Алина Кан: Ұлтаралық татулық бір-бірімізге төзімділік танытумен ғана шектелмейді
2026 ж. 17 қараша
118
0
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Алина Кан ел бірлігіндегі қазақ тілінің орны туралы ойын білдірді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының жақында өткен Х құрылтайында сөйлеген сөзінде "Қазақ тілі ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры саналады. Осы орайда, мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдерін айрықша атап өткім келеді. Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар" деді. Бұл қатарда, әрине, сіз де барсыз. Осы қазақ тілін оқытумен айналысуыңызға не түрткі болды?
– Менің қазақ тіліне деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Қазақ тілі – мен үшін жай ғана қарым-қатынас құралы емес, қазақ халқының мәдениетін, тарихын, дүниетанымын танудың жолы.
Қазақстан – менің Отаным. Сондықтан мемлекеттік тілді білу мен үшін азаматтық жауапкершілік әрі елге деген құрметтің белгісі. Уақыт өте келе қазақ тіліне деген қызығушылығым үлкен мақсатқа ұласты. Мен бұл тілді өзім ғана меңгеріп қоймай, өзгелерге де үйреткім келді.
Осы мақсатта «ALASH SCHOOL» онлайн мектебін құрдым. Бүгінде біз қазақ тілін үйренгісі келетін жандарға заманауи әдістер арқылы білім беріп келеміз. Ұстаз ретінде шәкірттерімнің алғаш рет қазақша сөйлегенін көру – мен үшін үлкен қуаныш.
Мемлекет басшысының қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерін атап өтуі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл – еңбегімізге берілген баға ғана емес, мемлекеттік тілді дамыту жолындағы жұмысымызды одан әрі жалғастыруға берілген серпін.
– Өзіңіз қазақ тілін қашаннан бері білесіз? Үйіңізде үлкендер осы тілде сөйлеуші ме еді?
– Қазақ тіліне деген қызығушылығым өте ерте жастан басталды. Мен үш-төрт жасымнан бастап көрші-қолаңның арқасында қазақ тілін ести жүріп, алғашқы сөздерді үйрене бастадым. Сол кездегі көршілерімнің қазақша сөйлесуі, күнделікті қарым-қатынасы мен үшін алғашқы тілдік орта болды.
Ал мектепке барғаннан кейін қазақ тілі пәнінің мұғалімі менің осы тілге деген қызығушылығымды одан әрі арттырды. Ұстазымның арқасында қазақ тілін жай ғана пән ретінде емес, ерекше жақсы көретін тіл ретінде қабылдай бастадым. Тілдің байлығына, сөздердің мағынасына, қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымына қызығушылығым оянды.
Содан кейін қазақ тілін өте белсенді түрде үйренуге кірістім. Өз бетімше ізденіп, жаңа сөздер жаттап, сөйлеу дағдымды дамытуға тырыстым. Уақыт өте келе бұл қызығушылық үлкен махаббатқа айналды.
Отбасымызда қазақ тілі негізгі қарым-қатынас тілі болған жоқ. Сондықтан менің қазақ тілін меңгеруіме отбасылық ортадан гөрі көршілерімнің ықпалы мен мектептегі ұстазымның еңбегі ерекше әсер етті деп айта аламын.
Бүгінде сол бала кездегі қызығушылығымның үлкен іске айналғанына қуанамын. Бір кездері өзім үйренуге талпынған тілді қазір өзгелерге үйретіп жүрмін. Бұл – мен үшін ерекше сезім.
– Қай жерде туып өстіңіз? Ол жақта ұлтаралық татулық сақталған ба еді?
– Мен Алматы облысындағы Балқаш ауданының Бақанас ауылында туып өстім. Балалық шағым атам мен әжемнің тәрбиесінде өтті. Сол кісілердің қолында өсіп, өмірлік құндылықтарды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрендім.
Бақанас – мен үшін ерекше ыстық мекен. Себебі дәл осы ауылда менің қазақ тіліне деген алғашқы қызығушылығым оянды. Үш-төрт жасымнан бастап көрші-қолаңның қазақша сөйлегенін естіп, олардың ортасында жүріп, тілді табиғи түрде меңгере бастадым.
Менің ойымша, ұлтаралық татулық дегеніміз – тек бір-бірімізге төзімділік таныту емес. Ол – бір-бірімізді қабылдау, түсіну, ортақ құндылықтар төңірегінде бірігу. Адамдарды ұлтына қарай емес, адамгершілігіне, біліміне, қоғамға қосқан үлесіне қарай бағалауымыз керек.
Бүгінде мен қоғамдық қызметімде де, ұстаздық жолымда да осы ұстанымды басшылыққа аламын. Қазақ тілі – барлығымызды біріктіретін ортақ тіл. Оны дамыту өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмеуі керек. Керісінше, мемлекеттік тілді білу қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайтады.
– Ата-бабаларыңыз Қазақстанға қашан қоныс аударған? Қазақ жеріне келгенде, оларды жергілікті халық қалай қарсы алыпты?
– Шынымды айтсам, әкемнің неміс жағынан туыстарымен араласпаймын. Сондықтан ата-бабаларымның Қазақстанға нақты қашан және қандай жағдайда келгені туралы толық ақпарат білмеймін. Дегенмен, олардың Қазақстанға қоныс аударуы тарихи көші-қон кезеңімен, яғни немістердің Қазақстанға жаппай қоныс аударған уақытымен байланысты болуы мүмкін деп ойлаймын.
Өкінішке қарай, бұл туралы нақты деректерім жоқ. Сондықтан бұл сұраққа кесімді жауап бере алмаймын.
Сұхбаттасқан Оразәлі БАЙМҰРАТ