Мақсат Раманқұлов: Кешегі дебатта Еспаеваның кәсіби деңгейі анық байқалды
2026 ж. 11 тамыз
62
0
Кешегі дебатты көріп, өз ойымды ортаға салғым келді.
Дания Еспаева мен Айдарбек Ходжаназаров арасындағы пікірталас тағы бір мәрте тәжірибе мен кәсіби жетілудің ара-жігін айқын аңғартқандай болды. Экономикалық мәселелерге келгенде Дания Мадиқызының уәждері әлдеқайда салмақты, сенімді әрі нақты шешімдерге негізделген болды. Қаржы саласындағы мол тәжірибесі, бизнесті заңнамалық тұрғыдан қорғау тетіктерін нақты мысалдармен түсіндіруі оның кәсіби деңгейін анық байқатты. Көпшілікке эмоциядан гөрі дәлелге сүйенген ұстаным ұсынды деп ойлаймын.
Ал мені қынжылтқаны Айдарбек Ходжаназаровтың "Абай күнінде" ірі ойшыл туралы айтқан пікірі болды. Абайдың ұлылығын негізінен әкесі Құнанбайдың дәулетімен байланыстырып, оның биігіне тек материалдық мүмкіндіктің арқасында жетті деп пайым жасау ұлы ойшылдың болмысын тым қарапайым түсіндіру сияқты әсер қалдырды.

Әрине, Құнанбайдың өз дәуіріндегі орны мен ықпалын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ Абайдың әлемдік деңгейдегі тұлға болып қалыптасуын әкесінің байлығымен ғана байланыстыру оның кемеңгерлігін, білімге құштарлығын, ізденісін, таланты мен адамзат өркениетіне қосқан рухани үлесін екінші қатарға ысырып қояды. Абай – дәулеттің емес, даналықтың шыңы. Тарихи тұлғаларды бағалағанда үстірт параллельдерден гөрі тарихи шындыққа, ұлттық жадыға және рухани құндылықтарға сүйенгеніміз абзал. Саясаткер үшін экономикалық сауаттылықпен қатар тарихи таным, мәдени сезімталдық және ұлттық құндылықтарға деген құрмет те аса маңызды қасиет деп есептеймін.
Осы тұрғыдан алғанда әріптесіміз, саясаткер Қазыбек Иса ағамыздың мына сөзімен толық келісемін:
"О, ұлы Абай бабамыз! Сенің әлемдік деңгейдегі әдеби даналығыңа осындай малдық санамен қараған дүниеқоңыз ұрпағыңды кешіре гөр..."
Абай – байлықтың емес, парасаттың символы. Сондықтан оның тұлғасын бағалағанда да өлшеміміз материалдық мүмкіндік емес, рухани биіктік болуы тиіс.
Мақсат Раманқұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты