"Орыс тілі мемлекеттік тіл емес" - АҚШ Мемлекеттік хатшысының сөзі
2026 ж. 19 қазан
144
0
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Өзбекстанда жергілікті журналистердің өзіне өзбек тілінде емес, орыс тілінде сөйлегеніне таңғалды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Самарқандта АҚШ Мемлекеттік хатшысы баспасөз өкілдерінің бірінен өзбек тілін меңгерген-меңгермегенін сұрады. Журналист орыс тілінде аздап сөйлейтінін айтқанда, Рубио елдегі тіл мәртебесіне қатысты пікір білдірді.
— Сіз жергілікті тілде, өзбек тілінде сөйлейсіз бе? Бұл не, орыс тілі ме? Жарайды. Орыс тілі мұнда мемлекеттік тіл емес қой, көп адамның білгені жақсы шығар. Жарайды, келесі жолы, — деп үміт білдірді Марко Рубио.

Егер АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанға келсе, Өзбекстандағыдай кейбір журналистер ғана емес, мемлекеттік емес тілде сөйлейтін мемлекеттік қызметкерлердің көптігінен талып құлайтын шығар?!.
Еске салайық, Рубио 18 қазанда Самарқандқа келді. Әуежайда оны Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева мен Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов қарсы алды.
19 қазанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Регистан кешенін аралап, аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланған «С5+1» форматындағы министрлер кездесуіне қатысты.
Г. Садық,
Қазақ үні