Шерубай Құрманбайұлы: Терминологияны біріздендіру жүйелі жүргізілсе, ала-құлалықтан арыламыз
2026 ж. 17 қараша
132
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында: «...қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн» дегенді айтты. Тілдегі осы мінді қалай түзеуге болады? Халықаралық және орысша терминдердің қазақша нұсқаларын жасау ісі қалай жүргізіліп келеді? «Қазақ үні» белгілі тілтанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлымен осы төңіректе сұхбат құрды.
– Совет кезінде ай атаулары және басқа да көптеген сөздеріміз өзге тілде болды. Ал 1990 жылдан бастап, сосын тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілінде жаңа атаулар қалыптастыруға кірістік. Соның бәрі 1991-96 жылдары студент болған, кейін еңбек жолын бастаған біздің көз алдымызда болды. Бірақ тіл мамандарының сол кездегі атқарған жұмыстары көзге көрінбейтін десе де болады. Ол тұста жас мамансыз ғой. Осынау ауқымды шаруа о баста қалай жүргізілді? Басы-қасында кімдер болды?
– Ол кезеңде тек ай атаулары ғана емес, семья, документ, председатель, протокол, проспект, пенсия, пенсионер, клетка, финансист, юрист, спонсор тәрізді жүздеген кірме сөздер, терминдер дәл орыс тіліндегідей қолданылатын еді. Советтік тіл саясатының, сол кезеңнің сөзжасам, терминжасам талаптарына сәйкес мұндай атаулар аударылмай, тұлғасы өзгертілмей қолданылды. 90-жылдардан бастап, қоғамда болған тарихи өзгерістерге байланысты тіл біліміндегі советтік теорияларға, соның ішінде сөзжасам, терминжасам қағидаттарына лингвист ғалымдар тарапынан жаңаша баға беріле бастады. Бұл орайда 1993 жылы академик Ә.Қайдардың «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас», профессор Б.Қалиұлының және басқа да тіл мамандарының қазақ терминдерін жасау, қолдану мәселесіне қатысты еңбектерін атап айтуға болады.
Осы 90-жылдардың басында ғылымға келген біздің буын да, өзіміз де советтік ұстанымдардан арылып, сөз, термин жасау, шет тілдерінен сөз алу, өзге тілдің терминдерін аударуға қатысты тұжырымдарымызды ғылыми қауымға ұсындық. Бұл мәселе төңірегінде 90-жылдары қызу пікірталастар да болды. Ғалымдардың пікірі бір арнаға бірден тоғыса қойған жоқ. Алғашқы кезеңде қазақша сөз жасауға, кірме сөздерді аударуға қарсы шыққан филологтар да, сала мамандары да аз болмады. Тілші ғалымдардың да пікірлері қақ жарылғанын көрдік. Бірі – бұрынғы қағидаттарды, қалыптасқан дәстүрді бұзбайық десе, екіншілері – ескі қағидаттар жаңа кезеңге жарамайды, өз жолымызды белгілейік деді.
Көпшілік арасында құлағына сіңген, көзі үйренген кірме атауларды қазақшалауды қажет деп санамайтындар қашанда аз болмайды. Бұл – психологиялық, әлеуметтік мәселе. Сөзқолданыстағы қалыптасқан дағды, әдет, үйреншіктілік жаңа атауды қабылдауға оңайлықпен жол бермейді. Оның сыртында сөздің ұтымды жасалуы, ұғымға сәйкес келу мәселесі тағы бар. Сол себептен де жаңа жасалған сөздер мен терминдер бірден жылы қабылданып, тілдік қолданысқа еніп кеткен жоқ. Олар мамандар арасында, баспасөз бетінде талқыға түсті. Сондай талқыдан өткеннен кейін біртіндеп қолданысқа енді. Тілдік норма, сөз сапасына жауапкершілікпен қарау тұрғысынан келгенде, солай болуы дұрыс та.
Сөздік қорға тіл нормасына сай келмейтін, талғамсыз жасалған, ұғым мазмұнын аша алмайтын сөздерді енгізгеннен тіл ұтпайды. Жоғарыдағы советтік кезең атауларының отбасы, құжат, төраға, хаттама, даңғыл, зейнетақы, зейнеткер, жасуша, қаржыгер, заңгер, демеуші тәрізді қазіргі қолданыстағы нұсқалары да осындай сұрыптаудан өтіп барып тұрақталған атаулар. Мәселен, гимн, герб, суверенитет, комплекс сияқты сөздердің әнұран, елтаңба, егемендік, кешен түрінде аударылуына үзілді-кесілді қарсы болған ғалымдар, ақын-жазушылар да болды. Оны сол кезеңнің баспасөзі растай алады.
Біз еңбек жолымызды бастаған 90-жылдардан бастап, тілімізде пайда болып жатқан жаңа атауларды жинақтап, зерттеп келеміз. Бірнеше кітап, 2023 жылы «Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі» деп аталатын көлемді сөздік шығардық. Сол сөздікке енген әдіскер, әдістеме, әуежай, бағам, бітімгер, дәмдеуіш, дереккөз, достастық, келіссөз, жәрдемақы, айыппұл, кеден, қандауыр, қасбет, қоныстой, мерейтой, иіссу, күнтізбе, жеделхат, көкөніс, оқылым, отшашу, өтіл, өтінім, рәсім, салым, салымшы, сатылым, сәнгер, тағылымдама, таралым, төралқа, төлем, тікұшақ, уағдаластық, ұшақ, үлескер, үдеріс, шегерім, ықпалдастық, іссапар сияқты ондаған сөз соңғы 30 жыл көлемінде қолданысқа енді, лексикалық қорымызды байытты. Осы жақсы тәжірибе жалғаса беруі керек. Бірақ сөз жасағанның жөні осы екен деп, сапасыз жасалған сөздерді тілге тықпалауға жол беруге болмайды.
– Сол кездерді айтқанда, жаңағы ай аттарына қатысты дау болғаны еске түседі. «Түпнұсқа бұлай емес еді» деген әңгіме шықты. Мысалы, кейбіреулер сәуірді «көкек» деп қолданып жүрді. «Пәлен айдың пәленінші жұлдызы» деп те жаздық. Оны кейін дұрыс емес деді. Бұл жағдай сосын қалай реттелді? Жалпы, ол кезде басқа қандай сөздерге қатысты даулар болды?
– Ай атауларына, шоқжұлдыз атауларына қатысты да пікірталастар, түрлі ұсыныстар болды. «Сәуір» араб сөзі, ай атауы қазақша «көкек» болуы керек» деген пікірлер айтылды. Бастапқыда бұрынғы «апрель» орнына «көкек» пен «сәуір» жарыса жұмсала бастағанымен ақыры «сәуір» тұрақтады. Бүгінгі уақытта осыдан отыз жыл бұрын ай аттарының мүлде басқаша болғанын бүгінгі ұрпақ біле бермеуі де мүмкін. Тіпті бір кезде январь, февраль дейтін өзіміз де қазір ол атауларды қолданбайтын болдық. Қазақша ай аттары тілде әбден орнықты.
Ал «қарашаның жетінші жұлдызы» сияқты қолданыстардың тоқтатылуына қазіргі күн санауымыз ай мен жұлдызға емес, күнге, тәуліктің күндізгі мезгіліне негізделгендіктен «жұлдыз» сөзін жазу дұрыс емес деген уәжге тоқталушылар басым болуы себеп болды-ау деймін. Жалпы қазіргі уақытта да Григориан күнтізбесінің кемшіліктерін көрсетіп, жылды әрқайсында тұп-тура 28 күн бар 13 айға бөлетін жаңа күнтізбе ұсынып жүрген мамандар бар.
Ол кезеңде пікірталасқа негіз болған сөздер аз болған жоқ. Мәселен, «семья» орнына «үйелмен», «шаңырақ», «жанұя» баламалары ұсынылды. Солардың арасында «отбасы» мен «жанұя» біраз уақыт жарыса қолданылды. «Жанұяның» жасанды сөз екенін, «отбасы» дұрыс екенін дәлелдеген мақалалар да жазылды, радио-телеарналардан түрлі пікірлер де айтылды. Сондай-ақ әкімдік – әкімят, кептеліс – кептелек – тығын – тығырық, тыңдауыш – құлақкигіш – құлақілдірік – құлаққап, ұялы телефон – қалтафон – қалтателефон, медбике – медбибі – мейірбике, мөлтекаудан – ықшамаудан – шағынаудан сияқты баламалар баспасөзде қатар қолданылып, бұл атаулар төңірегінде түрлі пікірлер айтылды. Сондай-ақ зауыт, пойыз, пошта, тауар, шопыр, шенеунік, Бейжің, Мәскеу сөздерінің қазақ айтылымына бейімделіп жазылуы да талай әңгімеге арқау болды. Бұл атаулардың бүгінгі қолданыстағы нұсқалары осылайша талай талқыдан өтіп барып орнықты.
– Бүгінге дейін қазақша нұсқасы жасалған қандай сөздер сәтті болып шықты? Ал қайсысын халық қабылдай алмады? Әрине, бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес. Сондықтан мысал келтіре отырып айтсаңыз...
– Жоғарыда ондай сәтті жасалған сөздердің біразын атап өттім. Олардың қатарын айдауыл, алғысхат, аскөк, аталым, әкімдік, әлеуметтану, бәссауда, бейнежазба, борышкер, дәйексөз, дәнекерлеуші, деректану, елорда, елтану, жалгер, жасауыл, жолақы, жүкқұжат, заңнама, зертхана, кәдесый, қаралым, қойылым, құжаттама, нашақор, өтемақы, пәтерақы, сарапшы, саясаткер, саябақ, сөзжасам, сыйақы, тапсырыс, тосынсый, төсбелгі, тігінді, тіркеме, шегерім, іс-шара деп жалғастыра беруге болады. Осы сөздер қазіргі тілімізде кеңінен қолданылып жүр. Сәтті жасалған немесе тілдің көне қабаттарынан алынып мағынасы қайта жаңғыртылып қолданылып жүрген атаулар бұлармен де шектелмейді. Халық бұларды жақсы қабылдады деуге негіз бар. Нормативтік сөздіктер мен оқулықтарға еніп, көркем шығармалар мен мерзімді басылымдарда жаппай қолданып жүргені соның айғағы.
Жұртшылық жатсынып, жақсы қабылдамаған да сөздер аз емес. Олардың қатарына: лыпы (лифт), масқарапаз (клоун), мөлтекаудан (микрорайон), мәкүрік (микроб), мүкаммал (инвентарь), пісек (шприц), түрпішін (форма), тығын (транспортная пробка), уәзипа (функция), үзіктеме (фрагмент), үнбайрақ (радио), шұбыртқы (рецепт), сатарман (продавец) сияқты сөздерді қосуға болады. Көпшіліктің көңілінен шықпаған мұндай сөздер жекелеген авторлардың еңбектерінде ғана қолданылды немесе ұсыныс деңгейінде қалып қойды.
– Терминдерге қатысты түрлі даудың әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны мәлім. Қазір совет кезіндегідей терминология комиссиясы бекіткен атауларды жаппай сол күйінде қолдануға міндеттейтін орган жоқ екен. Сөзді әркім өз білгенінше қолданып жүр. Енді бұны қалай шешуге болады?
– Иә. Біздегі термин қолданысындағы жарыспалылыққа жол берілуінің ең басты себебі – терминологияны біріздендіру жұмыстарының жолға қойылмауы. Терминжасам үдерісін үйлестіріп, ұлт тілінде жасалған және шет тілдерінен қабылданған терминдерді іріктеуден өткізіп ресми бекіту мен одан кейінгі қолданысын қадағалап отыруға қауқарлы, оған құзыреті жететін құрылым болмай отырғаны рас. Республикалық терминкомның ондай құзыреті жоқ.
Біріншіден, Рестерминком тұрақты қызмет ететін орган емес, түскен ұсыныстарды қарау үшін тоқсанына бір рет жиналатын комиссия. Екіншіден, комиссия консультативтік-кеңесші орган болғандықтан оның шешімдерін орындау міндетті емес. Сондықтан да Рестерминком бекіткен терминдерді қолданбай, өзі қалаған терминді қолданғаны үшін комиссия алдында ешкім жауап бермейді. Бұл бұрын Мемлекеттік комиссия (Гостерминком) еді, одан кейін мәртебесі төмендеп республикалық комиссияға айналды. Кезінде бұл комиссия отырыстарына Премьер-министрдің орынбасары, сала министрі төрағалық ететін. Оның жұмысына ерекше мән берілетін. Одан беріректе вице-министр, комитет төрағасы өткізіп жүрді. Кейінірек комитет төрағасының орынбасарларына көшсе, қазір оның жұмысын жүргізу көбінесе комитеттің басқарма басшыларының үлесіне тиіпті. Көріп отырғанымыздай комиссияның мәртебесі де, өту деңгейі де жылдан-жылға төмендеп отыр. Осының бәрі жиналып келіп Рестерминком жұмысының сапасына, оның шешімдерінің орындалуына әсер етпей қоймайды. Сол себепті бұл комиссияның мәртебесін де, құрылымын да, жұмыс істеу тәртібін де өзгерту арқылы ғана елдегі терминологиялық жұмыстардың сапасын жақсартуға болады. Бұл жайында біз бұған дейін де сан мәрте айтқанбыз. Одан тиісті нәтиже шығарылғанын әзірге көре алмай отырмыз.
– Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде осы мәселені көтеріп, қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктердің әртүрлі қолданылып жүргеніне, яғни бірізділік жоқтығына тоқталды. Енді бұл салада нақты жүйе, белгілі бір тәртіп болуы керектігін айтты. Осы тұрғыда сіздің ойыңызды білсек...
– Бұл мәселеге қатысты ойымызды біз алдыңғы сұрақтарыңызға қатысты да айттық. Сондықтан бұл жерде жауабымызды қысқа қайырып, тоқ етеріне ғана тоқталып өткеніміз жөн шығар. Терминдер қолданысының реттелуі – терминологиялық жұмыстардың сапалы жүргізілуіне тікелей тәуелді. Терминологияны біріздендіру, үйлестіру жұмыстары жүйелі, кәсіби түрде жүргізілсе ғана жарыспалылықтан, термин қолданысындағы ала-құлалықтан арылуға болады. Мемлекет басшысы айтып отырған жүйелілік, тәртіп сонда орнайды. Басқаша болуы мүмкін емес.
– Биыл жаңа оқу жылы басталғанда біраз әңгіме болды. Мысалы, «қыркүйекті» «қыргүйек», «көкөністі» «көгөніс» деп жазуға байланысты. Ал осылайша сөзді айтылуы бойынша жазу А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының соңғы (2013 жылғы) «Орфографиялық сөздігінде» бекітілген екен. Бірақ оны көпшілік әлі күнге дейін қолданып отырған жоқ. Енді жаңа орфографиялық сөздік жасағанда көпшіліктің пікірін ескерген жөн бе?
– 2013 жылы шыққан «Орфографиялық сөздік» бұрын «қыркүйек» түрінде жазылып келген ай атауын «қыргүйек» деп өзгерткенімен, оны халық қабылдай қоймағаны рас. Сол сияқты «көгөніс», «көгөнісші» сөздерінің жазылуымен келіспеушілер қатары да аз болмады.
Тіл халықтікі болғандықтан кез келген сөзге қатысты әркім өз пікірін білдіре алады. Әр азаматтың ойын айтуға, пікірін білдіруге хақы бар. Әдетте саясаттанушылар да, әлеуметтанушылар да, психологтар да, лингвистер де қоғамдық пікірді есепке алады. Бұл тұрғыдан келгенде тіл тіпті нәзік мәселе. Бір ғана «қыргүйек» сөзінің төңірегіндегі пікір қайшылығы қоғамға қандай қозғау салғаны соның айқын көрінісі.
Ал енді мәселені шешуге, істің мән-жайын анықтауға келгенде әр кез маманға жүгінетініміз мәлім. Тілге келгенде де, соның ішінде орфография мәселесін шешуде де әлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық факторлар болатыны тілші ғалымдарға жақсы таныс. Сондықтан бұл жағдайда да тіл мамандары көпшілік пікірін де, тіл заңдылықтарын да ескере отырып бір тоқтамға келеді деп білеміз.
– Түрлі салалық терминдерде де біркелкілік жоқ. Соның бәрін біріздендіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Сала терминдерін жасайтын да, оларды оқулықтар мен ғылыми еңбектерінде, оқу үдерісінде, ғылыми коммуникация кезінде қолданатын да сол мамандарының өздері. Терминдерін жасап, сөздіктерін шығарып, талас тудырған терминдерін өзара талқыға салып, келісіп-кеңесе отырып бір тоқтамға келу сала мамандарының өз қолында. Ары қарай сол терминдерді ресми органдардың мақұлдауына ұсынып, бекітіп, стандарттап қолданатын болса, сала терминологиясы бір ізге түседі.
– Қазір технологияның қарыштап дамуына байланысты бұл салада жаңа терминдер өте жиі пайда болуда. Солардың қазақша нұсқасын ойлап табудағы біздің мамандардың әрекеті қаншалықты дұрыс болып жатыр?
– Ғылым мен технология дамыған сайын түрлі салалардағы жаңа ұғымдардың пайда болуы табиғи үдеріс. Сол ұғымдардың қазақша атауларын жасау үшін тиісті салаларда еңбек ететін мамандардың, ғалымдардың қазақ тілін жетік білуі өте маңызды. Өзі ағылшын, қытай немесе орыс тілінде білім алған, қазақ тіліне шорқақ маман қазақша термин жасайын деп бас қатырмайды. Ол өзі оқып, білім алған, маманданған, терминологиясы қалыптасқан тілдің дайын терминдерін қолдана бергенді құп көреді.
Нанотехнология, биотехнология, робототехника, нейробиология, жасанды интеллект, биоэнергетика, ядролық энергетика, сутегі энергетикасы сияқты салаларда қазақ тіліне жетік, ғылыми еңбектерін қазақша жазатын ғалымдар, кәсіби қызметінде қазақ тілін пайдаланатын сала мамандары жеткілікті деп айта алмаймыз. Дәлірек айтқанда, ондай мамандар өте аз. Ендеше бұл салалардағы қазақ тілінің қолданысы да, термин жасау үдерісі де соған сәйкес төмен деген сөз. Мұндай мемлекеттік маңызы бар мәселелерді елдегі ғылым саясатын белгілейтін мемлекеттік органдар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі шешуге тиіс.
– Менің осы сұрақтарымда қамтылмай қалған жайттар бар ма? Қандай сұрақты қоя алмадым?
– Сұраймыз, айтамыз десек, терминологияның талқылайтын мәселесі көп қой. Оның бәрін бір сұхбатта қамту мүмкін болмас. Сіз терминдер қолданысы мен терминологияны реттеуге қатысты біраз мәселені сұрадыңыз деп ойлаймын. Қалған мәселелер әлі де қозғала жатар.
– Уақыт бөліп, өте өзекті мәселе төңірегінде ой бөліскеніңізге көп рақмет! Сізді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атануыңызбен редакция атынан құттықтаймыз! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!
– Рақмет! Сіздердің де жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Оразәлі БАЙМҰРАТ