Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: ҰЛТ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН БИІК ТҰРУҒА ТИІС
2026 ж. 01 қазан
11
0
Президент Қазақстан Халық Кеңесінің басты бағыттарын айқындап берді
Елімізде биыл 15 наурызда референдум арқылы қабылданған, 1 шілдеде күшіне енген Конституция бойынша Халық Кеңесі жасақталды. Жаңа органның құрамында 126 адам бар. Ал оның төрағасы болып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынуымен Ерлан Қошанов сайланды. Ол бұрын Парламент Мәжілісінің төрағасы болғанын, Amanat партиясын басқарғанын, бұл саяси ұйымның Құрылтай сайлауы қарсаңында жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылғанын білесіздер.
Қазақстан Халық Кеңесінің 126 мүшесі үш бағыт бойынша іріктеп алынған. Әрқайсысында 42 адам бар. Ал бағыттар мыналар:
1. Этномәдени бірлестіктер.
2. Ірі қоғамдық бірлестіктер мен басқа да коммерциялық емес ұйымдар.
3. Мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер.
Жаңа органдағы 16 адам бұрын Парламент депутаты болған. Оның 13-і Мәжілісте, төртеуі Сенатта қызмет атқарған. Бұл жерде екі палатаға бөлгенде біреуі артық болып тұрған себебі – бір адам Мәжілісте де, Сенатта да депутат болған. Ол – қазақшаны кей қазақтан артық білетін Геннадий Шиповских.
Сонымен, конституциялық мәртебесі бар жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы 23-24 қыркүйекте өтті. Жиынның бірінші күнінде төраға сайланып, екінші күнгі негізгі отырыста Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, жаңа құрылымның басты бағыттарын айқындап берді.
Президент не айтты?
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен елдегі мәселелерді ашық талқылайтын, солардың нақты шешімін ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері ойластырып жүргенін мәлімдеді.
– Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым. «Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық. Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық. Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды, – деді Мемлекет басшысы.
Осы уақытқа дейін елдегі түрлі мәселелерге қатысты істерді Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық Құрылтай сияқты органдар атқарып келгені мәлім. Тоқаевтың ойынша, аталған институттар өздеріне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындаған. Ол Ассамблеяның халық бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқанын жеткізді. Соның арқасында еліміз бейбітшілік, өзара сенім мен келісім аймағы ретінде күллі әлемге танылып отыр. Қоғамдық сенім кеңесі сенімді ақтап, мәселе қозғау арқылы жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға атсалысты. Ал Ұлттық құрылтайға келгенде, Мемлекет басшысы мынаны айтты:
- Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогты одан әрі тереңдете түсті. Бұл құрылым аясында практикалық тұрғыдан құнды бастамалар көтерілді. Соның арқасында 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады. Мен осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттік маңызы бар істерге белсене араласқан, отаншыл болудың озық үлгісін көрсеткен әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін.
Миссиясын абыроймен атқарып, толығымен орындаған бұл органдардың ісін енді әрі қарай жалғастырушылар болуы керек қой. Бүгінде заман мен оның талабы бірдей әрі тез өзгеріп жатыр. Жаһандану кезінде бәсекеге төтеп бере білу керек. Қасым-Жомарт Тоқаев ол үшін сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыра түсу қажеттігін айтты. Ал ол үшін қоғамдық диалогты әрі қарай да дамыта берген абзал. Халық Кеңесін құрудағы басты мақсат осы болып тұр.
– Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті. Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады. Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті. Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады. Осы орайда Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесіне тағы да назар аударғым келеді, – деді Президент.
Қазір базбіреулер Халық Кеңесі мен Құрылтайдың мәртебесі бірдей ғой деген сыңайда пікір білдіре бастады. Жоқ, олай шатасқан жөн емес. Бұл екеуі екі басқа құрылым. Тоқаев Кеңес мүшелерінің Құрылтай құзыретіндегі істермен айналыспайтынын шегелеп айтты. Депутаттар да Халық кеңесінің жұмысына араласа алмайды. Заңда солай бекітілген. Бірақ осы екі құрылымның бірін бірі толықтырып, бірлесіп іс атқаруына еш кедергі жоқ. Оған жол ашық. Осы леппен мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда былай деді:
– Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек. Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады.
Қазір әлемде тұрақсыздық пен түрлі қауіп-қатер көбейіп отырғаны баршаға аян. Осындайда мемлекет үшін ішкі бірлік пен қоғамдық келісімнің маңызы жоғары болатыны хақ. Біздің елде этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтауға ерекше мән беріліп келеді. Енді бұған одан әрі де көңіл бөліп отыруға тиіспіз. Сондықтан Халық Кеңесінің құрылуын қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған қадам ретінде түсінеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Ассамблеясының бұл тұрғыда мол тәжірибе жинағанына тоқталды. Оның ойынша, осы органда қалыптасқан институционалдық тәжірибе мен қоғамдық байланысты жоғалтып алмай, жаңа үлгіде жалғастыру керек. Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері сол үшін де енгізілген. Олар осы бағытта білек түре жұмыс істеуге мол мүмкіндік алды. Мұндай бірлестіктердің жұмысы тек мәдени іс-шара өткізумен шектеліп қалған емес. Бұл ұйымдар этносаралық келісімді сақтауға үлкен үлес қосып келеді, алда да үлес қоса беруге тиіс. Өйткені түйіні шешілмеген талай түйткіл әлі де бар.
Президент медиация институтының маңызы туралы да айтты. Қоғамда туындайтын кез келген келіспеушілікті ушықтырмай, келісім арқылы шешуге ұмтылған жөн. Яғни медиация азаматтар арасында туған дауды бейбіт жолмен шешуге мол мүмкіндік береді.
Жастар ұйымдары, спорт қауымдастықтары, еріктілер қозғалысы, қайырымдылық қорлары, Аналар мен Ақсақалдар кеңестері де қоғамдық өмірде маңызды орынға ие. Әсіресе, қиындық туған сәтте халықтың бірлігі, нақты әрекеті өте қажет. Мысалы, табиғат апаты кезінде этномәдени бірлестік өкілдерінің зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуін жанашырлық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі деуге әбден болады.
– Бірнеше жыл бұрын елімізді бұрын-соңды болмаған су тасқыны әбігерге салды. Сол кезде этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен аймақтарға үлкен көмек көрсетті – қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, қиын жағдайға тап болған адамдарды жұбатты. Мемлекет шын ниетпен жасалған бұл еңбекті бағалайды, халқымыз жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Елдің ынтымақ-бірлігі, жасампаз отаншылдығы жарқырай көрінген осы мысал келесі ұрпақ ғибрат алатын бейне және фотоқұжаттарда сақталып қалуға тиіс, – деді Тоқаев.
Кейбіреулер айтып жүргендей емес, мемлекет өзінің мемлекеттік тілінің жайына жайбарақат қарап отыра алмайды. Президент бұл мәселеге ерекше тоқталды. Билік қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне өте мүдделі. Бұл мәселені қанша көтерсең де, шектеу жоқ. Жағдайдың ақырындап түзеліп келе жатқанына қуанамыз. Қазақстанда енді қазақ тілінсіз болашақтың неғайбыл екенін түсінген түрлі ұлттар қазір оны өздері-ақ үйреніп жатыр.
– Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл, – деді Мемлекет басшысы. – ...Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі.
Иә, ендігі жерде мектептегі оқыту тіліне байланысты да, қоғамдық орында сөйлескенде де тұрғындар арасында түсініспеушілік туындамайды деп сенеміз. Халық Кеңесі осы мәселені реттеуге ұйытқы бола алады. Сайып келгенде, бұл құрылым халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып, ел бірлігін күшейтуге жол ашатын іс атқаруға міндетті.
– Әрине, жол бастау оңай болмасы анық. Бірақ бір жағынан, бұл – үлкен құрмет және зор мүмкіндік. Сіздер халықпен етене байланыс орнатып, жасампаз бастамалар көтеру арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне, тіпті, ел тағдырына ықпал ете аласыздар. Ең бастысы, ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс, – деді Президент.
Сонымен, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуын елдегі қоғамдық келісім мен азаматтық диалогты дамытуға бағытталған жаңа бастама деуге болады. Оның негізгі мәні – қоғамның әртүрлі топтарының пікірін ескеру, ел бірлігін сақтау, халықтың өзекті мәселелерін қозғау және олардың шешілуіне атсалысу, қоғамдық бақылау жүргізіп, заң шығару ісіне қатысу. Мемлекет басшысы Кеңестің алғашқы сессиясында осы міндеттерді айқындап, оның мүшелеріне нақты бағыт-бағдар берді.
Оразәлі БАЙМҰРАТ,
Қазақ үні