ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ – ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ТАБЫС КЕПІЛІ
2026 ж. 25 шілде
73
0
Біз XXI ғасырдың ширегінен асып барамыз. Осы заманда ақпараттық технологияның қарыштап дамып бара жатқаны баршаға аян. Жаһандану, техникалық даму кезеңін бастан өткерудеміз. Бұл – адамзат үшін өте жақсы құбылыс. Бірақ сонымен қатар ол гиподинамия мәселесін тудырып отыр.
Өмір сүру сапасына әсері
Гиподинамия дегеніміз не? Бұл, бір сөзбен айтқанда, дене қозғалысының азаюын білдіреді. Бүгінде жас та, жасамыс та көп уақытын компьютердің, смартфонның алдында өткізетінін мәселе етіп айтып келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Ол аздай, 2020-2021 жылдардағы пандемия кезінде жаппай қашықтан жұмыс істеуге үйрендік. Қазір де соған дағдыланып жатырмыз. Енді тіпті жатып алып жұмыс істеуге де болады. Міне, осылайша дене қозғалысы азайып жатыр. Бұл адамды делсалдыққа ғана емес, ауруға ұшыратуы мүмкін. Ал мұндайда сізге дене шынықтыру көмекке келеді.
Қазір оны мемлекет жәй ғана ермек дағдысы емес, ұлт саулығын сақтаудың және демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің стратегиялық тетігі ретінде қарастырып отыр. Сондықтан осы салаға барынша мән берілуде. Дене тәрбиесімен айналысу қалың бұқара арасында кеңінен насихатталып жатыр. Соның айғағы ретінде марафонды айтуға болады. Осы жаппай жүгіруден жарыс та бұқаралық спорт насихатының бір түрі ғой.
Бүгінде еліміздің ірі қалаларында марафон ұйымдастырып тұру дәстүрге айналған. Биыл 7 маусымда елордада халықаралық деңгейдегі Astana Half Marathon өтті. Оған 30-дан астам елден 7000 адам қатысқан. Енді Алматыда 27 қыркүйекте Орталық Азиядағы ең ірі марафон өткелі жатыр. Almaty Marathon 2026 Республика алаңынан бастау алады. Оған қатысушылар классикалық марафон (42 шақырым 195 метр), жартылай марафон (21 шақырым 97 метр), 10 шақырымға еркін жүгіріс, скандинав жүрісі (10 шақырым) және командалық эстафетадан (экиден) жарысқа түспек.
Қазір денесін босаңсытпай, әрдайым сергек жүремін деген адамға мүмкіндік жеткілікті. Жаттығу залдары, бассейндер көбейіп жатыр. Қалаларда тіпті көшенің бойында жаттығу құралдарын орнатып қойған. Тегін дене шынықтырамын десеңіз, соларға баруыңызға болады. Кейде жүгіріп барып, кейде велосипедпен барып, мен де сол құралдармен жаттығу жасаймын. Онда егде жастағы адамдар да жүреді. Журналистік дағдымен салып біреуін әңгімеге тарттым.
– Күнде таңертең скандинав таяғымен жүремін, – дейді Қуанышбек көкеміз. – Осында келіп, әлімнің жеткенінше жаттығамын. Бір жыл болды. Кәдімгідей сергіп қаласың. Қартайдым екен деп жата берген болмайды. Көп қозғалу керек. Ештеңе істемесең де, үнемі жүрген дұрыс. Бір жылда біраз ыңқыл-сыңқылым тыйылғандай болды.
– Қазір сіздер түгілі жастардың өзі көп қозғалмайды ғой...
– Міне, содан адамға ауру жабысады. Жастарға айтарым, қазірден жата берсеңдер, ертең менің жасыма келгенде қиын болады. Сондықтан күнде сергек жүруге тырысыңдар.
Бұқаралық спортты, жалпы, салауатты өмір салтын насихаттауға мемлекеттік ұйымдармен қатар жекелеген адамдар да өз әрекеті арқылы үлес қосуда. Мысалы, Алматыда белгілі экономист Мақсат Халық тауға барып, баспалдақпен жүріп, салқын суға түскенін үнемі жұртшылыққа айтып отырады. Бұл да дене қозғалысы, дене шынықтыру ғой. Ол осындай жаттығудан, таза ауадан өзінің қуат (энергия) алатынын айтады.
Мақсат Халық энергияны жетістікке жету жолындағы басты факторлардың бірі деп санайды. Оның ойынша, бұл жерде білім, тәжірибе, қабілеттің маңызы өте зор, ал соларды іске қосатын күш – адамның энергиясы. Ол бойдағы қуаттың көңіл-күйге ғана емес, жұмыстың нәтижесіне де әсер ететінін айтады. Яғни энергияң тасып тұрса, тау қопаруға да болатыны хақ. Ол өмір сүру сапасын да арттырады.
– Сол себепті білім жинаумен қатар, энергияны қалыптастыратын әдеттерді де дамыту қажет. Сапалы ұйқы, тұрақты спорт, дұрыс тамақтану, табиғат аясында серуендеу, жақын адамдармен жылы қарым-қатынас және өмірдің мәнін сезіну – мұның бәрі адамның ішкі энергиясын арттырады, – дейді экономист.
Адам ағзасына әсері
Негізі, адам ағзасы табиғатынан қозғалысқа бейімделіп жаралған. Ол – сондай өте күрделі биологиялық құрылым. Денеңіз тұрақты түрде қимылдап тұрмаса, сол құрылымның жұмысы баяулап қалады. Яғни бойкүйездікке, делсалдыққа ұшырайсыз. Кейде адам «Қой, тұрайын. Жатсаң жата бересің» дейді ғой. Міне, бұл сондай делсал күйді білдіреді. «Жұмыс істемесем, ауырып қаламын» дейтіндер бар. Бұл да – сол жата беруге болмайтынына меңзеп тұрған сөз. Ондайда расымен ауырып қаласыз.
Ал бір жерде (кеңседе немесе үйде қашықтан) отырып істейтін жұмыс болса, ұдайы жаттығу жасап тұрған абзал. Аптасына кемінде екі жарым сағат орташа қарқындағы дене шынықтырумен айналысатындардың, қимылы аз адамдарға қарағанда, әлдеқайда ұзақ өмір сүретіні ғылыми зерттеу арқылы анықталған.
Сонымен, дене шынықтыру адам ағзасына қалай әсер етеді? Ең алдымен ол жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын ретке келтіреді. Тұрақты түрде шынығып жүрсеңіз, сол жаттығу кезінде жүрек бұлшық еті (миокард) күшейіп, жиырылғанда қан тез жүретіндей жағдай туады. Адамның әдемі көңіл күйде шабыттанып тұрған шағында «бойымда қаным тулап...» деп айтатыны бекер емес. Осылайша бұл жағдай жүрекке түсетін салмақты азайтады екен. Сөйтіп, тамырдың серпімділігі артып, қан қысымы қалпына келеді. Бұл бүгінде кәрі деп те, жас деп те қарамай алып кетіп жатқан инсульт пен инфарктің алдын алуға көп септігін тигізеді.
Сосын, үнемі жаттығу жасайтын адамның тыныс алу жүйесі жетіліп отырады. Шынығу кезінде бұлшық еттер оттегін көп қажет ететіндіктен, өкпенің сыйымдылығы артады. Бұл қанның оттегімен байытылуын жақсартып, ми мен басқа да ішкі мүшелерді оттегі жетіспеушілігінен (гипоксия) сақтайды.
Сондай-ақ жаттығудан тірек-қимыл жүйесі де нығаяды. Дене қимылы сүйектегі кальцийдің сақталуына сеп болып, жас ұлғая келе жабысатын остеопороздың алдын алады. Белден жоғары жақтың дұрыс қалыптасуы омыртқаға түсетін салмақты азайтып, сколиоз, остеохондроздардың дамуын тежейді. Зат алмасу жылдамдайтындықтан, семіздік пен қант диабетінен де аулақ боласыз.
Жалпы, дене шынықтыру ағзаны ғана аман сақтап қоймай, психикалық аурулардан да «азат» етеді.
Кәсіби спортқа әсері
Көпшілік біледі. Десе де, осы тұста бұқаралық спорт пен кәсіби спорттың айырмашылығы неде екенін айта кетейікші. Бұлардың алдыңғысы көбіне дене шынықтырумен байланысты. Онымен ынта білдірген кез-келген адам айналыса алады. Қарапайым тілмен айтқанда, адам өзінің денсаулығы үшін, дене бітімі әдемі, өзі мықты болуы үшін жаттығу жасайды. Сол арқылы жан-жақты дамисыз. Ал кәдімгі спортпен кәсіби мамандар шұғылданады. Олар жарыс барысында белгілі бір ережелерді сақтай отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады. Яғни бұл жерде нағыз кәсіби спортшы сынға түседі.
Туризм және спорт министрлігінің соңғы ресми мәліметтері бойынша, елімізде спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі жалпы халық санының 40 пайызынан асқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Мемлекеттің алға қойған стратегиялық мақсаты — осы цифрды 50 пайызға жеткізу.
Қазір ел аумағында 43 мыңнан астам спорттық инфрақұрылым нысаны (стадиондар, спорт кешендері, бассейн және корттар) жұмыс істейді. Ауыл-аймақта соңғы жылдары спортты дамыту мақсатында 100-ден астам жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері (ДШСҚ) іске қосылған.
Сонымен қатар, балалар спортына ерекше серпін берген мемлекеттік қаржыландыру бағдарламасы (ArtSport және оның жаңартылған жүйелері) аясында жүздеген мың жеткіншек тегін спорттық үйірмелермен қамтылды.
Еліміздегі ең танымал бұқаралық спорт түрлерінің көш басында мыналар тұр:
Футбол (жүйелі айналысатындар саны 1 миллионнан асады).
Волейбол және баскетбол.
Қазақ күресі және өзге де жекпе-жек түрлері.
Жеңіл атлетика және үстел теннисі.
Ұлттық спорт түрлері де қарқынды дамып келеді. Қазақстанда қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар секілді ұлттық ойындармен айналысатын адамдардың саны 600 мыңнан асқан. Ал 2024 жылғы қыркүйек айында Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары елдің халықаралық деңгейдегі этноспорт орталығына айналып жатқанын көрсетіп берді.
Бұқаралық спорттың даму деңгейі спорттағы жетістіктерге, яғни кәсіби аренаға әжептәуір әсер етеді. Қазақстан — халықаралық спорт қоғамдастығында өзіндік орны бар, бокс, ауыр атлетика, күрес және велоспорттан мықты мектеп қалыптастырған мемлекет.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Жазғы және Қысқы Олимпиада ойындарында ондаған алтын, күміс және қола медальдарды еншіледі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында есімі алтын әріппен жазылған Александр Винокуров (велоспорт), Бекзат Саттарханов, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов (бокс), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу) секілді чемпиондар мыңдаған қазақстандық жастарға үлгі бола білді.
Соңғы ірі халықаралық додалардың бірі — «Париж-2024» Жазғы Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, біздің спорттың әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Дзюдодан Елдос Сметовтің алтын тұғырдан көрінуі және гимнаст Нариман Курбановтың, боксшы Нұрбек Оралбайдың күміс жүлделері, нысана көздеу мен мергендіктен қос қоланың бұйыруы ел спортының әртүрлі бағытта дамып жатқанын көрсетті. Оған биыл Италияда өткен Қысқы Олимпиадада Михаил Шайдоровтың алтын алып, жарқ ете қалғанын қосыңыз. Бұл жетістіктерді мемлекеттік деңгейде спорттық медицина мен жаттығу әдістемелерін реформалаудың да нәтижесі деуге әбден болады.
Оразәлі БАЙМҰРАТ