ҚАРШЫҒА СІҢІРЛІ ҚАЗАҚ
2026 ж. 30 шілде
101
0
Қазақ халқының рухани құндылықтары, әдет-ғұрып, тарихи тамырлар, елдің тұтастығы дегенде ең алдымен қауымымыздың туыстық-жекжаттық дәстүрлері ойға оралар.
Айтса айтқандай-ақ, мысалы, «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» дейтін де осы жұрт.
Автор қазақтың бір-біріне құда түсіп, өзара қыз беріп, қыз алысу ғұрпына қатысты тікелей өмірден алынған оқиғалардың бірін қаз-қалпында баяндайды.
Он бес жасынан бастап ұзақ уақыт Шепейзіде мұғалімдік қызмет атқарған Ғалым Нөкішұлы бұл кезде әбден сақайып, саясатты да жілікше шағып, елдегі күнде дүрбелең, күнде қыз-қыз қайнаған қым-қуыт өмірмен қоян-қолтық араласып жүрген жігерлі, жалынды азамат еді. Оқығаны да, тоқығыны да мол парасатты жігітті өңірдің жас-кәрісі тәк тұрып құрметтейді.
Әрине, ылғи тығыз жұмыспен жүретін кеңсе адамы, қимылы шалт әскери кісі демесең, өте қарапайым жан. Қашан кездессең де, уақытым тығыз, мұрныма су жетпей жүр еді деп қашқалақтау жоқ; келген бұйымтайың бола қалса сабырмен тыңдап, мүмкіндігінше қолма-қол бітіріп беруге тырысады. Маңайына барсаң, ақ самалдай желпіген мінезі де аса жайлы, жайдарлана күліп қойып, айтқан шаруаңды тез тындырып жібереді. Құпиясы мол, қарбалас іспен арпалысып жатқан адамдар едік деп те сыр бермей-ақ, қашанда риза қылып жөнелтеді. Сондықтан оны білетіндер де, бейтаныс біреулер де шынайы сыйлап, іш тартып, жақсы көріп тұрады.
Шиқу аудандық Қауіпсіздік мекемесінде барлау бөлімінің қызметкері. Жиырма төрт-жиырма бестердегі шағы.
Бір күні осы баласының бірталайға келіп қалғанын аңдаған Нөкіш ақсақал ойланған. Құдай-ау, мынау ұл да жетіпті-ау. Тіпті, жеткен қайда, асып та бара жатқан сияқты. Қой, кешіктірмей аяқтандыру керек екен деп...
Қиялы жүйрік, көңілі сергек адамның ойына, неліктен екенін, бірден Ақсуатта талай жыл қатар отырып, тонның ішкі бауындай етене араласқан Әмен бауыры түсе қалды. Ол қазір баяғы Дутайда отыр.
Соны ойлауы-ақ, көз алдына Ыбырайдың Әменінің он алты-он жеті жастардағы бойжеткен қызының кескіні келген. Күлзия. Иманы жүзіне шығып, тал шыбықтай бұралып тұратын бір аяулы бала. Қашан көрсең қос бұрымы тілерсегіне түсіп, именіп тұрады. Дутайдың дәмі тартып, сол шаңыраққа кірген сәттерінде нәркес көзі мөлдіреп, қолына су құйып қызмет көрсеткені де бар. Кейінгі бір барғанында осы қызым менің Ғалымыма лайық емес пе екен деп көңіліне алаң кіріп, біртүрлі елегзіп қайтқаны да есіне түсіп, жымиып қойды.
Ай, бірақ асқан дәулетімен қатар бірінен-бірі өткен хас сұлуларымен де аты шыққан Жанай мен Тоқабай елі көлденең көк аттыны менсіне қоймаушы еді деген күдік те билемей қалмайды.
Иә, бұлардың аруларын көбіне қол жеткендер ғана алған. Мысалы, анау азуы алты қарыс Құнанбайдың анасы Зере – Тоқабай руынан шыққан. Ал әйелі Күңке Сыбан Ақтайлақ ауылының қызы. Шыңғыстаудың атақты аға сұлтанының бұл елдермен жиі араласып, ұдайы қарым-қатынаста отыратын бір себебі осыдан еді. Құнекең кейін баласы Ысқаққа да Тоқабайдың Текті деген қызын әперген. Абайды ғашық қылып «Айттым сәлем, қаламқас!» деп ән салдырған да осы елдің жуаны Тана мырзаның қызы Тұржан сұлу болатын. Мұхтар Әуезов «Түнгі сарын» деп пьеса арнап, кейіпкер ретінде «жүз тайлақ» аталған әйгілі Бәтіш сұлу да осы Жанайдың ұрпағы. Міне, Күлзия қыз осы арулардың сіңлісі еді.
Одан соң Жанай жұрты ежелден ноғайлармен жиі араласқан ел екен де, жігіттері көбіне татардың ибалы матурларын алатын. Не тағдырдың, не саясаттың құдіреті екенін кім білсін, әйтеуір, Семей жаққа берідегі Қазан мен Уфаны былай қойып, сонау Мәскеу мен Ленинградтан көшкен татарлардың көбі осы Жанай елін жағалап, кірігіп жататын көрінеді. Тәрізі, ертерек орныққан алдыңғылары бірін-бірі шақырып, бірін-бірі тартатын болса керек.
Әменнің әкесі Ыбырай қажы төрт әйел алыпты. Бір зайыбы қалмақтан да болған. Ал Әменді дүниеге әкелген кіші әйелі Құснимәну – татар қызы. Осындай жағдайларға байланысты ма екен, бұл рудың қыздары өзге жұрттың қаны араласып, сымбатына сымбат қосып, кілең бір жүзінен нұр төгілген көрікті боп жаратылатын секілді.
Бірталай ойға шомып қалған Нөкіш: «қазір жаңаша заман ғой. Кім білсін, бірақ. Көне қоя ма. Әй, қайдам, көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе, дегенмен, оңай емес-ау айттыра қою!» деп санасы сан-саққа жүгірді.
Сөйтіп жүргенде Шепейзіге Ғалымның өзі де демалысқа келе қалған.
Нөкең сөздің ығыты келгенде алыстан орағыта отырып, ұлының «тамырын басты». Сен де недәуірге келдің ғой, енді қашанғы жалғыз жүресің, басыңа бас қоспайсың ба дегенді сездірген. Сөз байласып жүрген басқа біреуі бар ма, «жақсы болды ғой, сіздердің ыңғайларыңызды бағып едім, әкел десеңіздер әкеле қояйын!» деп лоқ еткізе ме деген қаупі де жоқ емес-ті. Қиялына бекем орнықтырып үлгергендіктен бе, Күлзиядан айырылғысы келмей қалыпты. Тіпті, одан басқа адамды елестете алмайды екен.
Баласы үнсіз күлді. Әкесі әңгіме ауанын жеделдете айналдырып әкеліп, ай, сен осы анау Дутайдағы Әмен ағаңның қызы Күлзияға қалай қарайсың дегенді аңдатты. Емеуірінді бірден түсінген баласы ыржияды. Әкесіне шырайлана қарап, жүзіне қан жүгіреді. Енді Нөкең де жайдарыланған. Мына түріне қарағанда, Күлзия қарындасын бұның өзі де баяғыдан байқап-біліп жүрген «қу» болып шықты.
Расында да, Ғалым Күлзияны бір-екі мәрте көріп, сырттай ынтыққан еді. Алайда қыздың еркі көбіне әкенің қолында. Сондықтан не істерін білмей, өзінің де қиналып жүрген тұсы-тын.
Құдай сәтін салса, ыңғайланбайтын іс жоқ екен-ау. Енді, міне, әкесі екеуінің ойы бір жерден шығып, мәселенің өз-өзінен қозғала қалғанына қатты қуанады. Ыржиғаннан басқа не лажы қалсын.
Осыны аңдап, Нөкіштің көңілі әбден жайланған. Бұйыртса, қалған шаруаны өзім-ақ реттермін деген.
Өйтетін жөні де бар-ды. Баяғыда өзі прикәзшігі болған Аймағамбетке әлгі «жүз тайлақ» Бәтіш сұлуды алып берген осы Нөкіштің өзі еді. Яғни, қыз айттыруға «аздаған» тәжірибесі бар деген сөз ғой.
Сөйткен Нөкіш емес пе бұл. Енді Күлзия қызды айттырып, баласын аяқтандырып жіберудің ыңғайын таппай мазасызданады.
***
Құданың құдыреті, Жаратқан сәтін түсірейін десе, шыныменен, демде ғой, «Іздегенге – сұраған» – сөйтіп алабұртып жүргенінде бір күні Шепейзіде отырған Нөкіштің үйіне Құдай айдап Әменнің өзі кіріп келді!
Бұл ауылға әлдебір тірлігімен жолы түскен екен.
Болашақ құдасын құрақ ұша күтіп алған Нөкіш есі шығып, мейманын асты-үстіне түсіп қонақ қылды. Бір тұсақты жайратып салған соң, қазан оттан түскенше әңгімені төтесінен тартып, бұрынғы дос-інісіне алаңсыз отырып арман-сырын ақтарды.
– Әменжан, жасың кіші болса да атажолдас, сыралғы досым едің. Ақсуатта бірге туған ағайындай етене араласып ек. Тіпті, арамыздан қыл өтпейтін туыс та болып кетіп ек қой. Енді жат елде жүргенде ішке түйген сырымды саған айтпай кімге айтайын. Күн сайын жасарып келе жатқан жоқпыз. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Атаң Жамбас ақсақалды да көріп ем. Әкең Ыбырай қажымен үзеңгі қағыстырып, талай дәмдес болдым. Құдай олардың иманын берсін! Басқалардан гөрі артық жаратқан аяулы жандар еді. Баяғыдан сол текті әулетпен сарысүйек құда болсам деп армандаушы ем. Дутайға әне барам, міне барам деп көп оқталдым. Сөйтіп жүргенде, міне, дәм тартып өзің кеп қалдың. Сөзді көп созып қайтем, Құдай бұйырса, екеуміз құда болайық! Кенже ұлым Ғалымға қызың Күлзияны бер. Тілегімді құп көрсең, балаңды малға берме, менің басымды, жасымды сыйлап бер! – деп бір-ақ тоқтады.
Әмен бірталайға дейін үндемеген. Арасында төмен қарап отырған күйі ауыр күрсінді. Көз алдынан небір алмағайып күндердің елестері зуылдап өтіп еді. О жақта да, бұ жақта да талай ыстық пен суықты бірге көріпті. Құдалық деген ата дәстүрі. Нөкеңнің тілегін сабырмен қабылдады. Баяғыда шекара асып келген кей ағайынның жас қыздарын осындағы жергілікті адамдарға тұрмысқа беруге мәжбүр болғаны есіне түскен. Қайбір ықтиярымен бере қояды дейсіз. Көзінің ағы мен қарасындай әлпештеп өсірген аяулы перзентін тең емес біреулерге кім қияды. Бірақ берген. Беруге тура келгендіктен береді де.
Ондайлардың жағдайын жақсы түсінетін. Етегі бүрмелі ақ шағи көйлегі мен барқыт камзолын киіп алып, қыр асып бара жататын сондай дәрменсіз қыздардың бота көзі мөлдіреп, жәутеңдей қарап бара жататын көрінісі елестегенде кеудесі удай ашыды.
Мұндай жағдай жалғыз қазаққа ғана тән салт емес еді ғой. Жанына қанша батса да, әрбір халықта қысылтаяң кезеңдерде жас қыздарын жатқа беру үрдісі кездесіп отырған. Ендеше еркек тоқты ғана құрбандық емес екен. Елдестіретін де елші ғана емес екен. «Қыз – өріс, ұл қоныс» деп жатушы еді. Қыз да қоныс екен. Бермеске амалы қалмағандықтан береді де. Өйткені қиналған сәтте бітімгершілік керек немесе жер қажет болады. Сол қоныста алдыға салатын мал керек болады...
Осындайды ойлағанда кішкентай Күлзиямды қор қылмаспын-ау деп қиялданатын. Қарап отырса, ол періштесін де қияға қондыратын кез келіп қалған екен-ау. Қалай байқамаған. Ғалымды да жақсы біледі ғой. Жаман жігіт емес. Бірақ болашақ күйеу баланың қызынан біршама үлкендеу екеніне ойланыңқырап қалды. Күлзия он алтыда, ал жігіт жиырма бесте көрінеді. Дегенмен, ештеңе ете қоймас; оқыған-тоқығаны мол адамгершілікті, аңғарлы азамат қой. Қайта, тіпті, ер адамның зайыбынан едәуір ересектеу болғаны дұрыс шығар деп те түйіп еді. Одан соң өзінің аузына қарап тықыршып отырған Нөкеңе татымды жауабын берген:
– Иә, ақсақал, тілегіңіз орынды. Жат жерде жүргеніміз де рас. Атажұртты сағынғанда қабырғамыз қайысады. «Әкең өлсе не шара, әкеңді көрген өлмесін» деген ғой. Осы өңірде көзкөрген өзіңізбен жүздескен сайын марқұм ата-бабаларымның қамқорлығын сезінгендей бір жасап қаламын. Жақсы сөз жарым ырыс демекші, бірталайға келсек те, біздің өзіміз анда-санда сіздің осындай ыстық лебізіңізді аңсап жүреміз. Бай бір жұттық дегендей, дүние шіркін қашанғы жолдас болады. «Теңін тапса тегін бер» деген де атам қазақ еді. Сізді қайтіп алысқа қиямын, Нөке. Елімнің ажары едіңіз. Айтқаныңыз болсын. Қарсылығым жоқ, – деді.
Құлтөлеу МҰҚАШ,
Алматы