ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ АМАНДАСҚАН?

ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ АМАНДАСҚАН?

Кешелі бері әлеуметтік желіде көпшілік қауым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ елінде жаңа жүріс-тұрыс әдебі мен қоғамдық мәдениетті қалыптастыру қажеттігіне қатысты айтқан пікірін қызу талқылауға кірісті. 

Өйткені, расында да, қазақ халқында амандасу – тек сәлемдесу ғана емес, үлкен әдеп, мәдениет және сыйластықтың белгісі болып саналады. Қазақтар кездескен адамының жасына, жынысына және әлеуметтік мәртебесіне қарай әртүрлі амандасқан. Сондай-ақ әлемге әйгілі Марко Поло, Василий (Вильгельм) Радлов, Адольф Янушкевич сынды ғалымдар мен зерттеуші, саяхатшыларды қатты тамсантқан еліміздің есендесу дәстүрінде қимыл-қозғалыс пен ишараға да айрықша мән бергені аян. Айталық, қазақтың ат үстінде кездесу немесе төс қағысу, қол қусыру, маңдайдан иіскеу сияқты қимылының өзінде зор фиолософиялық мағына жатады. Міне, дүбірлі сайлау күні журналистер сауалына ықыластана жауап қайтарған Президент осынау жәйттерге де ерекше мән берді. Ол, әсіресе, ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің амандасу кезінде бір-бірін бетінен сүюі қазақтың дәстүріне жат екенін атап өтті.

Тілші Мемлекет басшысының азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен қоғамдық этиканы қалыптастыру туралы бастамасына қатысты сұрақ қойды. Оның ішінде өзгеге құрмет көрсету, заң мен тәртіпті сақтау, өзін сыйлау және жауапкершілік таныту күнделікті дағдыға айнала ма деген мәселе көтерілді.

Президент бұл бастаманы науқан ретінде емес, нақты іске бағыт-талған ұсыныс ретінде көтергенін айтты.

– Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқанға емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес, – деді ел жетекшісі. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай қылық қазақтың салт-дәстүрінде бұрын-соңды болмаған.

– Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда «Қазақ үні» оқырман назарына есендесу дәстүріне байланысты көзқарас топтамасын ұсынып отыр. 

БАТЫР БАУКЕҢ ДЕ СҮЙІСУДІ ҰНАТПАПТЫ

Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлының кейінгі зайыбы Жәмила Егембердиева өзінің «Өмірінің өзі дастан» роман-эссесінде (Алматы: Жазушы. 1990. – 115-б.) баяндайды: 

– Баукеңнің лауреат атанған құрметіне шағын той болды. Жүз шақты адам шақырылды. Дастарқан төрелігін ақын Олжас Сүлейменов басқарып отырды. Ол алдымен өзі Баукеңді құттықтап, жылы жүрекжарды тілегін төгіле айтып, сөздің кезегін Баукеңнің досы, қарулас, қаламдас інісі Дмитрий Снегинге берді. Снегин ұзақ ағытыла сөйледі. Әнуар Әлімжанов, Мұқаметжан Қаратаев, театр қайраткері Әзірбайжан Мәмбетов, мүсінші Шота Уәлиханов, тағы басқа белгілі адамдар батырға деген ізгі тілегін білдіріп жатса, ақындар Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев өлеңдерімен құттықтады.

«Үлкен жазушының, халықтың дара батырының тойы, асыл ағамыздың ақ ниетімен жайған дастарқаны» десті.

Бір апта өте Жуалыдан Баукеңнің ағасы Дүк ата мен інісі Майысжан екеуі батырды құттықтай келіпті. Екі-үш күн қонақ болды, олар қайтарында бізді ауылға шақырды. Баукең маған қолымен Дүк атаны көрсетіп: 

– Жәмила, бұлар бізді босқа шақырып отырған жоқ, бізге ауылға барып, дүркіретіп туыстарға дастарқан жайыңдар деп отыр. Оны ашық айтпаса да, белгілі болып тұр. Онысы да дұрыс. Туған жерімдегі туыстардың да дәметуі заңды. Сондықтан сен мына Дүк атаға ақша бергін, ауылға барып, біз барған-ша семіз қой сатып ала берсін. Тұз-дәм тартса, артынша біз де барып қаламыз, – деді аңқылдай.

Бір күн аялдаған соң, Петровкаға, Әбділданың аулына жүріп кеттік. Баукең Әбділдамен оңаша рақаттанып сөйлесіп отыр еді, бір кезде машинаның гүр еткені, одан басыла қалғаны естілді. Көп кешікпей Жуалы ауданы басшыларының бірі мен ақын Жақсылық Сәтібеков кіріп келді.

– Ассалаумағалейкүм! 

– Әлекиассалам! Е, Жақсылық па, төрге шық! – Баукең қолын беріп, Жақсылық еңкейіп Баукеңнің бетінен сүйді. Баукең Жақсылықтың сүйген жерін орамалмен сүртіп жатып: 

– Я не люблю, когда целует мужчина мужчину, притом пьяный, – деді.

– Немене, көке, әйелдерден басқа адамның сүюі сізге түрпідей тие ме, әбден әйелдермен сүйісіп жаман үйреніп қалғансыз, – деп Жақсылық күліп, жағалай бәріміздің қолымызды алып шықты. Қасындағы кісі Баукеңмен сәлемдесіп, бізге бас изеп, шіреніп төрге отырды. Баукең жаңағыны жақтырмай қарап қойды. Жақсылық оны сезді, ертіп келген кісісін таныстырып: 

– Бауке, сіздерді арнайы үйіне шақырып келіп отыр, – деді. 

– Рақмет, қарағым, бара алмаймын, шаршадым, ертең сәті түссе Алматыға, ауылға аттанайық деп отырмыз.

Жаңағы кісі Баукеңе жалынышты түрмен қиыла сөйледі: 

– Бауке, үйдегі келініңіз, әсіресе, бала-шағам Бауыржан атам келеді деп күтіп отыр, оларға не айтамын?Төңірекке көз тастап, темекісін қайта тұтатып: 

– Оркестр ұйымдастырған жоқсың ба? – деді Бауыржан. 

– Керегі болса, Бәуке, оны да ұйымдастыруға болады. 

– Онда Юлинкамды шақырғын, «Полонез Огинского» деген вальсті ойнаса, сол әуенмен Юлинка екеуміз билейміз.

Жаңағы кісі Баукеңнің бетіне үңіліп: 

– Бәуке, айтқаныңыздың бәрі болады! – деп жалпаңдай түсті.

Баукең сұқ саусағымен мені көрсетіп: 

– Менің бару, бармауым, қарағым, менің добалдай қара қатынымның қолында, екі тізгін, бір шылбырды соған беріп қойғанмын, сол шешсін, – деді. 

Әдетте Бауыржан барғысы келмесе, маған сілтей салатын-ды. Анау кісі енді маған телміре қарады. 

– Бауке, «шақырған жерден қалма, ша­қыр­мағанға барма» деп, бұл қайным дайындық жасап, бала-шағасы күтіп отырған көрінеді, меніңше, бару керек болар, – дедім. Баукең мені жақтырмай: 

– Е, онда барайық, ханум, сіздің рұқсатыңызбен жүріп-тұрған шалмыз. Бізде билік жоқ, – деп екі алақанын жайып, қамығып қалды.

Әзірлеген Елжас МИРАСҰЛЫ

БАБАЛАР ДӘСТҮРІ ДҰРЫС

Нағашы апам (шешемнің әпкесі) алыстан сағынып, алып ұшып барғанымызда, қолымыздың сыртынан сүйіп қана қоятын еді. Жарықтық бізге, балаларына деген махаббатын осылай білдіретін-ді.

Мен өзі сүйіспейтін әулеттің этикасымен өскен адаммын. Содан ба екен... сүйісе алмаймын.

Бет көрсе, ернін сулап апарып былш еткізіп жапсыра салатын адамдар-дың амандасу салтын тіпті қабылдай алмаймын.

«Айналайын-ай, енді сен тістеп сүймеші» деп жалынатын Оспанхан Әубәкіровтің бір кейіпкері сияқты, бір жерге барғанда, біреу «бетімнен ала түспесе» екен дегенді ойлап, қуыстанып тұратыным бар.

Бастан ұстап бас салып сүю салты Брежнев дейтін Генсектен басталғанын аға ұрпақ жақсы біледі. Бүгінгі буын сүйісудің үлгісін арабтар мен әсіре діңкештерден үйреніп жүрген сияқты.

Ал енді ірілі-ұсақты шенеуніктер мен депутаттардың сүйіс «шаруашылығын» қайдан игергенін білмедік. Бәлкім, әлгі Брежневтен жұқтырған «вирустары» болар.

Түркиядағы реформалардың атасы – Кемал Ата түрік өз заманында түріктердің киген киіміне дейін мән беріп, өзгерткен екен.

Президент Тоқаев та «аман-сәлем жа­саудың салтын бабалар дәстүрімен жалғастырайық» депті. Орынды. Бүгін біреулер бұл ұсынысты сынап, мінегенімен, ертең оған мойынұсынып, оң қолын кеуде тұсына қойып иіліп тұруы мүмкін. Ылайым, солай болсын.

Дәурен ҚУАТ,

жазушы, «Жұлдыз» журналының 

бас редакторы

СӘЛЕМ ӘДЕБІ

Әз-Жәнiбек хан әйгілі шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылды шақырып алып: «Халқымның денi сау, ғұмыры ұзақ болуы үшiн не iстеу керек?» деп сұрапты. Сонда Өтейбойдақ:

«Тақсыр, ең алдымен қол берiп амандасуды тыйыңыз» – деген екен. 

Арада бес ғасыр өткенде сол сөз қайта айтылды. Президент айтты. Негізі, дұрыс пайым. Өзім әйелдермен көп сүйісе бермеймін, бетін ала жүгір-гендер болса иіскеймін де қоямын. 

Ал, еркектермен енді қол беріп амандасамыз, сүйісетіндерді білеміз, дап-дардай спортшы жігіттердің сүйісіп жатқанын көргем. Біртүрлі енді. 

Былтыр күзде Талдықорғанға оралдық ақын Мұнайдар Балмолда келген. Әнші Гүлнұр Нұрасылованың концертіне қатысты. Со кісі қол беріп амандаспайды екен. Төсіне қолын қойып, басын сәл иеді де қояды. Театрда отырмыз. Ары өткен-бері өткен таныс-білістер жүгіріп келіп амандасады. Жағалай қол беріп келеді де, Мұнайдар ағамызға келгенде іркіліп қалады. Ана кісі төсіне қолын қойып: «сәлемет болыңыз», «сәлеміңізді алдым» дейді жылы жымиып. Кешкі отырыста «Анамның жаққан ошағы» әнінің сөзін жазған ақынның қолын алайыншы» деп Мейрамбек Бесбаев орнынан тұрып, арнайы келді. «Қолын берер ме екен, қайтер екен?» деп біз отырмыз, Мұнайдар мырза саспады. Оған да төсіне қолын қойып, құрмет жасады. Алақанында алтын бардай ұстатпайды. Мейрамбек әнші бастапқыда сәл-пәл тосырқап қалды да, талайды көрген адам ғой, бірден түсіне қойды. Ол да төсіне қолын қойып, алғысын айтты. 

Әзірге Мұнайдарларға біртүрлі қараймыз. Түсінбейміз, түсінгіміз келмес, сірә! «Біртүрлі адам екен» деп сыртынан сөз қылармыз, бәлкім. Енді санадағы стереотипті сындыру оңай емес қой. Бүгін тосын көрінгенімен, болашақта осы бір амандасу салты қалыпты әдетке айналуы мүмкін. 

Сіз қалай ойлайсыз?

Есболат АЙДАБОСЫН, жазушы, «Жетісу» радиосының  басшысы