ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА ҰСТАХАНАСЫ

ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА ҰСТАХАНАСЫ

Қазақ журналистикасы қалыптаса бастағалы ғасырдан аса уақыт өтті дегенімізбен, шынын айтқанда, бізде осы күнге дейін кәнігі қаламгер ағайындардың жас әріптестеріне арнаған ақыл-кеңес, үлгі-өнегесін қамтитын еңбектер жоқтың қасы екен. (Әрине, бұл санатқа профессорлардың теориялық дүниелері кірмейді).

Осы ретте жаңа заманғы Батыс пен Шығыстың көпшілік тілшілері Лондондағы «Observer» басылымының бұрынғы қызметкері, бүгінде Мәскеудегі «Independent Press» компаниясының директоры және Ресей мен Кіндік Азиядағы көрнекті оқытушылардың бірінен саналатын Дэвид Рендалдың «Әмбебап журналист» аталатын жалғыз кітабын жастанып оқып жүр десек артық айтқандық емес. Оқулықтың артықшылығы өзі де жылдар бойы қиындығы мен қызығы аралас журналистік еңбектің азабын шегіп, талай қателесе жүріп шыңдалған Д.Рендалдың оқырманымен бүкпесіз сыр бөлісуінде жатса керек. 

Рас, «істің майын ішкен» мүйіздері қарағайдай журналист мамандар өзімізде де жетеді. Егер олар құнттаса «Әмбебап журналистей» дүниені өздері-ақ жазып берер еді. Біз бұл орайда елге белгілі бір шоғыр қаламгер ағайының қысқа ғана пікірін естуді жөн көрдік. 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ:

Додаға шын дарындар қосылсын

Қазіргі қалам ұстаған жастардың көпшілігі атақты «Лениншіл жастың» ұстаханасы деген ұғымға мән бере қоймай ма деген күдігім бар. Біз сонау жетпісінші жылдардың орта тұсында сол газетке орналастық. Шынын айтқанда, о тұста «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеу деген қол жетпес арман болып көрінетін еді. Онда газеттер аз. «Социалистік Қазақстан» әу бастан-ақ қасаң тілімен, коммунистік партияның қаулы-қарарларымен қалың жұртшылықты жалықтырғаны рас-ты. Жастарды мүлде тартпайтын. Ал «Лениншіл жасты» іздеп жүріп оқитынбыз. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов ағалардың жазғандарын құныға оқып, ауыздан тастамайтынбыз. Оралхан Бөкейдің эсселері біз сияқты жас журналистерді қатты баурады. Меніңше, ол қанмен, текпен келетін қасиет болса керек. Еліктейтінбіз. Бұл сөз өнерінің құдіретін қойсаңшы! Аш жүрсек те таң атпай «Лениншіл жасты» сатып алатынбыз. Сол арқылы сіңірген өнеге шарапатын әлі күнге дейін көріп келеміз. Алайда сондағы тамаша дәстүр, терең иірімдермен толғана қалам тербеу үрдісі біртіндеп өшіп бара жатқандай көрінетіні де жоқ емес. Қазір ақпарат ағынының күшейіп тұрған кезі. Орыстану сеңінің өзін зорға бұзып шыққан қазақылық салтымыз енді-енді өркен жая ма деп үміттенген тұста тағы бір жаһандану дейтін қауіпке тағы кезіктік. Еуропаға, Америкаға еліктеу белең алған тұсқа тап болдық. Әрине, бәрі жойылып бітті, құрыдық деп ойбайға аттан қосу жараспас. Бірақ бұрынғы Бейімбеттер, Саттарлар, Баубектер, Сейдахметтер, Марат Қабанбайдай майын тамызып, елдің рухын оятып, намысын қайрайтындай, оқырмандарды терең толғаныстарға бастайтындай қазақтың небір асыл сөздерін шеберлікпен қолданып жазу дағдысының біртіндеп қалып бара жатқаны қынжылтады. Осы орайда Журналистика факультетін бітірсе де шағын хабар жаза алмайтын жастардың көбейе түскенін қинала отырып айтуға тура келеді. Мұндай келеңсіздікті дереу доғару қажет. Оны алдымен кейінде жер-жерде қаптап кеткен Журналистика факультеттері тоқтатсын. Талант ақшаға сатылмайды. Бәйгеге шын дарындарды іріктеп қосқан абзал. 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ:

Шеберлік ізденіс арқылы шыңдалады

Журналист болу қиынның қиыны деп жатады. Рас та шығар. Әйтсе де, көкейде лапылдап тұрған от керек. Сол отты алау күйінде жеткізу үшін әдемі идеяларың андыздап келіп қағазға түскенде шашасына шаң жуытпай жатса, шіркін! Өзгеге ой салу дегенде, ол ой ең алдымен журналистің көкейінде бірінші болып бұрқ-сарқ қайнауы керек. Ыждаһаттылық, ізденімпаздық... Бастысы, қиялмен шарттарапты кезген арманшылдық қажет. Қызылордада Смағұл деген мұнайшы досым бар еді. Тастаяқ ойнағанда мына тас, ана тас ыңғайлы деп көрсетіп жатқанда абдырайсың ғой, сол кезде оның айтары: «Мықты болсаң ешкімді тыңдама!». Сол секілді журналистикаға келдің бе, өзің ойға алған нәрсені жазуға тырыс! Ойларың бұла күйінде буырқанып жатсын. Сонда ғана өзгеше тақырып, бәлкім, ешкімнің жазуына ұқсамайтын дүние оқырманға жол табар. Кейбір тұстарда артық, кейбір тұстарда кем шықса да, сенің мінезің, сенің мәнерің, ең керегі – сенің Өзің! 

Ал шеберлік ұстаханасы жәйіне келсек, мені журналистикаға әкелген Фариза Оңғарсынова апамыз болды. «Қазақстан пионері» газеті тәрбиеледі. «Лениншіл жаста» шыңдалдық. Редактор Сейдахмет Бердіқұловтың мектебі өз ерекшелігімен ынтықтыратын. 

Мектеп дегеніміз не өзі сонда? Меніңше, ол – редакциялық ұжымдағы дәстүр. Сейдахмет аға ертеңгі шығар газетті макеттен көріп тұратын. Сол қасиеті қатты әсер етті. Алғашқы курста жүргенде редакцияға келіп тапсырма аламыз. Сол жылдары жас журналист Мереке Құлкеновтің өз ісіне ұқыптылығынан көп нәрсені үйренуге талпындық. Ал, негізі, шеберлікті ешкім үйретпейді, көріп, танып, қабылдауың арқылы қалыптасады. 

Қали СӘРЕНБАЙ:

Халқын сүйген тілші – басылымның бағы

Жазу дегеніңіз – үлкен өнер. Бұған тастай болуыңыз керек. Әсіресе, газеттің жұмысы керемет шеберлікті қажет ететін жатқан бір ғажайып әлем. Қазір оқырманның талғамы да өте жоғары. Соның биік талабынан шыға білгенің ләзім. Журналистке қажетті оперативтілік, білім мен тәжірибенің тереңдігі өз алдына, көпшілік күтетін көшелі сөзді... шындықты, күн сайын болып жатқан жаңалықтарды жоғары кәсіби деңгейде нақпа-нақ жеткізіп отыру да оңай іс емес. Бұрынырақта қызметкерді жұмысқа қабылдарда «Газетке не бересің? Қандай оймен келдің? Міне, осының бәрін қағазға түсіріп беріңіз» деген талап қойыппыз. Егер ол белгілі дәрежеде оқу-тоқуы бар және жазу мәнері бөлектеу... Бұған қоса журналистикаға деген шынайы құлшынысы бар адам болса, оның ұсыныстарының ішінен құрығанда он пайыздай бірдеңе табасың. 

Шынын айту керек, кейінгі жастардың ізденіс өрісі, құлшынысы қуантады. Алайда кейбір журналистер ештеңе оқымай ма осы, жан-жағына қарамай ма деген түйткіл туындап қалатыны да бар. Қайсыбірі кімнің кім екенін... Кімнің өлі-тірі екенін білмей таңырқатады. Мәселен, Оралхан Бөкейден сұхбат алып кел десең, сенен о кісінің телефонын сұрайтын да қыз-жігіттер кездеседі. Ізденбеудің, оқымаудың кесірі. Ал болашақ газет қызметкері тойымсыз... рухани ашқарақ болуы керек емес пе. 

Мақтауға да мастанбаған жөн. Тоқмейілсу пайда болған сәттен тоқырау басталады. 

Бұрынғы әріптестеріміздің көпшілігі бірдеңе жазса Алатауға алпыс жол, Қаратауға қырық жол арнап отырып алатын еді ғой. Жаңа заманғы журналистика ондайдан арылды, бірақ сөз қолдану мәселесі бәрібір кейінгі буынның ең үлкен ділгірлігі ретінде қалып келеді. Әр дәуірдің өз артықшылығы болады. Айталық, бұрын «стиль» деген нәрсе болатын. Баяғыда әр журналисті өз мәнері айқындайтын-ды. Ал қазір олай емес, бәрі сапырылысып кеткен сияқты. Қазір баяндау басым. Десек те, нақтылық бар. Бірақ сөзді нәрлеп, дәмін келтіріп жеткізе алмау жәйі бүгінгі журналистиканың кемшілігі екені де анық. Ескі кадрлер сөз қадірін, жалпы журналистиканың не екенін жақсы біледі. Алайда олардың жаңа заманғы технологиялық процестерге қатысуы әлсіз, оны игеруі жағынан бейімі төмендеу секілденеді. Ал жастар керісінше, компьютерді де, нарықтың талабын да, бәрін жақсы игерген. Әйтсе де ең қажетті элемент – Тіл жағынан келгенде осал. Телерадио журналистикасында оқиға орнынан бірден репортаждар беріп, тікелей эфирге шығып кететін жағдайлар жиі кездесіп жатады. Ондайда тілдік норма бұзылмай тұрмайды. Ал бірақ ойдың да, тілдің де әрін келтіріп, асықпай, мәнерлеп дайындайтын шұрайлы дүниелер болады. 

Француз философы Дидро «Мен халқымды бақытты ету үшін философ болдым» депті. Міне, сондай ниетпен еңбек ететін журналист те газеттің бағы ғой! 

Бекжан ӘШІРБАЙ:

Макет – жеңіл-желпі нәрсе емес

– Кейінде дизайн, компьютермен беттеу дегендердің келуі газет - журналдардың өндіріске дайындалу үдерісін өте жеңілдетіп берді. Түрлі басылымдардың көптеп ашылуы тікелей осыған да байланысты. Мысалы, бір компьютерің, жалғыз сканерің мен жеке принтерің болса газет шығара беретін жағдайға жеттік. Бірақ қастерлі «кәсіби көзқарас» деген ұғым жайына қала бастады. Журналистиканың исі мұрнына бармайтын кез келген адам газет шығара берсе не болғаны! Айталық, макетші деген кім? Ол – сенің мақалаңды ине-жіптен жаңа шыққандай жұтындырып киіндіріп беретін шебер тігінші іспеттес адам. Нашар деген материалыңның өзіне өтімді өң беріп, өнімге тауарлық түр жасайтын да сол. Сонда ол көз тартып, оқуға шақырып тұрады. Яғни, сұраныс деңгейі биіктейді. Мақаланың құны артады. 

Еске түседі, сонау шет елдер қақпасы ашылған кезде түрлі құрылыс фирмалары қарапайым қыш тақталарын әдемілеп, көздің жауын алатын жалтылдаған арнайы пакетке салып, олардың әрқайсына тауарлық түр жасап қойғанын көріп таңырқадық. Тауар өткізудің жолы деген сол. Ал, бізде оны «КамАЗ»-бен әкеліп төңкере салмай ма! Газеттегі дизайн дегенге айтып отырған мысалым ғой. Осы жағынан, шынымды айтсам, қазақ журналистикасына қарным ашыңқырайды. Мысалы, орыс редакцияларына барсаңыз, компьютерде отыратын қыз-жігіттер компьютер алдында үш-төрт сағаттан артық отырмайды. Олардың көпшілігін танимын. Солар әжептәуір жоғары жалақысын сол бір ғана газет-журналдан алады. Және атқаратын міндеттері де аса ауыр емес. Мысалы, 200 беттік журнал болса, соған 3 дизайнер яғни суретін өңдейтін біреу, оның баспаға жазып отыратын біреу болады да, сол дизайн үшін 4-5 адам отырады. Әрқайсысы жарты миллион теңгеге пара-пар айлық алады. Қазақ газеттерінде де майталман дизайнерлер бар. 

Мәселен, Талғат Кіршібай, Айдын Қаба, Бақыт Ойса сияқты мамандар өздері қызмет ететін газеттерін қалай өзгертіп жіберді! Бірақ бұлардың еңбекақылары анандай жоғары дей алмас едім. Сондықтан сұранысқа ие осы жігіттер мына жерде бес сағат, ана жерде бес сағат отырып әр жерден тиын-тебен алуға мәжбүр.

Бұл сонда өз-өзімізді бағаламауымыз болып шықпай ма?

Құлтөлеу МҰҚАШ,

Қазақ үні