Қазақ көбеймесе, Қазақстан қалай күшейеді?
2026 ж. 07 қазан
75
0
Жапонияның Нагоя және Аичи қалаларында өткен Азия ойындары жарысы аяқтады.
Қазақстан қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль түсіп, жалпы есепте ел құрамасы 8-орынға жайғасты. Өзбекстан 5-ші орында, бізден алда!
Медаль саны бойынша Қытай бірінші орын алды — 169 алтын, 89 күміс, 83 қола. Екінші орында Жапония, үшінші орында Оңтүстік Корея тұр.
Өзбекстан 21 алтын, 25 күміс, 24 қола медальмен бесінші орынға ие болды.
Иә, медал саны бойынша алдыңғы орынға жайғасқан елдердің көбі дамыған елдер. Олардан неге аспадық деп ешкім айтпайды. Бірақ бізбен бірге тәуелсіздік алған, жер көлемі де бізден кішкентай өзбек елінің бізден қозы көш жерге озып кеткені ойлантады. Бұл, сөз жоқ, САННАН САПА ТУАДЫ деген қағидаға саяды. Яғни 38 миллион халқы бар өзбектің 20 миллион халқы бар қазақ елінен асып түсуі табиғи. Мұндайды қазақ «көп қорқытады, терең батырады» деп баяғыда айтқан.
Енді ойланып көрейік, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда қанша, Өзбекстанда қанша халық бар еді? 35 жылда олар қаншаға жетті? Біз неге 20 миллионнан әзер (оның 1,5 миллионы шетелден көшіп келген ағайындар) астық? Жаз болса еркек кіндіктісі шетел асып жұмыс іздеп кететін өзбек қалай тез көбейіп жатыр? Тіпті алақандай жеріне сыймауға айналса да, жыл сайын көбейіп жатыр. Бізде де өсім бар, бірақ Өзбекстандағыдай тез емес. Сонда не, гап ананың жатырында, атаның белінде ме?! Жоқ, оның бір қанша себебі бар. Ең бастысы әлеуметтік жағдай, қалаласу аяқ алысы, мәдениет өресі... бәрі-бәрі ұлттың өсіміне әсер етіп жатыр. Оқыған, тоқығандар мен қала жағалағандарың саны артқан сайын туу көрсеткіші төмендей беретінін әлемдік тәжрибе әлде қашан көрсеткен.
Қазақстандағы жағдай да осыған сәкін. 2021 жылы 445875 бала дүниеге келген. Бұл тәуелсіздік алғаннан бергі рекордтық көрсеткіш еді. Алайда, 2022 жылы 403893 бала дүниеге келсе, 2023 жылы 388428 бала, 2024 жылы 365923 бала, 2025 жылы 3350000 бала дүниеге келіп, туу көрсеткішіміз қатарынан 5 жыл құлдырау үстінде. 5 жылда 110 мың балаға азайып, 25 пайызға азайған. Бірақ біз соған қарамастан енді шетелден келетін қандастардың көшіне де тоқтау қоя бастадық. Азаматтық алуды қиындатып, виза беруді күрделендірдік. Қазір белгіленген өңірлерге барса да азаматтық не ықтиярхат ала алмай сандалып жүрген қазақ жетеді. Қазақ тілінен емтихан алып, ЖИ-дің сүзгісінен өткізіп, сауалнама жасап, «келем десе ақшасы бар, оқыған қазақтар ғана келсін» деген пиғылымызды анық аңғартып алдық.
Сонда ғалым Қайрат Бодаухан ағамыздың сөзімен айтқанда «Қазаққа Қазақстан керек болғанымен, Қазақстанға қазақ керек емес пе?». Дипломы бар, ақшасы барын ғана алғанда, қара жұмысты кім істейді? Малды кім бағып, егінді кім салады? Бәрінде техникаға сүйенміз деген күннің өзінде адамның орнын техника бүкілдей басып кете алмайтынын көріп, біліп отырмыз. 140 миллион халқы бар Ресей 4 жыл соғысында шетелден жалдамалыларды шақырып, Солтүстік Корейден әскер алдырды; Украина да қыруар қаржы төлеп шетелден адам тартты. Демек, ұлттың сапасы ғана емес, саны да маңызды. Мұны айтсам халық саны біздің жартымыздай ғана Израилды алға тартатындар да табылар. Бірақ Израильдің мысалы бұл пікірді жоққа шығармайды, керісінше, мәселенің басқа қырын көрсетеді. Израильдің әскери және экономикалық қуаты халық санымен ғана өлшенбейді: оның артында жоғары технология, дамыған экономика, мықты институттар, әскери-ғылыми әлеует және шетелдегі еврей диаспорасының адамдық әрі қаржылық ресурстары тұр. Сүйеген иесі де күшті.
Ал Қазақстан үшін жағдай өзгеше. Біз геосаяси тұрғыдан алып аумақта орналасқан, халқы салыстырмалы түрде аз мемлекетпіз. Халық саны біз үшін жай ғана демографиялық көрсеткіш емес, оның астарында еңбек ресурсы, әскер, ішкі нарық, салық төлеушілер саны, ғылым мен білімнің адами капиталы және елдің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі жатыр. Сондықтан демография мәселесін «техника бәрін шешеді» деген қарапайым түсінікпен шектеуге болмайды. Техника адамды алмастыруы мүмкін, бірақ техниканы жасайтын, басқаратын, жөндейтін, қорғайтын және жаңа технология ойлап табатын адамның өзін алмастыра алмайды. Әрине, мәселе тек көп балалы болуда да емес. Бізге саны өсіп қана қоймай, дені сау, білімді, кәсіби білікті, ұлттық санасы жоғары ұрпақ керек. Яғни Қазақстанның демографиялық саясаты «көп халық» пен «сапалы халық» деген екі ұғымды бір-біріне қарсы қоймай, екеуін қатар қарастыруы тиіс.
Елге келген адамның, атажұртқа оралған ағайынның білімді, еңбекқор, қоғамға пайдасын тигізетін болғаны жақсы. Бірақ демографиялық саясатты тек дайын мамандарды іріктеп қабылдауға тіреп қою жеткіліксіз. Өйткені шетелдегі қазақтың бәрі бірдей жоғары білімді, дәулетті немесе белгілі бір мамандықтың иесі болуы екіталай. Егер біз адам санын көбейтуді ұлттық стратегиялық міндет деп қарасақ, онда сырттан келетін қандастарды тек «экономикалық тұрғыдан дайын адам» ретінде емес, ұлттың демографиялық әлеуетінің бір бөлігі ретінде қарауымыз керек.
Әрине, мемлекеттің қауіпсіздігі, заң талаптары, еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымның мүмкіндігі ескерілуі тиіс. Бірақ қандастар саясатын тек экономикалық пайда тұрғысынан өлшеуге мүлде болмайды. Білімді әрі капиталы бар адам – елге үлкен мүмкіндік. Ал қарапайым еңбек адамы, жас отбасы, бала-шағасымен көшіп келген отбасы – демографиялық өсімнің өзі. Халық саны бізге керек болса, адамды тек оның бүгінгі табысымен өлшемеуіміз керек. Өйткені кейде елге ең үлкен үлес қосатын адам – бүгін капиталы жоқ, бірақ ертең осы елде еңбек етіп, бала өсіріп, қоғамға араласатын отбасы болуы мүмкін.
«Елге ел қосылса құт» дегендей, өткен 30 шақты жылда қаншама мықты қазақ елге оралды? Қанат Ислам, Бақыт Сәрсекбаев, Мұстафа Өзтүрік сынды қаншама мықты азаматтар келеді, ғылым саласына, өнер саласына еңбегі сіңген азаматтар қаншама?! біз білгенде солардың көбі ақшасыз келіп осы елге аброй әперді. Кім не десе ол десін, Назарбаев дәуірінде де көші-қон саясаты қырық құбылғанымен, дәл қазіргідей қандастарды қан жілік қылған жоқ. Үкіметтік пилоттық жобасы шыққалы жұрт осыны түсінді.
Егер дәл қазіргі пилоттық жоба өзгеріссіз қалса, кері кете бастаған ұлттық демографияға да, еліміздің әлеуметтік жағдайына да тиімсіз. Бұл жоба Қазақстан халықтың да көңіліне қаяу салады. Өйткені шетелден келген 1,5 миллион қандас қазір өсіп, кемінде 2 миллионнан асты, енді олардың туған туыстары көзі жаудырап шетелде қалып бара жатса, бұл жақтағы туысы да шырылдамай қайтеді?! «Әділеттілікті ту еткен» қоғамда мұның да салдары ауыр...
Туу көрсеткіші төмендеуінен біз түгіл Қытай алаңдап отыр. Қыруар ақша төлесе де жастары тумай, қарттану қадамы тездеп барады. Біз бүгін қандастарға бөлінетін жәрдемді шығынсынсақ, ертең одан екі есе шығын шықпасына кім кепіл?! Демек, халық саны өсуінің екі жолы болған қан тамырдың бірі сыртқы көші-қонның тынысын тарылтпайық, бір қазақ болса да келіп, үйіріне қосылсын. Шетелдегі 7 миллион қазақтың тым құрығанда жартысы келсе жаман ба?!
Қалиакбар Үсемханұлы,
Фейсбук парақшасынан