Абайдың биіктігін малмен өлшеп өзінің рухани төмендігін көрсетті - Тоққожа Қожағұл
2026 ж. 11 тамыз
70
0
Абайдың ұлылығын Құнанбайдың малымен өлшеп отырған азаматқа ренжудің өзі артық шығар. Әркім дүниені өз өлшемімен бағалайды ғой.
Біреуге Абай һакім, ақын, ойшыл, ұлттың рухани ұстазы. Ал біреуге Абайдың ұлылығы әкесінің қорасындағы малдың санынан әрі аса алмайды.
Егер Абайдың деңгейін әкесінің дәулетімен өлшейтін болсақ, онда адамның ақылы да әкесінің есепшотымен бірге туып, ой-өрісі қорадағы малдың санымен белгіленуі керек шығар.
Құнанбай Абайды Абай еткен жоқ. Құнанбайдың малы да Абайдың данышпандығын сатып алған жоқ. Керісінше, Абай сол дәулеттің де, заманның да, адамның да мәнін сынай алатын деңгейге көтерілді.
Сондықтан Абайға баға бермес бұрын, Құнанбайдың малын емес, Абайдың сөзін санаған жөн.
Әйтпесе Абайды түсінбей тұрып, Абай туралы пікір айтқанымыз - телескоппен қарап тұрып, «анау неге көрінбейді?» дегенмен бірдей.
Абайдың биіктігін малдың басымен өлшеген адам, шын мәнінде, Абайдың биіктігін емес, өзінің рухани өлшемінің төмендігін көрсетеді.
Тоққожа ҚОЖАҒҰЛ, суретші, педагогика ғылымы кандидаты, ҚР Көркемсурет академиясы академигі, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты