“ТРИЛЛИОНДАР ЖҰМСАП, ТАЗА СУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ АЛМАУ - ТАЗА МАСҚАРА!”-деп сыналған ТАЗА СУ ШАРДАРАҒА КЕЛДІ!?.
2026 ж. 01 тамыз
145
0
Шардарада «Тама–Тастанбек» ауыз су жобасы іске қосылды
Шардара тұрғындары талай жыл күткен маңызды оқиға жүзеге асты. 2026 жылғы 31 шілдеде Қызылқұм қойнауындағы “Тама–Тастанбек” жерасты су көзінен тартылған «Шардара» топтық ауыз су құбыры пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және өзге де жауапты тұлғалар қатысты.
Бұл жоба – бір күнде қабылданған шешімнің емес, жылдар бойы көтерілген мәселенің нақты нәтижесі.
✅ 1. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса 2021 жылы парламентке бара салысымен мемлекеттік тіл, Алаш идеясы, Қандастар көшінің қарқынын күшейту мәселесімен бірге Шардарадағы Тама-Тастанбек таза су қорын тартуды көтерді. Бұл мәселені Үкіметтің алдына қойып, депутаттық сауал жасады!
✅2.2023 жылғы 20 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Таза су бағдарламасы қаралғанда «Ақ жол» фракциясы атынан депутат Қазыбек Иса сөйлеп, еліміздегі ауыз су мәселесін өткір көтеріп, Үкіметтің осы саладағы жұмысын қатаң сынға алған болатын.
Сол кезде Қазыбек Иса:
«Судың үстінде отырған Шардара халқы суға мұқтаж. Таяқ тастам жердегі "Тама–Тастанбек" таза су қорын тарту мәселесі талай жылдан бері көтеріліп келеді, бірақ әлі шешілген жоқ», – деп мәлімдеді.
Сонымен бірге ол соңғы 25 жылда үш мемлекеттік бағдарламаға 5 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, көптеген өңірдің әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырғанын айтып, бұл жағдайды «ТРИЛЛИОНДАР ЖҰМСАП, ТАЗА СУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ АЛМАУ - ТАЗА МАСҚАРА!» деп қатты сынады!
✅3.Кейін, 2024 жылдың қаңтарында Қазыбек Иса Шардара ауданы тұрғындарымен кездесіп, халықтың ауыз суға қатысты талап-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар Қазыбек Исаның «Тама–Тастанбек» су қорын ел игілігіне беру мәселесін Парламентте де, Үкімет сағатында да көтергеніне ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтып, депутаттан осы жобаның толық жүзеге асуын қадағалап, қолдау көрсетуді сұрады.
✅ 4.Одан кейін Қазыбек Иса Үкіметке тағы да депутаттық сауал жолдап, жобаның қаржыландырылуы мен құрылыс жұмыстарының мерзімі жөнінде нақты жауап талап етті.
Үкіметтің ресми жауабында:
* жобаның жалпы құны 16,5 млрд теңге екені;
* республикалық және жергілікті бюджеттен алғашқы қаржы бөлінгені;
* құрылыс жұмыстарының басталғаны;
* жоба 2025–2027 жылдары жүзеге асырылатыны хабарланған болатын.
✅ 5. Атап өту керек, Қазыбек Иса биыл 2026 жылы бұл мәселеге тағы да назар аударып, істің барысын бақылау мақсатымен қаңтардағы қақаған қыста депутаттық сапармен ел аралағанда көп депутаттар секілді қаладан қайта салмай, Қызылқұмның қойнауына сүңгіп, қырық шақырым жердегі “Тама-Тастанбек” су жобасын қадағалауға өзі барып, алғашқы аққан таза суды өзі татып көрген еді. “Қызылқұмның бұлағы ғой бұл! Бүкіл ауданға таза су жетеді құдай қаласа!”-деген видеосы елге тарап кеткен болатын.
✅ 6.Одан бөлек, былтыр 2025 жылдың маусым айында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның Шардара су қоймасындағы қалыптасқан жағдай мен еліміздегі су мәселесі туралы ҚР Премьер-Министр О.Бектеновке жолдаған депутаттық сауалының жазбаша нұсқасы. Үкімет басшысына жолданған сауалға барлығы 17 депутат қол қойған. "СУ ҮСТІНДЕГІ ЕЛ СУСЫЗ ҚАЛҒАЛЫ ТҰР?" деген тақырыппен "Қазақ үнінде" жарияланған бұл мақала елдің үлкен қолдауына ие болған.
✅ 7. Сонымен қатар, «Тама-Тастанбек» таза су жүйесін тарту мәселесіне байланысты Қазыбек Исаның Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қ.А.Бозымбаевқа сауал жолдап, оған Су ресурстары және ирригация вице-министрі Е. Ибрайхановтың жауап бергені жөнінде "ШАРДАРАДА АУЫЗСУ ҚОРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ" атты мақала жариялағанбыз.
✅ 8. Сол 2025 жылдың 26 шілдесінде Қазыбек Исаның "БІЗДІҢ ЕЛДЕ ҮКІМЕТ БАР МА, ЖОҚ ПА?!." деген атаумен сауалын жариялап, ол қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Артынша үш күннен соң Премьер-министр Олжас Бектенов Шардараға барып, облыстың су жағдайымен танысқанын да хабарладық.

✅ 9. Нәтижесінде Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында бұл маңызды жоба белгіленген мерзімнен бұрын аяқталып, 2026 жылғы 31 шілдеде пайдалануға берілді.
Жаңа жүйе тәулігіне 24 мың текше метрге дейін сапалы ауыз су өндіруге мүмкіндік береді. Жоба аясында 14 ұңғыма бұрғыланып, жалпы ұзындығы 39,28 шақырым болатын магистральдық су құбыры тартылды. Нәтижесінде 30 мыңнан астам Шардара қаласының тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Алдағы кезеңде осы жүйеге ауданның 22 елді мекенін қосу жоспарланып отыр.
Алайда, су жобасының ашылуына жиналған ел осы “Тама-Тастанбек” су жобасының іске асуына үлкен үлес қосқан, Парламент депутаты болған Қазыбек Исаны іздегені анық. Кейбір жерлестері “Ауылда өзіңіз бастамашы болған таза су жобасы іске қосылып жатқанда, неге келмей қалдыңыз?”-деген сәлемдерін де әлеуметтік желі арқылы жолдап жатты…
Иә, Қазыбек Иса Парламентке бара салып, Қызылқұмда қырық шақырымда жатқан, қырық жылдан бері айтылса да, іске аспай келе жатқан “Тама-Тастанбек” таза су қорын тартуды Үкіметтің алдына көлденең қойып көтергенін біз де жоғарыда атап өттік.
Тіпті, әлеуметтік желіде "Қазыбек Иса аталмыш шараға шақырылмаған!
Қазаққа керек Қазыбек Исаның енді су мәселесі шешілгесін Шардараға қажеті жоқ боп қалды ма? Әрине, парламентте өздерін үкімет басшысымен бірге талай сынаған Қазыбек Исаның бұл су жобасы іске қосылып, тұсаукесері болатын салтанатты жиынға шақыртқызбаған кімдер екені осыдан-ақ елге белгілі ғой. Ең бастысы елге Қызылқұмнан таза су жетті!" деп жазып жатқандар да баршылық.
Қалай болғанда да, бұл жоба – Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың, Үкіметтің қолдауының, Түркістан облысы әкімдігі мен Шардара ауданы әкімдігінің игілікті ісі мен қарқынды қайрат көрсеткен "Ақ жол" партиясы фракциясының табанды талабының нақты нәтижесі десе болады.
Таза су құтты болсын Шардаралықтар!
Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ,
Қазақ үні