«МЕШКЕЙ ДЕГЕН ЖАҚСЫ АТ ЕМЕС»… БАҚЫТЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ МЫРЗА!

 Бұл – мен ойдан шығарған емес, атамыз қазақтың мақалы. Қазақ айтса, бекер айтпайды. Сонда «мешкей» кім дейсіз ғой. Ол осы министр Б.Жұмағұловтың білдей бір орынбасары Саят Шаяхметов болып шықты. «Ол байғұс, байқамай емес, әдейі асаған» дейді бұл жағдайды жақсы білетіндер. «Сонда Бақытжан мырза ай қарап отырған ба?» дерсіз. Сұрағыңыз орынды. Бірақ, ол сұрақты маған емес, ана Сократтың маңдайынан бір кем емес, кереқарыс маңдайы жарқыраған ҚР Ғылым және білім министрі Бақытжан Жұмағұловқа қойыңыз.

Міне, Тәуелсіздігін алғанына ширек ғасырға жақындап қалған Қазақстан Республикасында білім беру мен ғылымды дамытудың нақты көрсеткіші осы дер едім. Біз мектепте оқитын балаларымызға үнемі: «өтірік айтпа, ұрлама» деп ақыл айтып жатамыз. Білдей бір министрдің орынбасары ұрлап жатса, енді мектептегі балаларымызға не бетімізді айтар екенбіз? Ана вице-министр –«нағыз жемқор, ұры» болып шықса, «іштен шыққан шұбар жыландарымызға» енді қалай ақыл айтамыз? Ол жүгермек, бір күні: -Әке, маған «өтірік айтпа», «ұрлық жаса ма» дейсіз. Ана бізге білім беретін Білім министрлігіндегі дәу ағалардың өзі ұрлықшы екен ғой. Интернеттен оқыдым, үп-үлкен болып, олар неге ұрлық жасап, өтірік айтады екен осы?-десе, мен не дерімді білмей, ана министрліктегі қомағай шенеуніктер үшін жерге қарарым даусыз. Құдай, оның бетін ары қылсын. ҚР Ғылым және білім министрі Бақытжан Жұмағұловың сонау 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезінде сол кездегі С.М.Киров атындағы мемлкеттік университеттің партия ұйымын басқарып тұрған дейді тағы бір «білгіш». «Қаншама студент-жастар жазықсыз жапа шегіп, оқудан шығарылып, қудаланып жатқанда, сол кездегі партком Бақытжан Жұмағұлов қандай әркеттерге барды екен?» деп сұрақты төтесінен қояды ана «мықты». Жарайды, оны босқа қазбалай бермейін. Ол шаруа – менің емес, ана Б.Жұмағұлов басқаратын тарихшылардың құзырындағы дүние. Бұл шенеуніктің қазақша оқып, жаза алмайтынын жұрттың бәрі біледі. Біздегі мемлекеттік тіл Ата Заң бойынша – қазақ тілі екені белгілі. Ал, ана министр Б.Жұмағұлов біле ме екен оны? Кілең шүлдірлеген орыс тілділер шоғырланған бұл министрлік қызметкерлерінің ұлтымызға пысқырып та қарамайтыны онсыз да түсінікті. Сонда деймін-ау, Ресей сойылын соғып отырған олардан ешқашан да ұлт патриотының шықпайтыны – онсыз да бесенеден белгілі. Олай болса, олар неге Тәуелсіз ммлекетіміздің ең жауапты саласы – білім министрлігінде қызмет істейді? Түркия Республикасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік билікке келісімен ең алдымен екі мамандықтың иелеріне барлық жағдайды жасайды. Олар мұғалімдер мен дәрігерлер болатын. Мұғалімдер – мемлекеттің болашағы жастарды тәрбиелесе, дәрігерлер – адам жанының арашасы екені белгілі. Ал, бізде ше, ең төмен жалақы алатындар – тағы да осы мұғалім мен дәрігер сияқты екі мамандық иелері болып отыруы, қандай өкінішті! Министр Жұмағұловтың бар білері – жыл сайынғы сауатсыз дайындалған бірыңғай ұлттық тестілеулер ғана сияқты. Үнемі соны сөз етіп жатқаны. Министрліктегілердің өздері миллиондап ұрлап жатса, ең төменгі жалақы алатын ұстаздарға олар «пара алмаңдар» деп айта алар ма екен әуелі? Содан кейін, осы Бақытжан Жұмағұлов орынбасары парақор атанып жатқанда, ол неге сүттен ақ, судан таза болып қала бермек? Президент аппараты, Үкімет қайда қарап отыр екен?.. Жұмаш КӨКБӨРІ, ақын, www.gu-gu.kz