ҚАҒАЗДА БАР, ТЕМІРДЕ ЖОҚ ЦИФРЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК
2026 ж. 22 қазан
77
0
8-11 қазан аралығында еліміздегі Яндекс Go қызметі мен басқа да осындай жүйелердің (Кинопоиск, бұлттық инфрақұрылым) жұмысында үлкен іркілістер болды. Тіпті тоқтап қалды. Бұл тұтынушыларға көп ыңғайсыздық тудырды. Олар такси шақыра алмай, тамақ пен азық-түлік алдыра алмай, өзге де қызметтерді қолдана алмай әбден әбігерге түсті. Құзырлы органдар бұны Ресейдегі «Яндекс» дата-орталықтарына жасалған дрондар шабуылынан болды деп түсіндірді. Соның салдарынан құрал-жабдықтар бүлініп, электр жүйесіне зақым келген.
Осылайша, бұл салада да көрші елге күніміз қарап қалғанына көз жеткіздік. Бұл жағдай енді Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселені қозғауға түрткі болып отыр. Біз осыған байланысты IT маманы, «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы Мейіржан Әуелханұлын әңгімеге тартқан едік.
– Қазақстандағы Яндекс Go қызметінің жұмысы Ресейдегі компанияның серверлеріне, деректер орталықтарына немесе өзге де инфрақұрылымдарына қаншалықты тәуелді?
– Ашығын айтайын: пайыздық дәл цифрды компанияның өзінен басқа ешкім білмейді. Ал олар оны жарияламайды. Бірақ өткен аптаның өзі бәрін көрсетіп берді. Ресейде үш дата-орталық зақымданды – Қазақстанда такси шақыру мүмкін болмай қалды. Бұдан артық дәлел керек емес.
Технологиялық тұрғыда қарапайым түсіндірсем. Яндекс Go – біртұтас қосымша емес, ол ондаған кішкентай сервистердің тізбегі: біреуі картаны жүктейді, біреуі жүргізушіні табады, біреуі бағаны есептейді, біреуі төлемді өткізеді, біреуі пайдаланушының тарихын сақтайды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәлімдемесіне қарағанда, жеке деректері бар серверлер ел ішінде, ал такси мен жеткізуге қажетті компоненттердің бір бөлігі Қазақстаннан тыс орналасқан. Яғни тізбектің бір-екі буыны ғана бізде, қалғаны сонда. Ал тізбек дегеніңіз – ең әлсіз буынынан үзіледі.
– Компанияның негізгі серверлері немесе деректер орталықтары орналасқан аумақта әлгіндей төтенше жағдай болғанда, біздегі қызмет көрсету неге тоқтауы керек?
– Тоқтамауы керек еді. Тоқтады, себебі компания Қазақстанды жеке контур ретінде емес, Мәскеудің «тармағы» ретінде жобалаған. Бұл қасақана емес, бұл – экономика. Бір орталықтан басқару арзан. Әр елге бөлек «ми» орнату қымбат. Компания әр елде жеке резервтік жүйе ұстау үшін емес, пайда табу үшін жұмыс істейді. Ешкім мәжбүрлемесе, ешкім артық ақша шығармайды.
Мына салыстыруды ойлаңыз. Біздегі белгілі бір банк серверлері Ресейде зақымданса, өзімізде төлем тоқтап қалар ма еді? Жоқ, өйткені әлгі банк осында тұр. Яндекс тоқтады, өйткені оның «жүрегі» мұнда емес. Мәселенің бәрі — архитектурада, ал архитектураны кім жобалайды, ол соның мүддесіне қарай салынады.
– Мұндай іркіліс кибершабуылдан, серверлердің зақымдануынан, байланыс арналарының үзілуінен немесе бағдарламалық ақаудан да туындауы мүмкін бе?
– Әрине. Бұл жолы себеп физикалық болды – ғимараттар зақымданды. Бірақ мен IT саласында жүргендіктен айтайын: сервис тоқтауының ең жиі себебі – бомба емес, қарапайым бағдарламалық қате. Бір инженердің дұрыс тексермей жіберген жаңартуы бүкіл әлемдегі банктерді, әуежайларды бірнеше сағатқа тоқтатып тастаған жағдайлар болған. Кибершабуыл, арна үзілуі, электр қуаты, қызметкер қателігі – бәрі ықтимал.
Сондықтан сұрақ «не болуы мүмкін?» емес. Бәрі болуы мүмкін. Сұрақ – «болған кезде біз қайда қаламыз?». Өткен апта жауабын берді: сыртта қаламыз.
– Еліміздің цифрлық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі қаншалықты деңгейде?
– Мен оны бір сөзбен айтар едім: қағазда бар, темірде жоқ.
Қағазда – заң бар, деректерді елде сақтау талабы бар, министрлік бар. Темірде, яғни нақты серверлер мен кабельдер деңгейінде – тұрғындардың күнделікті өмірі шетелдік инфрақұрылымға байланып тұр. Мемлекеттік сервистер – eGov, банктер – жақсы жағдайда. Ал күнделікті тұрмыс – такси, жеткізу, карта, музыка, дауыстық көмекші – жоқ.
Бұл жерде өзімізді алдамайық. Цифрлық тәуелсіздік дегеніміз – «шекараның ар жағында бәрі сөнгенде бізде не істеп тұр?» деген сұрақтың жауабы. Қазір жауап: мемлекеттік қызметтер мен банк істеп тұр, қалғаны істемейді.
– Тұрғындар арасында кеңінен қолданылатын такси шақыру, карта, навигация, жеткізу және басқа да қызметтердің шетелдік компанияларға тәуелді болуы ұлттық цифрлық қауіпсіздікке қандай қатер төндіруі мүмкін?
– Үш қатер бар. Біреуін бәрі айтады, екеуін айтпайды.
Біріншісі, яғни бәрі айтатыны – сервис тоқтайды. Өткен аптада мұны көрдік. Teniz Capital-дың бағалауынша, сапарлар екі есе қысқарса, орындаушылардың күніне 858 млн теңге табысы қауіпке түседі – бұл нақты адамдардың, таксишілер мен курьерлердің ақшасы.
Екіншісі – карта мен навигация. Елдің бүкіл көше желісі, қай жолда кептеліс бар, қай сағатта адамдар қайда жүреді – осының бәрі шетелдік компанияның қолында. Бұл жай «дерек» емес, бұл – елдің қозғалыс картасы. Мұны ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарау керек.
Үшіншісі, ешкім айтпайтыны: бәсекенің жоқтығы. Яндекс тоқтаған күні inDrive бағаны үш есе көтерді, АЗРК ескерту жасады. Яғни бізде нарық емес, екі шетелдік платформа бар, біреуі құласа – екіншісі монополияға айналады. Таңдау жоқ жерде қауіпсіздік те жоқ.
– Қазақстандағы пайдаланушыларға қызмет көрсететін шетелдік IT-компаниялардың инфрақұрылымы мен деректерді өңдеу жүйесіне мемлекет тарапынан қандай талаптар қойылады?
– Негізгі талап – «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның 12-бабы: дербес деректерді сақтау Қазақстан аумағындағы базада жүзеге асырылуы тиіс. Шетелге беру тек сол мемлекет дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз еткен жағдайда рұқсат етіледі. Оған қоса «Ақпараттандыру туралы», «Онлайн-платформалар туралы» заңдар бар.
Бірақ дәл осы жерде түйткіл жатыр. Заң «деректер қайда сақталады?» деп сұрайды. «Сервис қайда жұмыс істейді?» деп сұрамайды. Яндекс заңды бұзған жоқ — ол дұрыс айтады, деректер Қазақстанда. Бірақ сервис тоқтап қалды. Яғни заң бір нәрсені қорғап, екінші нәрсені қарамай қалды. Мәселе компанияда емес, біздің сұрақты дұрыс қоймағанымызда.
– Жалпы, цифрлық жүйедегі қызметтердің орталығын өз елімізде ғана орнатып қоюға болмай ма? Әлде олай жасауға біздің шамамыз жетпей ме?
– Шама жетеді. Ерік жетпейді.
Дата-орталық салу ғарыш технологиясы емес. Қазақстанда дата-орталықтар бар, электр энергиясы арзан, климат суық — серверлерді салқындату үшін қолайлы. Инженерлер бар. Мәселе техникада емес.
Мәселе мынада: шетелдік компанияға Қазақстанда толық дербес контур құру — шығын. Оны ешкім мәжбүрлемесе, ол шығынға бармайды. Ал біз мәжбүрлемей келеміз, себебі «қызмет жақсы істеп тұр ғой» деп отырдық. Енді істемей қалды.
Бір нәрсені ескерту керек: «бәрін тек осында орнатып, сыртқы әлеммен байланысты үзу» деген де қате жол. Интернет ол үшін жасалмаған. Дұрысы – әр маңызды сервистің Қазақстанда жеке жұмыс істей алатын резервтік контуры болуы. Байланыс үзілсе — ішкі режимге көшеді, қайта қосылғанда синхрондалады. Бұл техникалық тұрғыда шешілген мәселе, әлемде мыңдаған компания солай істейді.
– Егер осындай шетелдік компанияның жұмысы мүлдем тоқтап қалса, біздегі бұл салада не жағдай болады? Жылдам ауыса қоятын балама жолдар бар ма?
– Такси нарығында бір балама бар – inDrive. Бірақ ол да шетелдік, әрі бір ойыншы кеткен күні не істейтінін көрсетті. Жеткізу саласында Wolt, Glovo бар — бұлар да шетелдік. Яғни «балама» дегеніміз бір шетелдік тәуелділіктен екіншісіне көшу.
Карта мен навигацияда жағдай одан да қиын — 2GIS те ресейлік компания. Толық қазақстандық, өз серверінде тұрған ауқымды карта сервисі іс жүзінде жоқ.
Сондықтан тура жауап: жылдам ауысу жоқ. Бар нәрсе – бір тәуелділіктен екіншісіне секіру. Ал нағыз отандық балама бір аптада жасалмайды, оған жылдар мен қаражат керек. Міне, сондықтан бұл мәселені «апта өтті, ұмытылды» деп қалдыруға болмайды.
– Қазақстан азаматтарының дербес деректері қайда сақталады және олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді?
– Заң бойынша – Қазақстанда, ал жауапкершілік деректер базасының иесі мен операторына жүктеледі. Яндекс жағдайында – Yandex Qazaqstan заңды тұлғасына. Мемлекет тарапынан қадағалау – ЖИ және цифрлық даму министрлігінің құзырында.
Бірақ мұнда да шынайы болайық. «Сақталады» деген сөз бен «өңделеді» деген сөз бөлек. Заң сақтауды реттейді. Ал сіз такси шақырған сәтте орналасқан жеріңіз, бағытыңыз, телефоныңыз – сол сәтте өңделу үшін қай серверге барады? Бұл сұраққа компания «деректер Қазақстанда сақталады» деп жауап береді, ал бұл сұрақтың жауабы емес. Заң тұрғысынан бәрі дұрыс, бірақ нақты жағдай тұрғысынан толық айқындық жоқ.
– Еліміз цифрлық тәуелсіздігін нығайту үшін алдағы уақытта қандай нақты технологиялық, экономикалық және заңнамалық қадамдар жасауы керек?
– Заңнамалық тұрғыда – заңға «деректерді сақтау» талабымен қатар «қызметтің үздіксіздігі» талабын енгізу керек. Пайдаланушы саны белгілі бір шектен асқан, әлеуметтік маңызы бар сервис (такси, жеткізу, төлем, карта) шетелдік инфрақұрылым істен шыққанда Қазақстанда кемінде негізгі функцияларын жалғастыра алуға тиіс. Бұл – банктерге қойылатын талаптың IT-ге көшірілген түрі.
Технологиялық тұрғыда – министрлік тәуелділік аудитін жүргізіп, жариялауы керек. Әр ірі сервистің қай буыны Қазақстанда, қайсысы сыртта – ашық айтылсын. Соны білмей тұрып саясат жасау мүмкін емес.
Экономикалық тұрғыда – екі нәрсе. Біріншісі, шетелдік компанияларға есептеуді Қазақстанға көшіру тиімді болатын жағдай жасау: дата-орталық құрылысы, электр тарифі, салық. Екіншісі – отандық ойыншыларды жасанды түрде қолдау емес, оларға әділ нарық беру. Бір платформа құлағанда екіншісі бағаны үш есе көтере алмайтын ережелер болуы керек.
Соңғы бір сөз. Өткен апта бізге бір сабақ берді: тәуелсіздік – қай серверде деректің жатқанында емес, шекараның ар жағында бәрі сөнгенде бізде шамның жанып тұрғанында. Қазір ол шам жанбады. Келесі жолы жанатындай ету – осы күннен бастауды қажет ететін жұмыс.
Сұхбаттасқан Оразәлі БАЙМҰРАТ,
Қазақ үні