ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗДІ ТӨРГЕ ШЫҒАРАР ТҮРЛІ ЖОЛ БАР
2026 ж. 22 қазан
94
0
Келесі айда елімізде теңгенің айналымға енгеніне 33 жыл толады. Осы уақыт аралығында төл ақшамыз сыртқы келбетін ғана емес, бағамын да мың құбылтты. Оның сонау жастық шағымыздан бастап осы күнге дейін доллармен және басқа да шетелдік валюталармен «алысып» келе жатқанына біз куәміз. Үнемі «итжығыс» болады. Бұл жолғы сәл жеңістің арты да солай жалғасатын сыңайлы.
Әлемді жаулап тұрған АҚШ долларының төл ақшамызға шаққандағы бағамы өткен айда әжептәуір төмендеп, теңгеміздің нығайып қалған жайы бар. Бірақ сол нығаю ұзаққа созыла ма? Бұл тұрғыда болжам біржақты емес. Оның үстіне қазірдің өзінде, керісінше, доллар қайтадан нығайып жатыр. Бұл оның бір қадам артқа кетсе, екі қадам алға жылжитын «әдетінен» жаңылмағанын көрсетсе керек.
Расымен осы жолы да солай болып жатқандай еді. Доллар бағамы қыркүйекте төмендеп, айдың аяғында 439 теңге болды. Сол айдың басынан бастап бағамы 454-455 теңгеге дейін жәйлап түскен АҚШ ақшасы 29 қыркүйекте осы деңгейге барып бір-ақ тоқтады. Алдындағы тамызда да оның ең жоғарғысы 464,97-ні, ең төменгісі 456,88-ді көрсетіп, төл ақшамыз кәдімгідей нығайып жатты.
Бағамның 439 болғанын көргенде, қол шапалақтап, доллар әрі қарай да әлсірей берсе деп үміттендік. Бірақ үміт ақталмады. Содан кейін-ақ жағдай күрт өзгерді. Қазақстанның қор биржасындағы (KASE) бірнеше сауда сессиясы барысында АҚШ ақшасының бағамына 18 теңге қосылып, 6 қазанда ол 457,2 теңгеге жетті. Мұнда сол күнгі сауда көлемі 645,15 миллион доллар болған. Бұл қыркүйектегі көрсеткіштен шамамен 36 пайыз артық. Ол кезде орташа күндік сауда көлемі 474 миллион доллар еді. Осылайша, доллар қайтадан тамыздағы деңгейіне бірнеше күнде-ақ жетіп алды.
Теңгенің нығаюы мен әлсіреуіне әсер ететін жайттардың бірі және бірегейі мұнай бағасы екені бесенеден белгілі. Елімізден сыртқа тасымалданатын қара алтын сорттары – CPC Blend (Caspian Pipeline Consortium Blend – Каспий құбыр желісі консорциумы өңдеген қоспа) пен KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil – Қазақстан мұнайының экспортталатын қоспасы) бұл тұрғыда әлемдік марка – Brent-ке қарап «бой түзейді». Яғни біздің мұнай бағасы Brent-ке байланған. АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) мәліметінше, Солтүстік теңіздегі кеніштерде (Ұлыбритания мен Норвегияның ортасында) өндірілетін осы әлемдік марканың қыркүйектегі орташа жедел сатып алу немесе сату құны барреліне 114 $ болған. Ал әлемдік бағаның өсуіне өткен айда Таяу Шығыста мұнай құбырына хуситтердің шабуыл жасағаны себеп. Соның салдарынан құбыр жұмысы тоқтап қалды.
– Сауд Арабиясындағы «Шығыс-Батыс» құбыр желісіне жасалған шабуыл әлемдік мұнай қоры азайып жатқан тұста заттай тасымал мен бағаның құбылмалы болуы мүмкін екенін көрсетіп тұр. Оған дизел отыны нарығындағы өте қиын жағдай қосымша әсер етуде. Яғни мұнай өнімінің осы түріне деген қажеттілікті өтеуге талпынған мұнай өңдеу зауыттарының сұранысы артып жатыр, – дейді EIA өкілдері.
Бұдан кейін қара алтынның құны түсе бастады да, 7 қазанда қайтадан көтерілді. Өйткені бұл кезде Сауд Арабиясындағы хуситтер шабуылы тағы жалғасып, қауіптің сейілер түрі байқалмады. Сол күні Brent-тің бағасы 101,53 доллар болды да, доллардың Қор биржасындағы бағамы 447 теңгеден сәл асты. Ал соның алдындағы күндері бізде АҚШ ақшасы көтеріліп, 457-ге дейін бағаланған.
Өзге де әсер етуші факторлар бар, әрине. Валюта нарығындағы соңғы жағдай ел экономикасының өсіп кеткенін білдірмейді. Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың ойынша, өкінішке қарай, бұған оның әсері әдеттегідей аз болған. Мәселені басқа қырынан қарастырған жөн.
– Негізінен, теңгенің нығаюына Ұлттық банктің Монетарлық саясаты (ақша – несие) мен қатаң валюталық реттеу әсер етті. Бұндай жағдай 2003-2007 жылдары болған. Ол кезде 1 доллар 150 теңгеден 120 теңгеге дейін құнсызданған еді. Бұл 20-22 пайызды көрсетті. Бұған экономиканың өсуі және шеттен келетін валюта ағыны әсер еткен болатын. Ал қазіргі теңгенің нығаюы 15-17 пайызды көрсетті. Негізгі себеп – доллар мен басқа да шетел валютасының елімізге көптеп келуі, – дейді сарапшы.
Ал Қазақстан қор биржасында доллар неге көптеп сатылып жатыр дегенге келгенде, экономист мына жайттарды алға тартады:
- Квазимемлекеттік компаниялар 50 пайыз валютасын сатуға міндеттелген. Мұнай бағасының өсуі доллар түсімдерін көбейтті.
- Ұлттық қордан әр айда Республикалық бюджетке трансферт үшін 300-500 миллион доллар сатылуда. Бұл – «Голланд ауруы» атымен белгілі үрдіс.
- Долларсыздандыру саясаты бойынша жылдық мөлшер 1 пайыз болғаны үшін валюталық депозиттердің көлемі 50 пайыздан 20 пайызға түсті. Доллар сатылды.
- Шетел резиденттері теңгелік депозиттердің жылдық 20 пайызға дейінгі табысын алу мақсатында және Мемлекеттік облигацияларын сатып алуға ынтасы нәтижесінде өз валюта қаржысын биржада сатып, теңге допозитіне салуда.
- Ресей, Қытай және басқа елдердің долларсыздандыру саясатының әсері бар.
- Импорт көлемі оншалықты өспей тұр.
Теңге нығайып жатқанда, KASE-дегі сауда қыза түскен. Қыркүйекте ондағы күн сайынғы орташа сауда көлемі 415 миллион доллардан 474 миллион долларға ұлғайды. Ал ай бойынша жалпы көлем 10,4 миллиард доллар болды. АҚШ ақшасына деген осыншалық сұраныс негізінен импорт бойынша келісім-шарттар мен корпоративтік сектордың сыртқы міндеттемелерін өтеу есебінен қалыптасып отыр. Бұл жағдай да – теңгені қолдайтын факторлардың бірі.
Жоғарыда айтылған трансферт жайына келсек, Ұлттық банктің мәліметінше, қыркүйекте Ұлттық қордан нарыққа 200 миллион доллар сатылған. Бұл жолы шетел валютасына қатысты ұсыныс жеткілікті болғандықтан, реттеуші тарапынан тікелей интервенциялар жасалмапты. Сондай-ақ, Ұлттық банк осы төртінші тоқсанда 907 млрд теңгеге баламалы шетел ақшасын сатуды жоспарлаған. Бұл да – теңгені демеп жіберудің бір жолы.
Биыл елімізде базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде белгіленіп келді. Десе де, ол соңғы рет қыркүйектің басында бекітілгенде төмендеп, 16,25 пайыз болды. Бірақ алдыңғы жылдармен салыстырып орташа алғанда, осы жылы жоғарылау деңгей көрсетіп тұр. Яғни базалық мөлшерлеменің бұндай болып тұруы теңгелік активтердің (мемлекеттік облигациялар мен депозиттердің) тартымдылығын арттырып, шетелдік инвесторлардың капитал ағынына септігін тигізуде. Сәйкесінше, қазақ валютасының нығаюына жол ашылды.
Осы тұста базалық мөлшерлеме дегеннің не екенін сәл түсіндірсек. Ұлттық банк оны жылына сегіз рет бекітіп отырады. Бұл – орталық қаржы ұйымының (бізде ол – Ұлттық банк) коммерциялық банктерге қарыз беретін немесе ақша қабылдайтын ең маңызды пайыздық мөлшерлемесі әрі елдегі инфляцияны реттейтін негізгі құрал.
Базалық мөлшерлеме көтерілсе, ақша қымбаттайды. Ондайда тұрғындар үнемдеуге көшіп, одан тұтынушылық азайып, баға тұрақталуы мүмкін. Ал оның пайызы түссе, керісінше жағдайдың куәсі боламыз. Осылайша, базалық мөлшерлеме елдегі инфлияция деңгейіне, соның ішінде валюта бағамына ықпал етеді. Ол азаматтарға берілетін несиелердің үстеме ақысын белгілеуде де негізгі рөл атқарады. Ұлттық банк оны түсірерде не көтерерде елдегі нарықтың жағдайын ескереді.
Долларсыздандыру саясаты да – валюта бағамына әсер етуші факторлардың бірі. Бұл, аты айтып тұрғандай, халықаралық есептесу барысындағы және жинақтардағы АҚШ ақшасының үлесін азайтуды, сөйтіп, оның орнына ұлттық валютаны қолдануды қарастырады. Қарапайым тілмен келтірсек, ол дегеніңіз долларға тәуелділіктен арылу ғой.
Бірақ арылу оңай болмайын деп тұр. Банк жүйесіндегі валюталық депозиттер үлесі төмендегенімен, сарапшылар доллардың ел экономикасындағы рөлі әлі де жоғары екенін айтады. Халық пен бизнес тәуекелдерді азайту үшін шетел валютасын «шұлығына тығып» немесе шетелдік шоттарда сақтауды жалғастыруда. Демек, долларсыздандыру саясатынан да әзірге теңгеге аса пайдалы нәтиже көріп тұрған жоқпыз.
Жалпы, сарапшылар доллардың әлсіреп, теңгенің күшеюі біздің экономикаға кері әсер ететінін айтады. Сапарбай Жобаевтың ойынша, мұндайда экспорттаушылар ынталандырылмайды, импорт өседі, бюджет түсімі азаяды. Осыдан келіп, доллар бағамы қанша түссе де, Үкімет бүгінгі шарықтап бара жатқан қымбатшылықты ауыздықтай алар емес. Әрі бұл жерде олигархтардың айы оңынан туып жатқандай. Олардың есебі түгел.
– Кейбір ірі олигархтардың теңгенің қазіргі нығаюынан пайда табу әрекеті де жоқ емес, – дейді сұхбаттасымыз. – Олар арзан долларды қазір миллиардтап сатып алады. Ертең доллар қымбаттағанда сатып, еңбексіз пайдаға кенелуі бек мүмкін. Ал баға өседі. Әсіресе, азық-түлік пен коммуналдық төлемдер қымбаттайды. Негізі, баға жер және квазимемлекеттік компаниялар жекешелендірілгенше өсе береді. Және бұған ( инфляцияға) Үкіметтің тиімсіз фискалдық (бюджет-салық) саясаты әсер етіп отыр. Ұлттық қордан ақша алуды тоқтатпасақ және әр жылғы бюджеттен биліктегілердің жоғары жалақысын индексациялау тоқтамаса, инфляция ауыздықталмайды. Бұл жерде тек аз жалақы алатындарды ғана индексациялаған жөн.
Валюта бағамына төлем балансының ағымдағы шоты тікелей әсер етеді. Ал бұл не шот? Ұлттық банк оған «елдің басқа мемлекеттермен жүргізетін тауарлар, көрсетілетін қызметтер, бастапқы және қайталама кірістері бойынша барлық операцияларының жиынтығын көрсететін негізгі шот» деп сипаттама берген. Ол енді қалай оң нәтиже беріп тұр?
– Экспорт көлемінің қаржылық өсуіне мұнай бағасының жоғарылауы әсер етті. Транспорттық түсімдер мен басқа қызметтер бойынша экспорттық түсім жылына 12 миллиард долларға жетті. Яғни қызметтер шығынымен теңелді. Кезінде шығын 11 млрд доллар, түсім 5-6 млрд қана еді. Осы себептер қысқа мерзімде (үш-төрт айда) теңгеміздің қуаттануына алып келді, – дейді С.Жобаев.
Ал болашаққа болжам біржақты емес. Негізі, бүгінгідей құбылмалы заманда олай бола алмайды да. Экономист бұл тұрғыда мынаны айтты:
– Мұнай бағасы барреліне (бөшкесіне) 85-90 доллардан түспесе,
Үкімет Ұлттық қордан бюджет тапшылғын жабу мақсатында валюта сата берсе, ал компаниялар экспорттық түсімдерін биржада сата берсе, 1 доллар тұрақты түрде 450-500 теңге айналасында болады. Егер әлемдік саясат өзгеріп, мұнай бағасы түссе, жыл соңына дейін 1 доллар 500-510 теңгеге жетуі мүмкін.
Сонымен, өткен аптаның аяғында доллардың KASE-дегі бағамы 451 теңге төңірегінде болды. Енді АҚШ ақшасы жаңа жылға дейін бұрынғы бір кездердегідей 500-ді бағындырып, тіпті одан асып, келесі жүздікке жетіп жатса, еш таң қалмаңыз. Өйткені соңғы кезде теңге нығайды деп қанша ауыз толтырып айтқанымызбен, оның әлі қырық құбылары хақ.
Оразәлі БАЙМҰРАТ,
Қазақ үні