БІЛІМ БӘСЕКЕСІНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
2026 ж. 30 шілде
104
0
Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 22 жылдан бері қолданылып келеді. Бұл жүйе – жоғары оқу орындарына түсуге ниетті талапкерлердің білімін бағалаудың негізгі тәсілі.
«Еңбегің кетпес далаға...»
Қазіргі таңда аталған жүйе Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2026 жылғы 26 ақпандағы бұйрығы бойынша жүзеге асуда. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің ережесіне сәйкес, түлектер Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқыту тілі) және екі бейінді пән бойынша тест тапсырады. Тек шығармашылық дайындықты қажет ететін білім бағдарламаларына қабылданушылар бұл екі пәннен босатылады.
Осылайша, жоғары оқу орнына түскісі келетіндер міндетті түрде ҰБТ тапсырады. Тестілеу барысында мектеп бітірушілер он бір жыл бойы алған білімінің нәтижесін көрсетеді. Сондықтан да әрбір түлек ҰБТ-ға асқан жауапкершілікпен қарауы керектігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Тестілеу жүйесі жыл сайын жетілдіріліп, нәтижесінде талапкерлердің білімін бағалауға мүмкіндік беріп, жоғары оқу орнына түсу жолында ашықтық пен академиялық адалдық қағидаттарын одан әрі нығайта түсуде. Бұл орайда, биыл осынау білім бәсекесі жаңа белестен көрінгенін атап өткен ләзім.
2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға республика көлемінде 233 мыңға жуық талапкер қатысып, бағын сынады. Биыл тестілеуде екі мүмкіндік болғандықтан, сынақтардың жалпы саны 422 мың болды.
Талапкерлердің 73,1 пайызы тестті қазақ тілінде тапсырса, 26,8 пайызы орыс тілінде, ал 383 талапкер ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған. Қорытындыға сүйенсек, 177 мыңға жуық талапкер яғни қатысушылардың 76 пайызы шекті балл жинауға қол жеткізген.
Ал бес пән бойынша орташа нәтиже 69 балды құрады. Сонымен қатар 821 талапкер 130 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Мұның барлығы тынбай білім алып, еңбектенудің нәтижесі екендігі сөзсіз. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деп ұлы Абай айтпақшы, дайындық кезеңінде білімге зер салған зерделі баланың кез-келген сында сүрінбей, алдыңғы қатардан көрінетініне бұл жолы тағы да көз жеткіздік. Атап айтқанда, Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир тестілеуден 140 балл иеленіп, жұлдызы жарқырай түсті. Сол сияқты, Түркістан қаласындағы жекеменшік мектептің 11-сынып оқушылары Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев та 140 балл иеленіп, ең жоғары межеден көрінді.
Айта кетерлігі, бір мектептен шыққан екі түлек те болашақта Maqsut Narikbayev University-де аударма ісі мамандығы бойынша білім алып, халықаралық деңгейде еңбек етуді көздеп отыр. Алдағы оқу жылында 10-11 сыныптарға баратын жасөспірімдерге ұстазы мен ата-анасының үмітін ақтаған осындай үздіктердің жолы үлгі болуға тиіс деп есептейміз.
Академиялық адалдық әр талапкердің айнымас серігіне айналсын
Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең негізгі қағидаттарының бірі – академиялық адалдықты сақтау. Академиялық адалдық дегеніміз – тестілеу барысында белгіленген ережелерді сақтап, білімін өз күшімен көрсету. Осы мақсатта тестілеу барысында аудиторияларда бейнебақылау жүргізіліп, тыйым салынған заттарды пайдаланудың алдын алуға айрықша назар аударылады. Бұл талаптар өз кезегінде білім деңгейін әділ бағалауға бағытталған. Сонымен қатар, ол барлық талапкерге тең мүмкіндік жасауға негізделген.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл тестілеу 422 мың рет тапсырылса, сол аралықта 890 ереже бұзу дерегі тіркелген. Атап айтқанда, 522 талапкер смартфон, шпаргалка, микроқұлаққап, смарт көзілдірік және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған. Десе де, олардың бұл әрекеттеріне дер кезінде тосқауыл қойылған. Сондай-ақ 361 талапкер тестілеу барысында ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері сол мезетте жойылған.
Бейнежазбаларды тексеру кезінде де 7 бірдей талапкердің нәтижесі күшін жойды. Ал өзге адамның орнына тест тапсыру деректері тіркелмеді. Мұның барлығы өз кезегінде талапкерлерге бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беруге болмайтынын ерте кезден-ақ түсінуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп өтуге дағдыланбауды саналарына сіңіре отырып, білімдінің ғана күні жарық екеніне көз жеткізуді көздейді. Осындай ақпараттарды оқу арқылы қолданылған қатаң шаралардан кейін келешекте талапкерлер мұндай келеңсіздікке жол беру салдарынан опық жеп қалатынын жақсы ұғынуы керек. Бұл көрсеткіштер ҰБТ кезінде бақылау талаптарының жыл өткен сайын күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Енді бейнежазбаларды саралау ісі 31 қазанға дейін жалғасып, ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкерлердің нәтижелері жойылатыны ескертілуде. Қазіргі таңда талапкерлерге тек білімін дәлелдеу ғана емес, академиялық адалдық қағидаларын сақтаудың да аса маңызды екені айтылып отыр. Себебі айла-шарғы арқылы адам алысқа шаппайтынын осы бастан ұғынуы қажет. Бұл жерде мамандар ҰБТ-ға дайындық кезінде емтихан ережелерін сақтаудың аса маңызды екенін айтады.
Осы тұста тағы да ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Еңбегің мен білімің екі жақтап» деген даналық сөзінің растығына көз жеткізе түскендей болдық.
ҰБТ-да қандай өзгеріс бар?
Елімізде жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесі жыл өткен сайын жетілдіріле түсуде. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуді кезең-кезеңімен жаңғыртуды жолға қойды.
Жаңа жүйенің мақсаты – талапкерлердің тек пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау қабілетін, ақпаратты талдау, академиялық мәтінмен жұмыс істеу және өз ойын дәлелді жеткізу дағдыларын бағалау.
Қазіргі таңда халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп Admission Insight Test (AIT) атты жаңа қабылдау емтиханы әзірленуде. Жаңа форматты пилоттық режимде енгізуді 2027 жылы педагогикалық бағыттарға түсетін талапкерлерден бастау жоспарланып отыр. Аталған жобаға елімізде жұмыс істейтін бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары да қатыспақ. Қолданыстағы тестілеу жүйесі әзірге өз жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Жаңа модельдің тиімділігі пилоттық кезеңде сараланып, ол сарапшылардың ұсыныстары мен академиялық қауымдастықтың пікірлері негізінде кезең-кезеңімен қолданысқа енеді.
Жаңа тестілеу жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленіп, талапкерлердің білімін жан-жақты бағалауға септігін тигізбек. Сондай-ақ ол жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу сапасын одан әрі арттырып, білім беру жүйесінің халықаралық талаптарға сай бейімделуіне жол ашады.
ҰБТ төңірегінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ақылы негізде репетитордың көмегіне жүгіну жайы екендігі белгілі. Ал бағасы күннен-күнге шарықтап бара жатқан тестілеуге дайындау орталықтарының қызметін талапкерлердің бәрі бірдей пайдалана алмайды. Бұл сауалға қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз пікірін білдіріп, репетиторлық қызметтің көптеген елдерде қалыпты тәжірибе екенін атап көрсетті. Десе де, министр жоғары нәтиже көрсету үшін қосымша дайындық орталықтарына бару міндетті емес екенін айтты.
– Өткен жылы да репетиторсыз-ақ жоғары балл алған оқушылар болды. Ең бастысы – жүйелі дайындық, мектептегі сапалы білім және оқушының жеке мотивациясы, – деді Саясат Нұрбек өз сөзінде.
Министрдің айтуынша, талапкердің табысты болуы ең алдымен өзінің ізденісі мен тұрақты еңбегіне байланысты.
Биылғы нәтижелер талапкерлердің білім деңгейі артып келе жатқанын айқын аңғартты. Сонымен қатар, академиялық адалдық талаптарының күшеюі – тестілеудің ашықтығы мен әділдігін көрсетті.
Ал алдағы уақытта жаңа бағалау жүйесі жоғары білімге қабылдау үдерісін халықаралық талаптарға сай ете отырып, талапкерлердің жан-жақты қабілетін бағалауға ықпал етпек.
Тестілеуге дайындалғанда нені ескеру қажет?
Бүгінде ҰБТ-ның мектеп бітіруші өміріндегі негізгі сынақтың біріне айналғаны мәлім. Осы орайда дайындық барысында нендей дүниені қаперге алу қажеттігін біз білікті маман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақытгүл Лебековадан білген едік.
– ҰБТ-ға дайындалу барысында уақытты тиімді пайдалану қажет. 1 пәнге 1,5-2 сағат жұмсау арқылы, бір тәулікте 6-7 сағатты дайындыққа арнау аса маңызды. Тек дайындыққа өте жоғары назар аударып, қыдыру, серуендеу сынды сергітетін сәттерден түбегейлі бас тартуға болмайды. Ескеретін тағы бір жайт – ұзақ мәтінді оқып, оны түгел жаттап алу – өте қиын. Сондықтан кесте құру, инфографика, түрлі карталар, интерактивті тақталарды қолдану арқылы жүргізілген дайындық жемісті болады. Керекті ең негізгі мәліметтерді жазып алған дұрыс. Тек оқып, жаттап алғанға қарағанда, жазып отырудың есте сақтауға әсері өте зор, – дейді Б.Лебекова.
Сондай-ақ оның айтуынша, тестті тапсырып, өзіңнің жеткен деңгейіңді біліп отыру да аса маңызды саналады. Әр тест тапсырғаннан кейін, қателерді түзету арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады. Бірақ соны жасауға көп оқушы ерінеді. Ал еріншектік танытпай, бір жіберген қателікті қайталамауға дағдыланса, одан көп ұтары анық.
– ҰБТ-да жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жүйелі дайындық пен үлкен жауапкершілік қажет. Бұл тұрғыда дайындықты ерте бастау да зор рөл атқарады. Кейбір талапкерлер уақытты өткізіп алып, дайындықты тест тапсыру уақыты жақындағанда қолға алады. Тықыр таянғанда ғана әрекет ететіндердің басым бөлігінің ойы шашыраңқы болып, көп дүниені есте сақтауына мүмкіндігі болмайды. Сондықтан да әр талапкер мүмкіндігінше өз болашағының жарқын болғанын қаласа, тестілеуге дайындықты ертерек қолға алғаны абзал. Тұрақты әрі жүйелі дайындық қана талапкерлердің тестілеуді сәтті тапсыруына септігін тигізеді, – деп түйіндеді сөзін Бақытгүл апай.
Жалпы, талапкерлікке талпынған әр бала жоғары нәтижеге жетудің кепілі сапалы білім, жүйелі дайындық және алға қойған мақсатқа деген табандылық екенін естен шығармаса игі.
Гүлмира САДЫҚ