АБАЙ ЖЫРЫНА МАЛДЫҢ КӨЗІМЕН ҚАРАУ!
2026 ж. 11 тамыз
83
0
Кеше "Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасы Дания Еспаева мен "Республика" партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров арасында дебат өтті. Дебат барысында Ходжаназаровтың қазақтың ұлы ақыны Абайға қарата айтқан сөзі қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Осыған байланысты, төменде белгілі ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Қазыбек Исаның жазбасын ұсынамыз.
***
Бүгін Ұлы Абайдың туған күнінде дана ақынға қара бояу жаққан “Республика” партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров болды!
“Абайды - Абай қылған Құнанбайдың малы! Құнанбайдың малы болмаса, Абай Абай болмас еді!”-деп соғып тұр ғой сабазың бір кісінеп қойып?! Масқара!
Дана Абайдың дарынын Құнанбайдың малымен есептейтін, қасиетті қазақ әдебиетіне, киелі пәкизат өнер поэзияға материалдық, яғни малдық сана, дүниеқоңыздық пиғылмен ғана қарайтын руханияттан жұрдай сауатсыздар қалай партия басқарып, тіпті парламентте болып келген?!.
Бұл дана Абайдың ұлы жырына Құнанбайдың малының көзімен қарау!

Арғымақтың не екенін айыра алмай “Айғырмыз” деп мәлімдеп, партиясын атқораға айналдырып жіберген, ақыл-ойдан, өнерден малды артық көрген Айдарбек мырзаға Абайдың дана сөзінен әліппелік сауат ашу дәрісін оқып жіберейік: “Мал дәулет емес, ақыл дәулет! Дәулетке ақыл бітпейді, Ақылға дәулет бітеді.»-дейді данышпан ақын.
О, Ұлы Абай бабамыз, сенің әлемдік деңгейдегі әдеби даналығыңа осындай малдық санамен қараған дүниеқоңыз ұрпағыңды кешіре гөр!?.
Қазақстан Жазушылар одағы бұл масқараны жерде қалдырмай, ресми кешірім сұратуы тиіс!
Қазыбек ИСА, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшысы.
10 тамыз 2026 жыл