ШЫМКЕНТТЕ ЖАЗУШЫЛАР АЛЛЕЯСЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ
2026 ж. 30 шілде
114
0
Шымкенттегі А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада өңірдің зиялы қауым өкілдері мен «Ақ жол» партиясының Құрылтай депутаттығынан үміткер кандидаттардың қатысуымен салмақты да мазмұнды кездесу өтті.
Ұлттық мүдде, ел болашағы мен руханият мәселелері кеңінен сөз болған алқалы жиында белгілі ақын, отты тіл жанашыры Қазыбек Иса көкейтесті түйткілдерді ортаға салды. Ақынның еліміздің ертеңі мен ана тіліміздің тағдыры төңірегіндегі салмақты ойларынан соң, жиын еркін диалог форматында жалғасып, қатысушылар өз бұйымтайлары мен ұсыныстарын ашық жеткізді.

Ел тағдыры мен руханият мәселелері терең талқыланған басқосуда белгілі сыншы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек, қоғам қайраткері Ислам Әбішев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі жазушылар Захардин Қыстаубаев , Сарманбай Исақ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев, ардагер Пердеш Есенбек , белгілі журналист Ерсултан Амирбек , ақын Клара Лаханкызы және тағы басқа аға буын өкілдері сөз алып, ел дамуы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұрпақ тәрбиесі мен өңірдің әлеуметтік жағдайы төңірегінде тұшымды ой айтып, өз аманаттарын жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент филиалының директоры Момбек Абдакимулы денсаулығына байланысты емдеу мекемесінде жатса да, руханият жанашыры ретінде жиыннан тыс қалмай, Қазыбек Исаға арнайы хат-өтініш жолдаған екен. Хатта Шымшаһарда Қазақстан Жазушылар одағының 42 мүшесі барын, қаламгерлер мен әдебиетсүйер қауым бас қосатын Жазушылар аллеясының қажет екені айтылып, болашақта депутаттық сауалдар арқылы осы мәселеге ықпал ету сұралған.

Осы аманат-хат оқылған бойда, оңтүстіктің белгілі азаматы, қоғам қайраткері Ислам Әбішев сөзге араласып:
"Шымкент қаласынан тиісті жер телімі бөлінсе, бұл аллеяны партия мүшесі ретінде өзім-ақ толықтай соғып, абаттандырып беруге дайынмын!" – деп кесімді сөзін айтты.

Бұл ақжолтай жаңалық жиынға жиналған зиялы қауым да, қалам ұстаған қаламгерлер де "Міне, нағыз азамат!" деп қатты қуанды.
Сүйіншіміз құтты болып, қаламгерлердің жаңа аллеясы шырайлы Шымкенттің ажарын кіргізетін рухани мекенге айналуына тілектеспіз!
Базаркүл Қалбыр,
Фейсбук парақшасынан