ОТАН НЕ ҮШІН КЕРЕК?
2026 ж. 19 қазан
85
0
Жапонияда болған бір оқиға әлемді таңғалдырды. Тасымал қысымын жеңілдету үшін Токионың қасынан Нарита әуежайын салатын болып, үкімет керек жер телімін алдын ала тұрғындармен келісіп, сатып алмай тұрып бұл жобаны жариялап қояды. Сол-ақ екен, тұрғындар жер телімінің бағасын жүз есеге көтеріп жібереді. Оған үкімет көнбей, ақыры сол кездегі «коммуналдық қызметке арналған жер телімі» заңы бойынша соттан шешім шығады. Нарық бағасынан он есе жоғары төлем төлеп жерді қайтарып алмақ болады. Оған көнбеген халық полицейлермен соғысып үш сақшы қайтыс болып, 150 адам жараланады (тағы бір деректерде 15 сақшы қайтыс болды делінген). Өз басым жапондықтардың жүз есе баға сұрағанына таңғалдым.
Осы іске бола 1995 жылы Жапон премьер-министрі Томичи Мураяма тұрғындардан кешірім сұрап, халықтың жер телімін одан да жоғары бағаға сатып алуды бұйырады. Онда премьер-министр қандай себеп болса да үкімет халықтың еркінсіз бір шаршы сантиметр жерін алуына болмайды деп ашық айтады.
Одан кейінгі премьер-министрдің «Жапония құрыса құрып кетсін, кез-келген жапондықтың құқығы тапталмасын!» деген сөзіне тіпті қатты таңғалдым. Сол үшін болса керек, он шақты күн бойы бұл сөздің қалай айтылғанының байыбына бара алмай жүрдім. Отан деген өте қасиетті ұғым ғой, жас кезде отанға қажет болатын сәт туса өзімізді отанға арнаған сәттерді елестеткен кездеріміз де болды.
1989 жылы ҚХР-дағы Тиан ан мын уақиғасында студенттер жаппай ереуілге шықты, сабақ бірақ тоқтап қалған еді. Менде Қытай курстастарыма еріп, көпке қосылып, ереуілге шыққамын. Бұрын оларды қорқақ, өзімшіл, біреуді біреуге айдап салғысы келетін қулықтары үшін онша менсінбейтінмін (әрине, түзу ақкөңілділері де баршылық). Ал, ереуілде жүргенде олар шынымен қорқақтықтарын, өзімшілдіктерін ұмытып, қандары тасыды. Мен оны шынайы сезіндім, әрі өзім де шіркін көзімнің тірісінде ҚХР-ы емес өз қазағымның егемендігі, теңдігі үшін өзім сияқты қазақтардың ішінде бәрін ұмытып, қаны таситын, күн болар ма екен, деп ойладым. Ол кезде СССР алып держава еді, қазағым онымен күресіп егемендігін алады дегенге көзім жетпеді (шынын айту керек). Үміт жоқ болғанның өзінде адам ретінде, егемендігің, теңдігің үшін тіпті бір рет болса да күресіп қалуыңның өзі бұл өмірден өкінішсіз өту болар еді.
Соңынан жайлап түсінгенім, Жапон елі әрбір жапондықты «жалғызым» «теңдессізім» деп бағалайды екен, олардың кез-келгенінің ар-намысы құқығына зәредей шек келмеуі үшін жұмыс істесе, әрбір жапондық отаны үшін несін аяды дейсің!.. Оның үстіне әуежай территориясына кіріп тұрған бір отбасы қанша ақша берсе де жерін сатпай қойыпты, үкімет шарасыз оның жерін қалдырыпты, соның кесерінен әуежайдың екі жолағы іске қосыла алмапты, әрі сол тұрғынның демалысына кесірі тиетін болған соң қалық аралықәуежай түнде жұмыс істей алмайтын болыпты.
Ойламаған жерде бұл жағдай Жапонияға қыруар ақша мен инвестиция құйылуына себепші болыпты. Оның себебі әуежай территориясында ерекшеленіп көзге ұрып тұрған жалғыз үй шетелдіктердің назарын аударыпты, оның себебін білгенде, халық арада недәуір сыбыс қозғалыпты, Жапон өкіметі қарапайым диқанға (заңгер емес, танымал адам емес) шамасы келмесе, онда ол ешкімге әлімжеттік жасай алмайды деген. Бұл жұмыс жасауға, ақша байлықтарымызды әкеп сақтауға ең қауіпсіз орын екен депті.
Содан болар Жапонияда қатты жер сілкінісі болып банкі құлағанда, талай ел басшылары, шенеуніктер мен байлардың онда тыққан ақшасы, әшкере болды.
Таяу жылдарда болған Жапон-Қытай «Ілмек балық аралы, яғни, Гу Ию Дау аралы» оқиғасының тартысында, немістің Азия істерін зерттеушісі «Егер екі ел соғысса, ол Қытай үшін есесін қайтару, кегін алу болса, жапондықтар үшін, ол өмір мен өлім екеуінің бірі » деген екен.
Тілші Жапонның танымалы әйел жұлдызынан Егер Жапон-Қытай соғысса қалса, не істейсің деген сұраққа «Мен барымды арнар едім, өзімді ел қорғайтын солдаттардың астына салып берер ем» деген екен. «Ерім дейтін Елі болмаса, Елім дейтін Ері қайдан болсын». Егер Жапония әр жапондықты "жалғызым" деп тұрса әр жапондық оның құруына жол бере ме?
Тарихта 1894 жылы «Жапон-Қытай Жа Уұ» теңіз соғысы болған, онда Жапон теңіз армиясы Қытай теңіз әскери кемесін, теңізден ығыстырып өзенге қуып тығып атқылағанда, жапондықтардың зеңбірек оғы Қытай кемелеріне тимей қалса, өзен жағасында тамашалап тұрған, Қытай халқы «Ой, әттеген-ай!» деп, тисе алақайлаған екен. Бұны көрген ағылшындар бұнысы қалай деп, таң- ғалады. Өз армиясын жаулары атқыласа, халқы сайыс ойындарын, тамашалап отырғандай алақайлағаны қалай деп жазған екен.
Ағылшындардың жазғанын, бертінгі Қытай оқымыстылары, шіріктескен ЧИН патшалығы өз халқын адам деп санамағаны үшін Қытай халқы да өзінің отаны барын сезіне алмаған, сырттан жау келсе, тау-тас, өзен-көл, байлық бәрі патшанікі болса, игілігін солар көрсе, ол байлығын өзі қорғап алсын деген, әрі халықты әбден құлдыққа үйретіп, еті өліп кеткен, елін біреу басып жатса да, оларға бәрі бір. Қара халық, еркегі басқыншыларға жалшы болып, қыз-қатындары ашына, күң болып жүре берген, ішқып жан бақса болды , қара қалық үшін кім қожаиын болсада бәрі бір емеспе деген екен.
2011 жылдар болса керек, Төле би көшесі мен Тұрғыт Озалы көшесінің қилысында такси мен кетіп барамын. Таксис 25 жас мөлшеріндегі жігіт екен, өзі армиядан жаңа қайтып келіпті. Мен оған «Жарайсың!.. Ел қорғайтын азамат екенсің ғой!» деп, жай ермек болсын деп әңгіме қозғадым. Патриоттығым ұстап емес, Ол аузын бұзып «Мынауымды қорғаймын! Маған бәрі бір. Квартирада жүрмін, бала-шағамды асырай алмай, күн-түн жанымды жеп өтудемін. Өкімет маған бір тиын беріп пе?» деп қатты ашуланды. Оның сөзі маған қатты өрескел сезілді. Осы оқиғаны бірнеше рет жолдастарыммен отырғанда мынау деген сұмдық жағдай ғой деп айттым. Мен сол жолы таксис жігітке «Отан мұқым қазақтікі, ұрпағымыздікі, біреуге өкпелеп отанды қорғамаймын дегенің дұрыс емес. Жырғап жүрген кім бар дейсің, балаларыңды ойла, ұрпақты ойла!» деп, білгенімді айтқандай болдым.
Таяу жылдарда отанымызға отпен-суды кешіп біраз қандастармыз пана іздеп қашып келді. Жолда суға батып, тұншығып, отқа өртеніп жете алмағаны қанша!.. Енді соларға Қазақстан пана болмағаны қалай? Қазақстан сырттағы қандастарымыздың жазықсыз жағдайын көргенде «мәу» демегені қалай? Қазақстан «әр қазағым жалғызым» десе, олардың намысы мен еркіндігіне қорғап, жақсылыққа әділдікпен, теңдігіне жаршы болса, бір жағдай болса, ер азаматтар емес қыздарымыз бен әжелерімізде ойланбастан, қолына ілінгенін алып жауға шаппай ма? Патриотизмді үйретепей-ақ, жас баладан еңкейген кәріге дейін отанын көзінің қарашығындай қорғайтын еді-ау.
Нұрлан Тәліп, дәрігер