Елдің сөзін сөйлеу тек мандатпен өлшенбейді - академик
2026 ж. 03 қыркүйек
93
0
Мандат – уақытша, елдік мүдде – мәңгілік
Міне, еліміз аз уақыттың ішінде жаңа Конституцияны қабылдап, алғашқы Құрылтай сайлауын да өткізіп алды. Ел өміріндегі осындай ауқымды саяси өзгерістердің артында, әрине, мемлекетті нығайтуға, қоғамды жаңғыртуға бағытталған үлкен мақсаттар тұрғаны анық.
Биліктің де мақсаты – елді дамыту, мемлекетті күшейту. Халықтың да тілегі сол.
Бірақ елді дамыту дегеніміз тек экономиканы өсіру, жаңа кәсіпорындар ашу немесе инфрақұрылымды жақсартумен шектелмейді. Мемлекеттің қуаты оның экономикасымен бірге рухани тұтастығында, ұлттық санасында, мемлекеттік тілінің мәртебесінде өлшенеді.
Сондықтан Құрылтайдан халықтың күтетіні де аз емес.
Біреу кәсіпкерлікті дамытуды, біреу ғылым мен білімді өркендетуді, енді біреу әлеуметтік әділеттілікті көздейді. Ал ұлттық мүддені, тарихи сананы, қазақ тілін қорғауды азаматтық парыз санайтындар да бар.
Бәрінің түпкі мақсаты бір болуы керек – Қазақстанның қуатты әрі біртұтас мемлекет болуы.
Ең өзекті мәселе – тіл
Бүгінгі қоғамда шешімін күткен мәселелер көп. Бірақ солардың ішінде қазақ қоғамының жүрегіне ең жақын, ең сезімтал тақырыптың бірі – мемлекеттік тіл мәселесі.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі Конституцияда бекітілгенімен, оның қоғамдық өмірдегі нақты қолданысы әлі де көңіл көншітпейді. Тілдің тағдыры туралы ондаған жыл бойы айтып келеміз. Енді сөзден іске көшетін уақыт жетті.
Мұны жаңа Құрылтайдың алғашқы қадамдарынан-ақ көргіміз келеді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі ең алдымен мемлекеттік билік органдарында, ресми рәсімдерде, заң шығаруда, білім мен ғылымда және қоғамдық коммуникацияда айқын көрінуі тиіс.
Кеше Құрылтай мүшелерінің Ант беру рәсімін көріп отырып, осы ой тағы да көңілге келді.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің аты ғана емес, оның үні болуы керек.
Қазыбек Исасыз Құрылтай толық па?
Осындай жауапты кезеңде көңіліме қаяу түсірген бір жайт бар.
Құрылтай құрамында қазақ тілінің, ұлттық мүдденің белсенді жанашыры Қазыбек Исаның болмауы көпшіліктің көкейінде сұрақ қалдырғаны анық.
Әрине, сайлаудың өз тәртібі бар. Мандатты халық береді. Мандаттың бар-жоғы – саяси жүйенің шешімі.
Бірақ ел үшін сөз айту тек мандатпен өлшенбейді.
Қазекеңнің өзі айтқандай:
«Неге депутат болмады дегеннен гөрі, неге депутат болды дегеннен сақтасын».
Бұл сөздің астарында үлкен азаматтық жауапкершілік жатыр.
Қазыбек Иса депутаттық мандаттан айырылғанымен, азаматтық мінберінен айырылған жоқ. Оның өзі де сайлаудан кейінгі мақаласын «Мандатсыз да, майдандамыз!» деп атады.
Демек, оның нағыз майданы енді басталады.
Оның майданы – қазақ тілі үшін майдан.
Ұлттық мүдде үшін майдан.
Қоғамдық әділет үшін майдан.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазыбек Исаның депутат болмауын оның елдік мәселелерден шет қалуы деп қабылдауға болмайды.
Құдайға шүкір, оның халықпен байланыс жасайтын үлкен мінбері бар. Ол – «Қазақ үні».
Өзім де сүйіп оқитын, үзбей жаздырып алатын осы басылым арқылы Қазекеңнің елдік мәселелерді көтере беретініне сенемін.
Бәлкім, ендігі жерде оның «Тіл майданы» Парламент қабырғасымен шектелмей, тұтас қоғамның ортақ майданына айналар.
Ал ұлттық мүдде мен мемлекеттік тіл мәселесінде Құрылтай басшылығында тұрған азаматтардан да батыл қадам күтеміз.
Құрылтай – халықтың үмітін ақтай ма?
Жаңа саяси кезең басталды.
Енді Құрылтайдың жұмысын сөзбен емес, нәтижемен бағалайтын уақыт келеді.
Халық Құрылтайдан не күтеді?
Әділет күтеді.
Ашықтық күтеді.
Елдің сөзін еститін билік күтеді.
Мемлекеттік тілдің нақты үстемдігін күтеді.
Ұлттық құндылықтардың қорғалуын күтеді.
Жастардың болашағына жол ашатын шешімдер күтеді.
Ең бастысы – халықтың үміті мен биліктің мақсаты бір арнада тоғысуы керек.
Құрылтай тек заң қабылдайтын орын емес, елдің мұңын еститін, қоғамның талабын жеткізетін, ұлттық мүддені қорғайтын саяси мінбер болуы тиіс.
Сондықтан жаңа Құрылтайдың әрбір мүшесіне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Ал Қазыбек Исаға айтарымыз:
Мандат жоқ деп майдан тоқтамайды.
Керісінше, елдің сөзін сөйлейтін азаматтың дауысы Парламенттен тыс жерде де естілуі мүмкін.
Ендеше, Қазекеңнің Тіл майданы бұрынғыдан да қызу болады деп үміттенейік.
Ал жаңа Құрылтай осы майданның сыртында қалмай, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нақты іспен бекемдеуге өз үлесін қоссын.
Өйткені мәселе бір Қазыбек Исаның, бір Құрылтайдың немесе бір партияның мәселесі емес.
Мәселе – қазақ тілінің тағдырында.
Мәселе – ұлттық мемлекеттің болашағында.
Мәселе – Қазақстанның ертеңінде.
Мандат – уақытша.
Лауазым – өткінші.
Ал елдік мүдде – мәңгілік.
Әйіп Рәшитұлы Ысқақов, биология ғылымдарының докторы, Қазақ аграрлық ғылымдар академиясының академигі