СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАТҚАНДАР – БІЗДІҢ ҚАС ЖАУЫМЫЗ! - Тоқаев
2026 ж. 13 қараша
44
0
ЕЛІМІЗДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҚАТАҢ КҮРЕС БАСТАЛДЫ
Бұл қатаң мәлімдеме бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басшыларының сыбайлас жемқорлық дерегімен ұсталуына орай айтылды.
Яғни, еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі Ұлттық Қауіпсіздік мәселесіне айналды деген сөз бұл. Пара алудың көлемі бұндай биік дәрежеде талқылану тарихымызда бірінші рет болып отырған болар…
✅ Саяси қаталдық пен түбегейлі бетбұрыс:
Президент «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының шектен шыққан сыбайлас жемқорлықпен ұсталу дерегін жай ғана әкімшілік құқықбұзушылық немесе сыбайластық деңгейіндегі қателік емес, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне және болашағына қатер төндіретін ішкі қауіп ретінде «біздің қас жауымыз» деп айыптады. Бұл риторика биліктің бұрынғы жұмсақ немесе сауысқаннан сақ саясатынан түбегейлі бетбұрыс жасап, қатаң күрес кезеңіне өткенін көрсетеді.
✅ Қоғамдық көңіл-күй мен оянған үміт
Қоғамда ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектордың жабықтығына, қаржының тиімсіз жұмсалуына қатысты наразылық жиі айтылатын. «Самұрық-Қазынаны», жалпы квазимемлекеттік сектордың бюджетін бақылауды парламентке беру туралы біз де, «Ақ жол» партиясы бірнеше рет көтерген болатынбыз. Президенттің бұл турасын айтқан қатаң сөзі халықтың әділетсіздікке деген ашу-ызасымен үндесіп, «жоғарыдағыларға тиіспейді» деген қатып қалған стереотипті сеңді бұзуға бастаған қадам болды.
✅ «Заң мен Тәртіп» қағидатын қорғау
Президент өз сөзінде бұл қылмыстарды мемлекеттің жаңа Конституциялық реформаларына және алда қарқын алатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасына жасалған қастандық ретінде сипаттады. Яғни, жемқорлық тек қыруар халық қазынасын ұрлау ғана емес, бүкіл елдің даму жоспарын артқа тарту.
Президент мәлімдемесінде айтылғандай, тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында жалпы сомасы 248 миллиард теңгеден асатын 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық жасалған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасаған, қалғанын квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Ал осы жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-і өзге де тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар.
✅ «Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз.»-деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
✅ Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді.
✅ Қауіпсіздік Кеңесінде Президент ел көптен күтіп жүрген сөзді ашық айтты.
«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек. Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным. Соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған.»
✅ ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бұл мәлімдемесі әйгілі француз ағартушысы, философ, классикалық либерализмнің негізін қалаушылардың бірі, заңгер Шарль де Монтескьенің «Заңдар әділ, ешкімді бөлмейтін соқыр болуы керек. Егер заң бай мен кедейді бөлсе, ол мемлекеттің құруының басы.»-деген белгілі сөзімен үндесіп жатыр.
Ал артта қалған Сингапурды Азия жолбарысына айналдырған тұңғыш премьер-министрі, елдегі жемқорлықты толығымен жойған реформатор, Ли Куан Ю данышпанның: «Егер сіз сыбайлас жемқорлықты жойғыңыз келсе, ең алдымен өз жақындарыңыз бен достарыңызды түрмеге отырғызуға дайын болуыңыз керек.»-деген әйгілі сөзі бәрімізге белгілі.
✅ Біздің қоғамда баяғыдан бері билік басындағы басшылар мен байларға, олардың туған-туыстарына ешқандай заң жүрмейді деген қалыптасып қалған пікір бар. Енді Мемлекет басшысының бұл қатаң мәлімдемесі осы қалыптасқан пікірді түбірімен жоюы тиіс. Оның алғашқы нақты дәлелі - «Самұрық-Қазына»мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының шектен шыққан сыбайлас жемқорлықпен ұсталуы. Бұл туралы Президент те: «Бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс.» - деп атап көрсетті.
✅ Бас прокуратура қайтарған жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденген активтер қаржысы 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалды. Оның 383-і, медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер, спорт кешендері салынып біткен. Жұмыс жалғаса береді. Бірақ қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты нысандар қаншалықты сапалы салынғаны тексеріледі. Өйткені нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтын жағдай жиі кездеседі.
«Осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни, басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр»-деді Қ.Тоқаев.
▪️ Енді Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту жөнінде ұсыныс беруі керек.
▪️ Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы құрылатын комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.
▪️ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылға шектеу қойылады.
▪️ Басшылары тұтқындалған «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ қалыпты жұмысын жалғастыра береді.
✅ ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР ДЕСЕК…
Әрине, мұндай қатаң мәлімдемелер халық арасында биліктің жемқорлықпен нақты күресіп жатқанына сенім ұялатады. Шынында да торға түскен торғайларға мән беруді қойған ел енді Самұрықтың өзі Қазынаны қарпып, асап жатып тұтқындалғанын көргенде “Заң мен тәртіп” қағидаты шынымен де бәріне бірдей, адам таңдамайды дегенге көз жеткізе бастады!
Иә, Астанадағы “Атлант” ТК ауласында аспаннан ақша жауып, шашылып жатқан 8 чемодан бума-бума долларлардың видеосы тарап кетті. 6 миллион доллар пара алу туралы сөз желіде желдей есіп жүр.
✅ Шынында да бұндай масқараны қалай түсінуге болады?!.
Байлықтың үстінде отырған мемлекеттің қазынасы қайда кетіп жатыр, бюджет бүйірі неге толмайды десек, мәселе тым тереңде екен ғой дейді ел…
Қаншама жылдан бері Мемлекетті, Халық қазынасын тонаудан өтіп келе жатқан “социалистік жарыс” әлі жалғасып жатқанда, айлығы шайлығына жетпей, балалардың жәрдемақысын күтіп жүрген жұртқа қандай Әділеттілік жайлы не айтуға болады?!.
— Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр, — дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі.
Тек баяғы 2016 жылы бір миллион доллар пара алып ұсталған "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының президенті Василий Ни секілді қылмысын мойындағаны және “шын ниетпен өкінуіне” байланысты алты айдан кейін қылмыстық жауапкершіліктен босап, құтылып кетпесе деңіз?..
Бұларды қылмысын мойындамайды және “шын ниетпен өкінбейді” деп кім айта алады?
✅ Сондықтан, жүйелі түрде квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау, монополияларды бөлшектеу және сатып алу жүйесін шынайы ашық ету секілді терең экономикалық шешімдер тұруы тиіс.
✅ «Заң мен тәртіп» тегеурініне сүйеніп басталған бұл күшті серпін заңдылықтың тұрақты жұмыс істеуімен және тәуелсіз әділ сот төрелігімен бекітілуі тиіс. Әйтпесе, тек кезекті науқандық сипатта қалып қалуы да мүмкін...
✅ Жалпы елімізде басталған сыбайлас жемқорлыққа, заңсыздықа қарсы басталған күресті ел қуана қуаттап, қолдайды. «Сыбайлас жемқорлық — бұл біздің қоғамның дамуына кедергі келтіретін ең үлкен кесел. Онымен ымырасыз күресу — әрбір азаматтың міндеті.»-деп Қ.Тоқаев айтқандай, бұл ашық майданға бәріміз де атсалысуымыз керек.
Ал жемқорлықпен күрестің нәтижесі қандай болатыны биліктің қайраты мен ерік-жігеріне байланысты.
Барлығын уақыт көрсетеді.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні