ҚАЗАҚСТАН – ЕЛДЕГІ ҒАНА ЕМЕС, ӘЛЕМДЕГІ ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
2026 ж. 19 қараша
39
0
Елімізде ұлтаралық татулықпен қатар дінаралық келісім де жақсы сақталып отыр. Былайша айтқанда, Қазақстандағы діни ахуалды тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің аса маңызды құрамдас бөлігі деп атасақ, артық еместігі хақ. Мемлекеттің сонау тәуелсіздік алғаннан бергі берік ұстанымы – осы. Билік бұны ұдайы еске салып отырудан еш жалыққан емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы айдың басында Теміртауға сапары барысында ел мүддесін мақсат етіп жасалып жатқан реформаларды ойдағыдай жалғастыра беру үшін бізде бейбітшілік пен тұрақтылық нығая түсуі керектігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қазақстанға қастық тілеп, арам пиғылын жүзеге асырғысы келетіндердің «Заң және тәртіп» қағидатына сай қатаң жауапқа тартылатынын ескертті. Яғни елде заң мен тәртіп әрдайым үстемдік етуге тиіс.
– Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу үшін көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ осыған мүдделі әлемдегі ірі немесе шағын елдердің барлығымен ынтымақтастықты нығайта береміз, – деді Президент.
Еліміздің Конституциясында діни сенім бостандығына кепілдік берілген. Бұл Ата заңымызда ең жоғары құндылық саналатын әрбір адамның діни сеніміне құрметпен қарауға және қоғамдағы өзара түсіністікті сақтауға негіз болатыны анық. Қандай ұлт, қандай дін өкілі болсын, олардың ешқайсысының еркіндік құқығына ешқашан қол сұғылмайды. Ал қол сұққысы келетіндер бой көтерсе, олар міндетті түрде заң жүзінде жазасын алады. Осындай әрекетімен ел ішіне іріткі салуға тырысатындар да заң қаһарына ілігеді.
Дінаралық келісім жазалаудың ғана емес, бұл тұрғыда сындарлы саясат ұстанып, түрлі бастамалардың ұйытқысы болудың да арқасында мүмкін болып отыр дей аламыз. Халықтың діни сауаттылығын арттыру, жат ағымдардың ықпалына қарсы тұру, радикалды идеологияның алдын алу әрекеттері жүйелі түрде жасалып келеді. Қазіргі технология қарыштап дамыған заманда ғаламтор арқылы жететін арам пиғылды ақпараттар ағынына тосқауыл қою да аса маңызды. Бұл жағынан да оңды іс-әрекеттер жасалып жатыр.
Осы іс-шаралардың қатарында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ойып тұрып орын алатыны хақ. Бұл – біздің елдің бастамасы. Бұл – Астанадағы бірегей жаһандық диалог алаңы. Алғашқы съезд Қазақстан басшылығының бастамасымен 2003 жылы 23-24 қыркүйекте өткізілді. Ал 2025 жылы 17-18 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі болды. Жалпы, жыл өткен сайын бұл іс-шараның Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем бойынша дінаралық татулықты сақтаудағы маңызы артып келеді.
Ораз ТҰРСЫН,
Қазақ үні