МЕКТЕП МЫҚТЫ БОЛҒАНДА ҒАНА МЕМЛЕКЕТ МЫҚТЫ БОЛАДЫ! - Қазыбек Иса

МЕКТЕП МЫҚТЫ БОЛҒАНДА ҒАНА МЕМЛЕКЕТ МЫҚТЫ БОЛАДЫ! - Қазыбек Иса

МЕКТЕПТЕ АТА-АНАНЫҢ ЕМЕС - МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮДДЕСІ ҚОРҒАЛУЫ КЕРЕК!

“Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет”

ҚР Президенті Қ.Тоқаев

✅ Ұрпақ тәрбиесін тек мектепке, ұстаздардың иығына ғана артып қою жарамайды. Ұрпақ тәрбиесіне ең алдымен ата-ана да жауапты.

✅ Мұғалімдер оқушылардың қас-қабағына емес - оқушылар мұғалімдердің қас-қабағына қарау керек!

Биыл жазда, 2026 жылы 19 тамызда мені осымен екінші рет Түркістан облыстық дәстүрлі мұғалімдердің Тамыз кеңесінің құрметті қонағы әрі спикері ретінде шақырды. Ол кезде мен Құрылтай сайлауына байланысты Қостанай-Торғай өңірінде жүрген едім, арнайы келіп қатысып, сөз сөйлеп, ұстаздар қауымымен ой бөлістім.

Сол кездегі сөзімнің видеосы дер кезінде қолыма түспегесін, бұл мәселені фейсбук парақшамда бөлісе қоймаған едім. Кейін сөзімнің толық болмаса да, негізгі ойларым түсірілген бейнебаянын таптым. Мұғалімдер күні “Қазақ үні” сайтына салармын деп жүргенде қауырт шаруалармен естен шығып кетіпті...

Ал енді жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің маңызы зор міндеттерін атап көрсете отырып, оқу-ағарту саласына ерекше назар аударды.

Мектеп, мұғалімдердің мәртебесі және оқушылармен қарым-қатынас мәселесіне де айрықша тоқталды. Білім беру саласындағы өзекті түйткілдерді ашық атап өтіп, “Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет”- деп, мәні зор мәлімдеме жасады.

«Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек.

Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр.

Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек.

Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес.

Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес.

Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек.

Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет», – деді мемлекет басшысы.

Президент мұғалімнің материалдық жағдайымен қатар оның әлеуметтік және моральдық мәртебесін қорғауға баса назар аударды

Соңғы уақытта мектеп қабырғасында жиілеп кеткен келеңсіз жағдайларға назар аударып, ұстаздың абырой-беделі мен мәртебесін қорғауды басты міндет ретінде қойды:

Оқушылардың ұстаздарға дөрекілік көрсетуі және мектеп әкімшілігі тарапынан болатын қысымдарды айыптап, әрбір жағдай жан-жақты қаралуы тиістігін атап өтті. Тәрбие мен тәртіпке отбасы, оқушы, ұстаз және мектеп бірдей жауапкершілікпен қарауы керектігі ескертіліп, Оқу-ағарту министрлігіне бұл жұмысты бақылауда ұстауды тапсырды.

Артық жүктеме мен «электронды» қағазбастылықты доғаруды талап етті. Мұғалімнің басты миссиясы – сапалы білім беру екені атап айтылып, қағазбастылықтың енді электронды түрге (платформаларға) ауысқаны, бірақ бұл артық жүктемелер ұстаз жұмысына кедергі келтіріп жатқаны сынға алынды. Реформалар есеп үшін емес, мұғалім жұмысын нақты жеңілдетуге бағытталуы қажет.

✅ Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын тыңдағанда 2023 жылғы және биылғы 2026 жылғы мұғалімдердің Тамыз конференциясында сөйлеген сөздерім бірден есіме түсті.

Сондағы мектеп, мұғалімдер мен оқушылар туралы ойларым мен ұстанымдарымды көпшілікпен бөлісудің реті енді келген секілді.

✅ Иә, Ұрпақ тәрбиесін тек мектепке, ұстаздардың иығына ғана артып қою жарамайды. Ұрпақ тәрбиесіне ең алдымен ата-ана да жауапты.

Баласына өз Анасының тілінде сөйлемеген ана - қандай ана? Баласына өз әкесінің тілінде сөйлемеген әке - қандай әке?

Өз баласын өз тілінде емес, өзге тілде тәрбиелеу - ұл-қызға ғана емес, Ұлтқа қастандық!!!

✅ Ұлттық тәрбие Ұлттық идеологиясы бар елде іске асады.

 Қазақ балаларының орысша мектепке баруы -Ата-ана таңдауы деген жалпақшешейлікті тоқтату керек! Мектепте ең алдымен мемлекеттік мүдде - ұлттық мүдде болуы тиіс!

Балабақшадан бастап, мектеп қазақша болмай, мемлекет қазақша болмайды!

Мектеп пен балабақша меншігіне қарамай тек мемлекеттік тіл - қазақ тілінде болуы керек!

✅Мектеп мықты болғанда ғана, мемлекет мықты болады.

Қазақтың ұлы ақыны Мағжан айтқандай, “Алты Алаштың басы қосылса- Ұстаздың орны төрде болуы тиіс!”

Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылым депутаты. 1984-1991 жылдардағы мектеп мұғалімі.