Президент рұқсатсыз граффитиге заң жүзінде тыйым салуды тапсырды

Президент рұқсатсыз граффитиге заң жүзінде тыйым салуды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке ғимараттардың қабырғасына граффити салатын тұлғаларға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды.

Бұл туралы Қ. Тоқаев елордада Президент саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында тапсырма берді.

19 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында ауқымды экологиялық акциялар өтеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің қалаларында бұған жол бермеу керек. Сондай-ақ әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын, қоғамдық орындарды бүлдіретін «шығармашылықтың» мұндай түріне толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шаралар қабылдаған жөн.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас экобелсенділермен бірге Президент саябағы аумағында ағаш екті.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев экология мен тазалыққа жауапты мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдады.