Шикізатқа бай ел неге дайын өнім шығармайды?
2026 ж. 15 қараша
110
0
Қазақстан экономикасының қалыптасу тарихында табиғи ресурстардың орны ерекше. Мұнай, газ, көмір, уран, түсті және қара металдар елдің өндірістік әлеуетін қалыптастырып, экспорттық табыстың негізгі көздерінің біріне айналды. Алайда уақыт өзгерді. Қазір әлемдік экономикада мемлекеттің байлығы жер қойнауындағы қазынасымен ғана емес, сол ресурстарды қаншалықты тиімді өңдеп, одан қаншалықты жоғары қосылған құны бар өнім шығара алатынымен өлшенеді.
Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – шикізаттық экономикалық модельден біртіндеп өңдеуші өнеркәсіпке негізделген жаңа даму жолына көшу.
Бұл бағытта белгілі бір ілгерілеу бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның өнеркәсіптік өндіріс индексі 107,7 пайызды құраған. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі нақты өсім 7,1 пайызға жетті. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі тағы 8,6 пайызға артты. Бұл – экономиканың шикізаттан тыс секторында қалыптасып келе жатқан оң үрдістің белгісі.
Бірақ өндірістің өсу қарқынына қарап, индустриялық саясаттағы барлық мәселе шешілді деуге әлі ерте.
Ең алдымен, өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы орнын сапалық тұрғыдан күшейту қажет. Себебі өндіріс көлемінің артуы мен технологиялық жаңғыру бір ұғым емес. Кәсіпорындар бұрынғы өнімді көбірек шығаруы мүмкін, алайда бұл олардың технологиялық тұрғыдан дамығанын білдірмейді. Бізге өндіріс көлемімен қатар, өнімнің күрделілігін, еңбек өнімділігін, экспорттық мүмкіндігін және отандық технологияның үлесін арттыру маңызды.
Қазақстанда шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік жеткілікті. Мысалы, металлургия саласында бастапқы металды экспорттаумен шектелмей, одан машина жасауға қажетті бөлшектер, электр жабдықтары, құрылыс материалдары және жоғары технологиялық өнімдер шығаруға болады. Мұнай-газ химиясында да полимерлер, пластмасса, синтетикалық материалдар мен химиялық өнімдердің түрлерін көбейтуге мүмкіндік бар.
Бірақ мұндай өндірістерді іске қосу үшін тек инвестиция тарту жеткіліксіз. Оған ұзақ мерзімді өндірістік жоспар, қолжетімді энергия, сапалы инфрақұрылым, білікті инженерлер және тұрақты өткізу нарығы қажет.
2025 жылы өңдеу өнеркәсібіне негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі шамамен 2,98 триллион теңгеге жетіп, бір жылда 39 пайызға өскен. Бұл – саланың инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Ендігі мәселе – осы қаржының қаншасы жаңа технологиялық қуат қалыптастырып, қаншасы нақты бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретінінде.
Өңдеу өнеркәсібін дамытуда импортқа тәуелділікті азайту да маңызды. Қазір еліміз көптеген дайын тауарды сырттан сатып алады. Кейбір өнімдерді Қазақстанда өндіруге шикізат та, маман да, нарық та бар. Бірақ кәсіпкер үшін өндіріс ашу көбіне импорттық дайын өнімді сатудан күрделірек әрі тәуекелі жоғары болып қала береді.
Оның себебі түсінікті: жабдық қымбат, несие мөлшерлемесі жоғары, өндірістік инфрақұрылымға қосылу қиын, ал нарықта импорттық тауармен баға жағынан бәсекелесу оңай емес.
Сондықтан отандық өндірісті қолдау саясаты нақты экономикалық ынталандыруға негізделуі керек. Жеңілдетілген қаржыландыру, өндірістік инфрақұрылымға қолжетімділік, технологиялық жаңғыртуға арналған бағдарламалар және ұзақ мерзімді тапсырыстар – кәсіпорындардың дамуына тікелей әсер ететін құралдар.
Тағы бір мәселе – өнеркәсіптік саясаттың тұрақтылығы. Кәсіпкер зауыт салуға шешім қабылдағанда, ертеңгі күні салық, тариф, кедендік рәсім немесе мемлекеттік қолдау тәртібі қалай өзгеретінін білуі керек. Өндірістік жобалар бірнеше жылға есептеледі. Сондықтан болжамды әрі тұрақты ережелер бизнеске деген сенімді арттырады.
Біз өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесін тек жаңа зауыт ашу немесе өндіріс көлемін арттыру шеңберінде қарастырмауымыз керек. Әңгіме елдің экономикалық құрылымын өзгерту туралы болып отыр. Қазақстан тек шикізат жеткізуші емес, дайын өнім өндіретін, технология әзірлейтін және халықаралық нарықта өз брендімен танылатын мемлекетке айналуы қажет.
Шикізаттың молдығы – мүмкіндік. Ал оны терең өңдеп, дайын өнімге айналдыру – экономикалық кемелдіктің белгісі. Қазақстанның келесі индустриялық кезеңі осы мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымызға байланысты.
Қ. Мұқаш,
Қазақ үні