ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН БАҚЫТЫН

ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН БАҚЫТЫН

Сарыарқаның самал желді, кең жазиралы төсіндегі Ақшатау өңірі талай еңбек тарландарының қара тер төгіп, маңдай терімен өркендеген қасиетті мекені. Осы бір киелі топырақта өмірін адал еңбекке арнап, жастық шағын темір тұлпардың құшағында өткізген жанның бірі аяулы ана, ардақты әже Рымтай Әбенқызы болатын. 

Адамның бойындағы қайсарлық пен елге деген сүйіспеншілік тегінен тамыр тартатыны белгілі. Рымтайдың әкесі Әбен ақсақал кезінде колхозда маңдай терін төгіп, адал еңбек еткен жан еді. Ал анасы Мәриям Әбдірахманова қарапайым ауыл анасы ғана емес, шаруашылықтың күші жетпей жатқан шақта ел сенімін арқалаған еңбеккер жандардың қатарынан. Ол Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшатау селолық советінің №4 Күзекадыр сайлау округынан халық депутаты болып сайланып, қоғамдық іске белсене араласқан қажырлы қайраткер болды. 

     Анадан дарып, ата жолымен жалғасқан бұл өнеге отбасылық тәрбиемен ұштасты. Рымтайдың ағасы Оразай мен інісі Алпысбай да еңбек жолында озат атанып, ауылдың абыройын асқақтатқан еңбек адамдары атанды. 

Осындай текті әрі еңбекшіл отбасында тәрбиеленген Рымтайдың да өмір жолы өнегеге толы болғаны заңдылық. Темір тұлпарға деген қызығушылық жас қыздың арманына айналды, ел игілігі үшін еңбек ету басты парызым деп санады. Ауыл баласы үшін техника жүргізу еш жаңалық емес әрі мектеп оқушылары соңғы кластарда №174 кәсіптік-техникалық училище филиалын тәмамдап, 3-ші класты «тракторист-машинист» куәлігін алып шығатын. Сол куәліктің бірін Рымтай да иеленді. 

     1970 жылдардың басы. Бұл қазақ ауылының тыныс-тіршілігінде дүмпулі өзгерістер орын алып, жас буынның жалынды жігері мен тың бастамалары дүркіреген дәуір еді. Сол бір кезеңде Қарағанды өңіріндегі «Ақшатау» совхозында өлке тарихында алтын әріптермен жазылар ерекше оқиға орын алды. Бір топ ауыл қыздары Сембаева Раушан, Уадиева Қарлығаш, Қамзабаева Жәкіжан, Елубекова Тілеужан, Ақылбекова Қамария, Қабдырова Нескен, Әбдірова Оркен ел күтпеген батыл қадам жасап, қыздардан құралған «Комсомолдың 50 жылдығы» атындағы трактор бригадасын құрған болатын.

    Рымтайдың құрбылары оқу іздеп қалаға кетіп жатты. Ағайыны Гүлсім Тонтайқызы екеуі ауыл кеңсесіне имене кіріп, кадр бөліміне өтініш тастады. Бөлім меңгерушісі оларды аға инженер Мағауия Сатыбалдинге жіберді. Жас болса да бас бола білген басшы екі қыздың көзінен қайраттылықтың ұшқынын көрді, бірден жоғарыда сөз еткен «Комсомолдың 50 жылдығы» атындағы тракторшы қыздар бригадасына қабылдауға шешім қабылдады. Бұл бір қуанышты күн еді. Жайнаған жас ғұмырын ауыл шаруашылығының ауыр жұмысына арнаған қыздардың қатарын Рымтай мен Гүлсім Тонтаева толықтырды. 

Аудан жұртшылығы бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдап, жігерлі жастарға сенім артып, жаңа тракторлар бергізді. Ферма меңгерушісі Кенбай Жексенбеков, трактор бригадасының бригадирі Талғат Исин және қыздардың тәлімгері Беркінбай Омаров жас болса да жұмысқа тиянақты, оттай жанып тұрған қыздардың қажыр-қайратына тәнті болып, әрдайым қолдау көрсетті.

    Трактор руліне жүрексіне отырған талапты жастар үшін күнмен таласа тұрып, ен далада шөп шабу романтикаға айналды десе болады. Самал жел ескен туған жердің көркем көрінісі Рымтайдың таңдаған жолының дұрыс екендігін күн сайын есіне түсіріп, еңбекке деген құлшынысын арттыра түскені де рас-ты. Жаздың жаймашуақ күндерінде Сарыарқаның ұлан-ғайыр көк шалғынды даласында самал желмен тербелген балауса шөптің жұпар иісін жұту кім көрінгенге бұйыра бермейтін бақыт десе де болар. Көкжиекпен астасқан кең даладағы тракторлар гүрілі, әртүрлі дауысқа салған құстар үні осының бәрі адам жанын сергітер тамаша құбылыстар. Әрине, мұның бәрін көру керек, жан-дүниеңмен сезінуің керек.

    Күннің ыстығына да қарамай таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек еткен тракторшылардың жұмысы жаз бойы жалғасатын. Өйткені бүгінгі шабылған шөп ертеңгі қыстың қамы, төрт түліктің азығы, ауыл берекесінің негізі болатынын әр жұмыскер жақсы білетін. Ми қайнатар шілденің ыстығында КДП-4 агрегатымен шөп шабу оңай шаруа болған жоқ. Маң даланың шаңы мен машақатына қарамастан, тегеурінді ауыл қыздары кездескен барлық қиыншылықты қайсарлықпен жеңе білді. Әсіресе Рымтайдың өжеттігі мен ұйымдастырушылық қабілеті көпке үлгі болды. 

     Олар ер азаматтармен қатар иық тіресе жүріп, шөп шабу науқанында ерен еңбек үлгісін көрсетті. Әрине, ерлермен қатар еңбек ету оңай емес, бірақ уақыт өте келе, еңбекпен шыңдалған қос құрбы ерекшелене бастады. Жасы үлкендер жол беріп, шалғынға загон салу ісін осыларға сеніп тапсыратын болды. Мұндағы тракторшылардың әрқайсысы сайын даланың еңбеккері, маңдай терімен несібесін тауып жүрген азаматтар болғанымен, еңбекке төселген қыздардың істеп жүрген істеріне разы еді. Бірі шалғынды орып, бірі шабылған шөпті жинап, енді бірі маялап, қысқы мал азығын дайындауға асығуда.

     Сол кездегі сырылдаған агрегаттардың дауысы мен даланың кең тынысы жастарды романтикаға жетелелеп, еңбекке деген құштарлығын еселей түсетін. Уақыт өте келе, «Комсомолдың 50 жылдығы» атындағы қыздар трактор бригадасы Рымтай Әбенқызының басқаруына берілді. Бұл бір жағынан көрсетілген сенім болса, екінші жағынан атпал азамат көтеретіндей үлкен жауапкершілік еді. Қыздардың қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Көп ұзамай-ақ олардың арасынан Әбенова Рымтай, Тонтаева Гүлсім орденге ұсынылды. ЮМЗ-6 тракторын ұршықша иіріп, меңгерген Рымтай 1972 жылы кеудесіне «Құрмет белгісі» орденін тақты.

    Жылдар өте келе, сол кездегі талапты қыздар Сембаева Раушан, Уадиева Қарлығаш, Қамзабаева Жәкіжан жоғары оқу орындарына түсіп, маман атанып ауылға қайта оралды. Олардың босаған орнын техникаға жаны құмар жас буын есептелетін Есімбекова Қанаткүл, Балантаева Нұрғайша, Күйкенова Райхан, Смағұлова Сәуле сынды қыздар басты. 

1971 жылы ауыл қыздарының өміршең тәжірибесі республика мен облыс көлемінде насихатталып, облыстық семинар өтті. Осы жиынға келген облыс басшылары қыздардың жұмысын көріп, нақты еңбектің шын үлгісіне тәнті болды.

        Шөп шабу науқанында ерлермен қатар иық тіресе еңбек етіп, темір тұлпар тізгіндеген Рымтайдың қайраты жылдар өтсе де бәсеңдемеді. 

Бүгінде жетпісткен асқан ардақты әже атанса да, өзінің туған жеріне, ата кәсібіне деген адалдығын әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ. Жақында республикаалық теледидар экранынан көрсетілгендей, ол әлі де жастық жалынмен трактор руліне отырып, ауылдың тыныс-тіршілігіне, шаруасына белсене араласып жүр. Бұл көріністі көрген жұрт бір жағынан таңданысын жасыра алмаса, екінші жағынан еңбекқұмарлықтың нағыз үлгісін көрсеткен аруға шексіз тәнті болды. 

    Өмірдің ыстығы мен суығын қатар көріп, адал жары Ғазизбен бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешті. Ғазиз де өз заманының ерен еңбек иесі, ел құрметіне бөленген азамат еді. Өкінішке қарай, өмір заңы асыл жар өмірден озды. Дегенмен, артында өнегелі ұрпағы қалды. Бүгінде олардың шаңырағынан өрбіген балалары ержетіп, өмірден өз орындарын тауып, елдің қадірлі азаматтары атанып отыр. 

Сарыарқаның самал желі мен даланың кең тынысы еңбегімен астасқан Рымтай Әбенқызының өмір жолы бүгінгі жас ұрпақ үшін таусылмас шежіре, нағыз патриотизм мен қайсарлықтың мектебі болып қала береді. Қазіргі таңда өткен күндердің ерлікке толы шежіресін ел мақтанышпен еске алады. Өмір жолын еңбекпен өрнектеген Рымтай Әбенқызы сияқты ардақты аналардың өнегелі жолы кейінгі жастар үшін айта жүрерлік кешегі күннің жарқын көрінісі еді. 

Аңғар СМАҒҰЛ, ҚР Журналистер одағының мүшесі