ҰРПАҚ САНАСЫН НЕ УЛАНДЫРАДЫ?
2026 ж. 14 шілде
409
0
Біз пендешілікпен өмірдегі болып жатқан көптеген жағдайларды қабылдамай ренжиміз, кейде тіпті сол жағдайларға кінәлілерді іздейміз. Арасында артық кетіп, негізсіз сын айту да болып жатады.
Осы табиғи құбылыс, тіршіліктегі адамдардың бәріне тән өмірді қабылдауда болатын, пендешіліктен туындайтын қадамдардан, қателіктерден пайда болатыны ақиқат. Одан ешкім құтыла алмайды. Өйткені адамдардың бәрі бірдей ойлауы, бір қалыппен жүріп өмір сүруі мүмкін емес. Ол адамның құзырында емес, мәселе – табиғат жаратылысында.
Адам тек бір ғана қажетті бағдарламамен жұмыс істейтін қолдан жасаған жасанды интеллект (ЖИ) емес. Сондықтан адамдар бірін-бірі түсіну үшін бірін-бірі тыңдау, мақсатқа жету үшін ой-арман және бағыт, қимыл бірлігі қажет.
Бұл – біз ғана емес, ата-бабамыз өткен жол. Қоғамның дамуы бірінің пікірін бірі тыңдап, өз халқымыздың келешегі үшін адал болу, тек халықтың бірлігі мен даналығына сүйенуіне байланысты. Онсыз еліміздің келешегі болмайды. Халықтың пікір алысуын саясиландырып, жікке бөлмейік. Ой мен ақылға жүгінейік.
Кейінгі кездері өздерін зиялы қауымға жатқызатын азаматтардың ақпарат тарату жүйесінде жиі ғаламторда көрініп, пікірлерін айтып, жазуы өсіп келеді. Осы үрдіс, елдегі азаматтардың өз халқының тағдыры мен келешегіне бейғам қарамай, белсенділік танытып және өздерінің де өміртанымы (познания истины) жетіліп, өсуіне ықпал ететін бағыт екені қуантады.
Бұл бағыт әр азаматтың өз елінің келешегінің негізі, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыратын үдеріске өз үлесін қосатыны анық. Қоғам келешегі үшін, жұрттың санасына өмір даму заңдылығының ерекшелігіне сәйкес үнемі өзгерістерді жеткізетін осы бағытты қолдап, ұрпақтың өз халқының рухани құндылықтарын игеруіне ықпал жасасақ, ол үлкен жетістік болар еді. Яғни жас ұрпақ өз халқының тарихы мен рухани құндылығын қадірлеп, ар-намысы таза, жұртының келешегіне адал қызмет ететін деңгейге көтеріледі. Бұл бағыттағы істі ұрандатып, саясиландырып, науқанға айналдырмаған жөн. Өйткені адам санасының табиғаты ерекше жаралған. Ешқашан да жасанды ақпаратты қабылдамайды.
Жасанды әрекеттер қаншалықты әсерлі болса да, адамның ойын қозғамайды, тез ұмытылады. Жастар ақпаратты қабылдау үшін, ары мен пиғалы таза ғалым, ақын, жазушы, қалам ұстағандар мен мәдениет саласының өкілдері атақ үшін емес, өз ұрпағының келешегіне шынайы жүрегі ауыратындар ойлануы керек. Өздерінің жеткен биігіне шыққанға масаттанбай, жастарды да сол деңгейге жеткізу үшін қатардағы қарапайым да белсенді азаматтарға қолдау көрсетіп, пікірлеріне баға беріп ынталандырып және сол ойлардың деңгейін ғылыми негізде жетілдіріп отыруы қажет.
Сонда ғана халықтың ортақ пікірлері тудырған жаңа сана қалыптасып, қоғамның дамуына ықпал ете алады. Бұл үрдіс, қазіргі халық пен билік ара қатынасында орын алған кемшіліктерден арылып, қоғамның дамуына ықпал етер еді. Осы үрдістің дамуында ерекше көңіл бөліп, еске сақтайтын мәселе бар. Ол азаматтар өз пікірлерін жазғанда ойдан шығарған дәлелсіз, әсіре мадақ пен негізсіз сын араласқан, адамдардың ара-қатынасына көлеңке түсіретін, қазақ халқының бірлігіне зиян әкелетін қате жіберуден сақтануы қажет. Үнемі ойда сақтап, ескеретін жағдай, қазіргі ақпарат дамуының ғылыми жетістігі өскен заманда, бұрынғыдай адамдардың пікірі тек аймақтың ғана, не өз елінің аумағында қалмайды, ол бүкіл әлем елдеріне тарайтынын ескерген абзал.
Сондықтан біз өз халқымыздың атына кір жолатпауды ойлауымыз керек. Өз халқының намысын қорғау – әр қазақтың қасиеттейтін борышы. Біздің халқымыздың атадан қалған қасиет, әрқашан да өз ішіндегі қателерін шетке шығармай, аяусыз сынап түзетіп отырған. Соны ұмытпауымыз қажет. Ата-бабамыз қалдырған тәлім, ұрпағын өзінің ана тілінің даналық сөзімен тәрбиелеген. Ал, тектік (генетикалық) жадтың қасиеті, ұрпақ үшін бабалардың даналығын мәңгі сақтап, келесі ұрпақтың дамуына ықпал етіп отырады. Жадтың кілті – әр халықтың өз ана тілінде.
Ұққан адамға, қазақ тілінің әр сөзінің басқа жұрттың тілінде жоқ ерекше айырмашылығы – оның мағынасы тыңдаушыны даналыққа, терең ойлауға, парасаттылыққа жетелеп, адамның ішкі дүниесінің тебіренуіне қуат әкелетін қасиетінде.
Қазір еуроцентризм негізінде тәрбие, білім алғандықтан біздің қазақ тілінің сөз байлығын ескермей, ұқпай қазақша сөйлеуіміз, батыс стилімен баяндаған сияқты келте ой тудырмайтын нұсқау, бұйрық сияқты қабылданады. Яғни көп сөздің адамды ойландыратын маңызды мағынасы ашылмай қалады. Адам содан ойланбайды. Оны өзіміз сезбейміз. Өйткені жетпіс жылғы тіл ассимилизациясы халқымызды осы деңгейге түсірген. Соның салдарынан тілімізде қолдан жасалған мән-мағынасы жоқ сөздер өріп жүр. Мұның түбі рухани азуға әкелді деген ауыр шығар, аяғы халқымыз өз рухынан айрылғаны шындық. Бұл туралы арнайы талдаулар мен терең ғылыми пікірлер қажет.
Менің осы бөліскен ойымды да көп адам ұқпауы мүкін. Бірақ өмір талабы қазақ шын тәуелсіз, азат ел боламын десе, өз тілінің қасиетін қайта тудыруы қажет. Өз тілін екінші орынға қою, өзіне өзі түкірген, құлмінездің құлына ғана тән кеудесоқырлық.
Қазақ ортақ тіл болмаған қоғамда ешқашан бірігіп, ғылыми, экономикалық, әлеуметтік дамып, рухани жетілмейді. Өйткені адамды адам етіп, адамзат өркениетіне жетелеген – тіл.
Қазақ халқының өмірінде ежелден сөз қасиетін қадірлеу үлкен орын алған, қандай да болсын дау-тартыс, өкпе-наз ушықпай билер мен аузы дуалы ақсақалдар алдында сөзге тоқталып, ақылмен шешіліп отырған. Халқымыз үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасауды ұстанған. Қазақта сөзге тоқтап, күшпен емес, даналық сөзімен жеңгенді құрметтеген.
Қазақта: «Аталы сөзге, арсыз жауап қайтарар» деген даналық бар. Адамдардың ар мен ұятты ұмытпауды ойлау, өмірдің қыр-сырларын ұғу, өзінің табиғи дарынын жетілдіру мен бойындағы кемшіліктерінен тазаруы оның отбасынан алған тәрбиесі мен өмірде араласқан ортасына байланысты қалыптасады.
Ондай деңгей жарлықпен, оқытумен қалыптаспайды, тек тәрбиеден туады. Баланы шыр етіп жерге түскеннен бастап ақыл кіретін он екі-он үш жасқа дейін ана тілмен тәрбиелесе ғана өзінің тектік (генетика) жадының қасиетінен ажырамайды.
Баланың өсу кезінде алған тәрбиесі ғана өз тегінің адами табиғи қасиетін сақтап қалыптасу арқылы өз халқының рухы мен рухани құндылығын қадірлеп, меңгереді. Ол өмірінде қанша ұзақ жылдар басқа алуан тіл әлемінде өмір сүрсе де, ана тілін қайта меңгеріп, тегінің жадын пайдалану қасиетін сақтайды. Ал нәресте кезінен бастап таза ана тілінде ойламай тәрбиеленген бала, өз тегінің жадын табиғи дарынын толық жетілдіруге пайдалана алмайтыны – табиғи заңдылық.
Адамның өмірі ешбір біліммен, жаттығумен және жеткен байлық, дәулет, мәнсап және атақ деңгейімен өлшенбейді. Адамның аты оның тірі кездегі ісі мен ар тазалығын сақтап, келесі ұрпаққа қалдырған адами қасиетімен өлшеніп, бағаланады. Адамдардың тарихта халық құрметтейтін аты қалып жылдар, ғасырлар өтсе де ұмытылмауы, олардың тіршілікте патша, президент, ғалым, ақын, жазушы, министр, бай, кедей болып өмір сүргенінде емес. Адамның тарихта атының мәңгі жасауы, тек қана ұрпағына, халқының келешегіне қалдырған тәлімді ісі мен адами қасиетіне тікелей байланысты болуы өмірдің табиғи даму заңдылығы екені ақиқат.
Оны ешбір заң, жарлық, марапат, байлық, атақ пен күш өзгерте алмайды. Өмір заңдылығы тірісінде ары таза, өз елінің намысы деп жүрегі соққан, тіршілікте адалдық пен ынсапты бағалап, қанағатпен өмір сүріп, жұртына істеген қызметіне атақ пен мадақ тілемеген, пендешліктен аулақ жүргендер халқының есінде қалады. Сондықтан біз жастардың санасын уландыратын ақпараттардан аулақ болуды үйренейік. Ұрпақтың санасын не уландырады. Соны ұғу қажет. Өз тілін білмеген халық ешқашан да басы бірігіп, ел болмайды. Халқымыздың бақыты бірлігінде – соны нығайтайық.
Ең үлкен қателік, тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыздың бодандық кешкен заманынан арқалап келген құлдық мінез қалыптасқан санасын өзгертуді ойламау, жаңа қоғамдық сан қалыптастырмау.
Соның салдарынан, отыз бес жыл ішінде саналары – арын сатып баюды, жемқорлық, парақорлық, рушылдық, жершілдік пен тамыр-танысты пайдаланып атақ-мадақ, мәнсап жинап, ұлтының мүддесінен гөрі өз тіршілігін ойлағандардың асығы алшысынан түсіп, адасқандар көбейді. Осы ел мен жердің келешегіне зиян әкелетін үрдістен құтылу үшін, ең қажетті пікір алысып, ортақ ой, ортақ істі ірітетін аталған кемшіліктерден құтылу керек.
Жікшілдікке әкелетін жолды тазалауды ойы терең, ары таза азаматтар қолдап, елдің арасына сына қақтырмайтын деңгейге жетуді ойлайық. Сонда ғана халықтың үні салмақты болады. Ойы тазаның – ары таза, пиғылы тазаның жаны таза болса, ел бірлігі қоғамды алға сүйрейтін деңгейге көтеріледі. Өзіміз өзгерсек, қоғам өзгереді.
Болат ДҮЙСЕМБІ
Қазақ үні