай асыл анам – осы Қалғұты өзенінен талай рет су алды, осы арада «Алаштың» арда ұлдарын қонақ еті, «Ақ школдай» мектеп салды, қызыл империяға қарсы 1918-1932 жылға дейін қолына қару алып күресті менің батыр бабам Садық Кенебайұлы. Осы арада өз басым Ақшатаудың бір аруына ғашық болдым, осында Шолпан атты қызға үйлендім, балалы-шағалы болдым. Оқыдым, жеттім, өстім, өркендедім.

Атамекенімді  өзім өз болғалы тура арада 45 жыл өткенде дұрыстап аралауға мүмкіндік алғанымды несіне жасырайын.

Айтпақшы, биыл «Ақшатау» орта мектебін бітіргенімізге де 45 жыл толыпты. Біз бір кездегі 29 баланың осы мектептің тұңғыш түлегі атанып, үлкен өмірге сапар шекккенімізге де табаны күректей 45 жыл толыпты! Зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңші!?.

Міне, маған Аягөздің, Ақшатаудың, Қалғұтының ерекше ыстық болуының басты себептерінің ең негізгілері осылар…

(Екінші әңгіменің соңы. Жалғасы бар)

 

Жұмаш КЕНЕБАЙ (КӨКБӨРІ),

WWW.TANYM.TV сайтының директоры,

Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты,

Ақын, публицист,

23.06.2013 жыл.

1 Пікір

  1. БОЗТАЕВ НЕГЕ ҚАШТЫ?..
    Енді түсіндім, Төлеуханның менен қашатындай да жөні бар сияқты.
    Бұл Төлеухан – марқұм, 2013 жылдың 25 маусымында тірі болғанда 80 жасқа толатын, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, «Семей полигоны» атты аждаһаға жалғыз өзі қарсы шабатын Кешірімхан Бозтаевтың туған інісі.
    Елі сүйген, елін сүйген Кешағаң қандай, мына бастықТөлеухан қандай? «Бір биеден ала да, құла да туады» деген осы болса керек…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз