Ресей әншісі Киркоров Дубайда неге қазақша сөйлеп, ән айтпайды?!.- Қазыбек Иса

Ресей әншісі Киркоров Дубайда неге қазақша сөйлеп, ән айтпайды?!.- Қазыбек Иса

Әлемді әнімен әлдилеп жүрген әйгілі әншіміз Димаштың Германиядағы тек мемлекеттік тілі - қазақ тілінде және халықаралық ағылшын тілінде сөйлеп, ән айтқан керемет концертінен кейін оған деген құрметіміз тіпті күшейіп кетті! Жарайсың, ән әлеміне құбылыс етіп Құдай берген Димаш дүлдүліміз! 

Бірақ, өзінің қай жерде жүргенін, қай елдің әншісі ән айтып тұрғанын ұмытып қалған, Еуропа ордасы Германияда тұрса да, империялық пиғылын жасыра алмаған бір орыс блогері Димаштың бұл табиғи, заңды және міндетті әрекетіне: “Бұл жерде орыс диаспорасы аз болған жоқ, неге орысша амандаспады, ән де айтпады”-деп қатты шамданып қалыпты?!.

✅ Бұған дені дұрыс кез келген адамның қоюға тиісті сұрағы:

1.Концерт беруші қазақтың әншісі!!. 

2.Концерт болып жатқан ел - Германия! 

3.Сонда бұл жерге Ресей тілінің не қатысы бар?!.

✅ Осы жерде кезінде 2023 жылы баспасөздің бәрінде жарияланған, шетелде емес- Қазақстанның Парламентінде Энергетика министрі А.Сәтқалиевке қойған сұрағым есіме түсіп кетті: “Екі мемлекет - Қазақстан мен Францияның жасап отырған келісімшарты неге үш мемлекеттің тілінде қазақ, француз және орыс тілінде жасалған? Бұл жерге үшінші мемлекет Ресей тілінің не қажеті бар!?.

Францияға Ресей тілінің түкке де қажеті жоқ! Сонда орыс тіліндегі келісімшарт біздің, Қазақстанның өзінің мемлекеттік тілін білмейтін Үкімет үшін жасалған ба?!. Қашанға дейін келісім-шарттарды орыс тілінде ғана түсініп жүрмекшісіздер?

Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды ғой, орыс тілін қосу қашанғы жалғасады, тоқтататын уақыт жетті ғой?”-деп, төтесінен қойған едік сұрақты.

Сол кезде министр обалы не керек, қазақша бастап, орыс тілінде айтса да: 

- Сұрақты өте дұрыс қойып отырсыз, болашақта бұл норманы жоятын боламыз. -деп жақсы уәде берген еді. 

Ал шындығында қазір не боп жатқанын бір құдай біледі?!.

✅ Димаш Германия болсын, кез келген шетелде болсын, концерт өткізгенде Ресей тілінде ән айтып, сөз сөйлеу үшін емес, керісінше шетелдіктерді қазақша ән айтқызып, сөйлету үшін әлем елдерін аралап жүргеніне елдің бәрі куәдүр!

✅ Біздің де Ресейлік блогерге қоятын бір-екі сұрағымыз бар? 

- 1.Әлемдік әншілер, мейлі 

Дженнифер Лопес болсын, басқа болсын, шетелде, тіпті Ресейдің өзінде орыс тілінде ән айтады ма?!. Жоқ! Олардан неге талап етпейсіңдер?

2.Қазір қазақтардың шетелде ең көп шоғырланған жері Дубай! Ал Дубайда думандатып жүретін Ресей поп королы Филип Киркоров бастаған орыс әншілері неге қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде ән айтпайды? Біз де соған енді қатты өкпеліміз? Айтпақшы, Дубай түгілі, Киркоров бастаған Ресей әншілері шұбырып ең көп келетін елі Қазақстанның өзінде неге Қазақ тілінде ән айтпайды?!.

Міне, қойылуы керек ең басты сұрақ осы?!.

Бұл сұрақтың біздің үкіметке де қатысы бар?!.

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні