СӘБИ САУЛЫҒЫ – ҰЛТТЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ
2026 ж. 30 шілде
97
0
Дені сау ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Әрбір бала – мемлекетіміздің орасан зор байлығы. Сондықтан да ана мен баланы көздің ағы мен қарасындай қорғау күн тәртібінен ешқашан түскен емес.
Баланы бақытқа балағандар
Осы орайда еліміздегі балалардың денсаулығын сақтау және нығайту бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өткен абзал.
Аталмыш орталықтағы неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі 1959 жылдан бастап ана мен бала принципі бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, бұл бөлімнің дене салмағы өте төмен және экстремалды төмен балаларды күту мен емдеуде үлкен тәжірибесі бар екенін атап көрсетуіміз қажет.
2003 жылдан бастап неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі Алматы қаласы мен республиканың әр түрлі аймақтарынан туа біткен даму кемістіктері мен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетіп келеді. Атап айтқанда, жаңа туған нәрестелердің осы контингентіне өңеш атрезиясы, диафрагмалды жарықтар, ішек бітелісі, аноректалды даму ақаулары, гастрошизис, омфалоцеле, сегізкөз-құйымшақ аймағы тератомаларына ота жасап, кішкентай науқастардың оңалып, адам қатарына қосылуына мұрындық болып келеді.
Сонымен қатар, туа біткен даму ақауларға күрделі реконструктивті-пластикалық операциялар жүргізіп, олардың әрбірінің сауығып кетуіне ықпал етіп келеді.
Осы орайда дүние есігін енді ғана ашқан кішкентай нәрестелердің дертіне шипа беріп, еміне саулық іздеген олардың әрбірін қанатының астына алып, қамқорлық танытып жүрген Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының нәрестелерге арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің еңбегі ерен. Аталмыш бөлімше 6 төсек орынмен жабдықталған. Республикамыздың әрбір аймағынан нәрестелер мен шала туған балаларға мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге беймделген бөлімшеге науқастар көп келеді. Бұл бөлімшеде ауыр туа біткен ақаулары, хирургиялық және соматикалық аурулары бар нәрестелер, соның ішінде өкпе қабынуы (пневмония), гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия, тұқым қуалайтын ақуыз алмасуының бұзылуы және басқа да күрделі аурулары бар нәрестелер ем алып жүр. Шала туған нәрестелерге, соның ішінде салмағы өте төмен және төмен болып туылған нәрестелерді күтуге айрықша назар аударылады. Бөлімшеде емдеу мен диагностиканың халықаралық стандартқа сай заманауи әдістері қолданылуда. Атап айтқанда, олар – эндоскопиялық операциялар, шала туған нәрестелер ретинопатиясы кезіндегі торлы қабықтың лазерлік коагуляциясы.
Осынау жанқиярлық жауапты жұмысты атқаратын ұжым мүшелері кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отыратын тәжірибелі, жоғары білікті мамандар болып саалады. Неонаталдық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарын негізге ала отырып, ең ауыр науқастарға тәулік бойы сапалы күтім көрсетуді және қолдауды қамтамасыз ететін ақ халатты абзал жандар талай нәрестеге өмір сыйлады. Өйткені олар әр баланы бақытқа балайды.
Өмір үшін күрескен ақ халатты абзал жандар
Кіп-кішкентай нәрестелердің өмірі үшін күресумен күн сайын бетпе-бет келетін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы әрбір маманның бір күні бір күніне ұқсамайды. Таяуда ғана олар екі ай бойы өздері бар күш-жігерін салып, күтім жасаған сәбиді ауруханадан шығарды. Ол Тайландтан санитариялық авиациямен жеткізілген еді.
Асланның анасы Тайландқа демалуға барған кезде, ойламаған жерден мерзімінен бұрын босанып қалады. Экстремалды төмен салмақта туылған ол ауыр сепсис пен көп ағза жеткіліксіздігін бастан өткерді. Сондықтан да оны жасанды тыныс алу аппаратына қосуға тура келді.
Баласы үшін шырылдаған ананың жанайқайына еліміздің Денсаулық сақтау министлігі құлақ асып, Санитариялық авиация борты арқылы нәрестені 14 сағатта елге жеткізген.
11 мамыр күні небәрі 1 ай 18 күнге толған нәресте Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы анестезиология және қарқынды терапия бөлімшесінің нәрестелер реанимациясына келіп түсті. Келе сала дәрігерлердің жіті бақылауында болған оның келген сәттегі жағдайы аса ауыр еді. Баладан шала туылудың белгілері мен соның салдарынан ауыр өкпе қабынуы, мидың гипоксиялық зақымдануы және ішек парезі анықталды. Бұл өз кезегінде сәбидің ана сүтін қорыта алмуына әкеп соқтырды. Сол кезде салмағы небәрі 1300 грамм болған Асланнан жабық ішек перфорациясы (ішектің жыртылуы) анықталды.
Осыдан кейін дәрігерлер консилиумының шұғыл шешімімен орталық хирургтары жедел түрде күрделі ота жасады. Яғни олар ішектегі ақауды жойып, стома шығарды. Отаға Гүлмира Кәукенбаева мен Қанат Әшірбай сынды неонаталды хирургтар және анестезиолог дәрігер Үрістемова Камшат бастаған команда жұмылдырылған. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы нәрестелер анестезиологиясы, реанимациясы және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Бердиярова «сәбиді осылайша аман алып қалдық» деп отыр.
Жанқиярлық еңбек еш кетпеді
Ота сәтті өткенімен орталық қызметкерлері үшін оңалту жұмыстарын жүргізу де оңайға соққан жоқ. Дәрігерлер мен мейіргерлердің ұзақ уақыт және тәулік бойы бақылауын қажет етті. Мұндағы мамандардың кәсіби шеберлігі мен нәрестеге деген мейірімі арқылы істен жақсы нәтиже шыққаны анық. Осы орайда бұл балалар дәрігерлері Нарғыз Нұржанова, Сәбира Қуаныш, Шалқар Ордабаев, Гүлзира Адуова, Баян Досономанова және барша мейірбикелердің орасан зор еңбегінің жемісі екенін атап өтсек артық болмас.
– «Педиатрия орталығына ауыр халде жеткізілген Асланның екі ай ішінде 1200 грамм салмақ қосып, 2500 грамм салмақпен аман-есен үйіне шығарылуы – балапанның ата-анасы үшін ғана емес, біздің ұжым үшін де үлкен қуаныш. Осыншама жанқиярлық еңбегіміз еш кетпеді. Ауыр респираторлық дистресс-синдром мен бронх-өкпе дисплазиясы сынды ауыр диагноздың қойылғанына қарамастан, дәрігерлер баланың өкпесін өздігінен тыныс алуға бейімдеді. Қазіргі таңда сәби тамақтанып, аман-есен өсіп келеді. Ішек қызметі де қалпына келіп жатыр. Үй жағдайында күтім жасалса, одан әрі қауіп жоқ, – дейді баланың емдеуші дәрігері, неонатолог-дәрігер Гүлзира Тұрысханқызы.
Асланның аман-есен ауруханадан шығуы – ондағы мамандардың мінсіз қызметінің, Педиатрия орталығы неонаталдық қызметі командасының күні-түні еткен қажырлы еңбегінің жемісі десе болғандай. Сонымен қатар, бұл – мейіргерлердің қамқорлығы мен бір кішкентай өмір үшін бірігіп күрескен реаниматолог, неонаталогтар мен хирургтар және барша мамандардың толағай табысы.
Шынында да мүмкін еместі мүмкін етіп, кіп-кішкентай Асланның аман қалуыа барынша жағдай жасаған дәрігерлердің қолдары алтын демеске шара жоқ. Шетелде өмірге келіп, ауыр жағдайда туған елімізге жеткізілген Асланды алда әлі оңалту кезеңі күтіп тұр. Десе де, нәресте өз өмірі үшін Педиатрия орталығы дәрігерлерімен бірге күрескендей. Оны үлкендерше қиындыққа қасқайып қарсы тұра білді деуге болады. Осындай кішкентей пациентінің алдағы өміріне жарқын күндер тілеген ақ халатты абзал жандарды мейірімнің иесі десек, әсте де артық айтқандық емес.
Қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей тұрған Асланның анасы Нәзира Әлиева:
– Асланым ауруханадан үйге шығып жатыр. Бұл күнді біз ұзақ күттік. Осы орайда шұғыл түрде көмек қолын созған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне, Санитариялық авиация бортына айтар алғысым шексіз. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы Нәрестелер реанимациясына, анестезиология және қарқынды терапия бөлімшесіндегі менің ұлымның өмірі үшін еңбек еткен ақ халатты абзал жандарға ризашылық білдіремін. Еңбектеріңіздің тек қана жемісін көріңіздер! – деп жылы лебізін білдірді.
Сөз соңында бұндай жетістіктерге ана мен баланы қорғау ісін жолға қоя білген, қиын жағдайдағы жандарға шұғыл көмек жасайтын мемлекеттің арқасында қол жеткізіліп жатқанын баса айтқымыз келеді.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ