ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР ДЕСЕК…
2026 ж. 12 қараша
32
0
Бүгін бәрі жарыса жазып жатқан билік пен қаржы әлеміндегі шортандардың ауға түсе бастағанын көрген жұрт еліміздегі “Заң және тәртіп” қағидатын енді сезіне бастады деуге болады.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыпов пен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е.Отыншиевтың және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп күдікке ілінген өзге де тұлғалар ұсталды.
Сонымен қатар Астанадағы “Атлант” ТК ауласында шашылып жатқан 8 чемодан бума-бума долларлардың видеосы тарап кетті.
6 миллион доллар пара алу туралы сөз желіде желдей есіп жүр.
Бұл масқараны қалай түсінуге болады?!.
Байлықтың үстінде отырған мемлекеттің қазынасы қайда кетіп жатыр, бюджет бүйірі неге толмайды десек, мәселе тым тереңде екен…
Бұл оқиға туралы анық, нақты толық мәлімет әлі шыққан жоқ!
— Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр, — дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі.
Торға түскен торғайларға мән беруді қойған ел енді Самұрықтың өзі Қазына қарпып жатып тұтқындалғанын көргенде “Заң мен тәртіп” қағидаты шынымен де бәріне бірдей, адам таңдамайды дегенге көз жеткізе бастады!
Тек баяғы 2016 жылы бір миллион доллар пара алып ұсталған "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының президенті Василий Ни секілді қылмысын мойындағаны және “шын ниетпен өкінуіне” байланысты алты айдан кейін қылмыстық жауапкершіліктен босап, құтылып кетпесе деңіз?..
Бұларды қылмысын мойындамайды және “шын ниетпен өкінбейді” деп кім айта алады?!.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні