ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚҰТЫЛАТЫН КҮН БАР МА?
2026 ж. 22 қазан
80
0
Біздің қоғам жемқорлықтың батпағынан шыға ала ма деген сұрақ көкейінен кетпей, көңілі күпті азаматтарга ой салар деген пікірмен өзімнің талайдан екшеп, адамзат дамуы тәжірибесінің ерекшеліктерін ескеріп жасаған біраз сараптаманың нәтижесінде туған ойымды ортаға салуды жөн көрдім.
Адам баласына тән өзгермейтін мінез қай заманда өмір сүрсе де, өз ғұмырының ұзақ болуын, денсаулығының мықты болуымен байланыстыратыны белгілі. Сондықтан адам әрқашан да өз денсаулығына зиян әкелетін науқасты емдеуді бірінші жолға қойып отырады.
Адамзат даму үрдісінде пайда болған қауымдастық өмірдің биігі – мемлекетті адамдар құрайтындықтан, адамдардың мінез-құлқының ерекшелігіне сәйкес іс-әрекеттері сол қоғамда пайда болатын кемшіліктердің айнасы сияқты қалыптасып жатады. Қоғамдағы болатын зиянды құбылысты уақытында анықтап, оны жоюдың жолы, тек осы олқылықтың пайда болу себептерінен арылу екенін ұғу қажет. Яғни жемқорлық қоғам өміріне зиян әкелетін дерт болғандықтан, оны жою үшін ең алдымен оның пайда болу себебін анықтау қажет.
Жемқорлық жүздеген ғасырлар бойы адамзат даму жолында пайда болған жақсы салт-ғұрыптардан негіз алғанымен, уақыт озып адамдар қауымдастығы дамыған сайын өзгеру салдарынан жақсы әдеттердің жаманға айналуынан пайда болған созылмалы, қоғамдағы емі жоқ науқастың ауыр түріне айналып отыр. Алғашқы адамдар қауымдастығы дүниеге келген кездерде осы қауымдастықтың дамуына, мүшелерінің ынтымағы мен бірлігінің нығаюына ықпал еткен тәрбиелік мәні бар сый-сияпаттар салт, ғұрыптар түрінде пайда болған.
Адамзат өркениетінің тарихи өткен даму жолында адамдар жабайылық өмірден бастап мыңдаған жылдар сан қилы кезеңдерді бастарынан өткізді. Жабайылық шеңберінен шығып, адами өмір сүру деңгейіне көтерілуі, олардың қарым-қатынастары мен ойлау жүйесі өзгеріп, рухани тәрбие арқылы жетілуінің нәтижесінде қауымдасып өмір сүруге бейімделгені белгілі. Адамзаттың даму тарихын қазіргі зерттеушілер еуроцентризм ұғымында: жабайылық, құлдық, феодалдық және капитализм дәуірі деген саяси баға беру негізіндегі сатыларға бөлетіні белгілі. Бірақ зерттеушілер күні бүгінге дейін адамзат басып өткен осы сатылардағы адамдардың биологиялық, физиологиялық және саяси-әлеуметтік өзгерістеріне ғылыми талдаулар жасағанымен, адам санасының өзгеруі, жетілуі нәтижесінде болған өзгерістердің қалыптасуы, халықтардың этнопсихологиялық дамуының саналуан ерекшеліктерінің адамзат өркениетіне қосқан пайдасы мен зияны бар ықпалына сараптама жасаған ғылыми тұжырымдарды кездестіру қиын.
Өкініштісі, қазіргі кезеңде адамзат өркениетінің әр даму сатыларына кезінде әкелген жағымды, не болмаса жағымсыз ықпалдарын зерделеп анықтаған ғылыми философиялық негізде талдау мен зерттеу нәтижелерінің тапшылығы байқалды.
Өйткені ежелгі шығыс өркениеті ұстанған адамның рухани жетілуін негізге алатын философия бағыты әлсіреп, оның орнына кейінгі батыстық тез пайда, табыс әкелетін техника мен технология ғылымының дамуының орын алуы салдарынан пайда болған қайшылықтары шешілмейтін тығырыққа тірелген.
Қазіргі кезеңде техника мен технология ғылымдарның деңгейі өте жылдам дамып, ал адамдарды табиғи дамуға жетелейтін гуманитарлық ғылымдар мен рухани тәрбие беру жүйесі кенжелеп артта қалуы, олардың рухани азуына ықпал жасап, адамзат өркениетін дағдарысқа әкелетін жол ашып отыр. Бұл мәселені ешбір саяси шешім, не бір шаралар түзете алмайды. Өйткені адамзаттың табиғи дамуындағы тепе-теңдік заңдылығы бұзылуынан туындайтын қайшылықтардан арылмай, қоғамдық өмірдің ең ауыр індеті жемқорлықпен күресте қандайда бір оң нәтижеге жету мүмкін емес.
Адам табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, табиғи дамып жетілуі өте күрделі, сана жетпейтін деңгейде болуы, оны жасанды роботты жетілдірудей басқару мүмкін емес. Табиғат пен адамның жаратылысына негізсіз араласу адамзатқа опат әкеледі (Әл-Фараби тағылымы). Ал пайда болған қайшылықтарды жеңудің жолы адамдардың дамуындағы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіріп сақтау және дамыту болатынын ұғу қажет.
Дүниежүзілік қоғамның даму тәжірибесіне үңілсек, жемқорлықтың пайда болуы адамзат тарихындағы қоғамдасып өмір сүруге қатысты өткен замана сатыларындағы қауымдастықтарға тән билік жүргізудің өзгеріп отыруына байланысты болғанын көруге болады. Адамдар қауымдастығының дамуы мен оны басқару деңгейі неғұрлым өскен сайын, жемқорлықтың деңгейі, қоғамдағы орны мен ықпалы өзгеріп отырған. Қоғам дамуындағы бұл заңдылық жемқорлықтың пайда болуы қоғамдағы билік жүргізу деңгейімен тікелей байланысты екенін көрсетеді. Адамзат өмірінде қауымдастықтардың жетіліп мемлекет құру деңгейіне өтуі, оны басқару жүйесінің бюрократиялық әдіске көшуі әкелген жемқорлық, қоғамдардың жазылмайтын дертіне айналуына алып келді. Оны әлемдегі ерте заманнан мемлекет институтының дамуына үлес қосқан елдердің тарихынан көруге болады.
Мысалы, Қытайдың мыңдаған жыл сатылап өткен тарихи жолының билік жүргізу жүйесіндегі бюрократиялық басқару тәжірибесінің әлемдік қоғамның даму үрдісіне қосқан үлесі анық көрінеді. Тарихи деректерге сүйенсек, әлемде мемлекет деңгейінде алғаш жемқорлықпен күресу алты-жеті ғасыр бұрын Қытай империясында қолға алынған екен. Ал еуропалықтар он жетінші-он тоғызыншы ғасырда, жемқорлықпен күресуді капитализмнің пайда болып дамуына байланысты біраз қолға алып, нәтиже болмағаннан кейін күресті тоқтатқаны белгілі.
Жиырмасыншы ғасырда жемқорлық мемлекеттердің басқару жүйесіне етене еніп, бүкіләлемдік қаржылық трансұлттық компаниялардың экономикалық экспансия жүргізуінің құралы болуы нәтижесінде дүниежүзілік көлеңкелі пайда табу жолын қуған экономиканың дамуына алып келді. Қазіргі кезде әлемдегі көлеңкелі экономиканың айналымындағы қаржы көлемі 67 триллион доллар шамасына жеткені мәлім.
Капитализм қоғамының өмір сүру негізі пайда табу (прибыль) болғандықтан, әлемдегі барлық елдердің басқару жүйесіне тән ең қатерлі дерт, жемқорлықтың кең етек жаюы, қоғамның дамуына тән заңдылықтан туындайды.
Ал біздің елдегі жемқорлықтың екпінді дамуын тоқтатуға бола ма деген сұраққа жауапты ғылыми жолмен іздеуіміз қажет.
Жауапты жалтақтамай, сауатты сараптама арқылы біздің қоғамдағы жемқорлыққа жол ашқан себептерді анықтап, содан кейін жемқорлықтан құтқаратын жол табу керек деп санаймыз. Яғни, адамзаттың екінші ұстазы ұлы Әл-Фараби айтқандай: «Ғылым – ақиқатқа жету...» деген жолды ұстанып, мейлінше ғылыми негіздерге сүйенуіміз қажет.
Қазақ жерінде жемқорлықтың пайда болу тарихы патшалық Ресей империясының отарлау саясатымен тікелей байланысты. Бодандыққа душар болған қазақ еліне орталықтан билеу жүйесін енгізіп, бұрынғы қазақи феодалдық қоғамдағы қалыптасқан дала демократиясы жойылды. Оның орнына ортадан басқару бюрократиялық жүйе енгізу салдарынан ел арасындағы туындайтын дау-дамайды шешіп, бақылауда ұстайтын билер институтының жойылуы, осы дау-дамайдың шешімдері халықтың назары мен ықпалынан шығып кетті.
Қазақ жерінде жұрттың жік-жікке бөлінуі, болыс сайлаулары енгізілуі парақорлықтың жолын ашып, қазақтар бұрынғы бірлігінен айырылып партия-партияға айналған топтар күрестерінің салдарынан жемқорлықтың құрбаны болуына жол ашты.
Қазақстандағы жемқорлық дертінің өрбуіне әкелген негізгі себептер:
Социализм жүйесінен нарықтық капитализм жолына өту кезеңін ғылыми сараптама жасау жолымен экономикалық бейімделудің сатылы (поэтапно) бағытын ұстанудың орнына, елімізде орын алып, қалыптасқан халық шаруашылығының экономикалық потенциалын шашыратып, ұлттық байлықтың әділдік жоқ талан-таражға түсуі салдарынан, қоғам ешқашанда мүдделері үйлеспейтін екі топқа бөлінді. Ел байлығына ие болған аз ғана топ байып, ал өз еңбегімен сол ұлттық дәулетті өндіріп-өсіргендер кедейге айналуынан туындаған қайшылықтар жемқорлыққа жол ашты.
Ел басқару жүйесіндегі кадрлердің партиялық нұсқау орындауға мықты, бірақ экономиканың даму заңдылығынан хабары аз саяси элита, ортақ меншіктікті жеке меншікке айналдыру жолында көптеген кешірілмес қателіктер жіберді.
Мүмкіндігінше, әр салалардағы өнеркәсіп орындары мен ауыл шаруашылығын сақтай отырып өзгерістер енгізудің орнына ғылыми негізі жоқ бағытқа барудың әкелетін зияндарын есепке алмай, еліктеумен батыс капитализмінен көшірген нұсқалардың әлі де жалғасуы орын алып отыр. Ұлттық байлықты бөлуде тек биліктегілер мен олардың туыс-таныстарының баюына мүмкіндік туғызғандықтан, қанағатсыз, ұяттан безген жасанды «буржуазия» пайда болуы салдарынан халықтың кедейленуіне жеткізген себептер: тәуелсіз мемлекеттің алғашқы қадам жасаған бастапқы кезеңінде, біраз саяси мәселелердің сауатты шешілуіне бұрынғы саяси элита ішіндегі ұлттық мүддені қорғауға күш салған азаматтар мен оларды қолдаған зиялы топ белсенділерінің ықпал етуімен демократияғалық қоғам құруға бет бұрған еді.
Бірақ басқару жүйесінде өз ықпалдарын күшейтіп, ұлттық байлықтың қазанынан мейлінше үлестерін алған ат төбеліндей топ тоқсаныншы жылдың ортасынан бастап тәуелсіз мемлекеттің дамуына жаңа бағыт енгізіп, автократиялық басқару ыңғайына қарай Ата заңға толықтыру енгізу орын алды. Соның салдарынан басқару жүйесі халық пікірімен санаспай, автократия жүйесін күшейтіп «демократияны» шымылдық ретінде пайдалана бастады. Бұл жол да жемқорлықтың көбеюіне жол ашты.
Елімізде экономиканы қайта құру (капитализмге ену) сауатсыз жолмен шешіліп, тек ұлттық қазынаға ие аз ғана топ ел байлығын өзара бөлісумен қоса, шет ел меншігіне сатудан пайда табуды жолға қоюы жемқорлықтың жаңа тәсілдерін әкелді.
Қазақстанды жемқорлықпен ұлттық байлығын тонаған ел деп, бүкіл әлемге жария етіп халқымыздың беделін жер еткен «Қазақгейт» ісінен бұрынғы биліктің ешқандай сабақ алмауы жемқорлықтың дамуына тежеу болмайтынын анық көрсетті.
Жемқорлықтың артуын тежеудің орнына әлемдік капитализмнің дамыған елдерінің «үздік тәжірибесі» деген сылтаумен ұлттық байлықты тонап шетелде жасырған азаматтардың заңсыз жиған дәулетіне кешірім жасауды заңдастыру жемқорлықтың өрісін кеңейтіп, қоғамдағы рухани тәрбиелік үдерістің жаңсақ бағытқа (протекционизм) ауысуына жағдай туғызды.
Сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы мен дамуына ықпал жасап отырған жағдай – кадр таңдаудағы орын алған кемшіліктер болар. Жоғары лауазымды азаматтар және биліктің төменгі сатысы аудан әкімдеріне дейін балаларын, туыстарын, тамыр-танысын билік жүйесі мен пайдаға бататын орындарға жайғастыруы етек жаймауы тиіс. Кейбір облыс әкімдерінің қала, аудан басшыларының мемлекет қаржысын өздерінің және жақындары мен таныстарының жеке кәсіптерінің даму қорына айналдыруына тыйым салудың орнына, ондайлардың мәнсабын өсіріп, жауапкершіліктен құтылуына ықпал етуі орын алды.
Әлемдік қоғамның даму тәжірибесінде демократиялық құндылықты бағалайтын елдердің озық тәжірибесі, кадрлерді таңдау мен тәрбиелеу жүйесіндегі ұрпақтар жалғастығын (егде – орта – жас кадрла арасындағы тепе-теңдік) сақтаудың кемшіндігі.
Біздің қоғамда кеңес дәуірінен қалған дағды – биліктің шешім қабылдайтын жоғары сатысындағы адам қартайғанша орнында отыру үрдісі жалғасты. Өмір тәжірибесін көрмеген, халқымыздың менталитетінен хабары аз, теориялық білім ғана алған жас кадрлерді билікке көптеп әкелу (Хрущев әдісі), іс жүзінде басқару жүйесіндегі авторитарлық биліктің шешімдерін іске асыруға ыңғайлы болғанымен, бұл жол қоғамдағы өмір зандылығынан туындайтын мәселелердің шешілуіне келгенде тежеу болатыны белгілі. Осы кемшілік жалғасса, жемқорлық келешекте де өрши берері айқын.
Біздіңше, жемқорлықтан құтылу үшін жасайтын қадамдар:
Ел басқару жүйесіндегі бюрократиялық ғылыми негізі жоқ автократиялық билікке мүмкіншілік туғызып, мемлекеттік бюджетті негізсіз ысырапқа әкелетін артық басқару буындарынан құтылу қажет.
Дамыған демократиялық елдердегідей Конституция талабына сәйкестендірілген, азаматтардың лауазымдарына қарамай заң алдындағы жауапкершілігін теңестіретін, мемлекеттің жоғары лауазымдағы тұлғаларға арнайы жеңілдіктерді заңдастыруға жол бермейтін, мемлекеттік билік жүйесінің жоғары лауазымдағы тұлғаларының іс-әрекеттері конституциялық соттың бақылауында болатын мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін құру қажет.
Президент пен премьердің тікелей парламент шешімдері мен халықтың пікір-талабына тәуелді болуын заңдастырған жөн. Аймақ басшылары Үкімет пен Құрылтайдың ұсынысымен жергілікті өзін-өзі билеу заңы негізінде сайланып, қоғамдық халық бақылауында қызмет істеуін іске асыру керек.
Конституциялық сот – биліктің үшінші тармағы (ал жоғарғы соттан бастаған сот жүйесі биліктің тармағы бола алмайды, олар билікке тәуелді) дербес жұмыс істейтін, мемлекет пен үкімет басшыларына тәуелсіз, арнайы заңмен құрылып, Ата заңның орындалуын қадағалайтын, ол аймақтардың қоғамдық ұйымдар өкілдерінің ұсынысы бойынша парламентте ашық бекітілетін мемлекетік билеу жүйесін халықтық бақылауда ұстайтын жоғарғы орын.
Қонституциялық сот мүшелеріне қойылатын қатал талаптар: ұлтының мүддесі мен халықтың намысын қорғайтын, ары таза, адами қасиеті зор, дүниеқорлық, тәкаппарлық пен атаққұмарлықа жол бермейтін, жұртқа сыйлы, жан-жақты білімді, тәжірибесі мол, мінезі ұстамды және философия, экономика, заң, саясатты жақсы меңгерген, мемлекетшіл алпыс жастан асқан азаматар сайланғаны абзал.
Ең жоғарғы мемлекет басқаратын лауазымды тұлғалардан бастап биліктің төменгі сатысы әкімдер, министрлер депутаттардың отбасы мүшелері мен туыстарының алғаш бизнес құрғандағы қаржылық көзінің заңдылығын тексеретін арнайы мемлекетік комитет құру. Заң бұзушылық анықталған жағдайда, өз еркімен жинаған байлығының 70 пайызын мемлекетке қайтаруға тиіс. Оған келіспесе сот арқылы үлессіз реттелуі қажет. Әділдікті сақтау үшін, олардың билік жүйесіне қатысы жоқ кездердегі ашқан бизнестері қызмет бабын пайдалану арқылы дамымаған болса, ондай кәсібі сақталады. Заң бұзған азаматқа қалдырылатын үлес оның отбасының келешекте бизнесін тазалықпен жалғастыруға мүмкіншілік жасауға бағытталады.
Мемлекет пен аймақтарда ел басқарған азаматтардың отбасы мүшелері мен туыстарының билікке араласуын, бизнестерін дамытуда тамыр-таныстарын пайдалануды қатаң заңмен бақылауда ұстау керек.
Демократиялық қоғамда адамға табынуға (вождизм) жол берілмеу үшін, мемлекет пен үкімет басшысы, министр, әкімдер мен қатардағы жұмысшы заң алдында өз әрекеттеріне бірдей жауапқа тартылуын бақылауды заңмен бекіту қажет. Мемлекет пен үкімет басшыларының заң алдындағы жауапкершіліктері қарапайым азаматтардың құқығымен бірдей болып, оларға қандай да бір ерекше жеңілдік берілмеуі тиіс. Тек сонда ғана заң бойынша әділ шешім қабылдай алады. Осындай заң қоғам өмірінде орын алғанда ғана, пара алуға (беруге), сыбайласқан жемқорлыққа тосқауыл болады.
Билік жүйесіне көлеңкелі экономикаға қатысы бар, ел байлығын тонаумен айналысып, оффшорлық аймақтар арқылы табыстарын жасырғандарды, отбасы мүшелерін ел басқаруға қатысы бар орындарда қызмет етулеріне, сайлануға тыйым салуды заңдастыру қажет.
Жоғары білім алған жас мамандарды келешекте ел басқаруға тарту үшін арнайы заңмен құрылған кадрлық резерв мектебінен өтуі қажет. Оларды дайындау, алдымен жер-жерлерде, салаларда қатардағы қызметтен (жұмысшыдан) бастап сатылап өсетін еңбекпен тәрбиелеу жүйесі керек. Ал жас мамандарды бірден министрлік, ведомстволарда жұмысқа қабылдаса, олар қандай мықты білім алған болса да, іскерліктен гөрі, мәнсап қуған өзімшіл, тәкаппар бюрократия мен карьер қуған жолда қалыптасатыны белгілі.
Жемқорлыққа қатысты сот арқылы жауапкершілікке тартылған азаматтарды, әкелген шығынды толық қайтарды деп, оларға айыппұл салып қана шектелуге тыйым салу қажет. Ұры бір адамға немесе ұжымға зиян әкелетіндіктен, оларға зиянын толық қайтарса, айыппұл салып босатуға болатын да шығар. Ондай шешімді халық пікірімен санасып шешкен жөн деп санаймыз. Парақор өз әрекетімен барша қоғамға зиян әкеледі, оларға кешірім жоқ. Олар ұрпақ тәрбиесіне зиянын тигізіп, қоғамдық сананы ірітеді.
Саяси партия туралы заң бойынша, сайлауда дауыс алған партиялардың парламенттегі депутаттары арқылы билік жүйесіне ықпал етуі қажет. Сол партияның облыс, ірі қала, аудандағы бөлімшелердің билікке араласуына тыйым салу қажет. Олардың ұсыныстарын партияның орталық ұйымына жіберу арқылы шешу жүйесін енгізген жөн. Сонда ғана жергілікті өзін өзі басқару жүйесінде әділдік болады.
Саяси-экономикалық реформаларды жүргізіп, жаңа ел басқару жүйесін енгізуді Жарғы, Заң қабылдаумен шешу ешқандай нәтиже бермейді. Бұл тұрғыда жалпыхалықтық әділетті референдум арқылы бір тұжырымға келіп, көпшілік қолдаған пәрменді Ұлттық бағдарлама болуға тиіс. Өйткені Бағдарлама Ата заңды қоғам дамуына қайшылық әкелетін толықтырулардан тазартып, соның негізінде заңдарды өзгертіп, нағыз халықтық бағытты бекітетін үрдіске жол ашқаны жөн. Референдум өткізу тәртібі халықтың бақылауында болуы ләзім.
Жемқорлық індетіне тек билікті ғана біржақты кінәлау ақиқатқа қайшы келеді. Қазақта «Халқы қандай болса – ханы сондай болады» деген даналық сөз бар.
Бабалардан қалған рухани құндылық, жігер, намыс, парасаттылық адами қасиеттерін жоғалтқан, құлдық сана билеп еліктеумен жүрген жұртты кім сыйлайды? Бірлігімізден айырылып, кім мақтаса соған еріп, пайда мен мадаққа құлай жығылып, өз қатемізді көрмей, басқаның кемшілігін түгендеуден аспай, кім жетектесе соған еретін мінез-құлықты түземей ел бола алмаймыз.
Бұл кемшіліктен шығудың негізгі жолы – ұлттық сананы жетілдіріп, соның негізінде ел намысын қорғайтын қоғамдық жаңа сана қалыптастыру қажет.
Ұлттық сана қалыптастыратын тәрбие отбасынан басталады. Алдымен халқымыздың бай құндылығы отбасының намысын содан кейін жік-жікке руға, жерлестікке бөлінуден жиреніп, ел бірлігін сақтап, ұлттың намысын қорғайтын сана қалыптастырайық.
***
Тағы бір өте өзекті мәселе.
Бізде тіл жанашырлары көп, бірақ тіл мәдениеті неге жоқ, оның түпкі себебі қайда жатыр? Осы сұраққа бас ауыртып жүргендердің үні неге естілмейді. Бізде екінің бірі: елімізде тұрып жатқан басқа жұрт өкілдері неге мемлекет тілінде сөйлемейді деп ұрандатуға бейім. Бірақ солардың өздері неге қазақ тілінің қасиетін сақтап, намысын қорғауды өздерінен бастамайды. Өкінішке қарай, қазақтардың өздері таныстарымен, балаларымен кез келген жерде таза қазақша сөйлесудің орнына, маңайында бір орыс, не орыс тілді бір шала қазақ отырса, солардың ығына жығылып, өз тілін екінші кезекке ысыра салады. Бұл не? Құлдық мінездің шырқау шегіне жеткен жағымпаздықтың салдары ма, жоқ әлде түйсігіндегі қалыптасып қалған өзін өзі кем санайтын жігерсіздіктен бе?..
Терең ойласақ, бұл біздің тіл мәселесіне жеңіл-желпі қарайтын тіршіліктегі мәдениетсіздігіміз бен сауатсыздығымызда жатыр. Біз өзімізді мәдениетті көрсетуге тырысып, әркез көшеге шығарда жақсы киінуге, біреумен кездесуге, не қонаққа барғанда өзіңді қалай ұстауға мұқият көңіл бөлетінімізді ұмытпаймыз. Ал енді біреумен қазақша сөйлегенде қаншалықты тіл мәдениетін сақтап, ойымызды ұғынықты жеткізе алдық па деп ойламайтынымыз, ол біздің тіл мәдениетінен хабарымыздың аз екенін көрсетеді.
Содан да болар, қазақ тілінің бай қасиетін білмейтін, шала сауаттылар (тіл сауаты), өздері орыс тілін шала меңгерсе де, орысша сөйлеуге бейім келеді, кейбіреулері қазақша-орысша сөздерді суша араластырып, қойыртпақ жасайды.
Бұндай әдет көбінесе өзін көп оқыған интеллектуалдымын, зиялымын деп санайтын, бірақ өздерін мәдени сауаттылыққа тәрбиелемеген, оқуы көп болғанымен, тоқуы аз азаматтарда кездеседі. Бір қиналатын жағдай мынада: оның осы тіл мәдениетсіздігі газет-журналдарда, көгілдір жәшік пен радиодан беретін бағдарламаларда кеңінен орын алатыны өкінішті. Кейде отандық телешоуларды көріп отырып, оны жүргізушілер мен мәдени майдан «жұлдыздарының» сауатсыз, мәдениеті шамалы сөздерінен өсер ұрпақ қандай тәлім-тәрбие алып жарытады деген ой мазалайды.
Тізе берсе, кемшілік көп, бірақ біздің бабаларымыздың «Құдай аяғымды алса алсын, бірақ тілімнен ақсатпасын» деген даналығын ұмытпасақ. Неге десең, тіл ұлттың жетілгенін, оның мәдениетінің деңгейін көрсетеді. Тілсіз – ұлт жоқ. Тілдің мәдениеті төмендесе, ол әлсіреп өз ұлтының дамуын тежейтін жағдайга ұшырап, келешек ұрпақтың рухани азғындыққа душар болуына әкелетіні де аян.
Қазақ тілінің тарихи даму жолы халқымыздың талай ғасырлар бойы басып өткен сапарының айнасы. Біз қазақ тілінің әлем халықтарының ішіндегі бай тілдің бірі екеніне күмәнданбауымыз керек. Өйткені қазақ тілінде әрбір сөздің үштен – онға дейін, кейбірінің одан да көп баламасы кездесетін бай тілге жатады. Бұл – әлем халықтары арасында сирек кездесетін қасиет. Өзіміз дәріптеп жүрген орыс тілінің өзінде бұл қасиет шамалы. Кейбір қазақ тіліндегі сөздің баламалары орыс және бізге таныс басқа тілде кездеспейді. Қазақ тілінің тағы бір қасиеті – басқа халықтарда сирек ұшырасатын – астарлап сөйлесу жүйесі бар. Өкінішке қарай, қазір астарлап сөйлеу қасиетінен қазіргі замандағы қазақтар айырылып жатыр.
Болат ДҮЙСЕМБІ, саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі