ЗАМАНБЕК НҰРҚАДІЛОВ ҚАНДАЙ АДАМ ЕДІ?..

5
4336

Замандас келбеті

                                                                                                                                     

Марқұм Заманбек Нұрқаділов қандай адам еді?..

(1944-2005жж.)

«ӘКЕГЕ ТАРТЫП ҰЛ ТУСА ИГІ…»
(Алғысөз орнына)

2014 жылы марқұм, асыл азамат Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов тірі болғанда, асқаралы биік 70 жасқа толар еді-ау. Бірақ, қапияда келген ажал арысымызды ортамыздан алып кеткен болатын.
2012 жылдың аяқ шенінде Зәкеңнің ортамызда жүрсе, келесі жылы 70 жасқа келетіні және басқадай мәселелер жөнінде ақылдасу мақсатында, Алматы қалалық тұрғын үй Басқармасының бастығы, марқұмның ұлы –  Қайрат Заманбекұлы Нұрқаділовтың қабылдауында болғаным бар.
Басы қатты басталған әңгімеміздің аяқ жағы сәл жылымыққа ұласқандай сыңайда Қайрат ініммен қоштасқан едім. Сондағы бір байқағаным – Қайрат інімнің марқұм әкесі Зәкеңе сырттай құйып қойғандай қатты ұқсастығы еді. Сол жолы мен бұл жігіт те тура «әкесіндей тік мінезді ме, қалай…» деген ойға қалғанмын. Қайрат інім жөнінде оның марқұм әкесінің досы, жерлесі Болат Нұрғазыұлынан сұрағанымда, ол кісі бірден ашылып, ештеңе айта қоймаған. Осы Болат Нұрғазиев таяуда 70 жасқа толып, дастарханға шақырылған адамдар тізімінен Қайрат Нұрқаділовтың атын көріп қалған едім. Бірақ, Қайрат інім ол тойға келмеді.
Дастархан басына жиналған өңкей ығай мен сығайлардың, Бөкең мен Зәкеңнің курстастарының басым көпшілігі осы отырыста Заманбек Нұрқаділов туралы айтудан қашқақтап отырғандай әсер еткен маған. Мен және Сапура Жүсіпова сөз берілгенде марқұм Заманбек аға туралы айтқанымыздан кейін барып, біраз адамның марқұм Заманбек Нұрқаділов туралы жылы, жылы, сөздер айта бастағанын, Т.Қожағапанов, т.б. курстастарының марқұм жайлы аса сақтықпен сөйлгендерін мен сол жолы амалсыздан байқап қалған болатынмын…
Иә, мен әңгіме етіп отырған Қайрат Нұрқаділовтың сол жолы маған берген уәдесінде тұра ма, жоқ па, ол жағына әлі көзім жетпейді. Алда амандық болса, оны да көре жатармыз…
Ал, менің Қайраттың әкесі, марқұм Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовпен тонның ішкі бауындай, өте жақын араластықта, тіпті, асыл азаматтың оққа ұшатын күніне дейін жанында жүргенімнен, текті тұлға туралы ол кісінің көзі тірісінде де, көзі жұмылғаннан кейін де, көптеген мақалалар, толғау өлеңдер, дастандар жазғанымнан, олардың дені баспасөзде, ғаламторда жиі жарияланғанынан,  былайғы көпшілік жақсы хабардар болар деп ойлаймын.
Ал, Қайрат Нұрқаділовтың дәл әкесіндей ұлт перзенті дәрежесіне дейін көтеріле ала ма, жоқ па, оған сәуегейлік жасай алмаймын. Тірі тұрсақ, ол жағын да көре жатармыз деп ойлаймын…

ЗАМАНБЕК ЖАЙЛЫ ОЙ-ТОЛҒАУ

Былайғы жұртшылыққа марқұм Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтың кім екенін таныстырып жатудың өзі артық сияқты. Дегенмен, ұлтымыздың осынау біртуар ұлы туралы өзім білетін және өзім куә болған жағдаяттарды ғана қал-қадарынша баяндағанды жөн көрген едім.

Заманбек Нұрқаділовтың – ұлтымыздың маңдайына біткен ұлт перзенті болғанын ашық айтуымыз керек. Заманбек марқұм өз тұсында қазіргі өздерін «мәңгілік» санайтын авторитарлы биліктің жоғары эшелонында небір жауапты да лауазымды қызметтерді атқарғанын біз жақсы білміз. З.Нұрқаділов – Н. Назарбаевтың ең жақын әрі оның мұраттас адамдарының бірі болғанын несіне жасырамыз.

Басқаша айтқанда, бұл екі адам бір-біріне өте сенімді болып көрінетін. Зәкең ұзақ жылдар биліктегі, оппозициядағы небір танымал тұлғалармен жақын араласқан адам. Мінезі тік, анау-мынау жаман-жәутіктерді маңына жақын жуытпайтын әрі оларды менсіне де бермейтін, айтқанынан қайтпайтын, өте бірбеткей адам еді. Бір қараған адамға, Заманбек пен Нұрсұлтандай жақын, сырлас әрі сенімді «достар» бұл өмірде жоқ сияқты болып көрінетін. Егер шын мәнінде олар соншалықты сенімді достар болса, ай мен күннің аманында оларды не жын ұрыпты деп таң қаларсыз. Ол туралы осы мақаланың даму барысында, мүмкіндігіне қарай, жасырып-жаппай, еш боямасыз, қоспасыз, әсірелеусіз баяндап беруге, сіздерге уәде беремін…

Мына дінсіз, тілсіз, тексіз, бөтен тілде шүлдірлегіш шенеуніктерге мүлдем ұқсамайтын бұл Зәкеңнің бойындағы ең асыл қасиет – азаматтың өзінің туған ұлтын шексіз әрі қалтқысыз сүюі дер едім. Асылы, біздің Заманбек ағамыз махаббаттың қай түріне де өте адал болған жан. «Махаббатсыз дүние бос» деп данышпан Абай айтқандай, ол жан жары Мақпалын да, кенжесі Мерейін де, туған ұлты Қазағын да, жан-тәнімен, еш боямасыз, жасандылықсыз, қалтқысызы, беріле сүйген ғажап жан!

Мен Зәкеңнің туған ұлты қазағын және Мақпалын, қызы Мерейін ерекше жақсы көргенінің талай рет куәсі болған жанмын. Сонымен бірге бұл адам ешқашан да өтірік айтпайтын және ішіне ештеңе де бүгіп қалмайтын. Айтарын бүкпесіз ашық айтып салып, қарап отыратын. Жіберген ағаттығына өкінбейтін. Және де ешкімді де сыртынан сөз қылмайтын. Айтарын кім болсаң да, өтің жарылып кетсе де, бетіңе айтатын. Өзі ешқашан да кек сақтамайтын. Сонымен бірге марқұм Заманбек аға өте аңқау жан болды.

Біздің Зәкең ақшаның және байлықтың бетіне қарамайтын атымтай жомарт жан болды. Бір жақын адамы үйінен бір миллион АҚШ долларын ұрлап кеткенде де, пенде болып, қыңқ демеген. Сол ұрланған ақшаны биліктегілер бес есе мөлшерде қайтарып беретін болғанда да, оны маған жәй бір әңгіме ретінде айтып, соншалықты қуана да қоймаған. Және ақшадан қысылып келген талай жанға ақшаны қолма-қол қалтасынан суырып бергенінің де куәсі болғаным бар. Алматы қаласының әкімі болып отырғанда талай қазаққа жақсылық жасағанын өз көзіммен көргенмін…

Зәкеңнің шапағаты тимеген Алматы қаласында қазақ зиялысы жоқ шығар? Бұл асыл азамат бойында барын қазағына арнады. Мұндай Заманбек Қалабайұлының бойындағы текті мінез – кез келген қазақ шенеунігінің бойынан табыла бермейтіні, тағы да жалған емес. Оның бір басты себебі – Зәкеңнің ауылда туып, сонда өсіп, туған ұлтының уызына жарығандығынан шығар деймін. Ал, орысша оқып, орысша білім алған бүгінгі биліктегі шала қазақтардан Заманбек аға мың есе артық әрі олардан тым биік тұратын. Ол кісінің екі сөзінің бірі: «қазағым», «ұлтым», «ұлы далам» болып келетін.

Жұрт айтып жүргендей, Заманбк Нұрқаділов «ақынжанды» ғана емес, нағыз ақын болатын. Мен Зәкеңнің «Шығыс поэзиясы» атты кітабының редакторы болу бақытына ие болған жанмын. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың ұсынысы бойынша, Зәкең поэзиясының қолжазбасын қолыма алған болатынмын. Ол кезде З. Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болатын. Жігіттердің ұсынысымен ол кітапқа редактор ретінде аты-жөнімді жазбаған едім. Қазір соған қатты өкінемін.

Кітап шыққаннан кейін, арада бірер жыл өткенде, Заманбек аға бұл кітаптың «жасырын редакторы» мына мен екенін біліп, еңбегімді қолма-қол төлеген еді. Зәкең ол кезде Шығыс поэзиясымен өмір сүретін. Қолы қалт еткен сәтте маған: Низамидің, Хафиздің, Омар Хаямның, Рудакидің, Фердаусидің, Науаидің өлеңдерін өз аудармысында оқып беруге құмар болатын. Тіпті, қыза-қыза келе өзінің кейбір қолжазбаларына «Нұрзами» деп қол қоятын (ол қол қойылған қолжазба менде сақтаулы тұр).

«Нағыз таза ақын адамнан – жауыздық шықпайды» дейді Шығыс даналығында. Осы қанатты сөз тура Заманбек ағаға арналғандай еді. Зәкеңнің жүрегі аса нәзік болды. Аналардың оспадарлығына жүрегі қатты ауыратын. Түнімен ұйықтамайтын. Өзінің ең жақын деген адамдарына түн ортасында, таңға жуық телефон шалып, өзін толғандырған мәселені егжей-тегжейлі баяндап жататын. Өзім деген жанға өзегіндегісін суырып беретін. Талай рет таңға жуық Зәкең соққан телефон қоңырауынан оянып жүрдім. Ол кісі түн ортасы, таңға жуық шақырса да, алып-ұшып сол үйге жететінмін.

Және біздің Зәкең нағыз батыр еді. Сол жылдары Республика алаңына жалғыз өзі шығып, «көсемді» жекпе-жекке шақырғанын, билік өкілдері шошып кетіп, Зәкеңе шикі жұмыртқа лақтырып, ұрып құлатып, масқара болғанын кім білмейді. Президенттік сайлауға жалғыз өзі түспек болып, сол кездегі оппозиция серкелерімен тіл табыса алмай, оңашада ойға шомып, қатты күйзелгенін де мен жақсы білемін. Өйткені Зәкеңнің ана жігіттермен екі ортадағы «шабарманы» мен болған едім. Биліктің жоғарғы шыңындағы белгілі адамдармен Заманбек ағаның қалай сөйлескенін де мен жақсы білемін.

Осы Заманбек аға небір құпия құжаттарды Қырғызстан арқылы шетелге шығарғанын, онда «Заманбек қорын» ашқанын, шетелде жүрген Әкежан Қажыгелдинді өз аяғымен іздеп барып, сол жылдары жіберген қателігі үшін Әкежаннан, кейін, Алматыдағы бір митингіде халықтан кешірім сұрағанын, бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ғалымжан Жақиянов Құсмұрын, Шідерті абақтыларында қамауда отырғанда, осы Зәкең сол жігітке қорған болуға тырысқанын, мына мен өз көзіммен көрген адаммын.

Зәкеңнің өмірінің соңында бүгінгі билік З.Нұрқаділовтың үстінен талай рет ойдан шығарылып, қолдан құрастырылған қылмыстық істер қозғағаны белгілі. Тіпті, Зәкеңді үйінен тұтқындап алып кетпек те болған. Сондай бір оқиға кезінде, Заманбек аға маған телефон шалып:

-Жұмаш, мыналар мені үйден ұстап әкетпек болып жатыр. Келіп көрсін, мен қару қолданамын. Былайша айтқанда, жастығымды ала кетемін. Сен, газет редакциясынан ешқайда кетіп қалма, хабар менен болады,-дегені бүгінгідей есімде. Мен ол кезде «Дат» жобасы бойынша шығып жатқан «Жұма-таймс» газетінің құрылтайшысы болатынмын…

Осы Зәкеңнің сот процесі кезінде өзін-өзі ұстауы да қызық болатын. Заманбек аға сотта емес, тап бір жақын туысының тойында отырғандай, өзін өте еркін сезініп, ана судьяның сөзін қалаған уақытында бұза беретін. Зәкеңнің бұл аңғалдығына сонда қатысып отырған журналистер мәз болатын. Сот ашуланатын, бірақ, Зәкеңнен қатты ығатын.

Бірде Жаңа жылдың қарсаңында, осы Заманбек аға маған телефон шалып:

-Жұмаш, мені ҰҚК комитеті шақырып жатыр. Сен, жігіттерге айт. Сонда келсін!-деген. Мен Бақытгүл Мәкімбайға, Ермұрат Бапиға телефон шалып, сол жерге келсек, Зәкең жоқ. Біз не істерімізді білмей, дағдарып тұрғанымызда, іштен Заманбек ағаның өзі шыққан буы бұрқырап. Осыны байқаған Ермұрат:

-Зәке, тап бір ет жеп, сорпа ішіп шыққандай, буыңыз бұрқырап тұр ғой,-деп әзілдеп жатқан. Бірақ, Зәкеңде онда әзілдесетіндей де жағдай жоқ болатын. Мына жауыз биліктің бұл сұрқия әрекетінен қатты қорқып қалғандай көрінді маған. Иә, Зәкең де ет пен сүйектен жаралаған қатардағы пенде емес пе?..

«Батыр –аңғал келеді» деген рас болса керек, сол аңқаулығының арқасында белгісіз біреулердің, қазіргі билік өкілдерінің айтуы бойынша, «өзін-өзі үш рет атқаны» туралы аңыз тарағалы да оншақты жыл болып қалыпты…

Тағдыр мені қазақтың осынау біртуар текті перзентімен жақын әрі жақсы араласуды жазды. 1991 жылдан ол кісі қарақшылар қолынан көз жұматын 2005 жылға дейінгі аралықта мен Заманбек ағамен тонның ішкі бауындай әрі өте жақын араластым. Айтқандарымның барлығы да қалың оқырманға түсінікті болу үшін, әңгімені басынан бастайын…

(Жалғасы бар)

Жұмаш КЕНЕБАЙ, ақын,

01.05.2013 жыл

www.qazaquni.kz

5 ПІКІРЛЕР

  1. Ех Ширкин!казирги заманымыздын кыздары мен жигиттерине карап карнын ашады!Елимиздин болашагы менинше булынгыр…..

  2. Осы Заманбек аға небір құпия құжаттарды Қырғызстан арқылы шетелге шығарғанын, онда «Заманбек қорын» ашқанын, шетелде жүрген Әкежан Қажыгелдинді өз аяғымен іздеп барып, сол жылдары жіберген қателігі үшін Әкежаннан, кейін, Алматыдағы бір митингіде халықтан кешірім сұрағанын, бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ғалымжан Жақиянов Құсмұрын, Шідерті абақтыларында қамауда отырғанда, осы Зәкең сол жігітке қорған болуға тырысқанын, мына мен өз көзіммен көрген адаммын.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз