ЗАМАНАУИ ХИРУРГИЯ: БАЛАЛАР ӨМІРІНІҢ АРАШАШЫСЫ
2026 ж. 18 қараша
81
0
Балалар хирургиясы – жоғары кәсіби шеберлікті, терең білім мен зор жауапкершілікті талап ететін медицинаның аса күрделі салаларының бірі. Туа біткен ақаулар мен күрделі хирургиялық дерттерге шалдыққан балаларға шұғыл түрде медициналық көмек көрсету – асқан жауапкершілікті талап етеді.
Осынау күрделі істі атқару жолында алдыңғы шептен көрініп келе жатқан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты Балалар хирургиясы №1 бөлімшесі десек артық айтқандық емес. Себебі аталмыш мекемеде бала десе ет жүрегі елжіреп тұратын, Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандар еңбек етеді. Республика бойынша жетекші медициналық мекемелердің бірі – Балалар хирургиясы №1 бөлімшесі көп жылдан бері жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осы орайда №1 Хирургия бөлімінің меңгерушісі, балалар хирургы Қалабаева Мөлдір Махсұтханқызын әңгімеге тартқан едік.

ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ ЖАТҚАН ОРТАЛЫҚ
№1 Хирургия бөлімінің тарихы сонау 1994 жылдың 20 мамырынан басталады. Аталмыш бөлімше Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым Ормантаев Камал Сәруарұлының тікелей бастамасымен құрылды. Осынау игі бастаманы академиктің үздік шәкірттерінің бірі, медицина ғылымдарының докторы Ахпаров Нұрлан Нұркенұлы іске асырды. Ол 1994 жылдан 2021 жылға дейін бөлімшені үздіксіз басқарып, балалар хирургиясының дамуына зор еңбек сіңірді. Осылайша, Ұлттық балалар хирургиясы орталығының базасында алғаш рет арнайы балалар хирургиясы бөлімшесінің негізі қаланды. Бөлімде мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп, мекеме қызмет көрсетудің жаңа кезеңіне қадам басты.
Бөлімше жұмысының жүйелі түрде жолға қойылып, жемісті еңбек ете бастауы әлбетте ондағы маман-кадрларға тікелей байланысты.
Атап айтқанда, мекемеде медицина ғылымдарының докторы Ормантаев А.К., балалар кардиохирургі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұғманов Е.К., хирург-проктолог Пан А.Т., балалар нейрохирургі Құрманбеков Г.К., балалар комбустиологы, медицина ғылымдарының кандидаты Шейнберг А.Б., неонаталдық хирург Литош В.Е. және медицина ғылымдарының докторы Аипов Р.Р. сынды бөлімшеде елімізге танымал білікті мамандар еңбек етті.
Қазіргі таңда, олардың кәсіби дәстүрін жалғастырып келе жатқан өз ісінің кәнігі мамандары болып табылатын алтын қолды хирургтер командасы қызмет атқарады.
«Бөлімше құрылғаннан бері мұнда кеуде қуысы, құрсақ қуысы, аноректалдық аймақ, бас миы аурулары мен әртүрлі хирургиялық патологияларға шалдыққан балаларға 10 мыңнан астам операция жасалды. Оның ішінде реконструктивті-пластикалық оталар да бар. Ашылған күннен бастап бүгінге дейін бөлімше еліміздің барлық өңірінен келген хирургиялық дерттері бар балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді.
Жылдар бойы мұнда торакоабдоминалдық хирургия, колопроктология бағыттарында жаңа хирургиялық емдеу әдістері енгізіліп, медициналық тәжірибе жетілдірілді. Бөлімше пациенттерінің едәуір бөлігін тоқ ішектің даму ақаулары мен аноректалдық мальформациясы бар балалар құрайды. Сондай-ақ ойық жаралы колит пен тоқ ішектің диффузды полипозы кезінде де күрделі операциялар орындалады» – дейді №1 Хирургия бөлімінің меңгерушісі, балалар хирургы Мөлдір Қалабаева.
Бөлім меңгерушісінің сөзінше, бөлімшеде Қазақстандағы санаулы клиникаларда ғана жасалатын бірегей операциялар жүргізіледі. Олардың қатарында өңешті тұтас асқазан немесе тоқ ішек арқылы пластикалық қалпына келтіру, портальды гипертензияны хирургиялық жолмен емдеу, бауырдағы түзілістер мен ісіктерге операция жасау, өт шығару жолдары мен тоқ ішектің туа біткен даму ақауларын түзету бар.
Мөлдір Мақсұтханқызының айтуынша, гастроэзофагеалдық рефлюкс ауруына шалдыққан балалар да бөлімше пациенттерінің белгілі бір бөлігін құрайды. Аталмыш науқастарға кешенді тексеру жүргізіліп, консервативті емдеу және қажет болған жағдайда хирургиялық түзету шаралары қолданылады. Сонымен қатар өкпе мен көкеттің туа біткен ақаулары және әртүрлі аурулары бар балаларға торакалдық операциялар жасалады.

ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ БАҒЫТЫНА АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРЫЛАДЫ
№1 Хирургия бөлімі тек емдеу ісімен ғана шектелмей, мұнда білім беру мен ғылыми-зерттеу бағыттарына да айрықша назар аударылады. Медициналық жоғары оқу орындарының студенттері білім алып, балалар хирургиясы бойынша резиденттер даярланады, өңірлердегі хирургтердің біліктілігі арттырылады. Соңғы он жылда бөлімшеде 29 балалар хирургі резидентураны аяқтап, бүгінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде еңбек етіп жүр.
Мамандар балалар хирургиясы саласындағы білімді жетілдіру мақсатында «Балалар жасындағы хирургиялық гастроэнтерология және колопроктология», «Балалар колопроктологиясындағы хирургиялық және диагностикалық мәселелер» және басқа да біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеген.
Бөлімшенің ғылыми әлеуетінің жоғары екендігін атап көрсеткен жөн. Атап өтсек, Академик К.С. Ормантаев пен бөлімшенің бұрынғы меңгерушісі Н.Н. Ахпаровтың жетекшілігімен қызметкерлер екі докторлық және бес кандидаттық диссертация қорғаған. Сонымен қатар 30-дан астам өнертабысқа алдын ала патент алынып, 350-ден астам ғылыми еңбек жарияланған. Олардың арасында үш монография мен дәрігерлерге арналған ғылыми-әдістемелік нұсқаулық бар.
«Бөлімде жыл сайын әртүрлі күрделілік деңгейіндегі 600-ден астам операция жасалады. Жыл басынан бері, тоғыз айда 478 операция орындалды. Осы кезеңде 441 пациент сауығып, аман-есен стационардан шықты. Хирургиялық белсенділік көрсеткіші 96,6 пайызды құрады. Бұл бөлімшенің хирургиялық көмекті ұйымдастырудағы жоғары тиімділігін көрсетеді.
Жалпы, Ұлттық балалар хирургиясы орталығы 285 төсек-орынға арналған. Мұнда жыл сайын Қазақстанның барлық өңірінен келген бір күндік нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі 7 мыңнан астам балаға жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетіледі.
Асқазан-ішек жолдарының туа біткен даму ақаулары, гепатобилиарлық жүйе аурулары және торакалдық хирургия салаларында диагностика мен емдеу сапасын жақсарту мақсатында 1994 жылы балалар хирургиясы бөлімшесі ашылса, 2002 жылы урология бөлімшесі іске қосылды. Бұл бөлімшеде де күрделілігі жоғары, соның ішінде Орталық мамандары әзірлеген бірегей әдістемелер бойынша операциялар жасалады. Заманауи эндоскопиялық мүмкіндіктер кеңінен қолданылып, хирургиялық және урологиялық ауруларды емдеуде аз инвазивті бейнеэндоскопиялық араласулар енгізілген», – дейді балалар хирургі Мөлдір Қалабаева.

ТУА БІТКЕН АҚАУЛАРДЫ ТҮЗЕТУ – НЕГІЗГІ МІНДЕТІМІЗ
Ал 2011 жылдың желтоқсанында балалар кардиохирургиясы және интервенциялық кардиология бөлімшесі ашылды. Мұнда жаңа туған кезеңнен бастап жүрек-қантамыр жүйесінің күрделі туа біткен ақауларын түзету операциялары жүргізіледі.
«Орталықта жыл сайын 2 мыңнан астам түрлі операция жасалады. Хирургиялық әдістердің жетілдірілуі нәтижесінде туа біткен даму ақаулары бар нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 87 пайызға дейін артқан. Орталық хирургтері асқазан-ішек жолдарының туа біткен ақауларын, полипоз бен Гиршпрунг ауруын емдеуде өзіндік хирургиялық әдістер әзірлеп, тәжірибеге енгізген. Соның нәтижесінде аталған аурулар бойынша емдеу тиімділігі 98 пайызға жеткен. Ал реконструктивті проктопластика әдістері операциядан кейінгі асқынулар санын үш еседен астам азайтып, балалардың 96 пайызында оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берген» деп сабақтады сөзін Мөлдір Махсұтханқызы.
Осы орайда Балалар кардиохирургиясы және интервенциялық кардиология бөлімшесінде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етсек артық болмас. Бөлімшеде бүгінге дейін ашық жүрекке 800-ден астам операция жасалған. Жыл сайын туа біткен жүрек ақаулары және шеткері қан тамырларының даму кемістіктері бар 600 балаға операция жасалады. Олардың қатарында артериовеноздық, веноздық, лимфовеноздық және лимфалық мальформациялар бар. Сондай-ақ жылына шамамен 120-130 операция жасанды қанайналым аппаратының көмегімен, яғни ашық жүрекке жүргізіледі.
Сонымен қатар, мамандар туа біткен тамырлық мальформациялар, өкпе және несеп-жыныс жүйесінің даму ақаулары кезінде эндоваскулярлық операцияларды сәтті орындап келеді. Қатерлі ісікке шалдыққан балаларға интраартериялық химиотерапия әдістері де қолданылады.
Орталық тәжірибесінде диагностиканың және емдеудің эндоскопиялық әдістері кеңінен пайдаланылады. Бұл заманауи технологиялар ауруларды ерте анықтауға, хирургиялық араласудың тиімділігін арттыруға және емдеу үдерісін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Осы орайда, отыз жылдан астам тарихы бар балалар хирургиясы қызметі еліміздегі жоғары мамандандырылған медицинаның маңызды буынына айналғанын атап өту ләзім. Білікті мамандардың тәжірибесі, ғылыми ізденістер мен заманауи технологиялардың үйлесуі мыңдаған баланың денсаулығын сақтап, өміріне араша болуға септігін тигізіп келеді.

ГИРШПРУНГ АУРУЫН ЕМДЕУДІҢ ЖАҢА ӘДІСТЕРІ
Бала жанының арашашысына айналған Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы күннен-күнге қарыштап дамып келе жатыр.
Бүгінде орталықта өте сирек кездесетін әрі ауыр түрдегі Гиршпрунг ауруын хирургиялық жолмен емдеудің жетілдірілген авторлық әдістері қолданылып келеді. Бұл әдіс тек қана Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ғана қолданылатынын атап өткен жөн. Гиршпрунг ауруы дегеніміз – ол бала туылғаннан бастап байқалатын, тоқ ішектің белгілі бір бөлігінде жүйке жасушаларының (ганглийлердің) туа біткен жетіспеушілігінен туындайтын сирек кездесетін патология. Қарапайым сөзбен айтқанда, тоқ ішектің толық жұмыс істемеуі.
Педиатрия орталығында №1 хирургия бөлімшесінің мамандары орталық ашылған сәттен бастап тоқ және тік ішектің күрделі туа біткен ауруларын емдеумен айналысып келеді. Сондықтан бұл бағытта мол тәжірибе жинақтаған. Мамандар әсіресе, бүкіл тоқ ішекті, ал кейде ащы ішектің бір бөлігін зақымдайтын аурудың сирек кездесетін және ең ауыр түрлерінің бірі — Гиршпрунг ауруының тотальды түріне ерекше назар аударып отыр. Ауру салдарынан ішектің қалыпты қызметі бұзылып, ағзадағы ас қорыту үдерісі төмендейді.
«Бұл дертті емдеудегі басты күрделілік – зақымданған ішек бөлігін алып тастаумен ғана шектелмей, оның функционалдық мүмкіндіктерін барынша сақтап қалу. Өйткені тоқ ішек алынғаннан кейін ағзадағы су мен электролиттердің сіңірілу үдерісі бұзылады. Соның салдарынан балада жиі сұйық нәжіс, сусыздану және өмір сапасының төмендеуі сияқты асқынулар туындауы мүмкін.
Осы мәселені шешу мақсатында бөлімше мамандары ішектің ішкі резервуарын қалыптастыру арқылы хирургиялық реконструкциялаудың өздері жетілдірген модификацияланған әдісін қолданады» деп атап көрсетті №1 Хирургия бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Қалабаева.
Операцияның ерекшелігі – сақталып қалған тоқ ішек бөлігін өзіндік «жамау» ретінде пайдаланып, мықынішекпен жалғануында. Бұл тәсіл өз кезегінде қалыптастырылатын резервуардың сыйымдылығын арттыруға жол ашады. Хирургиялық реконструкцияның негізгі мақсаты – нәжіс жиілігін азайту. Сонымен қатар, ішектің жаңа жағдайға бейімделуін жақсарту және пациенттің өмір сапасын арттыру.
«Емдеу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алдымен уақытша ішек стомасы қалыптастырылып, бала радикалды операцияға дайындалады. Одан кейін ішекті қайта қалпына келтіру, арнайы резервуар жасау және ас қорыту жолымен ішек құрамының табиғи қозғалысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Әр кезеңде баланың жалпы жағдайы мұқият бақыланып, емдеу шаралары жеке жоспарланады. Жұмыс істемейтін тоқ ішекті алып тастау күрделі операциясы әдетте 7 сағаттан аса жасалады.
Бұл күрделі емдеу үдерісінде мультидисциплинарлық тәсілдің маңызы зор. Балалар хирургтерімен қатар реаниматологтар, гастроэнтерологтар және басқа да бейінді мамандар бірлесе жұмыс істейді. Мұндай командалық жұмыс операцияға дейінгі дайындықтың, хирургиялық емнің және операциядан кейінгі оңалтудың сапасын арттыруға бағытталған» операцияның жай-жапсарын тілге тиек етті Мөлдір Мақсұтханқызы.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары өздерінің авторлық хирургиялық әзірлемелерін тәжірибеге енгізіп қана қоймай, халықаралық тәжірибені де зерделеп, озық әдістерді медициналық практикада кеңінен қолданып келеді. Сонымен бірге ғылыми ынтымақтастықты дамытып, Гиршпрунг ауруының ең күрделі түрлерін емдеу тәсілдерін жетілдіру жолында ауқымды істер атқарып келеді.
Дәрігерлердің басты мақсаты – туа біткен патологияны жоюмен ғана шектелмей, баланың ішек қызметін барынша сақтап қалу. Сондай-ақ, науқастың қалыпты дамуына жағдай жасау және өмір сапасын жақсарту. Осындай заманауи хирургиялық технологиялардың дамуы ішектің ауыр туа біткен ауруларына шалдыққан балаларды емдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Бұл үрдіс Қазақстандағы балалар колопроктологиясының өркендеуіне септігін тигізуде.
Ұлы біз жоғарыда тілге тиек еткен Гиршпрунг ауруының тотальді түріне шалдыққан Ерболатұлы Алинұр есімді науқастың анасы Мұхтар Жайна күрделі отадан кейін ұлының жағдайы жақсарып қалғандығын айтып алғыс білдірді. Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам аулынан келген Алинұрдың тоқ ішегінің толық бөлігі жұмыс істемей қалған көрінеді. Орталық мамандары жасаған отадан кейін жағдайы қалыпты күйге түскен. №1 Хирургия бөлімінің меңгерушісі Қалабаева Мөлдір бастаған ұжымға ана шексіз алғысын білдірді.
Күн сайын кіп-кішкентай балғындардың өмір үшін күресуі кімнің де болса жүрегін сыздатары анық. Ал, жаңадан дүние есігін ашқан кіп-кішкентай балапандарға ота жасау, әрі оны инеден қыл суырғандай етіп жасау екінің бірінің қолынан келе бермес ерлік. Осындай көзге көрінбейтін бірақ кәсіби шеберлікпен қатар батылдық пен қайсарлықты талап ететін маман иесінің әрбір отасының сәтті өтуіне біз де тілектестік білдірдік. Өйткені әрбір отаның артында кішкентай ғана балапандардың өмірі жатыр.
Гүлмира Бақытжанқызы,
qazaquni.kz