ТЖ министрінің төтенше қылығы немесе БОЖКОның былығы

2
986

   Төтенше жағдайларымызды қамтамасыз етуге тиіс Төтенше жағдайлар министрлігі соңғы уақытта өзі төтенше жағдайларға тап болып, сын садағына жиі ілігіп жүр. «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі өткен жылдың қорытындысы бойынша, Төтенше жағдайлар министрлігін жемқорлардың қара тізімінде бесінші белестен көрініп, топ бастап тұрғандығын мәлімдеген болатын. Министрлікке қарасты мекеме мамандарының арасындағы бармақ басты, көз қысты қымқыру әрекеттері алдағы жылдармен салыстырғанда, 24,3 пайызға дейін артқан. 

Жемқорлықпен күрес ко­миссиясы шара да қолданды. Бірақ, нақты нәтижесі көрінбейді. 2012 жылдың 11 айында аталған министрлік құрылымдарында 46 сыбайластық әрекеттері анықталды. Қазына қаржысына қол салу, пара алу, қызметті асыра пайдалану бойынша заңсыз әрекеттерге барудан алдына жан салмай келе жатқан министрлік қызметкерлерінің дені Ақмола, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облысында шоғырланыпты.
Иә, апат айтпай, жазым жариясыз келетіндіктен, Төтенше жағдайлар министрлігіне артылар жүк жеңіл емес. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жауапкершілікті терең сезініп, жанқиярлықпен тер төгуге тиіс министрліктің мамандары жемқорлық ұйығында ұйысса, ертеңге деген сеніміміз сетінейтіндігі түсінікті.
Ең алдымен, министр Вла­ди­мир Божко парламент депу­тат­тарының алдында тігісін жатқыза әдемі сөйлеп, әрдайым салаға қаржы жетпейтіндігін қайталаумен келеді. Ертеңгі күннің еркі жалғыз Жаратқан иеміздің қолында екендігінен хабардар дені мұсылман депутат­тарымыз «жаман айтпай, жақ­сы жоқ» деп, жылаңқы Божкоға қыруар қаржылар бөлдірді. Бірақ, «Балық басынан шіриді» деген халық даналығы өзінің өміршеңдігін тағы дәлелдеді.
Жемқорлықтың жалауын жоғары желбіреткен ТЖ ми­нистрі апаттың алдын алудан гөрі, оның салдарымен күресуге «машықтанып» алған сыңайлы. Қашан көрсең, «жау кеткен соң, қылышын тасқа шауып» жатады. Жыл сайын қаншама елдімекендерді су алып, қара халықтың үйсіз-күйсіз далада қалып, зар еңірегенін көргенде, жүрегің шымырлап, жаның ауырады. Бірақ, бұған сасып-мазасызданатын Божко емес. Табиғи апаттардың алдын алатын шаралар жасаудың орнына, сала басшысы тікұшақпен серуендегенді жақсы көреді. Сосын, әрбір облыстағы ТЖ жетекшілерін өзі арнайы барып тағайындап, аймақ басшыларымен әңгіме-дүкен құрғанды жаны сүйеді.
Әйткенмен, әсерлі әңгіме – нақты жұмыс емес екені белгілі.
Сарапшылар Төтенше жағдай министрлігінің сатып алған ЕС-145 тікұшағының апаттан құтқару ісіне жарамсыз екендігін анықтады. 2011 жылы 8,9 млрд. теңгеден астам қаржыға сатып алынған 4 тікұшақтың бірде-бірі таулы аймақта құтқару шараларын өткізуге жарамайтын болып шықты. Сондай-ақ, аталмыш тікұшақтың ауа райы 35 градустан ыстық болған жағдайда әуеге тік көтерілуге қауқары жетпейтіндігі анықталды.
Жақында Үкімет сағатында Ми-26 тікұшақтарына қатысты мәселе көтерілді. Бұл сұраққа жауап берген Владимир Божко 2 әуе көлігінің Ресей шека­ра­сына рұқсатсыз өтіп кетуін «контра­генттердің құжаттарды рәсімдеу кезінде жі­берген қателігінен» деп түсіндіруге тырысты. «Жұмыс барысында қате жіберуді табиғи заңдылық» деп ұғынатын болса керек, сала басшысы шімі­рікпестен, бұл мәселеде өзінің кінәсі жоқтығына тура меңзеді.
Министрлік пен оған қарасты мекемелер мен ұйымдарда бюджет қаражатын басқаруда орын алған олқылықтар – қар­жылық тәртіптің жоқ екендігін көрсетті. Әсіресе, «Мұнай-газ өнеркәсібінің техникалық қауіпсіздігі, мұнай және газ геологиясы жөніндегі ғылыми зерттеу орталығы» ЕМК-да жемқорлықтың иісі айрықша бұрқырайтындығы байқалды.
Министрлікке қарасты қыз­меткер құлқынның құлына айналып, оңай олжаға қарық болып жатқанда, Астана қаласын­дағы Төтенше жағдайлар депар­таментінің және өрт сөндіру қызметінің 70-ке жуық қызмет­кері жұмыссыздар қатарын толықтырып, екі қолға бір күрек таба алмай, көшеде сенделіп қалды. Қаржы полициясы «төтенше жағдай департаментінің төрт қызметкері, өрт сөндіру қызметінің 70 қызметкері мемлекеттік қызметте жүріп, өзге мекемелерде жұмыс істеп, табыс тауып келгенін» анықтағаннан кейін, министрліктің төтенше жағдайлар департаментінің дисциплинарлық комиссиясы «Жемқорлыққа қарсы заңның» 1-тарауы 10-бабын бұзған қызметкерлерді жұмыстан шығару туралы шешім шығарған.
Таяуда Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашевтың қабылдауында болған ТЖМ-ның жұмыссыз қалған бір топ қызметкерлері негізгі атқара­тын жұмысынан ешқандай көмек не жеңілдік көрмегендіктен, амалсыз қосымша жұмыс іс­теуге мәжбүр болғандықтарын айтып, шағымданды. Жұмыссыз қалған ТЖМ-қызметкерлерінің жағдайымен танысқан демо­крат­­тардың көшбасшысы алдағы уақытта мүмкін болған жағдайларды қарастыратындығын жеткізді.
ТЖ министрлігі құрылым­дарының шектен тыс әрі орынсыз тексерулерінің елі­міз­дегі шағын және орта кә­сіпкерліктің дамуына тұсау болып отырғандығы Елбасының тікелей тапсырмасына селқос қараушылық болып табылады.
Бір қызығы, Есеп комитетінің есебіне мұрнын шүйірген Владимир Божко өзі басқаратын министрлікке тікелей бағытталған сын еткертпелермен орын алған олқылықтардың алдағы уақытта орнын толтырып, жүйелі жұмыс жасауына уәде берудің орнына, былығын ашқаны үшін Есеп комитетін: «Есеп білмейді», – деп жазғырды.
Қалай десек те, ТЖ министр­лігінен тыныштық кетті. Қара­мағындағы қызметкерлер бюджет қаржысын жымқырудан алдына жан салмай тұрса да, Божко әсте сасатын емес.
Үкімет сағатында ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты, «Халық коммунистері» фрак­циясының мүшесі Галина Баймаханова Төтенше жағдайлар министрлігінің екі жыл ішінде «Алматы Су Арнасына» 110 млн. теңге көлемінде қарыз болғандығын айтып дабыл қақты. «Судың да сұрауы бар» екендігін ескерткен депутат қарыздың нақты қашан өтелетіндігін сұрады. Ал, сала басшысы В.Божко: «Өрт сөндіру кезінде жұмсалатын судың шығынын өтеу бізден талап етілмеуі керек» деп, қойып қалды.
Ол аз десеңіз, ТЖ министрі өрт сөндірумен айналысатын мем­лекеттік мекеме қызметінің келе­шекте ақылы болатындығын айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Бұған дейін де Үкімет басшысы Серік Ахметовтың атына жер сілкінісі туралы халықты дер кезінде құлақтандырмағаны үшін Төтенше жағдай министрлігінен қатаң жауап алу қажеттігі жөнінде депутаттық сауал жолдаған Мә­жіліс депутаты, «Ақ жол» пар­тиясы фракциясының мүшесі Алмас Тұртаев министрдің мән­сіз-мағынасыз мәлімдемесіне үзілді-кесілді қарсы шықты. «Ақ жолдың» адуынды депутаты ТЖ министріне: «Нысандарды қорғау – мемлекеттің міндеті бола тұра, бұл саланы қандай негіздерге сүйеніп, коммерцияға айналдырып жібердіңіз?» – деген орынды сауал қойды. Бірақ, бұл өткір сауалдың жауабынан Божко сылдыр сөзді сиыр­құйымшақтандырып, әупірім­деп сытылып шықты.
Еліміздің Есеп комитетінің кешегі басшысы, бүгінгі Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, Омархан Өксікбаев өрт сөндіру қызметінің өз мүмкіндігінен – 46 пайызға, жедел құтқару жасақтарының – 58 пайызға, судан құтқарудың – 60 пайызға ғана жұмыс жасай­­тындығын айтып: «ТЖ ми­нистрлігі – еліміздегі жартылай жұмыс істейтін жалғыз министр­лік болып табылады!» – деп батыл мәлімдеді.
Депутаттардың сын ескерт­пелерін шыбын шаққан құрлы көрмеген министр жең ұшынан жалғасқан жемқорлық бойынша топ бастап тұрған министрліктің жұмысын жөндеуге қауқарсыз да, ықылассыз да екендігін көрсетті. Әлде, бұл сабазың кешегі әріптесі Виктор Храпуновтың «өнегесіне» еліктеп, жолын аңсап жүр ме екен?!.

Гүлмира САДЫҚ

 

2 ПІКІРЛЕР

  1. болинген қаржыга Үкіметтің қадағалауы болмаса «бармақ басты, көз қысты» бола береді.әр салаға бөлінген ақшаға сала басшылары тиынына деин есеп беріп отырса керекті.ал бізде «тендер» дегенді арқаланып ақшаны заңды түрде ұрлайтын болды.ішім ауырып, қарным ашады осындайды көрген сайын.
    Көңілім жүйрік,
    Қолда жоқ билік.
    Елбасым отыр-
    Ұрыны би қып.

  2. Жемқорлықтың жалауын жоғары желбіреткен ТЖ ми­нистрі апаттың алдын алудан гөрі, оның салдарымен күресуге «машықтанып» алған сыңайлы. Қашан көрсең, «жау кеткен соң, қылышын тасқа шауып» жатады. Жыл сайын қаншама елдімекендерді су алып, қара халықтың үйсіз-күйсіз далада қалып, зар еңірегенін көргенде, жүрегің шымырлап, жаның ауырады. Бірақ, бұған сасып-мазасызданатын Божко емес. Табиғи апаттардың алдын алатын шаралар жасаудың орнына, сала басшысы тікұшақпен серуендегенді жақсы көреді. Сосын, әрбір облыстағы ТЖ жетекшілерін өзі арнайы барып тағайындап, аймақ басшыларымен әңгіме-дүкен құрғанды жаны сүйеді.
    Әйткенмен, әсерлі әңгіме – нақты жұмыс емес екені белгілі.
    Сарапшылар Төтенше жағдай министрлігінің сатып алған ЕС-145 тікұшағының апаттан құтқару ісіне жарамсыз екендігін анықтады. 2011 жылы 8,9 млрд. теңгеден астам қаржыға сатып алынған 4 тікұшақтың бірде-бірі таулы аймақта құтқару шараларын өткізуге жарамайтын болып шықты. Сондай-ақ, аталмыш тікұшақтың ауа райы 35 градустан ыстық болған жағдайда әуеге тік көтерілуге қауқары жетпейтіндігі анықталды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз