ӘРБІР СӘБИДІҢ ӨМІРІ – БАҒА ЖЕТПЕС ҚҰНДЫЛЫҚ
2026 ж. 19 қараша
25
0
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты Неонатология бөлімі шала туған, салмағы өте төмен және аса төмен сәбилерді күтіп-баптау мен емдеу ісімен айналысады. Күні бүгінге дейін қаншама нәрестені күтіп, баптап, адам құатарына қосқан бөлімнің арқалаған жүгі жеңіл емес.
17 қараша - Шалабайлар күні! Осы орайда біз Неонатология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты неонаталды хирург Гүлмира Кәукенбаевамен тілдесіп, бөлімнің тыныс-тіршілігі туралы әңгіме өрбіттік.

– Гүлмира Төлепбекқызы, Петиатрия орталығы Шалабайлар күнін ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Осы күннің мәні мен маңызына тоқталсаңыз...
– Бұл күннің басты мақсаты – қоғам назарын шала туған нәрестелердің мәселесіне аудару. Сонымен қатар, мерзімінен бұрын босанудың қауіп-қатері мен салдары туралы жұртшылыққа толық ақпарат беру. Мұндағы мақсат – жүктіліктің толық мерзіміне дейін сақталуының маңызын насихаттау.
Неонатология және жаңа туған нәрестелер хирургиясы бөлімшесі 1959 жылдан бері «Ана мен бала» қағидаты бойынша еңбек етіп келеді. Бөлімше шала туған, салмағы өте төмен және аса төмен сәбилерді күтіп-баптау мен емдеуде мол тәжірибе жинақтағандығымен ерекшеленеді.
– Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімінде қандай ауруларға көмек көрсетілетіндігін атап көрсетсеңіз?
– 23 жылдан бері біздің Неонатология бөлімінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен туа біткен даму ақаулары мен хирургиялық патологиясы бар нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Атап айтар болсақ, өңеш атрезиясы, диафрагмалық жарық, ішек өтімсіздігі, аноректальды даму ақаулары, гастрошизис, омфалоцеле, сегізкөз-құйымшақ аймағының тератомасы және өзге де күрделі патологиялар кезінде реконструктивті-пластикалық операциялар жасалып келеді. Осындай туа біткен ақаулармен дүниеге келген шала туған нәрестелерге де қажетті хирургиялық көмек толық көлемде көрсетіледі.
Сондай-ақ, 2012 жылдан бастап бөлімшеде шала туған нәрестелердің ретинопатиясы үдей түскен жағдайда көздің торлы қабығына лазерлік коагуляция жасау оталары жасалып келеді.
– Көбіне орталық көмегіне нәрестелер қандай жағдайда жүгініп жатады?
– Республикамыздың түкпір-түкпірінен жыл сайын патологиясы бар 400-ден астам сәби ем қабылдауға келеді. Олардың 80 пайызға жуығын салмағы өте төмен және аса төмен болып туған нәрестелер құрайды. Неонатология және жаңа туған нәрестелер хирургиясы бөлімшесі соматикалық, хирургиялық және офтальмологиялық бағыттарды қамтып отырғандығын атап өткен жөн.
– Сөзіңіз аузыңызда, дәрігер, емдеу әдісі қандай кезеңдерден тұрады?
– Салмағы тым төмен болып дүниеге келген сәбилерді аман алып қалу – өте күрделі процесс. Сондықтан да ондай жағдайдағы нәрестелерді оңалту бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде нәрестелер жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылып, ем алады. Мұнда дәрігерлер сәбидің ана құрсағынан тыс ортаға бейімделуі үшін барлық қажетті шараны атқарады. Әсіресе өміріне қауіп төнген мезетте әр минуттың маңызы зор. Екінші кезең – шала туған нәрестелерді күтіп-баптау бөлімшесінде жалғасын табады. Бұл жерде бала салмағы мен денсаулық жағдайына қарай екі аптадан алты аптаға дейін толыққанды бақылауда болады. Осы уақыт аралығында мамандар сәбидің жағдайын тұрақтандырумен қатар, аналарды үй жағдайында бала күтімін дұрыс жасауға баулиды. Өйткені нәресте ауруханадан шыққаннан кейін де ерекше күтімді қажет етеді.

Ал, үшінші кезеңде шала туған нәрестелерде белгілі бір патология анықталған жағдайда, олар тиісті бейіндік мамандандырылған бөлімшелерге ауыстырылады. Яғни, әрбір баланың денсаулығына қарай жеке емдеу және оңалту шаралары жүргізіледі.
– Орталық мамандарының қызметі туралы айтып берсеңіз...
– Бөлімшеде неонатологтар, неонаталдық хирургтер мен офтальмохирургтер жұмыс істейді. Олардың жалпы саны онға жуық. Енді ғана дүние есігін ашқан ауыр жағдайдағы нәрестелерді күтіп-баптау – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті, төзімділік пен жанқиярлықты талап ететіні сөзсіз. Әсіресе шала туған сәбилерге сапалы медициналық көмек, заманауи жоғары технологиялық жабдықтар мен ұзақ мерзімді бақылау керек. Бір сөзбен айтқанда ерекше күтім қажет.
Бұл тұрғыда дәрігерлер мен мейіргерлердің еңбегімен қатар, ата-аналардың барлық жағдайға психологиялық тұрғыдан дайын болуы маңызды. Кәсіби білікті мамандардың дер кезінде көрсеткен көмегі, ата-ананың қолдауы – шала туған нәрестенің қалыпты дамуына септігін тигізетіндігін атап өткен жөн. Осы орайда нәрестелердің қалыпты өмірге бейімделуінің артында күн-түн демей сәбилерге күтім жасайтын неонотолог дәрігерлердің, кувездерде сағаттап тұратын мейірбикелердің, жанкешті еңбек етіп, ауыр да күрделі оталар жасайтын барша неонаталды хирург мамандарының, сәбилердің өмірі үшін күресетін балалар анестезиолог-реаниматологтарының ерен еңбегі жатқандығын атап өткен ләзім.
Болмашы ғана салмақпен дүниеге келіп, өмір үшін күрескен сәбилерді – нағыз батырлар деуге тұрарлық.
– 17 қараша - Шалабайлар күні! Осынау атаулы күнді қалай атап өттіңіздер?
– Иә, 17 қараша күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Халықаралық шала туған нәрестелер күніне орай мерекелік шара өткіздік.
Мұндағы мақсат – шала туылған нәрестелердің ата-аналарына қолдау көрсету. Іс-шараға орталықтың дәрігерлері, мейірбикелер мен неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінде ем алып жатқан кішкентай сәбилердің ата-аналары қатысты. Шара соңында барлық анаға «Нутриция Қазақстан» және «Blumactive» компаниялары атынан арнайы сыйлықтар тапсырдық.
Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімнің жыл басынан бері 392 шақалақты күтіп баптап, адам қатарына қосты. Бұл 392 адамға өмір сыйлау деген сөз. Осы орайда шала туған нәрестелер ешкімнен кем емес. Олар да толыққанды адам ретінде дамиды. Әрі қоғамымыздың мүшесі болып қалыптасатындығын баса айтқым келеді. Әрбір дүние есігін ашқан перзенттің дені сау, ғұмыр жасы ұзақ болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz