«К» МЕН «Г» ТАЛАСЫ АРАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕ

«К» МЕН «Г» ТАЛАСЫ АРАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕ

Дау биліктің құлағына жетіпті. Бұл тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі еместігін қадап айтқан Вице-президент Ерлан Қарин енді жаңа «Орфографиялық сөздік» әзірлеу қажет екенін мәлімдеді. «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты» деді ол. Ал дау неден басталып еді? 

Қазір қырКүйек пе, қырГүйек пе?

Жақында әлеуметтік желіде бұрынғы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың «көкөніс» сөзінің жазылуына қатысты осыдан екі жарым жыл бұрын айтқан пікірін көрсететін видео тараған болатын. Онда журналист сол кездегі министрге төбесінен төніп тұрып орысша сұрақ қояды. Біз бұл диалогты сол күйінде беріп отырмыз.  

– Как правильно пишется это слово? 

– «Көгөніс». 

– «Кө-гөніс»? 

– «Көгөніс». 

– Через «г» или через «к». 

Сол кездегі министр сөздің ішіндегі «г-ні» анық айтып отырса да, журналист әлі түсінер емес. Ал Бейсембаевтың бір сәт тілі байланып қалғандай болды. Осыдан-ақ мәселенің аса оңай еместігін түсінуге болатын сияқты. Журналист әлі де тықақтап қояр емес.   

– Это непраздный вопрос. Я хочу от вас ответа. 

– «Көгөніс». Так оно правильно пишется. Давайте, я вам... 

– Через «к» или через «г», скажите? 

– «Көгөніс». 

– Через «г»? 

Бейсембаев өз айтқанынан қайтпады, тек басын изеді. 

– Странно. В остальных всех источниках я видела, что пишется через «к»...              

Сөйтіп, журналист министрді біраз кібіртіктетіп қояды. Ол құдды бір «Что? Где? Когда?» бағдарламасының жүргізушісі секілді көрінді. Орысша сөйлеген адамнан қорқатын болдық қой. Тіпті биліктегілер де сондай. Тіпті деп қоямыз, бірінші қорқатын солар. Жарайды, бұл – бөлек әңгіме. Тақырыптан ауытқымайық.  

Өткен аптада қазіргі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «қырКүйек» пен «қырГүйек» мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол бұлардың екеуі де қате емес деп отыр. 

– Менің ойымша, «қыркүйек» деп жазуды да, «қыргүйек» деп жазуды да, ешқайсысын да қате деп санауға болмайды. Негізі, Тіл білімі институтының ғалымдары бұны «қыргүйек» деп 2013 жылғы «Орфографиялық сөздікте» жазып қойған. Егер солай дұрыс дейтін болса, меніңше, біз ғалымдардың үнін естуіміз қажет, үнін тыңдауымыз керек. Жалпы, олар соған нүктесін қоюы керек деп санаймын, – деді министр.   

Сүлейменова ханым өзі «қыркүйек» деп жазады екен. Ол бұны бұрыннан қалыптасып қалған дағды деп отыр. Расымен де о заманда бірізділік болды.  

– «К-ны» қолданамын. Ол – бізді оқытқан кездегі тәртіппен, грамматикамен жазылған дүние. Бұл сол сексенінші жылдарғы, оның бер жағында екі мыңыншы жылдарғы қолданысқа қатысты. Сол кезеңдегі зерттеулер бойынша, «қыркүйек» деген жазу 93 пайызға дейін қолданылған, – дейді еліміздің бас мұғалімі. 

Бірақ ол Тіл білімі институтының шешіміне бағыну керектігін айтады. Ал осы институттың жаңағы өзі айтып отырған соңғы (2013 жылғы) «Орфографиялық сөздігінде» расымен де «қырГүйек» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Алайда оған көпшілік аттай 13 жыл бойы бағынбай келеді. Яғни Сүлейменова ханымнан бастап көбіміз «қырКүйек» деп жазады екенбіз. Ал дау енді ғана туып отыр.      

Тіл білімі институты бекіткен терминдермен келісе бермейтініміз рас. Әркім өз білгенімен жазады. Сөзді көп қолданатын біз секілді журналистерге қатысты жағдай да солай. Қалыптасқан дағдыға саламыз. Немесе бас редактор қайсысы дұрыс деп санайды, солай жазамыз. 

Ала-құла болған ана тілім-ай! 

Осылайша, қазақ тілінің орфографиясы, грамматикасы, тұрақты сөз тіркестерінің қалай жазылуы төңірегінде дау өршіп барады. Бұған, жоғарыда айтқанымыздай, бірізділіктің жоқтығы себеп. Бұл бұрыннан бар сөздерге ғана емес, заман ағымына байланысты кейін пайда болған сөздерге де қатысты. Мысалы, «интернет». Ол кей жерде осы күйінде, кей жерде «ғаламтор» деп жазылады. 

Ал смартфонға шұқшиып отырсақ, бірі «параметрлер», бірі «баптаулар», енді бірі «реттеулер» деп шығады. Осыдан кейін «Қайсысы дұрыс өзі?» деген заңды сұрақ туатыны хақ. Бұл – жәй сұрақ емес, өте күрделі мәселеге алып келетін сұрақ. Өйткені ол – тіліміздің дамуын тежеп, қолданушыларды шатастырып отырған үлкен кедергі. Тіл білімінде бұны бірізділік (унификация) мәселесі деп атайды.  

Тілдегі осы бірізділік соңғы кездері неге бұзылды? Жоғарыда Кеңес кезінде де мұндай сорақылық (енді бұны басқаша не дейміз?!) болмағанын айттық. О заманда терминдерді орталық бекітіп, бәріне мәжбүрлеп қолданысқа енгізетін. Осыған қарағанда, мәжбүрлеудің жаман жағымен қатар жақсы жағы да бар ма деп қаласың. Не десек те, әйтеуір, бір жүйе болды.    

Қазір бізде еркіндік бар. Есесіне тілде бірізділік жоқ. Әсіресе, халықаралық терминдердің, кейін пайда болған технолоиялық сөздердің аудармасын әр аудармашы, әр журналист, тіпті әр блогер өзінше жасап алады. Соның нәтижесінде бір ұғымның бірнеше нұсқасы пайда болады. 

Соңғы жылдары емле ережелерінің жиі өзгеруі де қоғамда «қалай жазсам да, бәрібір қате болады-ау» деген бейқамдық қалыптастырды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кезінде шет тілінен енген сөздерді қазақ тілінің үндестік заңына (сингармонизмге) бағындырып қабылдау керек деген. Біз болсақ, орыс тілі арқылы келген сөздерді сол күйі, нүкте-үтіріне дейін өзгертпей жазуға дағдыланып қалдық. Енді батыстан тікелей келіп жатқан сөздерді қалай жазарымызды білмей отырмыз. 

Ал енді мәселені тереңірек түсіну үшін көз алдымызда жүрген бірнеше мысалдарға тоқталайық. Тілдегі ала-құлалық негізінен үш жағдай бойынша көрініс тапқан. 

Біріншіден, қазіргі жастар мен технология тілі нағыз аласапыранның ошағына айналған. Жас журналистер дұрыс сөйлем құрай алмайды. Бүгінгі журналистің өзі сондай жағдайда болса, басқаларды кінәлап қайтеміз? Қайта ЖИ келіп, оларды Құдай сақтап қалған секілді. Ол да осы тіліміздегі ала-құлалықтың салдарынан аса оңып тұрған жоқ. Бірақ ЖИ көп адамнан сауатты жазады. 

Жастар мен технология тіліне қатысты аздаған мысал келтірейік. «Интерфейс» сөзін біреулер «түйісу», екіншілері «беткі жүз» дейді. «Почта» – біреуге «электронды пошта», біреуге «э-хат», енді біреуге «электронды жәшік». «Сайт» біраз уақыт «торап» болып жүрді де, кейін «сайт» күйінде қалды. Бір кездері оны Қытай қазақтары «ауыл» дейді екен деп, солай қолданғандар да болды. Жалпы, қазір технологияның қарыштап дамып жатқаны мәлім. Сонда пайда болған жаңа сөздің қазақша баламасын терминологар ойлап тапқанша, жұрт шет тіліндегі нұсқасын өз бетінше бұзып қолданып үлгереді. 

Екінші жағдай мақаланың басында біз көтерген мәселеге қатысты. Яғни біз сөздің жазылуының әр басқа болып қолданылуы. Негізі, бірізділік жоқ деген әңгіменің түп тамыры осыдан шығады. 

Бұл жайт балаларды да әбден шатастырып бітті. Оқушы мектепте басқаша оқиды, ал ҰБТ тестілері мүлдем басқа ереже бойынша келеді. Бұл баланың сауаттылығына ғана емес, психологиясына да кері әсер етеді. Осыдан кейін олардың күні ертең қандай қазақ тілінде сөйлеп шығатынын ойлаудың өзі қорқынышты. 

Үшіншісі – ең қауіпті жағдай. Өйткені заң тіліндегі әрбір сөздің мағынасы мен әрбір үтір адам тағдырын шешуі мүмкін. Ал біздегі құжаттар көбіне орыс тілінен сөзбе-сөз аударылатындықтан (калька деп жатамыз ғой), сөйлемдер тым шұбалаңқы әрі түсініксіз. Бір заңда «құқық бұзушылық» деп жазылса, екінші кодексте «құқықбұзушылық» болып бірігіп кетеді. Әрине, нақ осы сөздің адам тағдыры үшін келіп-кетер ештеңесі жоқ. Бірақ, біріншіден, бірізділік болуы керек, екіншіден, сөйлем құраудағы жалпы сауатсыздық кесірінен біреу зардап шегуі мүмкін.      

       Түйін сөз 

 Осы бірізділіктің жоқтығынан тілдің өзі де зардап шегеді. Бұлай кете берсе, тіпті үлкен қауіпке айналғалы тұр. Өйткені тілдегі шұбар алалық оны ғаламторға еркін ендіруге кедергі келтіруде. Мысалы, егер ЖИ-ге сөздің 2-3 нұсқасын берсек, ол шатасады. Қазақша мәтіндерді сауатты аудара алмайды, дыбысты да тани алмайды. Осылайша, бірізділік болмаса, біз цифрлық әлемнен тыс қаламыз.  

Сондықтан бұның алдын алудың жолдарын қарастырған абзал. Қазір ағылшын тілінде жазатындардың бәрі Grammarly бағдарламасын қолданады. Ол қатені түзеп қана қоймай, стильді бірыңғай қылады. Бізге де дәл сондай ұлттық өнім керек екені сөзсіз. Барлық мемлекеттік органдар мен БАҚ редакцияларының компьютерлеріне автоматты түрде мәтінді бірізділікке салатын арнайы плагиндер мен бағдарламалар орнатылуға тиіс. Осыны біздің IT мамандары тездетіп жүзеге асырса, жөн болар еді-ау.      

Оразәлі БАЙМҰРАТ

Бір мысқал

ҚЫРГҮЙЕКТІҢ ҚҰДІРЕТІ, Ә!

Биылғы дау біраз адамды састырды. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының өзі 5 қыркүйектен бергі жазбаларын түзеп әлекке түсіп жатыр екен. «Қыргүйекке» мықтап кіріскендері, шығарған Сөздіктерін қорғап жатқандары байқалады. Енді түсіндірме жұмысы күшейеді деп сенейік. Себебі, Сөздікке сұрақ көп! Мысалы 2013 жылғы Сөздік бойынша алма (ның) ағашын алмағаш деп бірге жазуымыз керек! Өріктің ағашы да солай… 

Ал қазақ баяғыдан қолданып келе жатқан «көкшулан», «таскерең», т.б. сөздер аяқ астына «ажырасып» кетіп, «көк шулан», «тас керең» болып шыға келген. Неге? Ғалым Жайлыбайдың: «Таскерең көрдім тас атып тұрған тасада» дегені текке емес, есті өзгеріс болса қоғам естиді. Ең қызығы, «көкшулан» өзгергенде «көкжал» неге бөлінбеді? «Ауырғыштату» деген қандай сөз? Бұл бір шолғанда байқағаным, халықтың текке шатасып жүрмегені осыдан-ақ түсінікті шығар. «Сөздік – тілдің Конституциясы» деп баяғыда айтып едім, түсінікті болғаны жөн.  

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,

журналист