Еспаеваның тәжірибесі Айдарбектің екпінін басып тастады
2026 ж. 11 тамыз
60
0
Дәния Еспаева мен Айдарбек Қожаназаров арасындағы дебат бүгінде қоғамда ең қатты талқыланып жатқан мәселеге айналғаны шындық.
Бұл жерде негізгі мәселе — Қазақстанның экономикасы, кәсіпкерліктің тағдыры, мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігі және саясаткердің тарихи-мәдени сауаттылығы туралы екі түрлі көзқарастың ашық көрінуінде.
Дебатқа сырттай қараған адам ең алдымен екі түрлі саяси темпераментті байқады. Қожаназаровтың стилінде жылдам реакция, шабуылға бірден жауап беру басым. Еспаеваның тәсілі мүлдем бөлек: ол қарсы пікірді тыңдап алып, асықпай тарқатып, өз аргументін сабырмен құрады.
Саясатта мұның екеуі де керек. Бірақ ұзақ саяси жолда салқынқандылықтың бағасы жоғары.
Дәния Еспаеваның бұл дебатта артықшылығы дәл осы жерден байқалды. Оның қаржы саласындағы тәжірибесі экономика туралы жалпы сөз айтудан гөрі, мәселенің механизмін түсіндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік, салық, меншік құқығы немесе мемлекеттік бақылау туралы сөз болғанда, оның аргументтерінде тәжірибеден өткен адамның көзқарасы сезіледі.
Ал бизнес үшін ең үлкен мәселе салықтың көлемі ғана емес. Кәсіпкер ертең қандай ереже қолданылатынын, мемлекеттік органның шешіміне қалай шағымданатынын, өзінің мүлкі мен инвестициясының қаншалықты қорғалғанын білгісі келеді.
Яғни бизнесті қолдау дегеніміз — кәсіпкерге анда-санда жеңілдік беру емес. Оған мемлекетпен қарым-қатынаста құқықтық қауіпсіздік қалыптастыру.
Осы мәселе Қазақстан экономикасының болашағы үшін әлдеқайда маңызды.
Кәсіпкер мемлекеттен субсидия немесе жеңілдік сұрап қана отырмауы керек. Ол заңның өзіне бірдей жұмыс істейтініне сенімді болуы қажет. Мемлекеттік органның өкілеттігі мен кәсіпкердің құқығы арасында тепе-теңдік болмаса, ешқандай инвестициялық климат туралы әңгіме толық болмайды.
Дебатта осы ұстанымның салмағы сезілді.
Дебаттың тағы бір қабаты — Абайға қатысты пікір.
Бұл мәселе бастапқы экономикалық тартыстан әлдеқайда кең резонанс тудырды. Себебі Абай туралы айтылған сөз саясаткердің жеке көзқарасынан асып, қоғамның тарихи жадына қатысты мәселеге айналды.
Себебі, Абайдың құндылығы оның әкесінің қанша малы болғанымен өлшенбейді.
Абайдың қазақ тарихындағы орны — адамның ішкі әлемін, қоғамның кеселдерін, надандық пен жалқаулықты, ғылым мен білімнің маңызын терең талдаған ойшылдығында. Ол байлықтың өзін мақсат емес, адамдық кемелдікке жетудің құралдары тұрғысынан қарастырды.
Сондықтан Абайды материалдық өлшемге сыйғызу қоғамның наразылығын тудырғаны заңды.
Бұл жерде саясаткерлерге бір маңызды сабақ бар: қоғамдық пікірталаста әр сөздің контексті болады. Әсіресе Абай күні сияқты символдық датада айтылған пікірдің салмағы екі есе артады.
Экономиканы білу — саясаткер үшін артықшылық. Бірақ елдің тарихын, әдебиетін, ұлттық жадын түсіну — одан кем емес талап.
Қожаназаровтың саяси мансабы енді қалыптасып келе жатқанын ескерсек, мұндай пікірталастар оның әлсіз тұстарын да, мүмкіндігін де көрсетті. Ал Еспаеваның дебаттағы ұстамдылығы мен тәжірибесі оның ұзақ саяси жолдан өткенін аңғартты.
Бірақ осы дебаттан кейін бір нәрсе анық байқалды: Дәния Еспаева бүгінгі саяси рингке кездейсоқ шыққан адам емес.
Ол экономикалық аргументтің тілін де, әлеуметтік мәселенің тілін де жете түсінеді. Ең маңыздысы — қарсы пікір айтылғанда өз позициясын жоғалтпайтын, бір сөзбен айтқанда, алған бетінен қайтпайтын адам.
Еспаева Ходжаназаровты екі шайнап, бір жұта салады десек артық емес. Еспаеваның тәжірибесі Айдарбектің екпінін басты.
Қоғамға саясаткерлердің алдын ала дайындалған мәлімдемелері емес, осындай бетпе-бет пікірталастар керек. Себебі камера алдында адамның бағдарламасы ғана емес, оның ойлау тәсілі, қарсы пікірге реакциясы, білімінің тереңдігі және жауапкершілігі көрінеді.
Сондықтан мұндай дебаттардың жалғасы болғаны жөн.
А. Тасқараұлы,
Қазақ үні