Ерекше балаларға – айрықша қамқорлық
2026 ж. 14 шілде
76
0
Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі – аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар балаларға сапалы қолдау көрсету. Соңғы жылдары әлем бойынша ғана емес, Қазақстанда да аутизм диагнозы қойылған балалар саны артып келеді.
2026 жылғы ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған балалар саны 21 мыңнан асып жығылады.
Бұл көрсеткіш соңғы 5 жылда 5 есеге жуық өскені аңғарылады. Атап айтқанда, елімізде аутизм спектрі бұзылыстары бар балалардың саны жыл сайын орта есеппен 35%-ға артып отырғанын көреміз.
Бұл жағдай өз кезегінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын жақсарту, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау және отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету мәселесін күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың біріне айналдырды. Мемлекет тарапынан инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға, түзету-дамыту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға және ерекше балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылу үстінде. Осындай маңызды бағыттағы игі бастамаларды жүзеге асырып жүрген мекемелердің бірі – Астана қаласында қызмет көрсететін «Алтын Ұя – Еркеле» орталығы.
Аутизм – бұл ауру емес, адамның жүйке жүйесінің даму ерекшелігінде орын алған бұзылыс. Ол баланың қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына, сөйлеу қабілетіне, эмоциясын білдіруіне, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және мінез-құлқына ықпал етеді. Әр баланың даму ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, аутизм де әр адамда әрқалай көрініс табады. Кейбір балалар өздігінен белгілі бір дағдыларды меңгеріп, қоғам өміріне бейімделсе, енді біреулеріне ұзақ уақыт бойы арнайы мамандардың көмегі мен түзету жұмыстары қажет болады. Сондықтан әр баланың мүмкіндігін дер кезінде анықтап, оған қажетті қолдауды ұйымдастыру ерекше маңызды.
Ерте анықтау – нәтижелі қолдаудың бастауы
Мамандардың пікірінше, аутизм белгілері көбінесе баланың алғашқы үш жасына дейін байқалады. Баланың көзге тік қарамауы, аты аталғанда жауап бермеуі, сөйлеуінің кеш шығуы, өзгелермен қарым-қатынасқа қызығушылық танытпауы немесе белгілі бір әрекеттерді қайта-қайта қайталауы ата-ананың назарын аударуы тиіс. Сонымен қатар дыбысқа, жарыққа, жанасуға немесе иіске ерекше сезімталдық байқалуы мүмкін.
Ғылыми зерттеулер ерте диагностика мен уақытылы түзету жұмыстарының баланың танымдық, коммуникативтік және әлеуметтік қабілеттерінің дамуына оң әсер ететінін көрсетеді. Сондықтан ата-аналардың баланың дамуындағы кез келген ерекшелікті ескеріп, психолог, невропатолог, логопед және дефектолог сияқты мамандардың көмегіне дер кезінде жүгінуі аса маңызды. Ерте кезеңде көрсетілген кәсіби қолдау баланың өз әлеуетін толық ашуына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
"Алтын Ұя – Еркеле»: ерекше балаларға жан-жақты қолдау
Астана қаласында жұмыс істейтін «Алтын Ұя – Еркеле» орталығы аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға кешенді қолдау көрсететін әлеуметтік маңызы жоғары мекемелердің бірі саналады. Орталық өз жұмысын 2021 жылы бірнеше түзету кабинетімен бастаған болатын. Қысқа уақыт ішінде кәсіби ұжымның тәжірибесі мен ізденісінің арқасында орталық көптеген отбасының сеніміне ие болып, ерекше балаларға көрсетілетін қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтерді.
Алғашқы жылдары санаулы ғана бала қабылданса, бүгінде орталық жүздеген балаға қызмет көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді. 2023 жылы жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі орталықтың жұмыс ауқымын кеңейтіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы кабинеттер балалардың қажеттілігіне бейімделіп жабдықталған. Мұнда әр баланың психологиялық жайлылығы мен қауіпсіздігі басты назарға алынады.
Әр балаға – жеке тәсіл
«Алтын Ұя – Еркеле» орталығының директоры Айнұр Солотованың айтуынша, орталықтағы барлық жұмыс әр баланың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне негізделеді. Әр тәрбиеленушіге арнайы бағдарлама жасалып, оның даму деңгейіне сәйкес түзету жұмыстары жүргізіледі.
Орталықта психологтардың түзету сабақтары, ABA терапиясы, логопедиялық және дефектологиялық жұмыстар, арт-терапия, сенсорлық интеграция, Floortime әдістемесі, логомассаж, тыныс алу жаттығулары, ұсақ моториканы дамыту, құм терапиясы, йога, адаптивті дене шынықтыру және сөйлеу тілін дамыту бағдарламалары кешенді түрде жүзеге асырылады.
ABA терапиясы баланың жаңа дағдыларды меңгеруіне және күнделікті өмірге бейімделуіне ықпал етсе, сенсорлық интеграция қоршаған ортаны дұрыс қабылдау қабілетін қалыптастырады. Арт-терапия мен құм терапиясы баланың эмоциясын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді. Логопедиялық және дефектологиялық сабақтар сөйлеу тілін дамытуға, ал йога мен адаптивті дене шынықтыру қозғалыс үйлесімділігі мен дене белсенділігін арттыруға бағытталған. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде балалардың танымдық, коммуникативтік және әлеуметтік дағдылары біртіндеп дамып, өзіне деген сенімі артады.
Орталық мамандары балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Себебі ерекше баланы тәрбиелеу үлкен шыдамдылық пен тұрақты қолдауды талап етеді. Сондықтан ата-аналарға кеңес беру, психологиялық сүйемелдеу және үй жағдайында жүргізілетін дамыту жұмыстарын түсіндіру де орталық қызметінің маңызды бөлігі болып саналады.
Қоғамдық қолдау – ортақ жауапкершілік
Аутизмі бар балаларға қолдау көрсету – тек медицина немесе педагогика саласының ғана міндеті емес, бұл бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ерекше балалардың білім алуына, шығармашылық қабілетін дамытуына, қоғамдық өмірге араласуына және болашақта мамандық игеруіне қолайлы жағдай жасау – инклюзивті қоғам қалыптастырудың негізгі қағидаларының бірі.
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде аутизмі бар азаматтар жоғары білім алып, ғылымда, өнерде, ақпараттық технологиялар мен басқа да салаларда табысты еңбек етіп жүр. Бұл олардың қабілеті шектеулі емес, тек қолдау мен дұрыс бағыт-бағдар қажет екенін дәлелдейді. Қазақстанда да инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Осы жолда мемлекеттік мекемелермен қатар қоғамдық ұйымдар мен арнайы түзету орталықтарының еңбегі айрықша маңызға ие.
«Алтын Ұя – Еркеле» орталығы ерекше балалардың әлеуетін ашуға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруына бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі ретінде көптеген отбасыға үміт пен сенім сыйлап келеді.
Қамқорлық – жарқын болашақтың кепілі
Аутизм – баланың болашағына қойылған үкім емес. Уақытылы диагностика, кәсіби түзету жұмыстары, отбасының қолдауы және қоғамның түсіністігі арқылы ерекше балалардың толыққанды өмір сүруіне, білім алып, өз қабілетін дамытуына толық мүмкіндік бар.
Бүгінгі таңда «Алтын Ұя – Еркеле» орталығы осы бағыттағы табысты тәжірибесімен көптеген отбасының сеніміне ие болып отыр. Мұнда әр баланың мүмкіндігіне сеніммен қарап, оның бойындағы қабілетті дамытуға барлық жағдай жасалған. Баланың әрбір кішкентай жетістігі – мамандардың, ата-аналардың және қоғамның ортақ еңбегінің нәтижесі.
Ерекше балаларға көрсетілген қамқорлық – қоғамның адамгершілігі мен өркениетінің айқын көрінісі. Сондықтан мұндай орталықтардың жұмысын қолдау, олардың тәжірибесін кеңінен насихаттау және ерекше балаларға деген оң қоғамдық көзқарасты қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әр бала бақытты балалық шаққа, сапалы білімге және жарқын болашаққа лайық. Ал сол болашаққа бастар жол – ерекше балаларға ерекше қамқорлық көрсетуден басталады.
Эльмира ИЩАНОВА, «Алтын ұя – Еркеле» орталығының психолог маманы,