"Ауыз су жоқ": Ақтау тұрғындары Джеки Чанға шағым айтты

"Ауыз су жоқ": Ақтау тұрғындары Джеки Чанға шағым айтты

Әлемге әйгілі жұлдыз Джеки Чанның Ақтауға келуі – айтулы оқиға болды. Әлеуметтік желілерде актердің сапарына қатысты қуанышты жазбалар көбейді. Бұл туралы «Қазақ үні» сайты да әлемге әйгілі жұлдыз Джеки Чанның өзі шопыры болған Маңғыстау облысы әкімі туралы "Әлемдегі ең мықты әкім" деген әзіл әңгіме жариялаған болатын. Алайда ақтаулықтар бұл мүмкіндікті көптен бері шешілмей келе жатқан өзекті мәселеге назар аударту үшін пайдаланды. Олар актердің әлеуметтік желідегі парақшасына өңірдегі ауыз су тапшылығы туралы пікірлер қалдыруда.

Бұл туралы "Қазақ үні " ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Құрметті Джеки Чан! Ақтау қаласына қош келдіңіз! Сізді дана әрі құрметті актер ретінде білеміз. Бірақ біздің үйде әр жаз сайын ауыз су болмайды. Бұл жағдай жылдан-жылға қайталанып келеді. Бұл – Ақтау тұрғындары үшін үлкен мәселе».

«Құрметті Джеки Чан, Ақтау қаласына қош келдіңіз! Бұл – Қазақстан. Бізде ауыз су мәселесі бар. Ұзақ уақыттан бері билік жергілікті тұрғындарды тұрақты сумен қамтамасыз ете алмай келеді. Өтінемін, менің үйіме келіңіз».

Бірі әлемдік жұлдыздың назарын аударуға тырысса, енді бірі өңір мәселелері талқыланатын ортақ чатта әкімнің былтыр берген уәдесін еске салуда. Тұрғындардың өтініштеріне жауап берген салалық мемлекеттік орган өкілдерінің айтуынша, ауыз су жеткілікті. Мәселе – тозығы жеткен су құбырларының жиі жарылуы салдарынан судың тұтынушыларға толық жетпеуінде.

«Қазіргі уақытта құбыр желілері әбден тозған. Соған қарамастан, бекітілген кестеге сәйкес жұмыстарды 1-шағынауданнан бастап, 6-шағынауданға дейін жүргіздік. Ол жерде кәріз және су құбыры желілері толық ауыстырылды. Қазір бұл жұмыстар жалғасып жатыр», – дейді Су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының орынбасары Ануар Туляков.

Жауапты тұлғалардың айтуынша, Ақтау қаласын ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін тағы шамамен үш жыл қажет. Себебі қаладағы су құбыры желілерінің 500 шақырымға жуығы қатты тозған. Оларды кезең-кезеңімен ауыстыру үшін қомақты қаржы мен уақыт керек. Ал әзірге Джеки Чан Ақтау тұрғындарының әлеуметтік желілердегі үндеулеріне жауап берген жоқ.

Қазақ үні