ДАЛА АКАДЕМИГІ АТАНҒАН ШОПАН
2026 ж. 17 қараша
157
0
Қазақта «Еңбек – адамның екінші анасы» деген сөз бар. Асты-үсті байлыққа толы Сарыарқа жерінде еңбегімен еленіп, осы сөздің шын мәнін өз өмірімен дәлелдеген жандар жетерлік. Мал шаруашылығының майталманы, дала академигі атанған Амангелді Сәденов Сарыарқа өңіріне адал еңбегімен танымал болған еңбек адамдарының бірінен саналады. Ол жөнінде кейінірек тоқталамыз.
Қалай екені белгісіз, Ақшағылдың таңы ерекшелігімен таң қалдырады. Күн шығыстан қызара батып шыққанда, дала алтын түске боялады. Шөптің басында түнгі шық жылтырап, желмен тербелген бетеге жусанның иісін алыстан алып келеді. Осындай кең далада өмір сүрген, ата-баба тіршілігін жалғастырып, ен даланың нағыз қожайынына айналған мал шаруашылығының майталманы, дала академигі Амангелді Сәденов ағаның есімі кеңес өкіметі тұсында кеңінен мәлім болған еді. Енді сәл болғанда Еңбек Ері атанаты да даусыз-тын.
Балалық шағы дала мектебінде өтті десе болады. Амангелді мектепке баратын шаққа келгенде, әкесі Сәден оны Ақшатаудағы Қами бауырының үйіне жатқызып оқытады.
Ақшатау өндірісінің бел алып тұрған кезі. Жан жақтағы шаруашылықтардың сүйеніші болған Ақшатау еді. Амангелді сондағы С.М.Киров атындағы орта мектептен 1-3 сынып аралығында білім алады. Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін жазда ауылға барған ойын баласы сол бетте әкесіне мал бағуға көмектесіп, қой қырқып, малды төлдетуге көмектеседі де, қайтып мектепке бармайды. Өсе келе әкесіне сүйеніш болып, мал бағудың нағыз шеберіне айналады. Мектептің партасынан гөрі, кең даланы, отардың соңын, қойдың төлдеуін өзіне жақын көрді. Оның шын мектебі дала болды, шын ұстазы әкесі Сәден болды.
1961 жылы Амангелді өз алдына отар алып, «Жамбыл» колхозының білдей бір шопанына айналды. Бұл кезде әкесі Сәденнің көмегі аз болған жоқ, қойдың жатын орны, жайылымы, суы қандай болу керек, міне, осының бәрі болашақ еңбек жолын бастағандағы әкесінен алғашқы алған тәлім-тәрбиесі еді.
Жас та болса көпті көрген Амангелдінің басты қағидасы қарапайым болатын, «ең алдымен еңбекке деген ынта керек, олай етпейінше табыс биігінен көріну мүмкін емес». Ол қой малының мінезін жақсы білді. Қой өз аяғымен жүріп оттағанды жақсы көреді. Егер малыңды арық күйінде қысқа түсіріп, аузына ақ май ағызып қойсаң да, одан төл алынады деп күтпе.
Атамыз қазақ «шелді мал – төлді мал» деп тегіннен тегін айтпаған. Сондықтан алты ай жаз бойы малдың күйін төмендетпей, барынша семірту әр шопанның басты міндет болды. Сонда ғана діттеген мақсатыңа жетесің. Екіншіден, күйек алу науқаны айрықша сақтықты талап етеді. Төл қабылдау кезінде шопанда ұйқы деген болмау керек. Отар төлдеп болғанша олардың жанынан кетпеуің қажет. Жаз жайлауда жайылымның мол болып, малдың судан қаталап қалмауы да үлкен рөл атқарады. Шопан таң атпай тұрады.
Отар әлі ұйқыда, қозылар енесінің бауырында бұйығып жатыр. Күн көтерілген сайын дала тіріледі. Қойлар жайылымға бет алып, баяу ғана жылжиды. Бір жағынан қоңыр төбелер, бір жағынан көкке ұмтылған адырлар. Алыста Ақшағылдың ақ шағылды құмдары күнге шағылысып, көзді қарықтырады. Кеш түскенде күн батысқа еңкейіп, дала қызыл-күрең түске енеді. Қойлар қораға қарай бет алады. Шаң араласқан ауада қойдың маңырағаны, шопанның айқайы, иттің үргені араласып, даланың өз музыкасын құрайды. Шопан үшін бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл – ғұмыр.
Осы аз-маз қағиданы жүзеге асыра білсең, көрсеткіш те сенікі, еңбек те сенікі, құшақ-құшақ алғыстар мен марапаттар да сенікі. Әр бес жылдықтың қорытындысында Амангелдінің омырауына бір-бір орден тағылған екен:
1966 жылы – «Құрмет белгісі»,
1971 жылы – «Еңбек Қызыл Ту»,
1976 жылы – тағы да «Еңбек Қызыл Ту»,
1982 жылы – «Октябрь революциясы» ордендері.
Бұлардан басқа да қымбатты марапаттар бар. 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік медаль оның үлкен жиындарда ғана киетін көкшіл костюмінің омырауындағы ордендердің үстінде күндей болып жарқырап тұратын. 1979, 1986 жылдары Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің екі алтын, бір күміс медалін тақты. Ал өміріндегі ең үлкен асу 1987 жыл болатын. Мәскеуге барып, Кремльдің Георгиев алтын залында, бұрынғы ВЦСПС төрағасы Шалаев пен хатшысы Қ.Тұрысовтың қатысуымен СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын жеңіп алды.
Амангелді жалғандыққа бармайтын шынайы еңбектің адамы болатын. Кеңестік кезеңдегі мал шаруашылығындағы жалған рекордшылық оның ұғымындағы жат дүние еді. Амангелді Сәденовтің адал еңбегі, есепке ұқыптылығы мен шаруашылықты шынайы жүргізу тәсілі тіптен басқаша бағытта өрбитін. Ол жалған рекорд пен шынайы еңбектің арасын жақсы ажырата алатын, бұл қасиет ата-баба тектілігінің жоғалмағандығының нақты көрінісі екенін басқа жұрт жақсы білетін және оның мінезін терең түсінетін шаруашылық басшылары артық әңгімеге бармайтын
Совет өкіметі тұсында ауыл шаруашылығында жоспар орындау мен жоғары көрсеткішке жету үлкен науқанға айналғаны белгілі. Әсіресе мал шаруашылығында әр жүз саулықтан алынған төл санына ерекше мән берілетін. Жоғары көрсеткіш көрсеткен шопандардың атағы шығып, марапат пен сыйақыға ие болып жататын.
Сол кезеңде әр жүз саулықтан 120-130-дан төл өргізген «рекордсмендер» аз болған жоқ. Әрине, мұндай көрсеткішке адал еңбегімен жеткендердің болуы мүмкін емес нәрсе. Бірақ кейбіреулердің рекордқа жету жолы көңіл көншіте бермейтін. Ал Амангелді Сәденовтің ұстанымы мүлде бөлек еді.
Ол ешкіммен жарысып, қолдан келмейтін көрсеткішке ұмтылған жоқ. Өзінің мүмкіндігін, малдың жағдайын, табиғаттың мінезін жақсы білді. Қолдағы малды күйлі ұстауды, төлді шығынсыз өсіруді басты міндет санады. Әр жүз саулықтан 102-105-тен төл өрбітіп, шаруасын қалыпты жүргізіп отырды. Сырт көзге қарағанда, бұл көрсеткіш кейбір рекордсмендердің жанында төмендеу көрінуі мүмкін. Бірақ Амангелді үшін сан қуғаннан гөрі, сол санның артындағы шынайы нәтиже маңызды болатын.
Өйткені мал шаруашылығында төл алу бір басқа да, оны аман сақтап, өсіріп, жыл аяғына дейін жеткізу бір басқа. Ал әлгі рекорд қуғандардың кейбірі маусым айынан бастап-ақ мал шығынын бере бастайтын. Он бес-жиырма бастан өлім-жітім көрсетіп, басын шаптыратын. Сөйтіп, жыл соңында жоғары көрсеткіш үшін берілетін 80-90 бастың сыйақы малы әлгі 120-130 төлдің есебінен кетіп жататын.
Сонда кім ұтты, кім ұтылды? Қағаз жүзінде рекордсмендер ұтқандай көрінетін. Жоғары көрсеткіш, атақ, марапат бәрі солардың еншісінде болғанымен, шын мәнінде, шаруашылықтың есебін таразыға салғанда жағдай басқаша еді.
Амангелді Сәденов әр жүз саулықтан 102-105 төл алғанымен, оның басым бөлігін аман сақтап, өсіріп отырды. Жыл соңында сыйақыға берілетін төл де өз шарбағында қалатын. Мал басы көбейіп, шаруашылығы нығая түсті. Еңбегінің нәтижесі көз алдында тұрды. Осылайша, ол біреудің алдына түсуді емес, өз ісінің берекесін ойлады. Жалған көрсеткішке ұмтылмады, қағаздағы санды көбейтемін деп малдың тағдырын қатерге тікпеді. Уақыт өте келе оның шаруасы дөңгеленіп, абыройы арта берді. Атақ та, марапат та, мал да өз еңбегінің арқасында келді. Ол ешкімнен кем қалмады. Қайта, еңбектің шынайы бағасы қандай болатынын ісімен дәлелдеді.
Рекордты қағазға жазуға болады, ал еңбектің нәтижесін өмірдің өзі көрсетеді. Біреу бүгінгі атақ үшін ертеңгі малын құрбан етеді. Екінші біреу бүгінгі еңбегін ертеңгі берекеге айналдырады. Амангелді Сәденовтің жолы соның айқын мысалы болмақ. Мал шаруашылығында да, жалпы өмірде де ұтатын адам көп уәде берген немесе көп сан көрсеткен адам емес, қолындағы барды ұқсатып, еңбегінің берекесін сақтай білген адам. Амангелдінің өмірлік ұстанымы да осы еді, даңқ қуғаннан гөрі, адал еңбек ет, санды көбейткеннен гөрі, сапаны сақта, бүгінгі жетістігіңді ертеңгі берекеңе айналдыр.
Амангелді төлді шығынға ұшыратпай, шаруашылықтың игілігіне айналдыра білді. Бұл мал баққан адамға ғана емес, кез келген кәсіп иесіне ортақ өмірлік өнеге.
Әр ер адамның артында анасы, бауырлары, адал жары мен отбасы тұрады. Анасы Батжамал өлер-өлгенше Амангелді баласының тілеуін тілеп келді. Оның тоғыз бауыры болды – Тұяқ, Қияқ, Белет, Аманжол, Шұғай, Бақтыбай, Гүлбаршын және Кенжетай. Адал жары Бибігүлмен тату-тәтті, бақытты ғұмыр сүріп, дүниеге жеті бала әкелді. Өткен жылдарға қарап отырсаңыз, қиындық пен қызыққа толы жылдар екен-ау. Бірақ сол жылдардың бәрі адал еңбекпен, маңдай термен жазылған тарих. Амангелді Сәденов еңбегімен елге танылған, аты аңызға айналған нағыз дала перзенті дерлік батыр адам.
«Қиын заман мықты адамдарды жаратады, мықты адамдар жақсы заманды әкеледі» дейді. Ендеше бүгінгінің мықтысы Амангелді аға Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Аса құрметтеп ұстайтын шопан таяғын жақсы көретін ұлы Еркінге табыстаған.
Аңғар СМАҒҰЛ, ҚР Журналистер одағының мүшесі