СӨЗДЕН ІСКЕ ДЕЙІН: «АҚ ЖОЛ» САЙЛАУЫНЫҢ БАҒДАРЫ НЕНІ КӨРСЕТЕДІ?

СӨЗДЕН ІСКЕ ДЕЙІН: «АҚ ЖОЛ» САЙЛАУЫНЫҢ БАҒДАРЫ НЕНІ КӨРСЕТЕДІ?

Сайлау науқанының қызған шағында партиялардың бағдарламасы мен ұрандарынан бөлек, олардың қоғаммен қалай сөйлесетіні, қандай мәселелерді көтеретіні және сол сөздің артында қандай адамдар тұрғаны да маңызды бола түседі. Осы тұрғыдан қарағанда, «Ақ жол» демократиялық партиясының қазіргі сайлауалды науқанынан бір ерекшелік анық байқалады: партия өз идеясын тек мінберден айтып қана қоймай, оны нақты адамдардың тағдырымен, еңбекпен, біліммен және туған жерге қызмет етумен байланыстырып көрсетуге тырысып келеді.

Мұны соңғы күндердегі бірнеше оқиғадан аңғаруға болады.

Сонау Батыс Қазақстандағы Қаратөбеден Астанаға велосипедпен жолға шыққан Асылбек Айболатовтың сапары — соның бір мысалы. Қырық градусқа жуық ыстықта көлеңке іздемей, ұзақ жолға велосипедпен шығу — жай ғана үгіт-насихаттың өзгеше тәсілі емес. Бұл белгілі бір идеяны жеткізудің символдық формасына айналып отыр. Асылбектің мақсаты — «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жол бойындағы елмен жүздесу.

Қаратөбе — тарихи жады терең мекен. Алаш арыстарының ізі қалған өлкенің ақсақалдары Асылбекке батасын беріп, сапарға шығарып салуының өзі бұл жолдың мәнін арттыра түседі. Оның тарихи Торғай жерін басып өтіп, Ахмет Байтұрсынұлының ауылына соғуы да осы сапардың мазмұнын кеңейте түсер еді.

Бұл жерде символдық мән бар: партияның атауындағы «Ақ жол» ұғымы тек саяси ұран болып қалмай, нақты жолға шыққан адамның әрекеті арқылы көрініс табуда. Бірі ел аралап жүр, бірі кәсіпкерлермен кездесіп жатыр, енді бірі теледебатта бағдарламаның нақты тетіктерін талқылап отыр.

Сайлауалды науқанның тағы бір назар аударарлық тұсы — партия төрағасы Дания Еспаеваның өз өмір жолын ашық айтуы.

«Жетім өстім, бір жасымда анадан, 12 жасымда әкеден айрылдым, ауылда тұрдым, сиыр да саудым, от та жақтым, қой да бақтым» деген сөздер — кез келген саясаткердің дайын имиджіне сыймайтын, өмірдің өзінен шыққан әңгіме. Мұндай өмірбаян адамның әлеуметтік мәселелерге көзқарасын да өзгеше қалыптастырады.

Бірақ мұнда тағы бір маңызды деталь бар. Дания Еспаева қаржы саласында 34 жыл еңбек еткенін және сол уақыт ішінде пара деген ұғымды ойына да алмағанын айтты. Бұл — жай ғана жеке өмірбаянның дерегі емес. Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отырған адалдық, жауапкершілік және мемлекеттік қаржыға деген көзқарас мәселесімен тікелей байланысты.

Яғни партия өз жетекшісінің өмір жолын бағдарламалық ұстанымдарымен сабақтастырып отыр: еңбекпен өсу, адал қызмет ету, кәсіби біліктілік және мемлекет қаржысына жауапкершілікпен қарау.

Осы ұстанымдардың теледебаттағы көрінісі де назар аудартады.

Жеті партия өкілдері қатысқан пікірталаста «Ақ жол» алаңынан Дулат Тастекейдің сөз саптауы ерекше көзге түсті. Оның білім беру тақырыбындағы сөзіне «Білімдіден шыққан сөз» деген Абайдың қанатты жолын эпиграф етуге болатындай.

Неге?

Өйткені Дулат Тастекей білім мәселесін жай ғана жалпы ұран деңгейінде қалдырмай, нақты ұсыныстар арқылы тарқатты. Ғылым мен инновацияға нақты мерзім мен нақты қаржы көзін белгілеу, мұғалімдердің жалақысын жыл сайын өсіру, ұстазды артық әкімшілік жүктемеден босатып, негізгі жұмысына — бала оқытуға мүмкіндік беру, квазимемлекеттік сектор шығынын қысқартып, бақылауды күшейту, ауыл мен қала баласының білім алу мүмкіндігін теңестіру секілді мәселелерді көтерді.

Бұл ұсыныстардың әрқайсысы бүгінгі қоғам үшін маңызды.

Білім беру мәселесін талқылағанда ең басты сұрақ — «қанша қаржы бөлінеді?» ғана емес, сол қаржының нақты нәтижеге қалай айналатыны. Мұғалімге артық есеп пен қағазбастылықты көбейтіп қою арқылы білім сапасын арттыру мүмкін емес. Ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығы да бір күнде шешілмейді. Ол үшін инфрақұрылым, технология, кадр және тұрақты қаржыландыру қажет.

Дулат Тастекейдің сөзінің ерекшелігі де осында: мәселені атап қана қоймай, оның тетігіне назар аударды.

Оның білім саласына қатысты ұстанымының жеке өмір жолымен байланысуы да кездейсоқ емес. Анасының ұстаз болуы, өзінің әлемдік деңгейдегі білім ордаларында білім алуы бұл тақырыпты сырттай бақылаушы емес, өмірінен өткізген адамның позициясы ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Сондықтан теледебаттағы сөздің әсері оның мазмұнымен ғана емес, сөйлеушінің кәсіби және өмірлік тәжірибесімен де күшейді.

Дулат Тастекейдің тағы бір ерекшелігі — туған жермен байланысын білім мен қоғамдық қызметтен бөліп қарамауы.

Туған жерінде ұлттық өнерді, спорт пен руханиятты ұлықтайтын «Асыл бесік — Ақсуат» республикалық фестивалін өткізуі — осының бір көрінісі. Мұндай бастамалар мемлекеттің барлық мәселесін шешпейді, әрине. Бірақ азаматтық жауапкершіліктің өлшемі тек мемлекеттік қызметпен немесе парламент мінберімен шектелмейтінін көрсетеді.

Туған жерге қызмет ету — елге қызмет етудің алғашқы мектебі.

Осы тұрғыдан қарағанда, «Ақ жолдың» қазіргі науқанынан бір ортақ желіні байқауға болады. Ол — сөз бен әрекетті жақындастыруға деген талпыныс.

Асылбек Айболатов жолға велосипедпен шықты. Дания Еспаева өз өмірінің қиындықтарын жасырмай айтып, адал еңбек туралы ұстанымын алға шығарды. Дулат Тастекей теледебатта білім мен ғылымның нақты мәселелерін көтерді. Бұлардың формасы әртүрлі болғанымен, мазмұны бір арнаға тоғысады: еңбек, білім, жауапкершілік және елге қызмет ету.

Сайлау науқаны кезінде партиялардың бәрі жақсы сөз айтады. Бұл — заңдылық. Бірақ сайлаушы үшін уақыт өте келе ұраннан гөрі нақты мазмұн маңызды бола бастайды.

Кім нақты мәселені көріп отыр? Кім оның себебін түсіндіре алады? Кім шешу жолын ұсынады? Ал ең бастысы — сол айтылған сөздің артында нақты тәжірибе мен әрекет бар ма?

Теледебаттың мәні де осында. Енді саяси партиялардың плакаттары мен ұрандарын ғана емес, олардың эфирдегі сөзін, дәлелін, бағдарламасын салыстыратын кезең басталды.

«Ақ жол» үшін бұл — өз ұстанымдарын дәлелдейтін маңызды алаң.

Ал Қаратөбеден Қараөткелге қарай жол тартқан Асылбектің сапары осы науқанның өзгеше бір символына айналып отыр. Бір қарағанда, бұл — велосипедпен жасалған ұзақ сапар ғана. Ал кеңірек қарасақ, елмен жүздесуге, бағдарламаны жеткізуге және партия идеясын жол үстінде танытуға деген ниет.

Саясатта да, өмірде де ұзақ жол бір күнде жүрілмейді.

Ол үшін бағыт, төзім және мақсат керек.

«Ақ жолдың» қазіргі сайлауалды науқанына сырттай бақылаушы ретінде қарағанда, партия осы үш ұғымды — бағытты, төзімділікті және нақты мақсатты бір арнаға тоғыстыруға тырысып отырғанын байқауға болады.

Ал бұл жолдың қайда апаратынын енді сайлаушының таңдауы көрсетеді.

М. Орынбет,

"Ақ жол" партиясының сайлауалды штабы есебінен төленген