ӨЛГЕН АДАМДЫ СОТҚА БЕРДІ

Ақтөбеде коммуналдық қызмет көрсететін мекеме өлген адамның мойнына қарыз іліп, марқұмды қарызын төлемегені үшін сотқа берген. Борышкердің әлдеқашан о дүниелік болып кеткендігін сот орындаушылары анықтапты. Бұл туралы Ақтөбе облысы сот актілерін орындау департаментінде коммуналдық төлемдерді өндіру бойынша дөңгелек үстелде айтылды. 2009 жылдың 29 қазанында коммуналдық қызмет көрсету мекемесі ақтөбелік тұрғынды сотқа берген. Бірақ, сот орындаушылары жұмыс барысында борышкердің 2 жыл бұрын қайтыс болғаны анықталды. Алайда, коммуналдық қызмет көрсету мекемесі бұл жағдайды мойындамай отыр. Борышкердің артында қалған ешкімі болмағаннан кейін, қарыз сомасы жойылды. Коммуналдық қызмет өкілдерімен кездесуде сот орындаушылары қала тұрғындарының берешектерін өндіру бойынша кездесетін мәселелердің шешу жолдарын қарастырды. Осы жылдың 5 айында сот орындаушыларына түскен құжаттарға сүйенсек, қазір қалалықтардың коммуналдық қызмет көрсету мекемелеріне жалпы қарызы – 55 млн теңгеге жеткен. Мұның ішінде 35 млн теңге көлеміндегі берешегі өндірілген. Бүгінде сот орындаушылар бөлімінде барлығы 885 атқару құжаты, яғни, 18 млн-нан астам теңгеге берешек бар. Қалалықтардың қалыпты өмірі үшін көрсетілетін коммуналдық қызметтердің қарызын төлемеуде көп кездесетін себеп – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жұмыссыздық. «Борышкерлердің сот шешіміне немқұрайлы қарап, жауапкершілікті сезінбеуі және сот орындаушылардың талаптарын түсінбеуі – басты мәселенің бірі» – дейді мамандар. Коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің уәжі мүлдем бөлек. Олар жіберген хаттарының сот орындаушылары алдында апталап емес, айлап жататынын, уақытында жауап ала алмайтындарын алға тартады. Қарыздар қайтарылуы үшін көлік те, өкіл де беруге әзір коммуналдық қызмет көрсету мекемелері соңғы 3 айда мемлекеттік сот орындаушыларынан көлік сұраған жалғыз өтініштің де түспегенін алға тартты.

Индира КЕРЕЙ Ақтөбе