ДӘНИЯНЫҢ ІЗГІЛІК ДӘНІ
2026 ж. 04 тамыз
67
0
Кезекті сайлау науқаны басталды. Биліктің заң шығарушы саласына кімнің келгенін қалайсың, соны таңдауың керек. Негізі бұл жолы «кімнің» емес, «кімдердің» деп жазған дұрысырақ. Өйткені жеке тұлғаға емес, тұтас партияға дауыс бересің. Қазір әншілер мен блогерлерді қатарына қосып алып, артық қыламыз деп, тыртық қылып жатқан кейбір партиялардың әрекетін көргенде қарының ашатыны рас. Мұндайда Президенттің өзі айтқан кәсіби парламент құру қажеттілігі жөніндегі тапсырмасы ойға оралады. Әрине, елде өзіміз қалайтын майталман мамандар топтасқан партия жоқ емес. Сайлауда жинаған дауыстары жеткілікті межеден өтсе, ол партияның үміткерлері жаңа парламент – Құрылтайға депутат болмақ.
Сол депутаттар арасынан бір тұлғаны тағы көргіміз келеді. Тағы дейтініміз – бұған дейін де депутат болған. Мәжіліс төрағасының орынбасары міндетін де абыроймен атқарған. Кім екені осы жазғанымыздан-ақ белгілі болған шығар.
Әрбір іс-әрекетінен байқалып та жайқалып тұрады...
Атын алғаш рет 2010 жылдың ең басында естіген едік. Түрін де сонда көргенбіз. Өмірден емес, телеэкраннан. Титрдағы жазу «Дания Еспаева, «БТА Банк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры» деп тұрды.
Біз онда «Қазақстан» телерадио корпорациясы төриесінің аймақтық филиалдармен жұмыс жөніндегі орынбасарымыз. 13 облыстық және 1 қалалық филиалдың эфирінде не беріліп, не берілмей қалды, көрерменге ұсынылған дүниелерінің қай тұсы құптарлық, қай жері қынжылтарлық деген мәселелермен айналысатынбыз. Шығармашылық ұжымдар арасында конкурс, бәсеке ұйымдастыратынбыз.
Ақтөбе облыстық филиалының өтер жыл мен келер жыл тоғысындағы екі сағаттық мерекелік бағдарламасын қарап отырғанда осы титр көзімізге түскен. ҚазМУ-де оқыған кезімізден таныс ақын Мейірхан Ақдәулетұлы, өзімізбен курстас болған Әмір Оралбайды оқытушы етіп қызметке алған Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев, атақты дәрігер, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Намаз Ізімбергенов сияқты кілең мықтының арасында еркін сөйлеген қаржыгер әйел елең еткізген. Несие мен пайыз жайында емес, сиыр мен барыс арасына қатысты ежелгі тәмсілді айтып қайран қалдырған. Телевизиялық бағдарламаны қарап отырғанда Қазақстандағы ондаған банктің аймақтардағы жүздеген филиалының директорлары арасында Дания Еспаева суырылып шығар-ау, әрі қаржы саласынан емес саясат алаңынан маңдайы жарқырап көрінер-ау деп ойламаппыз.
Арадағы он алты жылда Ақтөбе облысына жеті-сегіз рет жол түсті. Әлгі филиалда, «Ақтөбе медиада» дәріс оқыдық. Патриоттық, мерекелік жиындарына қатыстық. Сол сапарларда Әлия Молдағұлова, Халида Маманова сынды тарихи тұлғалар жайындағы деректерімізді молайтумен қатар, осы аймақтың қыздары арасында саясатта суырылып шыққан Дания Мәдиқызы туралы біраз жәйтке қанығып қайтатынбыз.
Дания осы облыстың Мәртөк ауданының Жайсаң ауылында он екінші перзент болып дүниеге келген. Әлде ауылдағы медицина сапалы болмады, әлде басқа себептерден шығар, сәби көзін ашқанда алдында екі ағасы мен әпкесі бар екен. Анасы Әсима 48 жасында кенжесі ретінде мұны босанып, келесі жылы өмірден өткен. Дания анасының тек фотодағы түрін біледі.
Кенжесі туғанда әкесі Мәди 61 жас, бесінші мүшелінде Қазақстанға іргелес Орынбор қаласының ауруханасында жатқан. Дәрігер егер шұғыл ота жасалса, әлі он екі жыл өмір сүруге мүмкіндігі барын айтады. Бұған дейін «денеме пышақ тигізбеймін» деген әке қызына Дания деген ат қойып, сол үшін өмір сүруі керектігін түйсінген. Отаға келіскен.
1968 жылы Жайсаң ауылындағы мектептің бірінші сыныбына Данияны әкесі ертіп барды. Басқа оқушыларды мамалары әкелген еді. Бәрібір кем қылған жоқ: үстінде – жаңа форма, жаңа фартук, басында – үлбіреген ақ бантик.
Әкесі күн сайын кешке қызымен бірге сабақ оқыды деуге болады. Бесінші сыныпты бітіргенше Дәнияға көп ақыл айтып үлгерген. Шындықты айтудан жасқанбау, қандай қиын жағдайда да адалдықтан айнымау – Мәдидің қызының принципі болса, оның негізгі іргетасы сол он екі жылда құйылғаны хақ. «Жақсылық жасаудан жалықпа» деген де – әкенің жиі айтатын өсиеті. Жас қыздың санасына ізгілік дәні осылай сіңірілген.
Мәди 72 жасында қайтыс болғанда отбасының салмағы 24 жастағы Едірестің иығына түседі. Ол ауылдың аруы Сәлимаға үйленіп, жас отбасы кейінгі екі ұл мен бір қызға әке-шешенің мейірімін береді. Өздері үлкен үйге айналады. Данияның сағынып келер, мауқын басар қара шаңырағы – осы.
Мамандық таңдайтын кезде еш ойланған жоқ. Әкесі «шындықты айтудан жасқанба, қандай қиын жағдайда да адалдықтан айныма» деп кеткен. Кім шындықты айтып, адалдықтан айнымайды? Әрине, заңгер!
Ол уақытта заңгерлерді тек Қазақ мемлекеттік университеті даярлайтын. Оныншы сыныпты бітіріп, қолына аттестат тиген Дания ойланбастан Алматыға аттанған. Асқар шыңы көк тіреген айбынды Алатау, зәулім үйлер, қалаға ауылдан алғаш келген талапкерге ерекше әсер ететінін бір кісідей білемін. Алайда, сықақшы Оспанхан Әубәкіровтің тілмен бейнелегенде, бұл адам жетектеген адамдардың қаласы. Жалғыз өзі жүрген Дания ғана шығар. Университеттің заң факультетіне «жетектегілер» түсіп, мектепті өте жақсы бітірген бұл емтиханнан өте алмайды. Амал жоқ Мәртөкке қайтады. Алғашқы әділетсіздікті сонда өз басынан өткерген. Бұл оның адал да әділ заң жолын ұстанамын деген талабын бекіте түскен жағдай еді.
Келесі жылы да тағы осы жағдай қайталанды. ҚазМУ-дың заң факультетінің есігі болашақ парламенттің болашақ вице-спикеріне ақыры ашылмады. Дания енді ауылға қайтып, аға-жеңгесінің алдына баруды ар санады.
Заңгер болмаса да, тағдыр маңдайына мықты қаржыгер болуды жазған екен. Ақыры Алматыдағы Есеп кредиттік училищесіне оқуға түсті. Уақыт көші ілгері басып, қарапайым маман ақыры банк басшысына дейін өсті. Облыстағы бірнеше банктің бас экономисі қызметінен бастап, «БТА Банк» АҚ, кейіннен «Казкомерцбанк» АҚ Ақтөбедегі филиалдарының директоры лауазымына дейін жоғарылады. Одан бөлек, бірнеше сайлауға түсті. Үнемі лайықты дауыс жинады.
Біз алғаш жаңа 2010 жылды ашатын бағдарламадан көргенде Дания Мәдиқызы «БТА банкінің» Ақтөбедегі филиалының директоры деген қызметке жетіпті. Оның білікті басшы екенін, әрі болашағы зор боларын әріптесіміз, «Қазақстан» телерадио корпорациясы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Раукен Отыншин айтқан-ды. Айна-қатесіз болжаған екен. Еспаева ірі банктердің сол кездегі ең үлкен филиалдарын басқарған әйел болды. Талап пен тәртіп, адалдық пен тазалық басшысының өмірлік ережесіне айналғандықтан бұл филиал республика бойынша үздік деп танылған екен.
Банк саласындағы қызметпен қатар, саяси, қоғамдық өмірге де белсене араласып, бірнеше мәрте облыстық мәслихат депутаты атанды. Сөйтіп, қаржыгер Дания саясат соқпағында да өз ізін айқындай бастады. Банк басқарып, депутат бола жүріп, қала мектептеріне қолдан келгенше қайырымдылық жасап, ақпараттық, технологиялық жағынан мектептерді қамту мәселесіне сүбелі үлесін қосты.

Осы жерде ерекше атап өтерлік тағы бір жайт бар. Қазір халық қарызға белшеден батқан заман. Кейінгі жылдары елдің қарыз жүктемесін азайту қажеттілігі туралы сөздерді жиі естіп жүрміз. Бүгінде ақылға қонымсыз пайыздық мөлшерлемемен несие беретін банктер адамдардың тағдырына немқұрайлы қарайтыны рас қой. Ол аздай, коллекторлардың әрекетін қосыңыз бұған. Тағдырдың тәлкегімен қиындыққа тап болған қарапайым отбасылардың жағдайын түсініп те жатпайды. Ал, Дания Еспаева банк басқарып отырған тұста, алдында мұң-мұқтажын айтып келген әр адамның арыз-арманын тыңдай білетін еді. Оған дәлел де жоқ емес.
Мәселен, алдына С. Л. деген (авторда толық аты-жөні бар) қала тұрғыны келді. Ол әйел екі жыл бұрын банктен ипотекалық несие алып, үй сатып алыпты. Дүкенінен әжептәуір пайда түсетін, күйеуі мен інісі жұмыс істейтін. Кіріс көзіне сеніп, несиені 5 жылға алған екен. Банк бекіткен кесте бойынша ай сайын 167 мың теңге төлеп келіп, енді доллар қымбаттағандықтан 210 мың теңге төлейтін болыпты. Қырсық шалғанда күйеуі мен інісі жұмыстан қысқартылып қалды. Өзі кішкентай баламен үйде. Кестедегі уақытында қайтарылмаған сомаға өсім қойылған. Әлгі әйел басқасының бәрін қайткенде төлейтіндерін, тек өсімақы дегенге шамалары келмесін айтып, ағынан жарылған. Сонда «БТА Банкі» Ақтөбе филиалының директоры жағдайға түсіністікпен қарап, бұрын есептелген өсімақыны төлеуден босатқан. Бір отбасын қуандырғанына өзі де қуанған.
Одан бөлек, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту мәселесінде Еспаеваның ұстанымы әу бастан берік еді. 2013 жылы Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты заң жобасын Мәжіліс мақұлдаған еді. Енді Сенаттан өтер және Президент қол қояр алдында оны түсіндіру мақсатында мемлекеттік органдар басшылары аймақтарды шарлап кетті. Олармен Ақтөбедегі кездесуде облыстық мәслихат депутаты Дания Еспаева әйелдердің зейнет жасына қатысты өткір пікір білдірді. Қазақстанда әйелдер қызмет пен үй шаруасын бірдей атқарды. Өздерінің ана, әже, жар екенін ұмытпайды. Оларды уақытының көп бөлігін өзінің жеке басының күтіміне арнайтын және үйлерінде қызметші ұстап отырған Батыс әйелдерімен салыстыруға келмейтінін айтты. Осыны заң қабылданбас бұрын ескеруді сұрады.
Аналармен қатар балаларға деген мейірімі үнемі байқалып тұратын. Балалар күніне арнап «БТА банкінің» ғимаратында шахмат турнирі өткізген. Көп ұзамай Астанаға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып аттанады.
Мәжілісте де Дания Еспаева аналар мен балалар мәселесін бір уақытқа да назарынан тыс қалдырмады. Мысалы, сол тұстағы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің атына депутаттық сауал жолдаған. Әрі педиатор мамандығы бойынша оқытуды неге тоқтатқандарын сұрады. Соның нәтижесінде медицина университеттерінде қайтадан балалар дәрігері мамандығы оқытылатын болды.
Кезекті депутаттық сауалында үй шаруасындағы әйелдерге де еңбек өтілін беру қажеттігін көтерді. Бұл талабын және жұмыс істейтін әйелдерге қосымша заңды жеңілдіктер қарастыру туралы пікірін мемлекеттегі мың-мыңдаған аналар қолдағаны мәлім.
Жергілікті ақпарат құралдарына берген бір сұқбатында Дания Мәдиқызы:
-Анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысым шексіз. Өкінішке қарай, ата-анадан ерте айырылдым. Бір жасымда анам өмірден озыпты. Әкем 12 жасқа толған шағымда дүниеден өтті. Менің ендігі тәрбием ағам Едірес пен жеңгем Сәлиманың жауапкершілігінде болды. Жеңгем мені анамдай мәпеледі,- деп толқып сөйлеген еді. -Анам мені өмірге әкелгенмен, ана орнында мені тәрбиелеген асыл жеңгем Сәлиманың маған берген тәрбиесін, жасаған жақсылықтарын ұмыту мүмкін емес. Мен аға-жеңгемнің тұңғышы есебінде бой жеттім. Сондықтан ана туралы әңгіме қозғалған шақта, мен «менің анам» деген сөзді жеңгеме бағыттап айтамын.
Міне, Дания Еспаева өзі де бүгінде екі баланың анасы, төрт немере сүйіп отырған асыл әже.
2016 жылдан бері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып келе жатқан кейіпкеріміз осы жылдар аралығында елдің еңсесін тіктеуге бағытталған көптеген жұмыстарды атқара алды. Өзінің қаржыгер ретіндегі кәсіби тәжірибесі арқасында, азаматтардың мүддесін қорғау бойынша қыруар шаруа тыңдыруда. Себебі, банкир ретінде бүгінде миллионға жуық адамның қарызын уақытында қайтара алмай қалғанын көре тұрып, халық қарызға белшеден батқанын бір кісідей түсінеді. Бұның қауіпті меже екенін маман ретінде жете білген соң, қарыз жүктемесін азайту бойынша бірқатар заңдарға бастамашы болды. Еспаева көтерген заңның арқасында азаматтарға несиелер бойынша мөлшерлемелерді 10 пайызға төмендетіілп, қарыз алушы тоқсан күн бойы қарызын өтей алмаса, онда үстіне пайыздық үстемені қосуға тыйым салынды. Себебі, оның принципі бойынша, тоқсан күннен бері несиесін өтей алмаған адамға, жығылғанға жұдырықтай қылып, тағы да пайыздарды іліп тастай беруге болмайды. Бұл адамды одан сайын қарыз құдығына шыға алмастай етіп батыра береді. Осы айнымас ұстанымын парламенттегі әріптестерімен бірге жүзеге асыра алды.
2024-25 жылдары да осы бағыттағы жұмысы өз жалғасын тапты. Парламентте жүріп қарапайым азаматтарды банктердің жойдасыз пайыздық үстемелерінен, заңсыз әрекеттерінен, халықтың қаржылық сауатсыздығын пайдаланатын алаяқтардан қорғау бойынша өте көп іс тыңдырды.
Ал, қазіргі уақытта ол азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған сол көптеген өзгерітерді елдің санасына жеткізуді өзіне міндет қылды. Сайлауалды науқаны аясында елмен кездесе жүріп, халықты қорғауға бағытталған қандай заңдардың қабылданғанын әрбір сайлаушыға толыққанды түсіндіріп келеді. Еспаевамен кездескен әрбір адам көкейіндегі сұрақтарын іркілмей қойып, мардымды жауаптар алуда. Халық оны шын ниетімен тыңдап, кездесуден зор ризашылықпен қайтуда. Мұны өз көзімізбен көріп, куә болып жүрміз.
Болашақ Құрылтайда дәл осындай мықты мамандар болуы керек деп ойлаймын. Биік мінберден айқайлап ұран тастамай, елмен етене араласып, халықтың арасында жүріп, әр адамды тыңдай алатын, әр адамның міндеттемелерін түртіп алып, соны билікке жеткізіп, жүзеге асыра алатын Еспаева секілді тұлғалар елге керек-ақ.
Міне, мен бір ғана адамның тарихын айтып өттім. Бірақ, Дания Еспаева Мәжілістің үш шақырылымындағы депутаты ғана емес, бүгінде құрылғанына жиырма бес жыл болған «Ақ жол» партиясының екі тізгін, бір шылбырын қолына алған жан екенін де тілге тиек еткім келеді. Биылғы жылдың 13 шілдесінде басым бөлігі мықты кәсіпкерлерден құралған бұл партия осы нәзік әйелді өздерінің лидері етіп таңдады. Себебі, олар Еспаеваның нәзік әйел ғана емес, алдағы сайлауда партияны жеңіске жетелей алатын саясат саңлағы екенін көріп, таныды. Ал, біз бәйгеге түскен жеті партияның ішінде әйел адам басқарып отырған жалғыз партияны қолдауымыз керек. Себебі, ана ретінде ол балалардың да, аналардың да, халықтың да, әр отбасының да мұң-зарын бәрінен артық біледі, шын жанашыр бола алады. Дания Еспаева халықтың ішінен шыққан, ауылдан түлеп ұшқан жан. Оның бағдары да, бағдарламасы да бұқара халықтың мүддесін қорғауға бағытталған.
Осы игі жолда Дания Еспаеваға, ол басқаратын «Ақ жол» партиясына тек табыс, жеңіс тілейміз. Әрдайым Ақ жол болсын, қазақтың Даниясы!
Қайнар Олжай,
Қазақ үні