Сотта Боқаев пен Хамракуловтың адвокаты арасындағы хаттар жарияланды
2026 ж. 25 қараша
38
0
Алматыда Санжар Боқаев пен өзге де айыпталушыларға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста мемлекеттік айыптау тарапы Боқаев пен бұрын Ақылбек Хамракуловтың адвокаты болған Д. Ахметов арасындағы хат-хабарларды жариялады.
2026 жылғы 25 қаңтардағы хаттарда Хамракулов, Раз және Артықбаевқа қатысты сот процесі талқыланған. Жазбаларда Боқаев іс фигуранттарына шартты жаза берілуі мүмкін екенін айтып, істің айналасында шу көтермеуді және ешкімге ештеңе жария етпеуді сұраған.
Сондай-ақ хат алмасуда Боқаевтың Ахметов арқылы Хамракуловқа ақша жеткізгені туралы мәліметтер бар. «Ол уайымдамасын, ешкіммен сөйлеспесін, оған ақшаны жеткізіп береді, үндемесін, ешкімге ештеңе айтпасын», – деген Боқаевтың сөзі келтірілген.
Прокурорлардың пікірінше, бұл хаттар Боқаев пен Хамракулов арасындағы байланысты көрсетеді. Бұған дейін Раз бен Артықбаев плиталарды ұрлау үшін өздерін Хамракулов жалдағанын мәлімдеген болатын.
Сотта қорғау тарапы «алтын дәлел» деп атаған флеш-картаны да ұсынды. Онда Хамракуловтың полиция қысымы туралы мәлімдемесі және адвокат Ахметовтің телефонмен сөйлескен сәті түсірілген бейнежазбалар болған. Алайда прокурор екінші видеода қысым көрсету белгілері байқалмайтынын айтты.